Yvision.kz
ru
Обзоры
Обзоры
1 200 жазбалар342 тіркелуші
Обзоры новинок и товаров.
-1
07:26, 27 қыркүйек 2023

Қазақ әңгімелері

Бірінші әңгіме: Намаз

Біздің кеңсе жұмысымызға орасан зор мүмкіндік беретін шыршалар мен аққайыңдар қоршаған жеке үйде орналасқан.

Жұмысымыздағы екі азамат, бірі рокерлікті қатар алып жүрген, көпбалалы әке, ал бірі жартылай пианист, жартылай режисер қыз өз топтарында жұмыс істейтін адамдарды іздестіріп жүрген еді. Олар қандайда бір белсенді студент жұмысымызға қызығушылық танытатын болар деген үмітпен, қаламыздағы университеттердің маңайына көптеген хабарландырулар ілді.

Шынында да, күндердің бір күнінде бізге жұмыс іздеп жас отбасы келді. Әйелі – Алматылық жас тұрғын, күйеуі Қызылордалық азамат еді. Отбасы өте діндар болатын, олар Құран мен намаз оқып, нағыз мұсылман парыздарын орындап жүрді. Бұл жас келіншек жақында ғана университет бітіріп, өзіне қызықты жұмыс іздеп жүр екен. Ол осы уақытқа дейін өзін қоғамымыздың белсенді азаматы ретінде таныта білген. Студенттік газеттің редакторы, Қазақстан пікірсайыс клубының мүшесі болып, жалпы айтқанда, белсенді қоғамдық өмір сүрген. Бұл келіншектің тірліктері мен әрекеті көптеген адамдардың елестететін «зомбылықта өмір сүретін мұсылман әйелінің» көрінісінен алшақ болды.

Келіншек басына мұсылман әйелінің орамалын тағып, күніне бес уақыт намазын оқып жүрді. Бұл оның жұмысына еш кедергі келтірмеді. Осы кездерде жұмыста намаз оқу іске кедергі келтіріп, мұсылмандарды бәсекеге қабілетсіз етеді деген үгіт-насихаттар белсенді жүріп жатқан еді. Алайда, ол ерекше мұсылман әйелі болды ма, әлде үгіт-насихатқа қарамастан намаз іске еш бөгет қойған жоқ па, әйтеуір ол жұмысын сапалы тындырып жүрді.

Бір күні ол біздің бір азаматқа келіп, Меккенің қай жақта орналасқанын сұрады. Азаматымыз оған дұрыс бағытты бірден көрсетті. Алматыда әрбір тұрғын тау орналасқан жақтың оңтүстік екендігін жақсы біледі. Ал батыстың қай жақта орналасқанын Күннің батар жеріне қарап білуге болады. Осыдан кейін келіншек азаматқа алғысын білдіріп, намаз оқуға жөнелді.

Біздің кеңседе осы келіншектен басқа, 45 жастағы, мұсылманның бас киімін киіп, Құран оқитын басқа азамат та болатын. Бұл «мұсылман азамат» «өткір революционер әйелдің» тобында жұмыс істеген. Елімізде революция жоқ, сол себептен «өткір революционер әйел» амалсыздан орыс тілділерге қазақтілін үйретумен айналысқан еді.

Олар намазды үйдің жертөлесінде орналасқан бөлмеде оқыды. Бөлме іші терезенің жоқтығынан қараңғы болғандықтан, күннің бағытын анықтау қиын болатын.

Бір күні Меккенің орналасқан бағытын көрсеткен біздің азамат кездейсоқ жертөледегі жарықты көріп, ол жақта не болғанын анықтау үшін осы бөлмеге кіреді. Сол жерде біздің жас мұсылман келіншек Меккеге қарама-қарсы бағытта намаз оқып жатты. Ол еш қамсыз намазды Солтүстік-Шығыс бағытында оқыды. Келіншекке кедергі келтірмей, біздің азамат ақырын ғана шығып кетті. Кейін ол келіншектің намазын тәмәмдап, үстіңгі қабатқа көтерілгенін күтті де, оған оның қателесіп, бағытты шатастырып алғанын айтты.

Күннің жарығын намаз оқитын бөлмемен байланыстыра отырып, келіншекке келесі жолы шатаспас үшін тағыда бір рет бағытты көрсетіп, түсіндіріп берді. Алайда біраз уақыт өткеннен кейін, намаз оқитын бөлмеге кіріп келе жатып, келіншектің Меккеге қарама-қарсы бағытта намаз оқып жатқанын көрген әлгі азамат, қатты қайран қалды.

Ол тағыда сыртқа шығып, жас мұсылман келіншектің бағытты тағыда қалай шатастырып алғандығын анықтағысы келді. Келіншек қалайша жарықтың түсуі бойынша берілген ақпараттарды лезде ұмытып қалды? Батыс пен Шығыстың орналасқан бағытын ұмытып қалғандығы қалай? Себебі, қоғамда қалыптасқан «мұсылман әйелі қараңғы» деген түсінікке қарамастан, бұл жас алматылық келіншек ұшқыр ой мен ерекше сараптамалық қабілетке ие болатын. Сонымен, келіншек намаз оқып болып, үстіге көтерілді. Осы кезде біздің азамат неге ол қайтадан Меккеге қарама-қарсы бағытта намаз оқып жатқанын сұрады?

Келіншек азаматымызға қарап, былай жауап қатты: «Мен ештеңені шатастырған жоқпын, сіз маған алғашқы кезден бастап дұрыс емес бағытты көрсеттіңіз».

Сонда азамат келіншектен неліктен оның Меккенің қай жақта орналасқанын білмейді деп шешкенін және Меккеге «дұрыс бағытты» кімнің көрсеткенін сұрады.

Сөйтсе, о баста келіншек біздің азаматтың берген ақпаратына сенбей, оны 45 жастағы мұсылман азаматтан тағыда бір рет сұрау арқылы тексергісі келген екен. Сол мұсылман азамат Меккеге қарама-қарсы бағытты көрсетіпті. Және әңгіме барысында келіншек таңқалдыруын жалғастыра береді: «Сіз намаз оқымайсыз және мұсылман бас киімін де кимейсіз, сондықтан Меккенің қай жақта орналасқанын дұрыс анықтай алмайсыз» деп, келіншек біздің азаматқа қарап тұрып, өз жауабын одан әрі жалғастырды.

Шындығында да, Меккеге бағытты көрсеткен біздің азамат барлығының көзінше намаз оқып, басына мұсылман бас киімін де кимеді. Осы нәрселер келіншектің бұл азамат «Күннің қай жақтан бататынын білмеуі мүмкін» деген ойына әкелді.

Сол кезде азамат келіншекті далаға алып шығып, Күннің қай жақтан шығып, қай жақтан бататынын, сәйкесінше қай жақтың батыс, ал қай жақ шығыс екенін айтты. Осыларға негізделе отырып, ол келіншекке тағы да бір рет Меккенің орналасқан бағытын көрсетті.

Алайда тіптін осыдан кейін де, келіншек оған сенбеді! Күннің қай жақтан шығып, қайдан бататыны туралы ақпаратты мұсылман сайттарынан іздестіруге кірісті. Келіншек сырт келбеті мұсылманға ұқсайтын адамның Меккенің бағынын шатастыруы мүмкін, ал сырт келбеті мұсылманға ұқсамайтын адамның Меккенің бағытын дәл айтуы мүмкін деген түсінікті ақылға қонымсыз деп тапты.

Бір қызығы, біздің азамат аспандағы Күннің шығыс нүктесі мен батыс нүктесінің қозғалысын келіншекке көрсеткен күннің өзінде, ол өз көзіне өзі сенбегені... Келіншек өз көзіне өзі сенбеді, себебі олар сырт келбеті мұсылманға ұқсайтын адамның қателесуі мүмкін емес деген ойда болған еді.

Келіншек өз көзіне өзі сенбей, мұсылман сайттарындағы «мұсылманның сырт келбеті» деген дүниелерді дәлелдеуге, тағы бір сағатын жұмсады. Алайда мұсылман сайттары да, 45 жастағы мұсылман азаматы да, тіпті келіншектің өзі де Күннің шығысы мен батысын өзгерте және Мекке мен Қағбаның орналасқан жерін ауыстыра алмайды.

География білімі мен күннің бағытын анықтау адамдардың дініне байланысты емес. Мұсылмандар үшін де, басқа діни ағымның өкілдері үшін де Күн әрдайым шығыстан шығады. Христианның немесе мұсылманның бақылауына қарамастан, Күн батыс жақтан батады. Алайда бұл білімдер «шынайы мұсылманның сыртқы келбетіне» назар аударатын біздің мына жас мұсылман қыз үшін де және басқа біздің қазіргі мұсылмандар үшін де, маңызды емес болып отыр. Мұндай адамдарға сырт келбеті мұсылманға жақын адам, басқа адамдардан гөрі беделдірек болып саналады. Яғни қазіргі жас мұсылмандар исламды шын мәнінде танылуы тиіс ішкі дүние арқылы емес, сыртқы жасанды атрибуттар арқылы анықтайды. Осындай нақты жағдайда білімді, алайда келбеті «мұсылманға» ұқсамайтын адамның ойы, оларға күмән тудырады. Ал сырт келбеті мұсылманға ұқсас, алайда білімсіз адамның пікірі, қазіргі жас мұсылмандар үшін жоғары бағаланып отыр. Нәтижесінде бұл Меккенің бағытын қате анықтауға алып келді.

Мұнай мен газды өндіру, металдарды балқыту, мектептер мен ауруханалар құрылысын салу, энергетикалық жүйелерді басшылыққа алу кезінде не болмақ? Біз осы салаларға қажетті білімдерді меңгерген адамның емес, сырт келбеті мұсылманға ұқсас адамның пікірін сұраймыз ба?

Жоғарыда көрсетілген жағдайда, біздің азамат ниеті мен табандылығы жетіп, «сырт келбеті мұсылманға» ұқсайтын адамның қателескендігін дәлелдеді, алайда басқа адамдар да дәл осылай етер ма екен?

Осы әңгіменің ең басты қорытындысы, ол бізде көптеген «шынайы – сырт келбеті мұсылманға ұқсас адамдардың» пайда бола бастауында. Ал біздің ұлт осы «шынайы – сырт келбеті мұсылманға ұқсас адамдардың» әсеріне жиі ұшырап жатуында.

Алайда, осы «сырт келбеті мұсылманға ұқсас адамдар» Меккеге деген бағытты дұрыс көрсете алмаса, онда олар біздің өміріміздегі аса маңызды бағыттарды дұрыс бағдарлай алар ма екен? Тіпті біз олардың мұсылман екендігіне де қалайша сеніммен қарай аламыз?

Әлде олар намаз оқу үшін Меккеге қарама-қарсы бағытты көрсететін «мұсылмандар» ма? Олар нағыз ислам бағытына қарсы бағытты көрсететін адамдар болып табылады. Олар ислам жөнінде көптеген әңгімелерді баяндап, мұсылман секілді киіне отырып, шын мәнінде бізге басқа бағытты көрсететін адамдар. Олар Меккеге қарай емес, оған қарама-қарсы бағытта намаз оқитын «мұсылмандар».

Екінші әңгіме: Мейрамхана есеп шоты

Бір күні түскі астан кейін біздің бір азамат қызметтік кофеханада өзінің кофесін ішіп отырған сәтте, сол түскі асқа қыз әріптесіміз кешігіп келді. Амандасып болғаннан соң, қыз тәрекелкесіне түскі асты сала бастады. Кейін өзінің жігітпен сәтсіз өткен махаббат кездесуін есіне алып, оны бізбен бөліспек болды.

«Енді ешқашан еврейлермен махаббат кездесуіне бармаймын!», – деді.

«Еврейлердің Сирияға Голандық төбелерді бермегенінен басқа қандай кемшілігі бар», деген, біздің азаматтың сұрағына, қыз былай жауап береді: «Еврейлер мейрамхананың есеп шотын өтейтін сәтте, чекті мұқият қарап, соманың дұрыстығын тексереді, ал біздің қазақтар ешқашан шотқа қарамай, даяшыға көп ақша береді!», – деп, әңгімесін әрі қарай жалғастырды.

Негізінен, көптеген адамдарды мазалайтын, оларға тыныш өмір сүруге мүмкіндік бермейтін, бастарын қатыратын «еврейлік мәселеге» тоқталсақ, бұл жерде бізге әрқашанда Черчилльдің көзқарасы ұнаған:

«Ұлтымыз еврейлер, ағылшындықтардан мықтырақ және табыстырақ деп санамайды, сол себептен Англияда антисемитизм жоқ».

Содан кейін біздің азамат оған келесідей мысал келтірді: «Мәселен, - деді ол, бірдей 1000 доллар жалақы алатын екі адам бар делік. Оның бірі, әрқашан махаббат кездесулерінде шотқа мән беріп, үнемдей білетін еврей, ал екіншісі ақшасын оңды солды шашатын қазақ. Бастапқы кезеңде екеуінің де жағдайы тең болады. Алайда, еврей көбірек жинақтап, аз шығындалатындықтан, айналасында оның есебінен мейрамханаға отыратын адамдардың саны аз болып, бұл еврей «тойдан, мейрамнан, ойын-сауықтан аулақ» өмір сүреді. Сыртынан қарасаң, бұл еврей мейлінше «жұпыны, кедей» көрінеді.

Ал қазақ болса, о қазақты оның есебінен мейрамханаға баратын адамдар қоршаған және қазақ тойлап, мейрамдатып, ойын-сауық құрып өмір сүруде. Сыртынан қарасаң, ол анағұрлым «бай» көрінеді және барлығы оны сәтті азамат деп санайды.

Біраз уақыт өткеннен соң еврей жинақтаған ақшасына тігін машинасын сатып алып, тігінші жалдайды. Еврейдің табысы арта береді, алайда ол оны өзіне жұмсамайды. Ақшасын одан әрі жинақтай беріп, өз бизнесін тігін шеберханасына дейін, кейін фабрика, одан әрі бірнеше фабрикалардан тұратын тігін компаниясына дейін дамытады. Содан біздің әлгі қазақ осы еврейге 10 000 доллар жалақы алатын директор болып жалданады да, айналасындағылардың бәріне «еврейлер барлығын сатып алып қойып, қазақтарға мүмкіндік бермей отыр» деген әңгіме таратады. Осынмен келтірген мысал аяқталады.

Мұны мұқияттылықпен тыңдаған қыз әріптесіміз ойланып, біраз уақыттан кейін өмірге деген көзқарасын өзгертті. Ол әркез өзінің әріптестері мен туысқандарына «ұсақ-түйек әшекей» сыйлауды тоқтатты. Кейін жұмыстан шығып, өзінің жеке ательесін ашты. Алайда еврейлермен сол күйі махаббат кездесуіне бармайтын болды, себебі енді біздің қыз еврейлерге жігіт ретінде емес, бәсекелес ретінде қарай бастады. Жанұяны қазақ жігітпен құрды, ал бизнесін дамытып жатыр. Жақында ол тігін патшалығының патшайымына айналатын тәрізді.

Бізге өз проблемамыздың себептерін басқа адамдардан немесе этникалық топтардан іздестіруді тоқтату қажет. Біз өмірімізде болып жатқан нәрселердің бәріне өзіміз жауап береміз. Біз өмізіміздің жеңісіміз бен жеңілісімізді өз қолымызбен жасаймыз.

Үшінші әңгіме: Жалқаулар

Бұл әлемге деген біздің қазақи көзқарас пен оны қалыптастыратын адамдар туралы қызықты тақырып.

