Yvision.kz
kk
Разное
Разное
399 773 постов42 подписчика
Всяко-разно
0
05:40, 13 декабря 2011

Алматы

 

«Бұл қала арман қала, жап-жасыл орман қала» - деп әнге қосқан, апортымен әлемге әйгілі оңтүстік астанамыз бұл күндері лас ауасымен де танымал бола бастағандай. Тіптен осы лас ауа қаламыздың брендіне айналды десек артық айтқандық емес. Әрине бұған көп қөп үлес қосып жатқан қаламыздағы арлы-бері ағылған жарты милионға жуық көлік екені кім-кімгеде түсінікті.

Алматы қаласы орналасқан тау беткейінің климат жағдайларының өте қолайлы екендігіне қарамастан қала атмосферасының өздігінен тазару қасиеті төменгі дәрежеде, бұнымен қатар атмосфераны ластаушы стационарлы, жылжымалы нысандардың артуына байланысты қала атмосферасының ластану деңгейі халықтың денсаулығына кері әсерін тигізіп отырғаны аса маңызды экологиялық проблемаға айналып отыр.

Қоршаған орта ауасының тазалығы бойынша үнемі мониторинг жүргізу арқылы, антропогенді әсерден болатын ластаушылардың күйін, мөлшерін, шығу көздерін білуге болады.
Алматы қаласы 2011 жылғы Казгидрометтің бақылау нәтижелерінің қорытындысы бойынша Қазақстан қалаларының ішіндегі ауа ластануының жоғары деңгейін көрсетіп, бірінші орынға шыққан. Бүгінгі күнде Алматы дүниежүзіндегі 25 ластанған қаланың тізіміне еніп отыр.

Қаламыздың Қазақстандағы ең лас қала аталуының басты себепкер  автокөліктер. Қалалық Жол полициясының деректері бойынша дәл қазір 540 мыңнан астам көлік құралдары тіркелген. Бұлардың қатары жылына 40 мыңға дейін көбейеді. Сондай-ақ қалаға орта есеппен күнделікті 200 мыңның шамасында автомобильдер келіп-кетіп жатады. Ластағыш заттардың зиянды әсер ету сипаты алуан түрлі: олар түрлі металдардың коррозиясын үдетіп, өсімдіктер үшін улы болып келеді, сонымен қатар ыс туындауының бір себебі болады, жаппай өкпе және басқа да ауруларға ұшыратады.
Ал әрбір мың автомобильден күніне ауаға 3000 кг көміртек оксидтері, отынның толық жанбаған көптеген өнімдері бөлінеді. Жыл сайын олар 280 млн тонна шамасында көміртек тотығын, 56 млн тонна көмірсутек, 28 млн тонна азот тотығын ауаға қосады. Бұл газдардың құрамында 200-ден астам өте күрделі заттардың қосындылары (Pb, Hg, Cd, т.б. ауыр металдар, ішкі жану қозғалтқышының газдары  бензапирен, альдегидтер) бар. Олардың ішінде зиянсыздары - азот, оттек, сутек, су булары, зияндылары - көміртек, азот тотығы, этилен, бензол, этан, метан, толуол, бенз(а)пирен, күйе, күкіртті түтін т.б. Бұл физикалық-химиялық қоспалар тыныс алу кезінде адам мен жануарларға аса зиянды. Ластаушылар автомобильді қыздырған кезде және аз жылдамдықпен жүрген кезде ауаға тез тарайды. Машина  тоқтаған уақытта көмірсутегі мен көміртек оксиді, ал жүргенде азот оксиді шығады. Дизельді моторлы машиналар құрамында CO, NO заттары бар болғандықтан бензинді пайдаланатын машиналарға қарағанда кемшілігі мол. Себебі, олар түтінді көп шығарады, адам денсаулығына зиянды әсері жоғары. Атмосфераға көліктен бөлінген газдардың құрамында 25-27% қорғасын болатыны анықталған және оның 40% диаметрі 5 мкм-ге дейін жетеді.  Ауада  ұзақ уақыт сақталып, оттегі арқылы адам ағзасына түсетіндігі белгілі.

Автокөлік түтіні жасыл желекке де зиянды әсер етуде  лас ауадан өсімдіктерде түрлі аурулар пайда болады. Жапырағы химиялық күйікке ұшырайды. Атмосфералық ауаның ластануы автокөліктің техникалық жағдайына тікелей байланысты. Қала магистральдары бойында жүргізілген тексерулер бойынша автокөліктің 80%-ның түтіндерінде зиянды заттар нормативтен 3-4 есе жоғары болған. Автокөліктер ауаны көбінесе көшелер қиылысындағы бағдаршамдардың алдында және көше бойында бөгет болғанда басымырақ ластайды. Себебі, ондай жерлерде автокөлік көбірек шоғырланады және олардың моторы аз айналымда істеп тұрғанда ауаға улы газ көп бөлінеді.

