Yvision.kzYvision.kz
kk
Разное
Разное
399 767 постов40 подписчиков
Всяко-разно
1
13:28, 22 июля 2011

ҚАЗАҚ АҚЫН-ЖЫРАУЛАРЫ МЕН ФИЛОСОФТАРЫНЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК-САЯСИ КӨЗҚАРАСТАРЫ: ӘЛ-ФАРАБИ

Әбу Насыр әл-Фараби (870-950) –

философ, әлеуметтанушы, математик, физик, астроном, ботаник, лингвист; логика және музыка зерттеушісі; әлемнің екінші ұстазы

ФАРАБИ

Әл-Фараби «Қайырымды қала» атты еңбегінде «адамдар шынайы бақытқа тек қайырымды қалада ғана қолы жетеді» деп тұжырымдай келіп, Қайырымды қаланың келбетін аша түсу мақсатында адамдар қоғамдастығы шоғырланған қалаларды классификациялап бөледі. Қайырымды қалада алдарына іс-әрекеттің өзара жәрдем көрсете білу мақсатын қойған қоғамдастығы бар қала халқы ғана бақытқа жете алады. Әл-Фараби шынайы бақыт жолында ынтымақтастық жолы ерекше дейді (Қараңыз: Мекежанов Б.У. Әл-Фарабидің адамдар қоғамдастығы жайындағы классификациясы // «Әл-Фарабидің шығыс халықтарының мәдениеті мен ғылыми тарихындағы орны» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференцияның материалдары. – Алматы, 1994. – 3 б.).

Қазіргі қоғамда ынтымақтастықты қалыптастырудың негізгі факторы ретінде саяси тұрақтылықты атай аламыз. Саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету саяси институттардың маңызды қызметі болып табылады. Осы мақсаттарды орындауда билік орындары түрлі саяси механизмдерді қолданады. Тұрақтылық түсінігін саяси жүйеде қолдану барысында ол ішкі және сыртқы өзгерістер шарттарында өз құрылымын сақтап, тиімді қызмет пен дамуға жол ашатын ұғымды білдіреді. Теорияға сәйкес, тұрақты саяси құрылым қоғамның көп бөлігі сол жүйені қолдауда жоғары деңгей танытумен қатар, билік пен халық арасындағы қатынастардың келісімдік түрде жүргізілуін айшықтайды.

Ғалымның «Мемлекеттік қайраткердің нақыл сөздері» атты трактатында қалаларды қалай басқару керектігі туралы, олардың көркеюіне, ондағы тұрғындар тұрмысының жақсаруына көмектесу, оларды бақыт жолына бағыттап отыруға қатысты ерте заман ойшылдары айтқан көптеген негізгі қағидалары қамтитын нақыл сөздер берілген.

Ізгі қала бес түрлі адамдардан құралады: ең құрметті адамдардан, шешендерден, өлшеушілерден, жауынгерлерден және байлардан. Ең құрметті адамдар санатына даналар, пайымдағыш адамдар, маңызды істерде беделді болатын адамдар жатады. Олардан кейін діни қызметкерлер мен шешендер, атап айтқанда, дін уағызшылары, сөз шеберлері, ақындар, музыканттар, хатшылар және солар сияқтылар да солардың тобына жатады. (137-бет). Өлшеушілер дегеніміз – есепшілер, геометрлер, дәрігерлер, астрологтар және басқа сондайлар. Жауынгерлер дегеніміз – жасақшылар, сақшылар және соларға ұқсастар солардың тобына жатады. Байлар дегеніміз – қалада байлық табатындар: егіншілер, мал өсірушілер, саудагерлер және басқа сондайлар (Қараңыз: Әлемдік философиялық мұра. Жиырма томдық. 4 – том. Әл-Фараби мен Ибн-Сина философиясы. – Алматы: Жазушы, 2005. – 177 б.).

Саяси жүйенің дамуына көптеген факторлар ықпал ететіні белгілі. Олардың арасында жеткілікті түрде интеграция мен тұрақтылықтың жоғарғы деңгейіне жеткізетін, қоғамда қалыптасқан жалпы саяси білім мен құндылықтарды реттейтін индивидтерді әлеуметтендірудің орны ерекше. Саяси ғылымдарда әлеуметтендіру түсінігі көп жағдайда екі аспектте зерттеледі. Біріншіден, саяси әлеуметтендіру теориясы саяси ортадағы индивидтерді әлеуметтендіруді суреттейді және түсінігін береді. Екіншіден, саяси теорияда саяси әлеуметтендіру ғылыми негізде толық қалыптасқан ұғым. Көптеген саясаттанушылар бірінші түсінікті қолдай келе, саяси әлеуметтендіру терминін саяси көзқарастар, идеялар мен нормалар процесі ұрпақтан ұрпаққа жалғасады деп түсіндіреді.

«Қайырымды қаланың тұрғындарының көзқарастар жайындағы» трактатында әл-Фараби Бірінші Тұлғаға төмендегідей сипаттама береді: «... барлық жеке біткеннің өмір сүруінің бастапқы себебі. [Жалғыз] сол ғана кемшіліктен ада: басқа жан біткеннің бәрінде – Одан басқасында – ең болмағанда бір кемшілік немесе бірнеше [кемшілік] бар. Ал Біріншіні алатын болсақ, ол мұндай кемшіліктің бәрінен ада, өйткені оның тіршілігі кәміл және болмысында басқасының бәрінен озық...» (Қараңыз: Әл-Фараби. Философиялық трактаттар. – Алматы: Ғылым, 1973. – 220 б.).

Осыдан лидерлік феноменіне қызығушылық туындайды. Әлеуметтік процестегі басшы, лидердің орны мен рөлі, тарихтағы объективті және субъективті факторлар диалектикасы мен қоғамдық өмір диалектикасын айқындау әл-Фарабидің зерттеу еңбектерін оқығаннан кейін орын алады. Қазіргі әлемдегі қоғамдық дамудың маңызды мәселесі ретінде саяси лидерлікті түсіну болып табылады. Саясат өзіндік қажеттіліктері мен мүдделері, идеалдары, білімдері, тәжірибесі, құндылықтары, эмоциялары мен мәдениеті бар субъектілер мен объектілерден құралады. Саяси лидерліктің мәселесі нақты саяси шарттар мен бостандықтар қалыптасқанда ғана туындайды. Оның ажырамас негізгі алғышарттары ретінде қазіргі қоғам саяси плюрализм, көппартиялық, партия ішілік және партияның сыртқы қызметін таниды.

ЕСКЕРТУ: егер тақырыпқа қызықсаңыз, мына сілтеме бойынша толық мәтінді оқуға болады: http://www.abai.kz/content/myrat-nasimov-el-farabi-zhene-sayasat-gylymy

1
3877
1