Мысалы, өздерін «ұлтшыл-патриот» деп санайтын адамдар этникалық қазақтардың «қара жұмыста» жүргендігі туралы өздерінің ашуы мен осы жағдайға келіспеушіліктерін бірнеше мәрте айтып келеді. Осы «ұлтшыл-патриот» адамдар еліміздегі даяшының, базарда арба сүйрейтіндердің, құрылысшының, жанар-жағармай орыны жұмысшысының жұмыстарын «қара жұмыс» деп тануда. Кейіннен Араб Әмірліктерін мысалға алып, осы мемлекеттің азаматтары-арабтар, іс-жүзінде ауыр жұмыспен емес, ал жеке және мемлекеттік мекеме кеңселерінде тек әкімшілік жұмыспен айналысатынын жариялайды. Араб Әмірліктері азаматтарының орнына және Араб Әмірліктері азаматтары үшін барлық ауыр жұмыстарды, кедей араб мемлекеттерінен келген мұсылман арабтары және Пәкістаннан келген мұсылмандар жасайды.

Бүкіл ұлт жұмыс істемей, тек кеңседегі қағаздарды бір үстелден екінші үстелге ауыстырып отыру біздің «ұлтшыл-патриоттарымызға» қатты ұнайды екен.

Қарапайым өмірде әрқашан басқа адамдардың көмегіне жүгінетін адамды біз қалай атаймыз? Өз қолымен ештеңе жасағысы келмейтін адамның аты кім? Басқа адамдардың осы адам үшін бәрін жасап бергендігін қалайтын адамның аты қандай? Оның аты – «жалқау». Бірақ қоғамдық өмірде біз «жалқау» деген дұрыс сөздің орнына жалқаулардың өздерінің өздеріне қойып алған «ұлтшыл-патриот» деген сөзін қолданамыз.

Шын мәнінде біздің «қазақтардың жұмыс істемеуінің құқықтарын қорғайтын» адамдар өздерін «ұлтшыл-патриот» емес, «Қазақстанның жалқауларының және сандалбайларының одағы» деп атауы қажет.

Сонымен қатар, біздің жалқаулар Араб Әмірліктерін мысалға ала отырып, бастарында логика негіздері мен мектеп деңгейіндегі математика білімінің жоқтығын көрсетуде. Жалпы Араб Әмірліктері мен Қазақстан арасындағы айырмашылық бір адамға шаққандағы мұнайдан түсетін кіріс негізінде анықталады.

БАӘ мұнай экспорты тәулігіне 2 500 000 баррельді немесе жылына 100 млрд. долларды құрайды. Ал азаматтарының саны 1 млн. адам. Сәйкесінше, бір адамға мұнайдан келетін табыс жылына 100 000 долларды құрайды.

Қазақстанның мұнай экпорты тәулігіне 1 300 000 баррельді немесе жылына 53 млрд. долларды құрайды. Азаматтарының саны 17 млн. адам. Сәйкесінше, бір адамға мұнайдан келетін табыс жылына 3 000 долларды құрап отыр.

Екі ел арасындағы мұнайдан түсетін кіріс айырмашылығы 33-ке тең.

Осыдан шығатын қорытынды, біріншіден, тек мұнайдан түскен табысқа біз өмір сүре алмаймыз. Сол себепті бізге қазақ инженерлері, металды дәнекерлеушілері, құрылысшылары, соның ішінде түрлі жұмыс атқаратын және арба сүйреушілер мен жанар-жағармай қызметкерлері керек. Екіншіден, қазақтардың даяшы болып және жанар-жағармайда жұмыс істеуі, бұл өте жақсы құбылыс. Себебі, біздің ұлт өзіне қажеттінің барлығын өз еңбектерімен жасай білуге үйренуі қажет. Осыдан барып, бүгінгі қазақ даяшылары мен жанар-жағармай жұмысшылары ертең ірі мейрамханалар мен жанар-жағармай компаниясының негізін қалаушыға айналады.

«Жалқаулар мен сандалбайлар одағының» ұстанымы біздің ұлт санасында еңбекке, еңбек ететін адамға деген жек көрушілік сезімін тудырады. Еңбек ету абыройлы саналмай, өміріне қажетті заттарды еңбекпен тауып, тырысып жүрген адам, осыдан барып, өзін өмірдегі сәтсіз жан деп санай бастайды. Ең қызығы, «жалқаулар мен сандалбайлар одағының», яғни «қазақтың қорғаушыларының» барлығы кезінде құрылыста, жүк тасымалдау саласында еңбек етіп, толықтай дұрыс ойдағы адам болып өскен еді.

Жалпы біздің қазақтілді баспасөзде ауылдан шыққан ұл мен қыздарымыздың өмірде жетістіктерге жеткені туралы іс-жүзінде ешқандай да мәлімет жоқтың қасы. Ауылдан шыққан қазақтілді жастарымыздың «қара жұмыстан» бастап, арба сүйреушісі, даяшы болып еңбек етіп, өмірлерінде қадам-қадаммен белгілі бір нәтижеге жетіп отырғандығы туралы үлгілі жазбалар да аз. Мәселен, осы жастар даяшы болып жұмыс істеу барысында мейрамхана бизнесінің құрылымын тануға, клиенттің қажеттіліктерін біліп, оларды орындау арқылы қарым-қатынас орнатуды үйренуге, кафе немесе мейрамхана тапсырысын жеткізушілер мен қонақтарының арасынан таныстар мен байланыстарды орнатуға зор мүмкіндік алады. Кейін, алған тәжірибе мен байланыстар оларға өздерінің жеке бизнестерін ашуға әсер етеді.

Бұған мысал ретінде 1982 жылы Маңғыстау облысы Шетпе кентiнде туып-өскен, «Каспий Строй Консалтинг» жауапкершiлiгi шектеулi серiктестi­гiнiң (ЖШС) директоры Жасұлан Шахтыбайұлының өмір жолын жанар-жағармай бекетінен бастап, кейіннен жеке компаниясын ашқанын келтіруге болады. http://www.zhasalash.kz/eleumet/7798.html

Мұндай мысалдар жастар арасында жиі кездеседі және біздің ұлтымыздың ойлауы мен әрекет етуіне дұрыс бағыт беріп, оларға үміт ұялатады. Неғұрлым біздің қазақтілді баспасөз осындай деректерді, яғни табысқа жеткен жеке адамдардың тәжірибесін көптеп жарияласа, соғұрлым біздің ұлттың көкірегі ояу, көзі ашық болады.

Ауылдан қалаға келген ұлдарымыз бен қыздарымыз даяшы, жүк тасушы және түрлі «қара жұмыста» еңбек ете отырып, кезінде олар секілді түрлі салаларда жұмыс істеп, өмірде жетістікке жеткен замандастарының тәжірибесін білетін болады. Біздің ұлттың жас буыны жүк тасушы оның өмірінің алғашқы баспалдағы екенін және алға қойған мақсатқа жету үшін табандылық пен қайсарлықтың, сондай-ақ, еңбектің керек екенін білетін болады, нәтижесінде олар ерте ме, кеш пе өз замандастары сияқты жеке компаниясын құрады.

«Жалқаулар мен сандалбайлар одағының» біздің ұлт атынан сөйлеуіне жол бермеу қажет. Және басында мектеп деңгейіндегі математика білімі жоқ адамды елді басқаруға жібермеу керек. Себебі қарапайым кәсіпкер, мұғалім, жұмысшы немесе шенеунік ақымақ нәрселерді айтса, көп дегенде өзіне зиян етеді. Ал егер ақымақтық айтатын адам ел жетекшісіне айналса, онда ол бүкіл ұлтқа зиянын тигізеді.

Негізінде «Жалқаулар мен сандалбайлар одағының» ұрандары, «30 корпоративтік көшбасшы», «50 бәсекеге қабілетті ел» ұрандарынан өзгешеленбейді. Себебі халықты ертегіге тойдыратын бір мылжыңның орнына басқа мылжыңның келуі, ел үшін еш айырмашылығы жоқ.

Қазақ ұлты кез келген ауыр еңбек саласында, тіпті ол даяшы, жанар-жағармай мен «қара жұмыс» орынында қызмет ететін адамның еңбегін бағалайтын және құрметтейтін, инженерлер мен ғалымдардың, өндірісті ұлтына айналуы тиіс.

Төртінші әңгіме: Жеңілгіштер

Біздің ұлттың әлемге деген көзқарасын қалыптастырып отырған адамдар жайындағы әңгімені жалғастыра отырып, мылжыңдардың келесі бір түрі туралы сөз қозғайық. Біздің қоғамымыздағы екінші топ «жалқаулар мен сандалбайлар одағы» секілді біздің ұлтты өздігінше сипаттап, өздерінің әлемге деген көзқарастарын бізге тықпалауда. Олар ұлт санасына жеңілісті енгізетіндер немесе жеңілгіштер.

Олардың ауыздарынан өте көп ұрандарды естуге болады. Алайда «Қайран халқым-ау, қайран қазағым-ай, байқұс, бақытсыз қазағым-ай! Бізді бәрі қор етеді» деген ұрандар ең жиі кездеседі. Жеңілгіштердің осындай сыңсуларының себептері өте көп, алайда ең танымалы келесідей болып келеді.

Бұл адамдар бұрыннан бері, күрделі түрдегі жеңілгіш дертімен ауырған және олар осы дертті одан әрі тарата бермек. Біздің ұлтқа деген жанашырлығы мен қамқорлығының артында өздерінің шынайы мәнін жасыра отырып, жеңілгіштер сау ағзаға рак жасушалары секілді жұғады.

Ағза рак жасушаларынан өзіне тән арнайы белгілерді байқап, оны өз мүшем деп қабылдайды да, зиянды дертті анықтай алмайды. Иммунды жүйе де кейбір жағдайда оларды ағзаға зиянын тигізетін немесе оны жойып жіберетін дұшпан ретінде санамайды. Сонымен қатар, қатерлі жасушалар иммунды жүйенің жұмыс істемеуі үшін кейбір тәсілдерді ойлап тапқан. Осылайша олар қалыпты ақуыздардың қабыршықтары арқылы жасырына алады. Енді міне, ағзадағы қатерлі рак жасушасын құртуға жауапты лейкоцит, оны анықтап жоюға келген кезде, рак жасушасы «О біздің байқұс ағза! Ол қаншама қиыншылықты бастан кешті! Оны бәрі қорлайды! ...» деп зар еңірейді. Лейкоцит бұл рак жасушасынан өз ағзасына тиесілі белгіні көреді, кейін осы еңіреуді естіп, былай ойланады, «біздің қазақ, қазаққа жаны ашып жатқан секілді. Жоқ, оған тисуге болмайды, қайта оның өсіп дамуына мүмкіндік беру қажет». Нәтижесінде, рак жасушалары барлық ағзаға тарап, сау денені жояды.

Күнделікті өмірде жеңілгіштер тактикасын көруге болады. Мысалы, жұмысқа көтеріңкі көңіл-күймен келген адам өз әріптесін көріп, онымен амандасады. Содан бұл адамға осы әріптесі күнделікті келесі сөздерді айта береді: «сен қандай байқұс және бақытсыз едің, есіңде ме саған бастықтың қатты ашуланып, айқайлағаны бар еді ғой. Ал есіңде ме, сен әйеліңмен ұрысып қалған едің ғой? Бәрі тауға шығуға барып, тек сені шақырмаған кез бар ғой, сол сенің есіңде ме? Тағы да есіңде ме, балабақша кезінде құмның үстінде сенің ойыншық күрегіңді тартып алған еді? Сен қандай байқұс, бақытсыз едің! Сені бәрі қорлаған еді. Сені аяймын, бері келші, құшағыма алайын...».

Ешқандайда сау сана-сезім мұндай қысымды ұзақ уақыт ұстап тұра алмайды. Көтеріңкі көңіл-күй мен болашаққа деген сенімі бар адам осындай сыңсулардың нәтижесінде тұйық және бүкіл әлемге ызылы болып шыға келеді.

Негізінен біздің жеңілгіштер тарихымыздың ауыр сәттерін алдыңғы орынға қойып, оны өздерінің жұмыстарында пайдалануда. Алайда, ешкім біздің тарихымыздың ауыр кезеңдерін жоққа шығармайтынын атап өту қажет. Мәселе мұнда емес. Қайта тарихымыздан қандай нәтиже шығарған жөн және болашақта қандай жолды таңдау қажет деген сұрақтар маңызды болып келеді.

Мысалы, біздің тарихымызды жеңілгіштер қалай суреттеп, қалай баяндайтынын келтірсек. «Неліктен еліміз Ресей империясының құрамына кірді?»,-деген сұраққа жеңілгіштердің жауаптары мынандай: «Себебі әділетсіз орыс патшалары мен басқа орыс шенеуніктері қазақтарды өздерінің арасында ұрыстырып, кейіннен байқұс қазаққа шабуыл жасап, олардың жерлерін тартып алып қойды». Немесе, «Неліктен отырықшы өмір сүру үлгісіне өткен уақытта біз ұлтымыздың жартысына жуығынан айырылдық?». Жеңілгіштердің жауабы: «Себебі арсыз большевиктер қазақтарды өздерінің арасында ұрыстырып, қазақ жерлерін тартып алып, зиялы қауымды атып және репрессияға ұшыратқан».

Алайда жеңілгіштер бір кездері қазақтар да, орыс князьдарын өзара жанжалдастырып, орыс жерлерін тартып алып, олардың қалаларын өртегенін ұмытып қалған секілді. Мәселен, соңғы рет қазақтар 1382 жылы Мәскеуді өртеген болатын.

Неліктен қазақтар өз елінен айырылып, Ресей империясының құрамына кірді деген сұрақтың дұрыс жауабы келесідей. Ғасыр бойы көшпелі дәстүрге негізделген қазақ елін жаңа келген өнеркәсіп дәуірі ығыстырды. Осыдан барып, өнеркәсіпті игере алмаған ұлт, ерте ме, кеш пе, өз елін жоғалтып және жойылып кететін еді. Бұл жағдайды Солтүстік-Американының үнділері, майя үнділері, инктер мен ацтектері жақсы суреттейді.

Сол уақытта қазақ элитасының арасында отырықшы өмір сүру үлгісіне көшіп, елдің өзін-өзі қажетті заттармен қамтамасыз ететін мықты ішкі өнеркәсібін құруға шақыратын көшбасшылардың саны жеткілікті болмаған. Сондықтан да, «еліміздің Ресей империясының құрамына кіруіне кім кінәлі?»,-деген сұраққа жауап: өзіміз кінәлі.

Біз сол тарихи кезеңде әлсіз болғандықтан, жеңіліске ұшырадық. Ал әлсіздерді әрқашанда басынған, басынады және басына беретін болады. Бірақ бұл біздің үнемі кінәмізді сезіну арқылы өмір сүруіміз керек дегенді білдірмейді. Біздің жіберген тарихи қателігімізден, қорытынды шығарып, алға қарай ұмтылу керек. Ал осыдан қандай қорытынды алуға болады? Қорытынды келесідей: «Бізге мықты ұлт болу қажет». Бұл дегеніміз өзіміздің дамыған өнеркәсібіміз бен ауыл шаруашылығымызды құру деген сөз.

Жеңілгіштер дерті және оны тарататын жеңілгіштердің өздері әйел іздеген мысық секілді айқайлап, әрбір қақпаға барып «байқұс, бақытсыз қазағым-ай!» деп жатыр. Ал бізге қоғам, ұлт, ел ретінде осы дертті құрту қажет.