2 миллион халқы бар Алматының ауасы бұлайша ластанып жатқанда, 20 миллион халқы бар ірі қалалар қандай күй кешуде дейтіндер де табылады арамыздан. Ластану көрсеткіші жағынан қаламыз 20 миллионнан астам тұрғыны бар Мехико , 17 миллиондай халық өмір сүретін Тегеран мен Шанхай , 10-15 миллионның аралығында халқы бар Нью-Йорк , Лос-Анжелес , Лондон , Ыстамбұл , Токио мен Мәскеу сияқты қалалардың алдында тұр. Олардың қасында аядай Алматының экологиясын жақсарта алмай жүргеніміз ұят. Бірақ осы бағытта істеп жатқан жүмыстарымыз да шамалы.
Әлемдегі ірі қалалардың тәжірибесін өзімізге үлгі етуімізге болады. Мәселен , 90-жылдардың ортасында Шанхайдың ортасынан ағып жатқан Сучжоу өзені «өлі» өзенге айналып, шанхайлықтар  өзенді «Шанхайдың соры» деп атаған болатын. Қалалықтар қоршаған ортаны күн сайын 10 мың тонналық қоқысқа көмсе , 700-ге тарта өндірістік кәсіпорынның қалдықтары Шанхайдың экологиясын нашарлатып-ақ жіберген. Шанхайлықтар қаланы әлемдегі ең таза қалалардың біріне айналдыруды мақсат етіп , дереу көгалдандыруға кіріскен. Жасыл желек қала аумағының 35 пайызын құраған. Демек , 17 миллион қала тұрғынының әрбіріне 9,2 шаршы метрлік көгалдандырылған алаңқай тиеді деген сөз.

Қаланың экологиялық ахуалын жақсарту мақсатындағы шараларға бірнеше миллиард доллар бөлінген. Такси мен автобустарды жанар-жағармайдан газға көшірген. Қоршаған ортаға зиянын тигізген кәсіпорын болсын, адам болсын, оларға қала басшылығының үкімі ауыр. Қомақты айып салады , тіптен қала көшесінде түкіруге тиым салған. Міне осы іс-шарадан соң Шанхай Қытайдың ең таза қаласы деп танылып, Қатай үкіметі қаланы «Экологиялық  жасыл бақша» деп бағалап, арнайы марапаттаған. Міне, осыдан неге үлгі алмасқа? Үкімет тарапынан арнайы қолдау көрсетіліп, экологиялық таза қалаларымызды дәріптеп, мадақтап отырса, әрине қалаларымздың экологиясын тазартуға ұмтылып, араларында бәсекелестік туатын еді.
Автокөліктер шығаратын улы газдармен күрес жүргізу өте қиын. Себебі мына шараларды да іске асыру қажет: ауыр жүк машиналардың қаланың ішімен жүруіне тыйым салу, бір маршутпен жүретін бірнеше автобустардың шоғырлануына жол бермей, бензинмен жүретін көліктердің ауаға шығаратын газдарын ұстап қалатын бақылап-реттегіш қондырғыларды пайдалану, сондай-ақ барлық жеңіл, жүк және қоғамдық автокөліктерді газға көшіру тиімді. Ол үшін қаланың іші мен сыртындағы жанармай құю бекеттерін жауып, олардың орнына газ құю бекеттерін орнату қажет.

Газды пайдалану өте тиімді, себебі одан ауа ластанбайды және оны қолдану өте арзанға түседі. Алматыда негізінен метро, троллейбус пен трамвайды кеңінен пайдаланған тиімді. Қалада салынып бітпей жатқан метро келешекте жұмыс істейтін болса онда Алматыдағы көліктердің жұмыстары айтарлықтай жақсаратыны белгілі.

Соңғы кезде, Алматы шаһарында кемтар балалардың дүниеге келуі жиілеп барады. Тыныс алу, өкпе дерттерінің көбеюі тікелей ауаның ластануынан болып отыр. Сондықтан ауаны тазартуды қазірден бастап қолға алмасақ ертең кеш болады. «Таза ауа  жанға дауа», ендеше туған қаламыз тек қана экологиялық таза тұғырдан көрінуі керек!

0
721
2