Перейти к содержимому
Обложка сообщества Разное

Азиада үміттерді ақтады ма?

Азиада ақталды! Қазақстан өткізген тұңғыш ірі спорттық дода туралы енді өткен шақта әңгімелейміз. Құрлықтың 27 елі жүйріктерін қосқан Азияның кішігірім Олимпиадасында Қазақстан 32 алтын еншілеп, жалпы есептегі тізгінді өз қолына алды. Алғаш рет алау эстафетасы ұйымдастырылып, тұңғыш рет қос қалада өткен қысқы Азиада Азия ойындарының елу жылдығымен де тұспа - тұс келіпті.

IMG_8967.JPG

Ел спортшыларының 32 алтын жеңіп алғаны сөз жоқ, қуаныш. Жалпы жиынтығы 70 медальды өз жерімізде қалдырдық. Әйткенмен, бір жыл бұрынғы Олимпиада ойындарында бір күміске шамасы жеткен Қазақстанның құрлықтық додада қара үзіп кеткені бір жағынан таң қалдырады. Ванкувер Олимпиадасының қорытындысы бойынша бізден біршама биік тұрған Қытай, Корея және Жапония спортшыларының қолымызға су құюға жарамағаны қалай деген ой да жоқ емес. Әуелден шаңғы спортына иек артқан қазақстандық ұйымдастырушылар көздеген мақсатына жетті. Шаңғымен спорттық бағдарлаудағы 8 алтынның біреуі де шетелдік спортшыларға бұйырмапты. Ал, шаңғыға қатысы бар өзге спорт түрлерінің нәтижесі мынадай:

Шаңғымен спорттық бағдарлау  - 8 алтын, 5 күміс, 1 қола

Шаңғы жарысы - 6 алтын, 5 күміс, 4 қола

Тау шаңғысы - 3 алтын, 5 күміс, 2 қола

Биатлон  - 5 алтын, 1 күміс, 2 қола

Қазақстан Азия ойындарын қабылдаушы ел ретінде бенди және шаңғымен бағдарлауды Азиада бағдарламасына енгізді. Орыс хоккейі десе тез түсінетін бендиден біздің көрсеткішіміз жаман емес. Әлем чемпионаттарында үздік үштікті қортындылап жүрміз. Ал, құрлықта Қазақстаннан өзге Моңғолия мен Қырғызстанның ғана допты хоккей туралы түсінігі бар екен. «Медеуде» бар болғаны үш құрама құрлық үздігін анықтады. Енді Сапоррода өтетін келесі ойындарға дейін бендиден білігі артатын командалар қатарға қосылсын деп тілейміз. Әйтпесе, азғантай команда арасындағы тартыстың аса қызығы жоқ.

Хоккейші қыз жігіттер үмітті ақтады деуге толық негіз бар. Ерлерге қарағанда қыздар құрамасының қуанышы шексіз болғанын байқадық. Александр Мальцев пен Андрей Хомутов шәкірттеріне құрлықтағы басты қарсылас Жапония еді. Жапондарды да жерге қараттық. Әсіресе, екі шайба айырмасымен жеңіліп жатып, жеңісті жұлып алған қыздарымызға не айтсақ та жарасады. Зарина Тоқтиева сынды қарагөз қазақ қызының шеберлігіне тағы бір тәнті етті Азиада. Талғат Жайлауовтың финалдық матчқа қатыса алмағаны өкінішті. Кореялықтар орынсыз қол жұмсады деген соң, жазаланған Талғат мұның әділетсіздік екенін айтады.

IMG_9016.JPG

Шаңғымен тұғырдан секірудегі бас жүлденің бәрін Жапония жиып кетеді деген ойымыз қате шыққанына қуандық. Қазақстан командалық есепте күміс медаль иеленіп, Николай Карпенко мен Радик Жапаров қола жүлдегер атанғанына қанағат білдіріп отырғанда, жас талант Евгений Левкин топ жарды. Қайрат Биекеновтың жабу астында ұстаған жүйрігі бәрінен де биік секірді!

Шорт тректі ұлттық спортынан кем көрмейтін Корея спорттың бұл түрінен құрлықта теңдессіз екенін дәлелдеді. Қаңқасын Оралдық спортшылар құрайтын Қазақстан құрамасының қола жүлдегер атануы біз күтпеген оқиға болды. Әйтсе де, корейліктермен иық тіресуге әлі ерте.