Мысалы, біз екінші Дүниежүзілік соғыста жеңіліске ұшыраған немістердің өздерін байқұс және бақытсыз деп атағандарын ешқашан естіген емеспіз. Екінші Дүниежүзілік соғыста өздерінің көптеген азаматтарынан айырылған еврейлер, еврей ұлты байқұс және бақытсыз деген сөз қозғамайды. Ядерлік бомбалауды бастан кешкен жапондықтар, ешқаншан жапон ұлты байқұс және бақытсыз деп айтқан емес. Бірінші Дүниежүзілік соғыста жеңіліп, зиялы қауымының көбісін жойған революциядан ұтылған орыстар өз мемлекеттерін қайтадан аяғынан түрғызып, ғарышқа адамдарын жібере бастады.

Әлемде жеңілген, құлаған ұлттар жеңімпаздардың сана-сезіміндегі адамдарға сүйену арқылы, қайтадан көтеріліп, өрлей бастады. Ал әлемде жеңілген, құлаған ұлттар жеңілгіштердің сана-сезіміндегі адамдарды тыңдағандықтан, оларға сүйенгендіктен, әлі де нашар күйде.

Сол себептен, бізге осы жеңілгіштердің аяушылығы мен еңіреулері керек емес. Осы адамдардың біздің ұлт атынан сөйлеуіне жол бермеу қажет, себебі олардың шынайы аттары – жеңілгіштер.

Бесінші әңгіме: «Қолға алған істі жақсы және аяғына дейін жеткізуде»

Бірде біздің аймақтағы адамдардың жұмыстарын қадағалау барысында іс-сапарларға жиі шығатын азаматымыз, кезекті сапарынан көңілсіз келді. Неліктен оның көңіл-күйі жоқ деген сұрағымызға, ол ашуланып, былай жауап берді:

«Неліктен қазақтардан жалға алатын пәтер іші кір-қожалақ және әрқашанда жағымсыз иіс шығады. Егер басқа ұлт өкілдерінің пәтерін жалға алсам, оның іші таза, әрі жағымды хош иісі аңқып тұрады. Ал қазақтардан жалға алған мына соңғы пәтерімнің терезесінде тіпті үлкен саңылауы болды және бұл қожайындарды алаңдатып жатқан да жоқ (оқиға қыста болған, ал осы ауданның температурасы сол кезде -40 градустан төмен болатын).

Бұл оқиғаны баяндап жатқан еліміздің оңтүстік облысының бірінде туып-өскен қазақтілді азамат болатын.

«Ерекше қазақ менталитеті» мен біздің терезе саңылауының сұрақтарына жауап беру үшін, алдымен жаздың бір мамыражай күнінде орын алған мына бір оқиғаға тоқталсақ.

Бұл біздің ұйымның топ жетекшілері өз топтарына адам алып, оларды дайындап жүрген кез еді. Екі топ жетекшілерінің бірі бізге екі ай бұрын жұмысқа келген ҚБТУ-дың жас түлегі, ал екіншісі Америкада университет бітіріп, бізге келгеніне бір жыл болған жас қыз еді.

Қыздарымыздың өз топтарына адам қабылдауы мен оларды дайындау жағдайлары әрқайсысында әртүрлі жүрді. ҚБТУ түлегі, жұмысқа келушілерге меңгеруге қажетті презентацияның мәтінін берді де, іс-жүзінде олармен дайындалған жоқ. Ал Штаттан оқу бітіріп келген қызымыз өз тобына тек бір ғана адамды тапты, алайда бұл қыз онымен таң атқаннан кеш батқанға дейін дайындалды. Осы қызымыз дайындалып жүрген адамның барлық сұрақтарына жауап беріп, әр нәрсені бүге-шегесіне дейін түсіндірді. Оның барлық кемшіліктерін жоя отырып, жұмысқа келген адамды жоғары деңгейге дейін жеткізді.

Осының барлығын көріп жүрген ҚБТУ түлегі өз әріптесінің жұмысқа деген мұндай қарым-қатынасына таңқаларлықпен қарап, оған былай деді: «Неліктен сен осы үміткермен соншалықты көп уақыт өткізіп жүрсің? Қалай жаттаса, олай жаттасын, қалай түсінсе, солай түсінсін... Және солай жарап жатыр...».

Бұны тыңдап тұрған екінші қызымыз: «Бұрындары мен кез келген іске дәл сен секілді қарадым. Менде «солай жарап жатыр...» деген қағида бойынша өмір сүрдім. Алайда, осы жерге жұмысқа келіп, Мен іске деген өзгеше көзқарасты көре білдім. Себебі, қазір мен өз тобымның үміткерімен дайындалып жүргенім сияқты, кезінде мені де осылай дайындаған. Таңның атысымен күннің батысына дейін маған барлық қажетті нәрселерді үйретіп, сұрақтарыма толық жауап бере отырып, мені жоғары деңгейлі маман ретінде дайындап шығарған. Жұмысқа деген осындай қарым-қатынас үлгісі, енді менің бір бөлігіме айналды», - деді де, өз жауабын әрі қарай жалғастыра берді: «енді мен басқаша жұмыс істей алмаймын. Қолға алған істі жақсы және аяғына дейін жеткіземін. Мен осындай тәртіпке үйрендім, енді сапасыз жұмыс істей алмаймын», - деп жауабын аяқтады.

Жалпы, осы екі қыздың қолға алған іске, жұмысқа деген қатынасындағы айырмашылығы неде? Екеуі бір жастағы, бір әлеуметтік топтағы және психологиялық мінездемелері ұқсас қазақтілді қыздар. Аталған айырмашылық, ҚБТУ қызының өмір жолында «осылай жарап жатыр...» деген адамдармен ғана кездесуінде.

Дәл сол сияқты, терезе саңылауы бар және жаман иіс шығатын пәтер қожайындарына да балалық шағынан «осылай жарап жатыр...» деген адамдар кездесуде. Сол себепті, пәтер қожайыны қолға алған істі жақсы жасауға тырыспайды және өзіне жүктелген салаларға жауапкершілікпен қарамайды. Сондықтан да, олар үшін терезедегі саңылау қалыпты нәрсе болып кеткен.

Ұлтымыздың жетістікке жетуі үшін, бізге «Қолға алған істі жақсы және аяғына дейін жеткіземін» деген қағидамен өмір сүретін жоғарыда айтылған қыз сияқты адамдар қажет.

Мейлі қазір бұл күлкілі болып естілсе де, болашақта бүкіл әлем «қазақ қолға алған ісін жақсы және аяғына дейін жеткізеді», - деп айтатын болады.

Алтыншы әңгіме: Папуастар

Осы әңгімеде біз адамдардың ақшаға деген қатынасы жөнінде бірнеше оқиғаны мысалға аламыз.

Біздің бір кіші азаматымыз «махаббат» қарым-қатынасында абайламағандықтан, үйленуге бел байлады. Не болмаса, оның қызын бұл түсініксіз қарым-қатынас жалықтырып жіберді ме, әйтеуір ол екіқабат екенін жігітіне мәлімдеді. Азаматымыз нағыз еркек секілді жауапкершіліктен қашпай, қайта сүйіктісіне «сырға салды». Бірақ толыққанды нағыз еркек сияқты, «сырға салуға» ақшаны өз қалтасынан емес, анасынан сұрады.

Сонымен олар ерекше салтанатты Үйлену тойын жасап, қуаныштарын үш жерде атап өтті. Олардың бірі келіннің анасы бақытты жас жанұя мен олардың достарын алып келген, Тынық мұқитындағы аралда тойланды. Әлбетте, барлық шығындарды жас жұбайлардың ата-аналары өтеді. Біраздан соң, бірге өмір сүрудің алғашқы керемет күндері өткеннен кейін, жас жұбайлар алдында жанұяны асырау мәселесі тұрды. Осы кезде біздің жас азамат өзінен үлкен азаматқа өз компаниясын және бизнесін ашуы үшін қаржылай көмек сұрап барды. Үйленген азаматқа бизнесін ашу үшін үйлену тойына кеткен сомадан үш есе аз мөлшердегі қаражат қажет болды.

Осы кезде, мән жайдың бәрін біліп отырған үлкен азаматымыз, «қазір тойға кеткен ақшаның үштен бір бөлігін таба алмай отырсаң, онда неге үйленуге сондай көп ақша жұмсадыңдар», - деп сұрады, алайда той жасаған жігіттің бұған еш жауабы жоқ еді.

Үлкен азаматымыз жас жігіттің өтінішін жоққа шығарып, оған ақша бермейтін болып шешті. Себебі ақшаның құнын білмейтін адамға ақша берудің қажеттілігі жоқ.

Негізі бүгінгі күні қоғамымызда, тек бай адамдар ғана махаббаттан және басқаларға әсер ету үшін естерінен айырылмайтынын айта кетейік. Себебі, күнкөрісі орташа жандардың да осыған ұқсас әрекет ететіні бар. Мысалы, айына 1000 доллар жалақы алатын жас жігіт өзінің және қызының ата-анасынан ақша алып, қарызға белшесінен батып, үлкен той жасаған еді. Қазір осы жас жанұя жалдамалы пәтерде өмір сүреді, ал күйеу баланың ата-анасы әлі күнге дейін қарыздарынан құтылған жоқ.

Енді осы жерде туатын заңды сұрақ: осының бәрі не үшін?

Себебі, тойға жіберген ақша, пәтер сатып алудағы алғашқы салымды өтеуге толық жетер еді, ал қазіргі жалға төленіп жатқан ақша ай сайынғы құйылып отыратын салымды өтеуге толық жетіп тұр. Алайда, олар өздері кейін араласпайтын адамдарға үлкен отырыс жасап беруді, өздерінің жеке тұрғын үйінен маңыздырақ деп шешті.

Келесі бір оқиға, ол кәсіпкердің құлдырауы жайында болмақ. Бір компаниядағы өзінің үлесін сатып, шотына миллиондаған долларларды алған біздің кейіпкер өз ісін кеңейтуді жөн көрді. Бірақ бұдан бұрын барлық «nouveau riche» («жаңа бай» фр.) жасайтын қылықтарды жүзеге асырды. Ол қымбат көлік, көптеген тұрғын үй және бұрынғы әйелінен ажырасып, өзіне су жаңа жас әйел алды.

Оның бес қымбат көлігі, үш жеке меншік жүргізушісі, үйдегі адамдарға қызмет ететін он жұмысшысы және өзі мен әйелі үшін жеке оққағарлары болды. Бизнесмен жұмысқа су жаңа әйелінің туысқандары мен өз туысқандарын алды, кейіннен тіпті олар ақша ұрлаған күннің өзінде оларды жұмыстан қайта шығара да алмады. Ақырында, оның бизнесі құлдырады, барлық мүлкі банкке салынды және қазір бүкіл мүлкінің сатылымға кететін кезегін күтуде.

Әрбір «жаңа бай» естерінен өздігінше танады. Кейбірінде осы кәсіпкер секілді ақшалары тек қымбат көлік пен үй алуға жететін болса, ал кейбірінің ақшасы Абрамович секілді, қымбат кеме және футбол клубын сатып алуға жеткілікті болады. Осындай әрекеттер байлардың арасында көп кездеседі.

Бүгінде билік етіп отырған байлар феодальды аристократия қалай және не үшін билігін жоғалтып алғанын ұмытып кеткен.

Әдемі көрінуге тырысу негізінде, феодальды аристократия, өзінің алғашқы құқықтарынан айырылған. Феодальды аристократия, адамдарға деген билігін гаухар, изумруд және маржан тастарына ауыстырды.

Дәл осылай қазіргі байлар да, өздерінің фабрика, зауыт және кен орындарын сатып, оған бағалы тастар, қымбат кемелер мен футбол клубын алуда. Осындай әрекет оларды, құлдырауға ұшырап, нақты билігін жоғалтуда.

Бүгінгі байлар, өз жерлерін «жылтырақ сырға сақиналарға» сатып жіберген, Америкадағы үнділер мен папуастарды ақымақ деп санайды.

Алайда бүгінгі «vacheron constantin», «ferrari» немесе «roberto coin» осы «жылтырақ сырға сақиналардан» еш өзгешеленбейді.

Себебі, мұрнында қыстырылып тұрған сақинаның орнына «Cartier» белгісін ауыстырып қойғанмен, папуас папуас болуын тоқтатпайды.

Жетінші әңгіме. Жалған мен нақты әлем

Көп жағдайда саналы өмірге енді бет бұрған жастарымыздың «өз капиталымды қалай құрсам болады?» деп жиі қоятын сұрағымен кездесуге тура келеді. Көпшілігі жеке капиталын құрудың жалғыз жолы бар, ол – мемлекеттік бюджетті немесе елдің шикізат ресурсын бақылайтын ірі шенеуніктің қоластына кіру деп түсінеді. Кейін осы ірі шенеуніктің қолдауын пайдалана отырып, мемлекеттің немесе шикізат компаниясының ақшасын ұрлаймын деп көздейді.

Сөзсіз, мұндай пікірдің орынды негізі бар, себебі еліміздегі байлардың көпшілін алып қарасақ, онда олардың басым бөлігінің өз байлықтарын мемлекеттік бюджетті тонау және шикізат компаниялары ақшасының бір бөлігін ұрлау арқылы иеленіп отырғанын көреміз. Сәйкесінше, статистикалық тұрғыдан қарасақ, еліңді тонау арқылы бай болғысы келетіндерге басымдылық беріледі. Капитал құрудың осыған ұқсас екінші жолын пайдаланатын адамдардың келесі бөлігі бар. Олар басқалардың мүліктерін алдау-арбау және күшпен тартып алу арқылы жетістікке жетуге болады деп санайды.

Енді көптеген адамдардың ұрлық, қарақшылық және алаяқтық арқылы өз капиталдарын құрып жатқан мемлекет қанша уақыт өмір сүреді? Және бұл қандай мемлекет болмақ? Ұрлықшылар, қарақшылар және алаяқтардың қолдарынан не келеді, олар нені жасай алады? Әлбетте мұндай мемлекеттің болашағы жоқ, ол өз ішінен шіриді. Басқаларды тонау, өзгелердің мүліктерін алдау арқылы тартып алу немесе басқа адамның иелігін күшпен алу абырой болып саналатын қоғам күнделікті азайып бара жатқан қоғамдық байлық үшін бір-бірімен күресіп, қырқысатын болады. Ақыр соңында осындай ұрлықшылардың, қарақшылардың және алаяқтардың мемлекеті не өздерінің шіріктерінен құрып бітеді, не олардан мықты, дені сау мемлекеттің соққысына тап болып, солардың боданына айналады.

Сау қоғам мен дені сау мемлекетте адамның жеке капиталын құруының жолы басқа болуы керек. Адамдар жасампаздық еңбек жолы арқылы өздерінің жеке материалдық игіліктерін құруы қажет. Міне осы жерде көпшілігі кідіріп, былай деп сұрайды: «Жеке капиталыңды құру үшін бастапқы капитал қажет қой. Ал егер Мен енді жұмыс істей бастаған жас маман болсам және жалақымнан басқа кірісім болмаса не істей аламын?».

Алдымен бұл сұраққа жауап берместен бұрын, аса маңызды келесі нәрсеге мән берейік. Әрбір адамның бұл өмірде өз тағдыры және осы әлемде, осы уақытта, дәл қазіргі адамдардың арасында пайда болуының себебі бар. Және адам өмірдегі өзінің орнын тауып, өз міндеттерін орындауы тиіс. Сондықтан да, егер сіздің тағдырыңыз музыкант, сәулетші, жаңа компьютер бағдарламасын жасаушы немесе ұлы аспазшы болу болса, онда сізге тек осылармен айналысу қажет. Ал егер сіз өзіңізге бөтен бизнес саласында іспен айналыссаңыз, онда сіз тек жетістікке жетпей қоймай, онымен қоса өмірдегі ең бақытсыз адамға айналасыз.

Кәсіпкерлік, бизнесмен, капиталист жолы, бұл сіздің жолыңыз деп шешсеңіз және сіз өз бизнесіңізге бастапқы капиталды қайдан табамын деп ойласаңыз, онда сізге келесі нәрсені түсінген жөн. Кез келген ең үлкен капитал, жеке тұтынуға емес, ал инвестицияға құйылған 1 доллардан басталады. Алайда сіз осыны түсінген сәтте, өте қызық жайтқа тап боласыз, яғни сіз осы бір долларды жинақтаудың қалай қиын екенін байқайсыз. Негізі жағдай мынада: қоғамдық өмірдегі барлық құрылым бізге ақша жинау мен оны жеке капиталыңды құру үшін бағыттауға мүмкіндік бермейтін жүйеге бағытталған.

18 ғасырдың ағылшын философы Бернар де Мандевиль осы жағдайды және оның себептерін өте жақсы суреттеген:

«Жұмысшыларды аштық өлімінен сақтау қажет, алайда оларға қосымша жинақ жасай алатындай ештеңе бермеу керек. Бай ұлттардың (елдердің) барлығы кедейлердің басым бөлігінің әрқашанда жұмыс жасағанына және алған табыстарын үнемі толығымен жаратып тастағандарына қызығушылық танытады.

Күнделікті еңбекпен табыс алатын адамдарды жұмыс істеуге жоқшылық итермелейді, алайда осы жоқшылықты түбейгейлі жоюдың қажеттілігі жоқ, оны тек жай жақсартудың өзі жеткілікті.

Мұқтаждықтарын толық жаппайтын жалақы жұмысшы адамды ынталы етеді.

Өте төмен жалақы жұмысшының мінез-құлқына байланысты, оны не жасықтыққа не үмітсіздікке әкеледі. Ал жоғары жалақы — оны арсыз және жалқау етеді. Осы уақытқа дейін айтылғандардан шығатын қорытынды, ол құлдығы жоқ ұлт (ел) үшін ең тиімді байлық енбекқор кедейлердің көптігінде және оларға төленетін жалақы мұқтаждықтарын толық жаппауы қажет дегенге саяды. Жұмысшылар флот пен әскерді жинақтаудың сарқылмас көзі болып табылатындығымен қатар, жұмысшыларсыз еш ләззат алу және табыс табу мүмкіндік болмас еді.

Қоғамды бақытты, ал халықты оның аянышты күйінің өзінде де риза қылу үшін үлкен көпшілік надан және кедей болуы керек. Білім біздің қалауымызды кеңейтеді және көбейтеді, ал адам неғұрлым аз қалаған сайын, соғұрлым оның қажеттіліктерін өтеу жеңіл болады».

Бүгінде Мандевильдің айтқандарының барлығын бұқаралық ақпарат құралдары, теледидар, ғаламтор, газеттер, журналдар мен фильмдер жасап жатыр. Мұқияттылықпен қарайтын болсақ, бұқаралық ақпарат құралдарының халық санасына әлемге деген қандай бейне мен көзқарас қалыптастырып жатқандығын байқауға болады.

Мәселе, кез келген адам, бейсаналық тұрғыда, теледидарға немесе журнал бетіне шыққан адамды, бұл өмірде жетістікке жеткен тұлға деп санайтындығында болып отыр. Ал үлкен немесе кішкентай болмасын, әйтеуір үнемі жетістікке ұмтылу қажеттілігі бізге табиғаттан берілген нәрсе. Бала кезімізде біз ата-анамыздың немесе басқа жақындарымыз бен айналамыздағылардың мінез-құлық модельін қайталаймыз. Біз үлкендердің киімін киіп, «аррухана» және «үй» ойындарын ойнап, басқа балаларды «үлкендер секілді шәй ішуге» шақыра отырып, үнемі үлкендерге еліктейміз. Осы себептен де көптеген жасөспірімдер шылым шеге және ішімдік іше бастайды.

Балалар үлкендерге ұқсағысы келеді, себебі оларға үлкендер мықты күштің, дербестіктің және балалармен салыстырғанда анағұрлым жоғары деңгейдегі әлеуметтік мәртебенің иесі болып табылады. Адамдар әрқашанда анағұрлым табысты, анағұрлым мықты және жоғары әлеуметтік мәртебеге ие тұлғаға еліктейді. Балалар есейген сәтте де, ештеңе өзгермейді, бәрі сол қалпында қалады, тек енді еліктеудің үлгісі болған «үлкендер» орнына бізге теледидар экранынан немесе журнал бетінен қарап тұрған адамдар ауысып келеді. Және де, адам экрандағы кейіпкеріне саналы және бейсаналы түрде еліктейді.

Сәйкесінше, біз бейсаналық тұрғыда бізге БАҚ өкілдерінің ұсынған «жетістікке» жеткен кейіпкердің өмір сүру үлгісін ақырындап қабылдаймыз. Журналдардың парақшаларынан біз қымбат брендті киімдерді киіп, қымбат автокөліктерде отырған адамдарды көреміз, осыдан кейін бізде жетістікке жету үшін қымбат киім киіп, қымбат автокөлік сатып алу қажет екен деген ой қалыптасады. БАҚ өкілдерінің салған әдемі суреті, бұл жетістікке жету үшін адамға қосымша ақша жасауға мүмкіндік бермейтіндей, оның ақшасын қымбат заттарды сатып алуға жаратуға бағытталған әдейі ойдан шығарылған жалған әлем. Сондықтан да, біз осы жалған әлем заңдарына сәйкес әрекет ете бастаймыз және ойдан шығарылған виртуалды әлемде жетістікке жету үшін тонна керексіз заттарды сатып аламыз. Және әлбетте ерте ме, кеш пе жеңіліске ұшыраймыз, себебі нақты өмірдің жетістікке жету заңдары мүлдем өзгеше.

Нақты өмірде сіздің киген киіміңіз қанша тұратындығы, сіздің көлігіңіздің қаншалықты қымбат екендігі, қасыңыздағы қыздың немесе жігіттің қаншалықты сұлу екендігі маңызды емес. Нақты өмірде мүлдем басқа ережелер мен заңдар қабылданған. Бұл өмірде сіздің қаншалықты істі жақсы жасай алатындығыңыз, сізді қаншалықты мықты және білікті достарыңыздың, әріптестеріңіздің қоршағаны маңызды, мұнда сіз бақылайтын зауыттар мен жылжымайтын мүлік санының көптігі және сіз шығаратын тауардың бағасы мен сапасы маңызды. Және бір нәрсеге сенімді болыңыз, егер сіз нақты өмірде жетістікке жетсеңіз, онда сұлу қыздар үнемі жаныңыздан табылады. Себебі олар әрқашанда нақты күштің иісіне қарай ағылады.

Сондықтан да, егер сіз нақты өмірде жетістікке жеткіңіз келсе, онда қымбат әшекей, киім мен автокөлік алуға өз ақшаңыз бен энергияңызды құртуды тоқтатыңыз. Нақты билік сізге тиесілі зауыттарда, жерлерде, дүкендерде, мейрамханалар мен БАҚ құралдарында екенін есте сақтаңыз. Ал егер сіз басқалардың көз алдында жақсы көрінгіңіз келсе, онда сізге қымбат заттарды, көліктер, қымбат кемелерді сатып алып, өзіңізді үлде мен бүлдеге орап алғаныңыз жөн болады. Алайда «гауҺар шаңы» сізге ешқанда нақты билік бермейтінін ұмытпағайсыз және сағат тілі 12:00 соққанда сіздің күймеңіз асқабаққа айналады.

Осыған қатысты біздің бір досымыз мынандай әзіл айтқан еді:

О дүниеде американдық, ағылшын және қазақ кездесіп, өзара бір-бірімен осы жерге келу себебі жайында бөліседі екен. Американдық өзінің "ferrari"-не мініп, зымырып келе жатқанда Санта-Моника жолында өз көлігін басқара алмай жолдан шығып, содан осы жерге келгенін айтады. Ағылшындық өзінің "aston martin" көлігімен Лондоннан Эдинбургке қарай шығып, орта жолда бұрылыстардың бірінде бағанаға соғылып, содан осы жерге түскенін айтты. Ендігі кезек қазаққа жеткенде, ол “Bentley” сатып алып, содан соң «аштан» өлгенін мәлімдейді.

Егер осы әңгімені оқып шыққаннан кейін сізді алдап-арбау арқылы сіздің жеке капиталыңызды құруға қажетті кез келген мүмкіндікке жол бермеу үшін әлемде өзара келісілген қастандық бар екен деген ойға келсеңіз, онда сіз қателесесіз. Ешқандайда қастандық жоқ. Себебі БАҚ сіздің санаңызды алдап-арбау арқылы, сізге керексіз затты сатып алғызбаса да, сіз бұл әрекетті өз еркіңізбен жасайсыз. Демек, сізге алдау-арбаудан құтылу үшін тек қана өз эмоцияңызды қатаң бақылауға алу жеткілікті. Сондықтан да, сіз не өз эмоцияңызды басқарасыз, не эмоцияңыз сізді басқарады.

Сегізінші әңгіме. Капитализм және дәстүршілдік

Қазақстанды дамыған капиталистік мемлекетке айналдыру сұрағы көп жағдайда адамдардың капитализм алдындағы қорқынышына әкеледі. Әсіресе қоғам алдындағы беделі мен билігі ескі дәуірмен бірге жоғалып бара жатқан бүгінде ескірген қағидаларға, өмір сүрудің дәстүрлі нысанына негізделетін адамдарда осы қорқыныш жиі байқалады. Бұл мақалада біз дәстүршіл-адамдар мен олардың біздің қоғамымызға деген әсері жайында сөз қозғамақпыз.

Дәстүршіл-адамдар олардың өмір сүру әдет-ғұрпын өзгертетін құдіретті күштің алдында жеңілмейтін қорқыныш сезімін сезіне бастайды. Олардың алғашқы, өздеріне ыңғайлы, ескі әлемін құртып, орнына капиталистік қарым-қатынастың пайда болуынан үрейленген олар, одан жасырынуға ұмтылады. Бұл адамдар тарақандар секілді еденнің саңылауына жасырынып, кейін сол жерлерден уақыттың ырықсыз қозғалысын тоқтату мен өздері қожайын болған ескі және тыныш әлемді қайтаруды талап етіп, айқайлай бастайды. Олардың әлемі көз алдымызда қирап, беделдері түсіп, олар қаусаған дәуірмен бірге жоғалады.

Капитализмнің пайда болуын қалай болса да, тоқтату және жастарға өздерінің әсер етуінің қалдықтарын сақтап қалу үшін бұл үрейленген адамдардың категориясы капиталистік мемлекет жайында қорқынышты әңгімелерді тарата бастайды. Олар капиталистік елдердегі бала алдырудың көптігін, олардағы көгілдірлер мен қызтекелер жайында айтып, дамыған елдердегі суицидті мысалға келтіреді. Олар баланы ойлап шығарған «бабайкамен» қорқытып, өздерін тыңдатуға тырысатын ата-аналар секілді кейіп танытады. Басқа жағынан олар балаларға «үнемі үлкендерді тыңдағандары өте жақсы болады» деген нәрселерді айта бастайды. Бұл жағдайда Аяз Ата келіп, баланы жақсы қылығы үшін марапаттайтын болады. Алайда сәби ырықсыз өсіп, ата-анасының билігінен шығады.

Біздің капитализм қозғалысынан қорыққан, беделдерін жоғалтқан, ескі әлемнің өкілдері біздің ұлттың дамуын кері қарай бұрып, біздің ұлтқа әмірін жүргізуге өздерінің билігі болған дәстүрлі қоғамның жатағына қайтып баруымызға шақырады. Бұл капитализмнен қорыққан өткеннің экспонаттары аяқтары дірілдеп, теміржолда тұр. Сонымен қатар, олар бір қолдарына капитализм туралы салынған қорқынышты суретті, ал екінші қолдарына өткен өмір туралы салынған әдемі суретті ұстап тұрып, біздің ұлтты қорқытқысы келеді. Бұл азаматтарды капитализмнің пайда болуын тоқтата алмайтындығымызға және олардың керемет өткен елесіне қайтып бармайтындығымызға сендіру мүмкін емес. Жылдам қарқынмен келе жатқан локомотив оларды теміржол рельсінде езіп, олардың ескірген плакаттарын өмір ағымынан артта қалдырмайынша, бұл дәстүршілер біздің ұлтты өздерінің салынған суреттерімен қорқытып, үркітіп, тұра береді. Сондықтан да, біздің алдымызда бұл «қарттарды» ойынан қайтару міндеті тұрған жоқ. Біз үшін басты мәселе осы адамдарға сеніп, олардың соңынан еріп, ақырында олармен бірге жылдам қарқынмен келе жатқан локомотив астында қалатын жастарымызда болып табылады.

Саналы жастарымыз біздің ұлттың басына өздерінің жеке қорқыныштары мен үлкен көлемдегі қоқыстарын тықпалап, біздің жастарымыздың әлем туралы дұрыс түсінігін бұрмалайтын дәстүршілдердің ықпалына түсетіндігінің бір мысалы ретінде келесі болған мына бір жайтқа зер салайық.

Біздің мықты сараптамалық қабілетке ие, ойлауы анық, өз пікірін нақты және логикалық тұрғыда жеткізе білетін, өмірге деген дұрыс көзқарасы мен өз позициясында нық тұра білу дарыны бар азаматымыз жұмыс орынын ауыстырмақшы болды. Осы уақытқа дейін ол бізбен бір жыл көлемінде жұмыс істеп үлгерді. Біз өзіміздің азаматтарымыздың өскендеріне оң көзбен қарайтындықтан, оның өзіне жаңа жақсы жұмыс тапқанына риза болдық. Себебі адамдар бір жерде ұзақ тұрып қалмауы тиіс, адамдар үнемі өсіп отыруы керек. Алайда 3 айдан соң ол басына үлкен қоқысты толтырып, бізге қайта келді. Осы қоқыстың барлығын ол осы уақыт аралығында дәстүршілердің әсерлеріне беріліп үлгеріп, олардан жинап келген. Мысалға ол капитализм жайындағы әйгілі қорқынышты айта бастады, ал нақтырақ айтсақ, ол Швейцариядағы суицидтердің көптігін айтып, сондықтан да, біздің елді дамыған капиталистік мемлекетке айналдыру қажеттілігіне күмән келтірді. Оның пікірі бойынша біз дәстүршілердің ұсынып отырған «шынайылық» пен «адалдыққа» негізделген мемлекетін құруымыз керек еді. Біздің қолымыздан оның басында жиналған үлкен көлемдегі қоқысты жою келмеді және ол бізде тағы бір ай жұмыс істеп, ірі қазақ банктерінің біріне жұмыс істеуге кетті. Оның көзқарасы бұлыңғырлана бастады, оның бір кездердегі мінсіз логикалық қабілеті енді еш байланыссыз идеялар мен бір-біріне қарсы келетін ойлардың астында астан-кестені шықты.