Конькимен жүгіруде Денис Кузинге бұйырған жалғыз алтыннан бөлек Дмитрий Бабенко екі күміс, екі қола медаль салды қоржынымызға. Алтын алмады демесеңіз, Бабенко бабында екен. Кореяның ғана емес, бүкіл әлемнің мақтанышы Ли Сюн Хунды басып озатын конькиші әзірге табылмай тұр. Азиаданың үш дүркін чемпионы атанған Лиден бар болғаны 20 секундқа ұтылған Дмитрийге жанкүйердің ықыласы да ерекше. Ал, қыздарымыздың халі мүшкіл. Алысқа шабады деген Екатерина Айдованың өзі жүлде ауылынан жырақ қалды. Қытай, жапон, кәріс қыздарына шаң қаптыру қазақстандық конькиші қыздар үшін қиын тапсырма болып тұр.

Мәнерлеп сырғанауда Абзал Рақымғалиев пен Денис Теннің жолына үмітпен қарадық. Әсіресе, әйгілі Франк Кэрролдан сабақ алып жүрген Денис кем дегенде қолаға қол созар деген ойдан ада болмағанымыз рас. Абзал алғашқы сайыс күніндегі қателіктерінен соң жүлдеге үміткер бола алмады, ал Денис қысқа бағдарламадағы мол ұпайының арқасында Азиада чемпионы болғанын жасырмаймыз. Еркін бағдарламаны орындау барысында екінші орында келе жатқан жапон Мачида Такахитоның сәтсіздікке ұшырауы да Теннің алтын ұл атануына көмегін тигізді. Еркін бағдарламада құлап қалғанына қарамастан, төрешілер Тенді жеңімпаз деп танып, Астанада ел әнұраны екінші рет шырқалды.

Азиаданың әйгілі чемпиондары:

Алексей Полторанин, Азиаданың 4 дүркін чемпионы (Қазақстан, шаңғы спорты)

Михаил Сорокин, Азиаданың 3 дүркін чемпионы (Қазақстан, шаңғымен бағдарлау)

Ольга Новикова, Азиаданың 3 дүркін чемпионы (Қазақстан, шаңғымен бағдарлау)

Ли Сюн Хун Азиаданың 3 дүркін чемпионы (Корея, коньки спорты)

Александр Червяков, Азиаданың 2 дүркін чемпионы (Қазақстан, биатлон)

Елена Хрусталева, Азиаданың 2 дүркін чемпионы (Қазақстан, биатлон)

Ким Сун Джо Азиаданың 2 дүркін чемпионы (Корея, тау шаңғысы)

Юшида Кешин Азиаданың 2 дүркін чемпионы (Жапония, шаңғы спорты

Ишида Масако, Азиаданың 2 дүркін чемпионы (Жапония, шаңғы спорты)

Хозуми Масако, Азиаданың 2 дүркін чемпионы (Жапония, коньки спорты)

Азиаданы абыроймен аяқтадық. Жалпы жиынтығы 1.6 миллиард доллар көлемінде қаражат жұмсалған Азия ойындары 32 алтыннан өзге бізге не берді?! Алдымен ауызға оралары спорт ғимараттары. Ине жіптен жаңа шыққан спорт нысандары әлем чемпионаты мен әлем Кубогының кезеңдерін қабылдауға әзір. Астанадағы бір ғана «Алау» мұз айдынында конькиден 10 Азия рекорды тіркелді. Республикалық велотрек, Балуан Шолақ атындағы спорт сарайы және Халықаралық шаңғымен тұғырдан секіру кешендері болашақ спортшылардың алаңсыз дайындалуына мүмкіндік береді. Екіншіден, Азия ойындарын өткізу арқылы Ақ олимпиадаға үміткер бола аламыз. Әсіресе, Алматы қаласының Олимпиада ойындарын өткізу құқын жеңіп алу мүмкіндігі зор. Бұл туралы басқа емес, Халықаралық Олимпиада комитетінің төрағасы Жак Рогге мырзадан естідік.

Ал, спортшылар жеңіп алған 32 алтынның қаншалықты әділетті екенін үш жылдан кейін Сочи Олимпиадасында байқайтын боламыз.

010101.jpg

Ақырыс СЕЙІТҚАЗЫ.

0
3
869

Еще по теме

Азиада үміттерді ақтады ма? - Yvision.kz