Мысалы, банкке барып жұмыс істеу шешімі, оның ислам дініне мүлдем санаспады. Басына жинаған қоқыстары ақшаны өсіммен несиеге беру ислам заңдылықтарына және оның мұсылманшылығына қарама-қайшы келетіндігін түсінуге кедергі келтірді. Алайда ең қызығы ол біздің басқа азаматты сол банкте жұмыс істеуге шақырған кезде болды. Біздің екінші азамат қуана келісіп, жұмысқа кіру үшін қажетті үш деңгейлі сұхбаттан өткеннен кейін, басында қоқысы бар бірінші азаматымыз жұмысқа тұрғызуға көмектескендігі үшін пара сұрады. Міне, досы өз досынан ақша жымқырып алмақшы. Бір жағынан, біздің басында қоқысы бар азаматымыз шынайы, адал қоғамның құрылу керектігін мәлімдеп, капитализмді кінәлайды, ал басқа жағынан пара жасамақшы. Бір жағынан, біз адамдардың бір-біріне деген шынайылығы мен әділеттілігі жайындағы әңгімелерді естіп, ал басқа жағынан нақты өмірде жаман әрекеттерді көріп отырмыз. Оның нақты әрекеттері әңгімелерінен мүлдем өзгешеленді. Ұрлық жасай алмайтын ұрлықшы, өзін адал санайды. Алайда, дәстүршілер біздің азаматтың басын қоқыспен толтырып тастағанға дейін, ол адамдар арасындағы адамгершілік шекарасынан аттап өтпейтін еді. Идеологиялық тұрғыда біздің дәстүршілдер бізді Швейцариядағы суицидпен қорқытады, алайда мұнымен қоса дәстүрлі пара алуды ұмытпақ емес. Швейцарияда сөзсіз суицид проблемасы бар, бірақ оларда жұмысқа алу үшін ешқашанда пара алмайтыны секілді жақсы құбылыстар бар екенін айта кеткен жөн.

Біздің дәстүршілер үшін үрей туғызатын капитализм мәселесінде, еш қорқыныш жоқ. Капитализм, бұл адамзат қоғамының алдында тұрған өтуге міндетті келесі қадам. Адам баласы ессіз сәбиден, еңбектейтін, кейін жүгіретін балаға, содан кейін балалық, жасөспірім, жастық және кәмелеттік шаққа дейін өсетіні секілді адамзат баласыда өседі. Адамзат үңгірдегі өмірден капитализмге енді жетті және бұл соңы емес, себебі біз әлі жолымыздың жартысына да жеткен жоқпыз.

Адамның капитализм алдындағы қорқынышы, ата-ананың өз баласының алдында билігін жоғалтып алғанда пайда болатын қорқынышы іспеттес. Егер бала сәби шағында ата-анасының көңілін елжіретсе, ал өсе келе, жасөспірімдік шақта бала ата-анасына үлкен машахат алып келеді. Бұл кезде ата-аналарға тек балалары толыққанды және дұрыс шешім қабылдай алатын тұлға болып жетілгенше күту керек. Себебі, баласына махаббатпен қарайтын ешбір ата-ана баласын өздері үшін сүйкімді күйде қалтыру үшін оның өсуіне кедергі келтіріп, оған қалып кигізбейді. Адамзаттың алға жылжуына қарсы шығатын адамдар, баласына қалып кигізетін ата-ана ұқсайды.

Австриялық экономика мектебінің негізін қалаушы Людвиг фон Мизес мұндай адамдардың диктаторлық мінезі бар деп санайды:

«Диктаторлық қылықтары бар диетолог отандастарының оның мінсіз тамақтану көрінісіне сәйкес әрекет еткенін қалайды. Малшы сиырларына қалай қараса, диктатор да адамдарға солай қарайды. Алайда, диктатордың тамақтану қара бастың қамы емес, ал басқа мақсаттарға жетудің құралы екенін түсінуге миы жетпейді. Мысалы, фермер өз сиырына оны бақытты қылу үшін емес, ал жақсы қоректенген сиырды өз мақсатында пайдалану үшін жөп береді. Фермер үшін сиыр мейлінше көп көлемдегі сүт пен еттің көзі. Малшының өз сиырларына қарайтын секілді әрбір диктатор өз отандастарын ажыратып, өсіріп, тамақтандырмақшы болады. Дәл осы секілді басқа адамды өз ережелері бойынша өмір сүруге мәжбүрлейтін адамның мақсаты, сол адамды бақытты ету емес, қайта өзін, яғни диктаторды бақытты ететін сезімге әкелу. Ол адамдарды үй жануарларына айналдырып, оларды малдың деңгейіне жеткізуді қалайды. Малшы да жақсылық жасайтын диктатор болып саналады».

Басқаларға өзінің пікірін жабыстыратын, капитализмге қарсы шығатын барлық адамдар шын мәнінде капитализмнен қорқады, себебі ол оның билігін жоғалтып, адамдарды азат етеді. Капитализм адамға өз өмірін өзі құруға, өзінің қателіктеріне жауап беріп, қажетті шешімдерді қабылдауына мүмкіндік береді. Капитализмге қарсы шығатындардың барлығы өздеріне адам өмірін басқару құқығын қалдырғысы келеді және олар адамдарға не керек, ал не керек еместігін шешуге ынталы. Бізге ақылды малшы келіп, шешім қабылдағанша отарда күтіп отыра береміз бе, әлде өміріміздегі шешім қабылдаудың орталығына өзіміз айналамыз ба, деген маңызды таңдау жасау қажет.

Қоғамдық құрылым тұрғысынан қарайтын болсақ, капитализм – бұл басқа адамдарға қажетті тауарлар мен қызметтерді жасайтын адамдардың билікке ие болатын жүйесі. Бұл жүйеде ешкім сізге не істеу қажет екенін бұйырмайды, сіз өз жолыңызды өзіңіз таңдайсыз, шешімді де өзіңіз қабылдайсыз. Көп жағдайда бұл шешімдер бұрыс немесе қате болуы мүмкін. Және бұл сізді басқарғысы келетін, бірақ олай ете алмайтын адамдардың зығырданын қайнатады. Мұндай адамдар сізге өзінің мінез-құлық ережелерін жүргізіп, оларға бағынбаған сәтте сізді қоғамның толыққанды мүшесі емес деп, жазалағысы келеді. Ал капитализм, сізге еркіндік береді, бұл өзгелердің көзқарасымен емес, өз ойыңызбен өмір сүру үшін берілетін еркіндік. Нәтижесінде, басқа адамдардың миын ашытуға үнемі құштар келетін шенеуніктер мен идеология өкілдері капитализмді мойындауға мәжбүр болады, себебі адамдарға қажетті тауарлар мен қызметтерді тек капиталистер ғана жасайды.

Біздің қазақ қоғамы капитализмді құру немесе оған қарсы келу мәселелері көтеріліп отырған алғашқы қоғам емес. Бізге дейін дәл осындай сұрақты ағылшын қоғамы да Навигациялық Акт қабылданған 1651 жылдан бастап көтерген. Алайда нәтижесінде капитализмнің дамуына кедергі болғандардың барлығы тарихта жолдың жағалауында сүйретіліп қалды, ал Англия болса ең алғашқы капиталистік мемлекет құрды. Англия әлемдегі ең ірі Британдық империяны құру үшін капитализмнің қуаттылығын пайдаланды. Капитализм Англияға Испан империясын, Голландық республиканы, Қытай империясын, сонымен қатар барлық Үндістанды, Африканың жартысын, Солтүстік Американы және Жаңа Зеландиямен қоса Австралияның быт-шытын шығаруға мүмкіндік берген мықты өнеркәсіп құруға мүмкіндік берді.

Содан соң капитализм Францияға келді және француз қоғамы да бүгінгі біздер секілді ескі әдет-ғұрып пен ұлттық дәстүрлерді сақтау қажеттілігі жайында айтысып, пікірлескен еді. Алайда капитализм, Францияны да сындырып, сол кездердегі мықты капиталистік республикаға айналдырды. Капитализм Германияның дәстүрлік құрылымын сындырып, олардың ескі ғұрыптарын қоқысқа тастады және 19 ғасырда бытыраңқы герман мемлекетін орталық неміс ұлтына біріктірген Германиялық империя құрды. Осы жолды итальяндық ұлтта жүріп өтті.

Ресей империясындағы капитализмнің қарсыластары, шаруалар арасында әділетті түрде жерді бөлуге, сонымен бірге дәстүрлі орыс қоғамын сақтап, капитализмнің дамуына жол бермеуге тырысқан «халықшылар» (дәстүршілер) деген атаумен танымал. Капитализм қарсыластарының басқа қанаты православиялық дінге негізделген шынайы қоғам құруға тырысты. Алайда олардың барлығы жеңіліске ұшырады және Ресейдегі капитализмнің дамуы алпауыт қарқынмен үдей түсті. Тек большевиктердің келуі капитализмнің дамуын тоқтатты және ресей ұлты ол үшін азаматтық соғыс, ұжымдық, экспроприация, аштық секілді ауыр зардап шекті. Нәтижесінде 1991 жылы большевиктер уақыттың ағынымен шайылып, капитализм Ресейде өз қозғалысын жәйлап бастады.

Азияда да Европадағыдай құбылыстар орын алды. Жапония 1861 жылға дейін капитализмнің пайда болуына тосқауыл жасады. Алайда ақырында жапондықтар да Мэйдзи революциясынан бастап, өндірістің капиталистік әдісіне көшті. Дәстүрлі жапон өмір салты капитализмге жол берді, бұл Жапонияның өз елін Батыс елдерінің жаулап алуынан сақтауға мүмкіндік беріп, оның дамыған капиталистік мемлекетке айналуына әкелді. Дәстүрлі өмір салтын сақтауды қолдап, ал капитализмге қарсы шыққан адамдар жеңіске жеткен Қытай мен Корея осы үшін өз мемлекеттерінің капиталистік державалардың езгісінде қалу құнымен өтеді. Капитализм арқылы озық өнеркәсіпке ие болған Жапония Кореяны басып алды, ал мыңжылдық қытай мемлекеті Ресей, Жапония, Англия және Франциямен басып алынған. Ақыр соңында 1950 жылдардағы корея соғысынан кейін қазіргі Оңтүстік Корея да және Дэн Сяо Пин реформасының бастауымен Қытай мемлекеті де капитализм жолына тұрды. 30 жыл бойына Қытайдың қыр көрсеткен тұрғындардың дамуы мен өміріндегі айырмашылығы, сонымен қатар Солтүстік және Оңтүстік Корея елдерінің арасындағы өмір сүру деңгейінің айырмашылығы, капитализмнің қандай көрінбейтін күшке ие екендігін көрсетеді.

Капитализм қытайлық, корейлік, жапондық және т.б. секілді ұлы мыңжылдық адамзат өркениетін қиратты. Ал капитализмнен бас тартқан өркениеттер инктер, майя, ацтектер әлем картасынан жойылып кетеді. Мұнымен қоса, әлемде капитализмнен қашып құтылған ұлттар бар екенін түсіну қажет. Бұлар Солтүстік Америкадағы индейлер, Папуа – Жаңа Гвинея аралындағы папуастар, австралиялық аборигендер, амазония индейлері, Африкадағы бушмендер және Ресейдегі чукчалар секілді ұлттар. Алайда барлық аталған ұлттар өз жерінің қожайындары емес. Олардың жерлері дамудың капиталистік деңгейінде тұрған ұлттар арқылы тартып алынған. Ал бүгінде осы жерлердің бұрынғы қожайындары, дамыған елдердің туристері қыдырып, тамашалайтын, ашық аспан астындағы музей экспонатынан кем де кем емес. Сонымен, таңдау шектеулі, қазақ қоғамы не дамыған капиталистік елге айналады, не болмаса еліміз басқа мықты елдің боданына, ал қазақтар ашық аспан аясындағы тірі музей экспонаттарына айналады.

Сондай-ақ, тарих біздің ұлтымызға осыған ұқсас өмірлік сабақты бұрындары да тарттырған. Бір кездері Евразия территориясының үлкен көлемін қадағалауға мүмкіндік берген қазақтардың тиімді көшпенді өркениеті, бәсекелестікте отырықшылардан жеңілген еді, себебі отырықшылар өнеркәсіпті дамытып, мықты күшке айналған болатын. Сол кезде біздің ұлттың алдында отырықшы өмір салтына көшу мен өз өнеркәсібін құру мәселесі тұрды. Дәл қазіргі кездегідей сол уақытта да ұлттың отырықшы салтқа көшуін қалап, ұлтты алға жылжыту жолында тұрған адамдар болды. Алайда, олармен қатар, біздің ұлттың дамуына кедергі келтіріп және тәуелсіз ел болуымызға қауіп төндіріп тұрған ескірген көшпелі өмір салтын қолдаған дәстүршілер де болды. Сол кездің дәстүршілері қазіргі кездегілер секілді отырықшы салттың қиындығы мен кемшіліктерін көрсетіп, аталарымыздың жолымен жүріп, ескірген әлем құрылымын сақтауға шақырды. Шындығында да, сол кездері көшпелі өмір сүру салты отырықшымен салыстырғанда көп жағдайда артықшылыққа ие болды. Алайда бұл өмір сүру салты, ең басты нәрсені, яғни ішкі өнеркәсіпті құруға мүмкіндік бермеді. Әлем өзгерді, алайда дәстүршілер біздің ұлттың әрі қарай дамуына кедергі келтіріп, сол өткенде кідіріп қалды. Сол уақытта дәстүршілер жеңіске жетті, ал ұлтты алға сүйрейтін адамдар жеңілді, мұнымен қоса, біздің ұлтта жеңіліске ұшырады, себебі еліміз өнеркәсібі бар отырықшы ұлттардың боданына айналды.

Нәтижесінде, отырықшылар біздің көшпелі арқамызды сындырып, көшпелі өмір сүру ғұрпын аяқтан жықты да, ұлтымызды отырықшы өмір салтына күштеп кіргізді. Осыдан халқымыздың жартысына жуығы қырылып, өзіміз қашқан қақпанға өзіміз келіп құладық. Нақты таңдау жасап, өткеннің елесінен айырылмасақ, онда басқа ұлттар оны біздің орынымызға жасайды да, жеріміздің жаңа иесіне айналады. Бұл тарихымызда болған сабақ. Дәл осындай жағдай капитализм орнатуда да орын алады, не өзіміз дамыған капиталистік мемлекет құрып, ұлтымызға тиесілі зауыттарда жұмыс істейтін боламыз, не елімізді жоғалтып, басқа ұлтқа тиесілі зауыттарда жұмыс жасайтын капиталистік мемлекетте өмір сүреміз.

Ұлттық құндылықтар мен дәстүрімізді сақтап қалғысы келетін адамдардың барлығы осы ұлттық құндылықтар мен дәстүрлердің қалай пайда болатынын түсінбейді. Дәстүрлер адамдардың шаруашылығының, тірлігінің, тұрмыс тіршілігінің негізінде қалыптасады. Ұлттың қандай іспен, шаруамен айналысатынына байланысты оның дәстүрлері мен ұлттық құндылықтары ерекшеленеді. Мысалы, ұлттық киім тігушілер ұлт өзінде өсіретін нәрселерді мақта, жібек немесе малдан алатын жүн, былғары, тері заттарын пайдалана отырып, киім тігеді. Киім тігу үшін ұлт өзінде бар құрал-жабдықтарды пайдаланады. Сонымен қатар, киім ұлттың күнделікті тұрмыс тіршілігіне сәйкес тігіледі. Осылардың барлығы ұлттық киімнің пайда болуына әкеледі. Этностың белгілі-бір шаруашылығына сәйкес, яғни ұлт не өсіреді және қандай мал түрін пайдаланады, соған байланысты әзірленген ас ұлт тағамдары салт-дәстүрінің пайда болуына әкеледі. Тура солай, ұлтта бар мейрамдар, ойындар, дәстүрлер этнос өмірінің шаруашылығына, тұрмыс-тіршілігіне сәйкес пайда болады. Яғни, көшпелі халықтың өзінің дәстүрлері, теңіз жағалауында тұратын халықтың өз дәстүрі, шөлді жер халқының өзіне тән дәстүрлері және орман мен далада тұратын халықтың өз дәстүрлері болады. Этнос өмірінің шаруашылығы, тұрмыс-тіршілігі өзгерген кезде, ұлттың дәстүрлері де өзгереді. Ал жаңа өмір сүру салтында адам өміріне кедергі келтіретін дәстүрлер ақырындап ұмытылып, жоғала бастайды да, ақырында әр ұлттың тек фольклорлық ертегілерінде көрініс алады. Жаңа шаруашылық құрылымда өмір үшін кедергі келтірмейтін дәстүрлер сақталып, этнос арасында өмір сүре береді (Наурыз мейрамы, көкпар секілді). Ескі дәстүрлерді жоғалтумен қатар, ұлттар заманауи өмір салтына тән, әлемдегі ұлттық тұтастықты құрып, толықтырып отыратын жаңа дәстүрлерді де жасай бастайды. Бүгінде қазақтар, жапондар, орыстар, немістер ескі ұлттық киімдерінің орнына заманауи киімдерді киеді, ат мінудің орнына автокөлек айдайды, ұлттық тағамдардың орнына әртүрлі салаттар, пиццалар, кофе және сусындарды пайдаланады.

Ең қызығы, ұлттық құндылықтардың жоғалып кетуіне алаңдайтын көптеген адамдар нақты өмірде мүлдем басқаша өмір салтын ұстанады. Мысалы, бізде әйел орыны отбасы, ошақ қасында, әйел өмірінің мәні тұрмысқа шығып, өмірге бала әкелу және соларды жеткізу деп мәлімдейтін азамат бар. Алайда ол таң атқаннан кеш батқанға дейін кеңседе жұмыс істейді және ол әлі отбасын құрмаған, бала да босанбаған және өз балаларын тәрбиелеп жатқан да жоқ. Әрине ол осы қылығын «әлі лайықты жігіт кездестірмедім, ал кездестірген сәтте жұмысымды тастап, тек жанұяммен айналысатын боламын»,-деп түсіндіреді.

Ұлттық құндылықтардың сақталғанын қалап, ал күнделікті өмірде бұл көзқарастан мүлдем алшақтап бара жатқанын көптеген адамдарды байқауға болады. Сіз де өз таныстарыңыздың арасынан осындай адамдарды көптеп кездестіре аласыз.

Енді келесі маңызды нәрсені түсінгеніміз жөн: біздің ата-бабаларымыз ұлттық дәстүрлерді өз өмірлеріндегі шаруашылық әдіске сай құрды және олардың құрған дәстүрлері сол заманда жетістікке жетуге ықпал етті. Ал қазір заман басқа, заман өзгерген және біз, біздің ата-бабаларымыз сияқты, бүгінгі әлемде жетістікке жетуімізге мүмкіндік беретін, жаңа ұлттық дәстүрлерді құруымыз қажет.

Қазақстанда капитализмді құру қажеттілі жөніндегі сұрақ пен пікірталастың қорытындысы «біздің ұлт ретінде теміржолдар, телекоммуникация, автокөліктер, заманауи үйлер мен үйге арналған тауарларды, яғни бүгінгі құндылықтарды пайдаланғымыз келеді ме?» деген мәселеге саяды. Егер біз бұл игіліктерді қолданғымыз келсе, онда оларды алудың екі ғана жол бар, бірі осылардың барлығын өз еңбегімізбен жасау, не өз еңбегімен осы тауарларды жасайтын басқа ұлттардан сатып алу.

Осылардың барлығын өзіңіз жасамай, ал өзгелерден сатып алу үшін, сізде сата алатын табиғаттан берілген сыйлық болуы қажет. Мысалы, Парсы шығанағындағы араб мемлекеттері оларға табиғаттан берілген мұнайды сатып, орнына қажетті игіліктерді сатып алады. Мұндай жағдай, оларға өздерінің дәстүрлі өмір салтын ұстануға жол ашады. Ал егер сізде Жапония немесе Швейцариядағыдай табиғаттан берілген сый мүлдем болмаса немесе Өзбекстан, Қазақстан, Ресей, Нигерия не Алжир елдеріндегідей табиғаттан берілген сый аз ғана көлемде болатын болса, онда сізге барлық қажеттіліктерді ұлт еңбегі арқылы ғана жасап шығару қажет. Ал ол үшін өмір сүрудің дәстүрлі құрылымын өнеркәсіптік өндіріс талап ететін, дәстүршіл ұлтты өндірісті және ғалымдар ұлтына айналдыруға мүмкіндік беретін жаңа құрылымға өзгерту керек.

Адамдардың жаңа әлемде жоғалып кетуіне, ескі білімдері мен әлем туралы ескі түсініктері жаңа әлемде қажетсіз болады деп үрейленулері, олардың капитализмге қарсы шығуының басты себебі болып табылады. Адамдар капитализмнен қорқады, себебі бұл, әр адам ортақ іске қосқан өзінің жеке үлесі бойынша бағаланатын жүйе. Капитализмде, басқаларға қажетті тауарлар мен қызметтерді жасайтын кез келген адам, жетістікке жетеді. Және керісінше, капитализм кімнің түкке тұрмайтын, керексіз адам екенін бірден көрсетеді. Себебі мұндай опырылған-адам, өз күшімен басқа адамдарға қызықты ештеңе жасап шығара алмайды.

Осыған байланысты өте ауыр, алайда дұрыс айтылған Людвиг фон Мизестің сөзін мысалға келтірсек болады. Бұл сөз бүгінгі капитализм жүйесінде ««ізгіліктің» шекарасын аттап өте алмайтындықтан, жетістікке жете алмаймыз» деп шағымданатындарға арналады.

«...Біздің жолы болмайтын адам өзінің аққөңілдігінің кесірінен жеңіліске ұшырады. Ол оның жолы болғыш бәсекелестері жетістікке жеткені үшін қарыздар болған жексұрын қулық-сұмдықты қолдануға аса тәртіпті бола қалды.

Бұл жолы болмайтындар капитализм кезінде не қайырымдылық пен кедейлікті, не арсыздық пен байлықты таңдау қажет деп біледі. Және біздің «батыр» Құдайға шүкір, екінші жолды нық түрде ысырып тастап, алғашқы жолды таңдады.

Басқаларға көмектесу арқылы пайда тауып, және сол арқылы жетіктікке жететін жүйеде, әр адам игілігін өз қолымен жасайтындықтын, басқаларды кінәлайтын адамдар пайда болады. Себебі бұл жүйе кімнің кім екенін бірден көрсетеді.

Мұндай қоғамда атақ құмарлығы толығымен қанағаттандырылмаған кез келген адам анағұрлым сәтті қарсыласына жауластықпен қарайды.

Қарабайыр адам жанын өсек пен ғайбаттауға апарады. Табиғи болмысы жұмсақтау келген адам осынша төмен деңгейге түспейді. Олар «сенің жеңілісің – сенің өз кінәң» деп айқайлайтын ішкі жан дауыстарын тұншықтыру үшін өз өштерін философияға, антикапитализм философиясына бағыттайды.

Мүмкіндіктері бірдей қоғамда өмір сүретін адамдардың қанағаттандырылмаған атаққұмарлығының азабы, бір-біріне ұқсас келеді.

Мұндай жағдай, бір жағынан, мүмкіндіктері бірдей қоғам алдындағы әртүрлілікке байланысты туындайды, әсіресе осы қоғамдағы адамдардың зияткерлік қабілеті, күші, жігері және талабы бойынша бірдей еместігі бірден көзге түседі.

Бір жағынан шын мәнінде адамның қандай екендігі мен оның неге жеткендігі, ал екінші жағынан ол өзінің мүмкіндіктері мен жетістіктері жайында не ойлайтындығы арасындағы үзік (жаралыс) аяусыз ағынан жарылады.

Тұлғаны оның «нақты құндылықтарына» байланысты бағалайтын «әділетті» әлемдік құрылым жайындағы арман өзіне-өзі толығымен адал емес адамдар үшін қолайлы мекен болып табылмақ.

Сондықтан да, ештеңеден қорықпай және басқаларды кінәлай бермей, жаңа әлемге нық қадам басыңыз. Бұл өзінің жеке қорқыныштарын жеңе біліп, сүйікті ісімен айналысатындардың әлемі. Бұл әлем қауіптер мен шытырман оқиғаларға толы, десе де бұл жердің сізге ұнайтыны сөзсіз…

Тоғызыншы әңгіме. Өмір мақсаты

Осы әлемге келген адам өмірінің мәні, оның осы өмірге неліктен келгенін түсіну болып табылады. Біздің нақты осы уақытта, нақты осы жерде, нақты қазіргі адамдардың ортасында пайда болуымыздың өзіндік себебі бар. Біз неліктен осы жерде пайда болдық және тағдырымыз қандай екенін түсінуіміз қажет. Себебі, әрқайсымыз осы өмірде өзінің өмірлік мақсатын орындау үшін пайда болады. Өміріміздің мәнін білу, осы өмірге бізбен бірге келеді. Жер бетіне шыр етіп, келген сәтте адам баласымен бірге өмірге оның осында келу себебі, өз тағдыры, өмірінің мәні мен өз жолы бірге келеді. Алайда осы сәттен бастап, қоршаған орта бізді сындыра бастайды. Балабақша, мектеп, университет, жұмыс, теледидар, саясат, идеология және біздің жақын туысқандарымыз біздің жеке әлемімізді құртады да, оның орнына басқа адамдардың идеялары мен ойларынан тұратын жаңа әлемді орнатады.

Бізді өзгенің заңдары мен ережелері бойынша өмір сүруге мәжбүрлейді. Ақыр соңында, біздің нақты санамыз қоқыспен және ескі-құсқымен толтырылып, кейін оған бетон құйылады да, ол біздегі мидың ең алшақ бөлігіне барып, тығылады. Осыдан кейін, біз өзгенің бағдарламасымен, ережелерімен өмір сүретін, ең бастысы өзгенің өмірлік мақсатын орындайтын зомби-роботтарға айналамыз. Біздің нақты санамызды жоюмен қатар, біз осы өмірде пайда болуымыздың негізгі мақсатын және тағдырымызды да қоса ұмытамыз. Және 30 – 40 жасқа келгенде біз басқа адамдардың мақсатына қол жеткізетін, басқа адамдардың жасап шығарған үлкен машинасының болтына айналамыз. Сонымен біздің шенімізге және байлығымыздың мөлшеріне қарамастан, күндердің бір күнінде көзіміздегі отымыз сөніп, қалған өміріміздің соңына дейін, өзіміздің өмірлік мақсатымызды орындай алмай, тұңғиыққа батамыз.

Кей кездері біз ішкі жан дүниеміздің мазасыздығынан оянып, бір нәрсенің дұрыс болмай жатқанын сеземіз. Бұл біздің әлі де болса тірі санамыз, біздің шынайы Өзіміз, ол оны қатпарлап тастаған, қоқыс пен бетонның астынан бізді тықылдатып, ескерткісі келеді. Осындай сәттері біз өзімізге «Мен кіммін?», «Осы өмірге не үшін келіп, неге өмір сүріп жүрмін?», «Менің өмірімнің мәні неде?» деген дұрыс сұрақтарды қоя бастаймыз. Алайда бізді қоршаған орта бізге ары қарай толығымен оянуға мүмкіндік бермейді. Дұрыс сұрақтар қысымынан жарылған түрменің қоршауларын орнына келтіру үшін қоршаған орта біздің шынайы Өзімізді рет-ретімен және аяусыз қоқыс пен бетонға қайта толтырады. Біздің көзқарас қайтадан сөніп, біз өмірде басқа адамдардың мақсаты мен міндеттерін орындайтын күнделікті жұмыс орнымызға қайтып келеміз. Біз санамызға компьютер бағдарламасы енгізілген шеңбер бойынша қозғалып, оянуды ұмытып, ұйқылы күйде қала береміз, ал ішкі жан дүниеміздің мазасыздығын, не ішімдікпен, не есірткімен, не басқа нәрселермен тұншықтырамыз. Біздің ақырғы деміміз таусылғанша осылай жалғаса береді және біз «осы өмірге келгендегі мақсатымыз не?» деген танымал сұраққа жауап бере алмай, өмірден өтіп кетеміз.

Осы айтылғандарды түсінуге жеңіл болу үшін келесі мысалды келтірейік.

Сіз мектепте не болмаса университетте оқып жүрген кезіңізді елестетіңіз. Сол уақытта сіз өзіңіздің алған бағаларыңызды, өзіңізді қоршаған достарыңызды, мүғалімдермен болған проблемаларды, тапсырылмай қалған емтихандар мен сынақтарды, қоршаған ортадағы орыныңызды және т.б. нәрселерді ерекше салмақтықпен қабылдадыңыз. Бірақ, сіз мектеп немесе университет бітіргеннен соң, «үлкен» өмірге қадам бастыңыз да, мектеп немесе университетте маңызды болған жайттар нақты өмірде еш мағынаға ие емес екенін ұқтыңыз. Мектеп пен университеттен алған құндылықтардың ішінен тек өмірдегі қиын-қыстау кездері көмекке келетін институт және мектеп қабырғасындағы достарыңыз ғана нақты өмірде сүйеу бола алады. Ал сіздің түнімен ұйықтамай сабақ оқып отырғаныңыз, сіздің намысыңызды көтерген немесе керісінше сізді бақытсыз еткен нәрселердің барлығының, шынайы өмірде ешқандай да құны жоқ. Шынайы өмірде сіздің география пәнінен үздік оқығаныңыз немесе дифференциалды теңдеулер бойынша сынақты керемет тапсырғаныңыз, ешкімге қызық емес. Шынайы өмірде сіздің сынып старостасы немесе барлық қыздар артынан жүгірген жігіт, не барлық жігіттер артынан жүгірген қыз болғаныңыз да маңызды емес. Нақты өмірде мектептің қабырға газетінде сізді жазғаны немесе үздіктердің мақтау тақтасында ілініп тұрғаныңыз немесе керісінше, бұзық болып, милицияның есебінде тұрғаныңыз ешкімді де қызықтырмайды.

Енді мектеп кездегі өміріңізден «үлкен» өмірге өтейік. Сізді бақытты немесе бақытсыз оқушы қылған мектеп кезіндегі бағаларыңыз «үлкен» өмірде байлықтарыңыздың деңгейіне сәйкес келеді деп елестетіңіз. Сіздің сыныпта иеленген орыныңыз сәйкесінше қоғамдағы лауазымыңыз немесе «үлкен» өмірдегі қызметіңіз болып табылады. Сіздің мұғалімдермен қарым-қатынасыңыз «үлкен» өмірде жоғары басшылықпен немесе түрлі мемлекеттік жетекшілермен жүзеге асатын қарым-қатынасыңызға айналады.

Енді мектеп кездегі өмірден «үлкен» өмірге өткен секілді, сіздің тәніңіздің биологиялық өлгенінен басталатын бақилық өмірге өтесіз деп елестетіңіз. Және сіз «үлкен» өмірден бақилық өмірге аттанған сәтте, сізге «үлкен» өмірде маңызды болып көрінген нәрселердің осы жерде еш мәні жоқ екенін анықтайсыз. Бұл жерде сіздегі байлықта, сіз иеленген лауазым да, «үлкен» өмірдегі сіздің қоғамдық орыныңыз да мағынасыз болып келеді. Осы жерде сіз «үлкен» өмірде көмектескен достарыңыздың, адамдардың санына және әрине, өзіңізге ғана сүйенесіз. Дәл осылай сіз мектептен «үлкен» өмірге өткен сәтте де, жалғыз сене алатыныңыз, ол жақсы қарым-қатынас орнатқан мектеп қабырғасындағы достарыңыз болып табылады. Себебі сіз олар үшін жақсы дос болып, оларға көмек қажет болған кезде еш риясыз көмектестіңіз. Сондықтан да, «үлкен» өмірде де сізді және сіздің досыңызды осы «үлкен» өмір құртып қоймайынша, сіздің мектептегі достарыңыз сізге де риясыз көмектесетін болады. Содан кейін, ақырындап сіздің жанарыңызды шел басып, сіз өзіңіздің достарыңызға көмектескіңіз келмей тұратын болады және сіздің достарыңыз да осылай етеді.

Бұл әрине тұспалдау ғана, алайда бұл тұспалдау сіздің маңызды деген нәрселеріңіздің бір-ақ сәтте сағымға айналатынын жақсы көрсетеді. Біз мектепте немесе университетте оқыған кезде, шын мәнінде бізді қоршағандардың барлығы ешқандай маңызға ие емес екенін елестете алмадық. Және біздің алатын жалғыз, дара құндылығымыз, біз оны сезінбесек те, ол бізді қоршаған адамдарға деген қарым-қатынасымыз болып саналады. Біз мектеп немесе университетті бітірген кезде, бізге «үлкен» өмірде көмектесетін, тек өзіміз аса түсіне бермейтін, яғни адамдармен жақсы қарым-қатынас құндылығын алып шығамыз.

Демек, біздің «үлкен» өмір де дәл осындай заңдар мен қағидаларға негізделеді. Шындығында, біз маңызды деп санайтын нәрселердің құны жоқ. Тек өзімізге және айналадағы адамдарға деген біздің жақсы және дұрыс қарым-қатынасымыз ғана маңызды болып саналады.

Біздің бір азамат осындай қағидалар бойынша өмір сүреді. Бір күні одан: «Неліктен сен ірі тендерге қатысуға келіспедің?» деген сұраққа ол былай жауап берді: «Бұл жағдайда Менің тендерге қатысуым маған қымбат көптеген адамдармен қатынасымды бұзуға әкеледі. Өмірде осы тендерден басқа бірнеше тендерлер болады. Ал адамдармен қарым-қатынас бұзылғанда, оларды мәңгілікке жоғалтасың.

Бұл «үлкен» өмірдегі байлық мектепте алатын бағаның деңгейіне айналады. Адамның иеленген лауазымы, оның сыныпта алған орыны. Ал адамның теледидар мен журналдардан көрінуі, бұл мектептегі газет бетіне және мақтау тақтасына шығудың баламасы. Ал адамның мемлекет жетекшілерімен жақсы қарым-қатынасы, ол директордың мейірбандығымен пара-пар. Және бақилық өмірге өту байлық, лауазым мен иеленетін қызметтен тұратын жылтырақтың барлығы, «үлкен» өмірге аттанған сәттегі сурет салу және ән айту пәндерінен алған бағалардың жоғалатыны секілді, оларда көзден ғайып болады. Сізбен бірге қалатын жалғыз нәрсе, ол сіздің шынайы Өзіңіз бен басқа адамдар арасындағы жақсы қарым-қатынас.

Бізді шынжырмен тығырықта ұстап тұрған жалғыз нәрсе, ол біздің қорқынышымыз. Біз өзіміздің жеке жолымызды, шынайы Өзімізді таңдай отыра, бізді қатаң сызылып қойылған бағытпен жүруге мәжбүрлейтін бүкіл қоғамға, міндетті түрде қарсы шығу қорқынышы. Өзге адамдардың идеялары мен ойларын тықпалайтын, бізге өзінің жүріс-тұрыс модельі, жақсы мен жаман жайындағы өзгенің ойын міндеттейтін қоғамға қарсы шығу жеңіліске әкелуі мүмкін деген қорқыныш. Алайда, егер біз ғылымда, саясатта, бизнесте, мемлекеттік құрылымда, дінде, қоғамдық өмірде жетістікке жеткен адамдардың өмірін қарайтын болсақ, онда олардың өздерінің өмір сүрген кездеріндегі әлем туралы қалыптасқан түсініктерден бас тартқанын көреміз. Олардың барлығы өмірдегі өз жолдарын таңдады, нәтижесінде өмірдегі өз міндетін орындады.

Қорқыныштың біздің шынжырды алып тастауға мүмкіндік бермейтінін, неміс нейрофизиологы Эрих фон Хольст және оның эксперименті жақсы суреттеген. Ол үйірлі балықтарға, яғни өзендегі гольянға өте қызықты эксперимент жүргізеді. Гольян қандайда бір бағытта суда жүзіп келе жатқанда, ол өзінің ең алғашқы қозғалысынан бастап, достары артында келе жатыр ма және олардың қаншауы келе жатыр дегенге мән береді. Ал егер гольянның артынан ешкім жүзбесе немесе аз ғана балықтар жүзіп келе жатса, онда ол қатты шошып, кері қарай үйіріне қайтады. Хольст жүргізген эксперимент соңында ғалым осы түрдегі бір балықтағы топтық әрекеттің барлығына жауап беретін алдыңғы миды алып тастайды. Алдыңғы миын жоқ гольян, кәдімгі балықтар секілді қоректеніп, жүзіп жүреді. Оны басқалардан ерекшелейтін жалғыз қылық, ол үйірден жүзіп кеткен кезде, басқа балықтар артынан келе жатыр ма, әлде жоқ па деген нәрсеге мән бермеуінде. Яғни, бұл балықта қоғамдық ойға деген сенімсіз «жалтақтау» мен қарапайым балықтағы қорқыныш сезімі жоқ. Алдыңғы миы жоқ гольянды оның артында басқа балықтың бар-жоқтығы мүлдем қызықтырмайды. Егер ол қорек немесе басқа бір себептерге байланысты белгілі бір жерге жүзгісі келсе, ол сол жаққа нық сеніммен жүзе берді. Және ең қызығы басқа балықтар да оның артынан еріп жүрді. Бұл балық, өзіндегі ақаудың арқасында сөзсіз көшбасшыға айналды.

Мүмкін адамзат баласында да осындай құбылыстар болатын шығар? Мүмкін қандай да бір жоғарғы күш саясат, дін және білім секілді түрлі қоғамдық өмір салаларындағы көшбасшылардың қорқыныш пен қоғамның пікіріне мән беретін ми бөлігін жойып жіберетін шығар? Және осыған байланысты мұндай адамдар ең таңдаулы және адамзатты алға сүйрейтін болып табылады ма? Әзіл әзілмен, қалжың қалжыңмен, алайда барлық жетістікке жеткен адамдар ешқашанда қоғамдық пікірге мән бермеген. Олар қоғамдық пікірді өздері қалыптастырған. Сондықтан да, ұйқыдан ояныңыз, басыңыздағы қоқыстан айырылыңыз және осы өмірде не үшін пайда болғаныңыздың себебін есіңізге түсіріңіз.

Жоғарыда айтылғандардың барлығы, мақсатыңызға жетуге тікелей бағыттамайтын кез келген жұмыспен, қызметпен айналысуға қатаң тыйым салынған деген ойға итермелейді. Осындай тұжырым қате болады, себебі біз басқа нәрсені меңзеудеміз. Адам өзінің басты мақсатына бірден бастамайтын кез келген жұмыспен толықтай айналыса алатынын түсінген жөн. Алайда бұл жағдай біріншіден, адам осы жұмыс оның өмірге келуінің басты себебі еместігін ұмытпаған, кейіннен ол өзінің басты мақсатын көз алдынан таса қылмаған сәтте орындалу тиіс екенін ескерген жөн. Екіншіден, осындай жұмыс болашақта адамның өмірдегі міндетін орындауға мүмкіндік беретін дұрыс білім, қажетті тәжірибе мен басқа адамдармен қарым-қатынас орната білуге үйретуі тиіс. Және кез келген жұмыстан өзіңізге қажеттінің бәрін алғаннан соң, осы өмірге келгендегі басты міндетіңізді орындауға кірісу керек. Сізге өзіңіздің өмірлік мақсатыңызды орындауға көшу қажет.

Дәл осы сәтте көптеген адамдар естерінен айырылып, олардың өмірдегі мақсаты не болуы мүмкін деп, басқа адамдардан кеңес сұрай бастайды. Алайда бұл сұраққа жауапты сізден артық ешкім де бере алмайтынын түсінген жөн. Жауап сіздің ішкі жан дүниеңізде жатыр. Жан дүниеңізді ақтарыңыз және жауапты міндетті түрде табатын боласыз. Қоршаған ортаның сіздің шынайы Өзіңізді қаптап қойған бетоны мен қоқысын сындырыңыз және сол кезде сұрағыңызға жауап табасыз. Кейде жан дүниеңізді көп қазбалауға тура келуі мүмкін, себебі кейбірінің шынайы Өзі қатты қатып, толтырылғаны соншалықты оған не күрек, не шойын балға, не бульдозер де көмектеспейді. Бұл жерде бағытталған қуатты жарылыс көмегіне жүгіну қажет. Сондықтан да, сізге динамиттердің көп көлемін толтырып, қопарғыш-диверсанттың курсына жазылу керек.

Басымыздағы бетоннан бөлек, неліктен біз өзіміздің өмірлік мақсатымызды орындамай жүргеніміздің тағыда бір себебі бар. Бұл біздің жеткілікті көлемдегі энергияны иеленбеуіміз болып табылады. Әрқайсысымызға балалық кезден өзіміздің өмірлік мақсатымызды орындауға жетерліктей энергия беріледі. Мысалы, шартты түрде адамға оның өмірдегі басты мақсатын орындауы үшін 100 бірлік энергия берілді делік. Содан кейін, осы міндетті орындау үшін адамға 50 бірлік энергия жеткілікті деп пайымдайық. Демек, әрбір адамға өз мақсатына жету үшін энергия толығымен жетіп артылады.

Кейіннен, сіз өзіңізді үнемі белгілі бір нәрсе алаңдататын нақты өмірге тап боласыз. Сіз өз ісіңізбен айналыспаған сәтте немесе керексіз шиеленістерге түсіп, әрбір ұсақ-түйекке тітіркенетін болсаңыз, онда сіз өзіңізге берілген энергияны ақырындап жоғалта беретін боласыз.

Осындай энергияны жоғалту күнделікті өмірде жиі кездеседі. Мысалы, сіз жолда кетіп бара жатқанда, әлдекім көлігіңізді сырып өтті деп елестетейік. Осы уақытта сіз жынданасыз да, өзіңізге тиесілі энергияның бір бөлігін жоғалтасыз. Сонымен қатар, сіз жұмыста, отбасында немесе дүкенде адамдармен қақтығысып қалатын болсаңыз, онда энергияңыздың бір бөлігін жоғалта беретін боласыз. Өз ісіңізбен айналыспау арқылы сіз одан да көп энергия жоғалтасыз. Сәйкесінше, өзіңіздің мақсатыңызды орындау үшін сізде аз ғана энергия қалатын болады. Ақыр соңында сіздің ең алғашқы иеленген 100 бірлігіңізден 1 бірлік қалады да, ол сіздің жұмыстан үйге жетіп, теледидар немесе интернет алдында отыру үшін ғана әзер жететін болады. Сондықтан да, ешқашанда қажетсіз шиеленістерге түспеңіз, өз энергияңызды керек емес заттарға құртпаңыз, өз энергияңызды мақсатыңызға жетуге бағыттайтын маңызды және қажетті нәрселерді жасауға жұмсаңыз.

Осы жерде мынандай жақсы жаңалық бар, яғни біз өзімізде бар энергия мөлшерін көбейте аламыз. Өз энергияңызды көбейтудің негізгі көзі, белгілі бір нәрсені жасау болып табылады.

Жасау, бұл өмірде қандайда бір аяқталған нәтиженің жетістігі саналады. Сондай-ақ, нәтиженің үлкен немесе кішкентай екендігі маңызды емес. Сіз мәселен, ағаш отырғызуыңыз, үстел құрастыруыңыз немесе көлік жөндеуіңіз мүмкін, осылардың бәрі Ньютонның классикалық механикасының заңдары, Максвеллдің тернодинамикасы және кванттық механиканың заңдарын біріктіріп, түсіндіріп беретін ортақ теорияны ойлап тапқанындай сізге қосымша энергия береді. Осы жерде физикадағы үш заңды бір теорияға біріктіру мәселесін айтуымыздың себебі ол классикалық механика заңдарының тернодинамикада, тернодинамика заңдарының кванттық механикада, ал кванттық механика заңдарының классикалық мехника заңдарында жұмыс істемеуінде. Физикалық әлемде, осы үш заңды бір теорияға біріктіру мәселесі тұр. Әйгілі ғалым Альберт Энштейн бүкіл нәрселерді түсіндіріп беретін, ортақ бір теория болуы қажет деп пайымдаған. Ал басқа әйгілі ғалым Нильс Бор ортақ бір теорияның болуы мүмкін емес және әлемдегі барлық нәрселер «кездейсоқ» пайда болады деп тұжырымдаған. Содан кейін А. Энштейн Н. Бордың «кездейсоқтық» ойларын білгеннен соң, оған былай деген: «Құдай кездейсоқ жолмен жүрмейді (Бог не играет в кости)». Н. Бор осыны естіп, бұған жауап береді: «Энштейн, құдайға қай жолмен жүру керектігін үйретпе» (Не говорите Богу что делать). Мүмкін сіз осы Энштейн мен Бордың арасында болған дау-дамайды шешу үшін, өмірге келген боларсыз?

Ең бастысы, сізге қуаныш сезімін беретін соңғы нәтиже ғана маңызды орынға ие. Яғни, өмірде сенің бір нәрсені жасауың, қандай да бір жобаларды іске асыруың, жаңадан белгілі бір нәрсені жасауың, осылардың барлығы энергияңды көбейтудің жалғыз жолы саналмақ.

Жасаудың немесе басқаша айтқанда қуаныштың, сыртқы ортадан энергияны қабылдайтын арнайы толқыны болады. Алайда, бұл адамды әрқашанда көңілдендіретін болсаң, онда сенің энергияң үнемі ұлғая беретін болады дегенді білдірмейді. Бұл жерде тамақ жеудегідей құбылыстар байқалады. Егер адам әркез дәмді, тәтті және майлы тағамдарды жейтін болса, онда оның денесі семіз, майлы, ауру және әлсіз болады. Ал егер адам табиғи таза тағамдарды жесе, онда оның денесі салауатты және күшті болады. Сондықтан да, егер адам қуанышы, комедия, күлкілі кітап, әртістердің сахнада ойнауы және т.б. секілді жасанды себептердің негізі болса, бұл жағдайда энергия көбеймейді. Адам бұл жағдайда керісінше энергетикалық тұрғыдан «семіз» адамға айналып, әлсірейтін болады. Фильмдер, сайттар, кітаптардың барлығы адамның энергетикалық алаңына, дәл адам денесіне әсер ететін тәтті тағамдары секілді көрініс алады. Энергияның нақты өсіп, көбеюі, өмірде өзіңнің орыныңды табу, жаңа жобаларды орындау, белгілі бір нәрсені жасау секілді дүниелерден тұрады. Бұл адамның энергетикалық алаңында спортпен айналысу және ағзаға қажетті табиғи тмақтану секілді орын алады.

Қорқыныш, бұл энергия азаюының себебі. Өміріңді, байлығыңды, беделіңіді және т.б. жоғалту қорқынышы, энергияны жолғалтудың негізгі себебі болып табылады. Мысалы, жоғарыда көрсетілген сіздің көлігіңізді басқа біреу сырып өткен кезде, сізде беделіңізді жоғалту үрей пайда болып, сіз «Маған осылай әрекет ететіндей, бұл соғыршама кім еді?» деп айтасыз. Яғни, сіз өз орыныңызды, бетіңізді, өз беделіңізді жоғалтып алудан қорқасыз. Және сондықтан да, сіз жоғалтып алған беделіңізді орнына келтіру үшін энергияңызды бірден шиеленістерге жұмсайсыз. Алайда, бұл әрекеттер қалай сіздің мақсатыңызға жол көрсетуде? Ешқалай да, себебі шын мәнінде сіз тек энергияңызды жоғалтып, әлсірейсіз.

Энергияны алу мен жоғалту арнайы толқын бойынша жүзеге асады. Сіз басқа адамның қорқынышын немесе адамға лық толы бөлмеге кіргенде осы жерде болып өткен адамдар арасындағы шиеленісті сезетініңізді бірнеше рет байқаған боларсыз. Итте адамның одан қорыққанын бірден сезеді. Яғни, қорқыныштың өз иесінен энергияны қоршаған ортаға тарататын арнайы толқыны бар. Сондықтан да, тірі жан жаман нәрсені ойлаған кезде, ол өз энергиясын қорқыныш сезімін сезінгені үшін жоғалта бастайды.

Сонымен қорытындылай келгенде, сіз өзіңізге қорқыныш және аяушылық сезімін шақырғысы келетін адаммен байланысты мейлінше шектей алуыңыз қажет. Әрине сіз арнайы жөндейтін құрал-жабдықтарды алып, адамдардың қорқыныш сезімінің орнына қуаныш сезімін тарата алатындай етіп, жасауыңызға болады. Сонымен қатар, ешқашанда қорқынышқа сіздің эмоцияңыз бен әрекетіңізді басқаруға жол бермеңіз. Өзіңіздің өмірдегі мақсатыңызды тауып, оны орындаңыз. Және тек жасау ғана, яғни кез келген аяқталғанн және соңына дейін жеткізілген ісіңіз ғана сізге қосымша энергия мен өз күшіңізбен жасағаныңыз үшін шынайы қуаныш сезімін сыйлайтынын ешқашанда жадыңыздан шығармаңыз.

Оныншы әңгіме. Ұры.

Бізде жасы шамамен 24 жастағы ер азамат жұмыс істеді. Ол 6 ай өткен соң Алматы қаласындағы институттардың біріне деканның тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып, басқа жұмысқа ауысты. Егерде бір оқиға болмағанда, біздің әңгімеміз ерекше және қызықты болмас еді. Ол оқиға «кейіпкеріміздің» жұмыстан тыныш кетпей, біздің заттардың ішінен өзін қызықтырған бір нәрсені алып кетуді шешкен кезден басталды.

Әдеттегідей затты ұрлауды, кейін жан-жақты көзбен торуылдап, затты қойнына тығуды және кілеммен жер бауырлап, еңбектеп, кеңсенің құтқару есігі арқылы ұрланып шығуды «кейіпкеріміз» тым қауіпті деп санады. Сондықтан да ол бізден жұмыс жасауды жалғастыратындығы туралы және осы үшін оған ноутбук пен проектордың қажет екендігі туралы өтірік әңгіме құрастырды.

Екі немесе одан да көп жерде жұмыс істейтін адамдар өте жиі кездесетіндіктен, біз оның ұсынысына түсіністікпен қарадық. Жалпы, ол жұмыс істеген топтың жетекшісі оған біздің ноутбук пен проекторды пайдалануға рұқсатын берді.

Осылайша біздің «кейіпкерімізге» ноутбукты ұрлау үшін кедергілерді жеңу, тікенекті сымды қию, дабылдаманы өшіру, күзетші сергектігін кетіру, прожектордан тығылып және күзет иттерін ұйықтатын дәрі қосылған шұжықпен тамақтандырудың еш қажеті болмады. Жүгі артылған қашыр секілді заттарды өзіне тиеп алып, біздің «кейіпкер» өз бақытына қарай секіре бет алды да, бізден ұрлаған затын қуана тамашалап, аңқаулығымыз бен сенгіштігімізді келеке етті.

Біз шыныменде адамдарға сенеміз және келесі қағиданы ұстанамыз: «Біраз ақшаны жоғалтсақ та, тәуекелге барған дұрыс. Сол кезде ғана кіммен өмір бойы бірге жұмыс істеуге болатынын, ал кіммен ешқашан бірге жұмыс жасауға болмайтындығы туралы біле аламыз». Осылайша айтылған қағидаға сүйеніп, «кейіпкерімізге» ноутбук пен проекторды бердік те, орнына ай сайын өз жұмысының нәтиже есебін өткізіп, ақысын алатындығы туралы уәдесін алдық.

Әрине біз оның берген уәдесі, - өз жолдастарының затын ұрлап, қайтару туралы мүлдем ойламаған және аңқау «ақымақтардың» тонағанына мәз болған қарапайым ұрының айласы екенін білмедік.

3 немесе 4 ай бойы одан хабар болмағандықтан, оның топ жетекшісі уайымдай бастады. Біздің «кейіпкерімізден» ешқандай жұмыс нәтижесі болмау себебінен, топ жетекшісі ноутбук пен проекторды одан алып, сол сәтте ноутбук пен проекторды көбірек қажет еткен әріптесімізге беру туралы шешім қабылдады. Күтілгендей, топ жетекшісі «кейіпкеріміздің» ұрланған заттарды қайтарғысы келмеу кедергілерімен кезікті. Бастапқыда «Мен қазір сіздерге ноутбукты қайтара алмаймын, себебі оны Астанадағы досыма беріп жібердім» деген секілді ақымақ сылтаулар айтылды. Кейін, біздің «кейіпкер» батылданып, бізде жұмыс істеген кезде оған соңғы ай жалақасын төленбегендіктен, ноутбук пен проекторды бермейтіндігі туралы тікелей айтты.

Осы жерде тоқтап, жұмыс пен жалақы туралы біздің ұстанатын қағиданы түсіндіріп кеткен жөн. Біз еңбектің жұмыс орнында отырған уақыты үшін емес, нәтиже бойынша төленуі керек деп есептейміз. Бізде жұмыс істеу уақыты еркін болғандықтан, қызметкерлерден ешкім 8.00-де келіп және 18.00-де кетуді талап етпейді. Әркім өз бетінше жұмыс орнында немесе үйінде қанша уақыт болатынын өзі шешеді. Біз тек тапсырма беріп және бұл тапсырманың орындалғаны үшін қанша ақша төленетіндігі туралы айтамыз. Осыдан кейін барлығы тарап, өз жұмыстарына кірісе бастайды. Бұндай жүйе бізге кімнің жұмыс орнында өтірік қызу жұмыс жасайтындарды немесе жәй шу шығаратындарды бірден анықтауға мүмкіндік береді. Нәтиже жоқ болса, жалақы да жоқ. Сол себепті әртүрлі сандалбайлар бізде көп уақыт жүрмейді, себебі ақша алу үшін жәй жұмыс орнында отырмай нәтиже беру қажет.

Дәл осындай жағдай біздің «кейіпкермен» де орын алды. Оған «Қазақстандағы мұнай өңдеу нарығын зерттеу» деген тапсырма берілді. Ол бір ай бойы бос сандалып, өзінің жеке жұмысымен айналысты да, есеп беру уақыты келгенде, бір сағаттың ішінде студенттердің курстық жұмыстарынан өзіне керек бөліктерін алып, осыменен оның тапсырмасы орындалды деп санап, осыншалықты «қиын» жұмыс үшін ақысын талап етті. Сол кезде оған оның біздің Орталықты осындай «тиімді» әдіске оны үйреткен нашар университетпен шатастырып алғандығы туралы айтылды. Сонымен қатар оған оның өте нашар жасалынған «студенттік курстық жұмысын» қабылдап, оған «2» деген баға қоя алатындығымызды, алайда біз бұл жұмысты «Қазақстандағы мұнай өңдеу нарығын зерттеуі» ретінде қабылдай алмайтындығымыз туралы айттық. Осыған байланысты ол сол айда ешқандай жалақы алған жоқ. Осылайша сандалбайлардың жазалануы дұрыс. Жұмысқа деген жаман қарыс-қатынас мадақталмауы керек.

Әрине біздің кейіпкердің ойы бұған қарама-қарсы еді. Оның заттарымызды қайтармайтындығы және біздің қарабайыр ұрлықшымен істес болғанымыз анық болған кезде, біздің жолдастар онымен ұрланған затты қайтару туралы келіссөз жүргізді. Сол кезде «кейіпкер» ұрланған ноутбукты жұмсалған уақыттың өтемақысы екендігін айтты.

Яғни бұл оқиға келесідей сипат алады: сіз ас бөлмесінде жөндеу жұмыстарын бастау туралы шешім қабылдадыңыз да, хабарландыру бойынша шеберді шақырттыңыз. Шебер өз жұмысын аяқтаған соң, сіз жөндеу жұмысын қалай болып шыққанын қарау үшін барасыз да, жан түршігерлік сурет көресіз, яғни ескі және әртүрлі кафельдің жапсырылғанын және оның басқа ас бөлмеден жұлынып алынғаны анық екенін байқайсыз, барлық кафельдің нақысы мен сызаты бар, ол тегіс емес және өте нашар торабымен жасалынған. Еденде жарым-жарты ескі және кедір-бұдыр ламинат, жарым-жарты ескі және жыртық кілем, ал кейбір жерде скотчпен жапсырылған линолеум. Сіз бұл сұмдықты қайтадан сыдырып, бәрін жаңадан жасау қажет екенін түсінесіз де, шеберге оның бұл жұмысын қабылдамайтындығыңыз туралы және оған ақы төлемейтіндігіңізді айтасыз. Осыдан кейін, сіз ас бөлмеде ойланып тұрған сәтіңізде, «шебер» кетіп бара жатып, дәлізде тұрған сіздің ноутбугыңызды ұрлап кетеді. Сіз ноутбуктың ұрланғанын біліп, кейін одан қайтаруды талап еткен кезде, ол сізге ноутбук оның жұмысқа кеткен уақыты үшін өтемақы екенін айтады.

2 жыл бойы бізге ұрланған заттарды қайтару бойынша осы ұрлықшыны көндіруге тырыстық. Әртүрлі жеті адам, сонымен қатар онымен өте жақсы қарым-қатынаста болған адамдар, оның өз жолдастарынан ұрлаған затты қайтаруын сұрады. Алайда бұл еш нәтиже бермеді. Біздің ұрлықшы оны осылайша өтініп, көндіріп жатқаннан рақат алды, және ол біздің шарасыздығымыздан рақат алып өзінің жазасыздығымен құмарланды. Сонымен, екі жыл бойғы нәтижесіз талпыныстан соң, біз милицияға бару туралы шешім қабылдадық.

Басында біздің ұрлықшы милицияға ұстаған қарым-қатынасы, бізге ұстаған қарым-қатынасындай болды. Жазасыздық оны ұзақ уақыт бойы адамдарды алдап-арбауға үйретті. Ол милициямен бізбен ойнағандай ойнады, яғни бір өтіріктен екінші өтірікті айтты. Бірақ кез-келген қорқақ ұқсап, өзіне сақтық жасау мақсатында ноутбукты өзінің бір жолдасында тығып қойды. Тергеу, куәгерлер түсініктері және көзбе-көз беттестіру нәтижесі бойынша, милиция оған Дон Корлеон секілді бас тарта алмайтындай ұсыныс жасады, - не ол ұрланған ноутбукты қайтарады не оны ұрлық үшін түрмеге отырғызады.

Маңызды және өз-өзіне сенімді адамнан тіпті із де қалмады және біздің ұрлықшы құйрығын қысып, ұрланған ноутбукты алып келді. Егер осы жағдайдың барлығы қоғамымыздың келесідей қатері бар екендігін айқындамағанда, дәл осы жерде әңгімені аяқтауға болар еді.

Біріншіден, біздің «кейіпкердің» ноутбук ұрлағаны анық болған кезде, осы оқиғаның анық қанығын білетін барлық біздің ортақ таныстар, достар және жолдастар «кейіпкерімізге» ешқандай наразылығын айтпады, осы ісін еш айыптаған жоқ, орнына онымен өз достығын жалғастырды да, тіпті үйлену тойларға шақырып жатты. Бірақ екі жыл бойы нәтижесіз талпыныстардан кейін, милицияға шағымданған соң, сол адамдар біздің осы әрекетімізге тұс-тұстан наразылығын айта бастады. Олар біз тым шектен шығып кетіп, бізге оны кешіріп, бұл жағдай туралы ұмытуымыз керек екендігін айтты. Мына ұсақ ұрлықшының қорғаушылары біздің әрекетімізді адамгершілікке жатпайды деп санады.

Сонда өз жолдастарынан заттарды ұрлау адамгершілікке жата ма? Немесе мүмкін екі жыл бойы ұрлаған затты қайтарудан бас тарту адамгершілікке жататын болар?

Ұсақ ұрлықшының қорғаушыларына жаман жүріс-тұрысты мадақтау ешқашан жақсылыққа апармайтындығын түсіну қажет. Ұсақ ұрлықшының қорғаушылары ерте ме кеш пе олардың қылмысты әрекетті мадақтауы бастарына бумеранг секілді оралатынын түсіну керек.

Жазасыздық одан да үлкен жазасыздықты тудырады. Фамилиясы Усенов, - жас топас, қымбат көлікте 6адамды қағып кеткенін және оның осы үшін тек әкімшілік айыппұлмен құтылғандығы туралы оқиға бәріміздің есімізде. Қалай ойлайсыздар, жолдас Усенов 6 адамды қағар алдында неше рет заңды бұзды? Осы болған оқиғадан жолдас Усенов бір қорытынды шығарды деп ойлайсыз ба? Ата-анасы өз ұлының жүріс-тұрысын айыптады деп ойлайсыз ба? Жоқ, - не Усенов қорытынды жасамады, не ата-анасы да өз баласын айыптамады, - керісінше оған қайтадан қымбат көлік сатып әперді де, көп ұзамай Усенов қайтадан жолда қарама-қарсы бағытқа шығып, көлік апатын жасады.

Біздің ұсақ ұрлықшының қорғаушылары Усеновтің және оның ата-анасының жүріс-тұрысын айыптайтыны қызық. Не себепті олар Усеновтің әрекетін айыптай отырып, өзіне жақын адамының ұрлық жасағандығын жақтайды?

Келесіні түсінген жөн: не сіз адамның сізге деген жақын қарым-қатынасына қарамастан, оның жаман жүріс-тұрысын айыптайсыз, немесе сізде Усеновтің, оның ата-анасының немесе басқа оларға ұқсас адамдардың жаман жүріс-тұрысын айыптауға еш моральді құқық жоқ. Себебі, кері жағдайында – сіз тура Усенов секілді адамсыз, тек басқа фамилияда және басқа есіммен. Сіз де ұсақ , бірақ әлі ұсталынбаған ұрлықшысыз.

Біздің ұсақ ұрлықшының қорғаушыларына не істеу қажет еді? Оның ұры екенін білген соң, бірден түрмеге апару керек пе еді? Жоқ, бұлай жасаудың қажеті жоқ. Осындай жағдайларда келесідей жасау қажет:

Егер жақын адамыңыз жаман іс жасаса, сізге оның өз кінәсін мойындамай, тірлігін жөндемейінше толығымен қарым-қатынасты доғару қажет. Сізге оған келесіні айту керек:

- Өзіңнің жаман іс жасағандығыңды мойында және оның зардабын дұрыс іспен жөнде.

Егер де сіз жақын адамыңыздың жаман іс-әрекетін қандай да бір әдіспен мадақтайтын болсаңыз, қайталаймыз – cіз басқа фамилиядағы және басқа есімдегі жолдас Усенов секілдісіз.

Осы жағдай айқындаған, талқылауға қызықты болатын екінші нәрсе, - 500 доллардан қымбат емес ноутбук үшін не себепті осындай ботқаны былықтырғанымызды көп адамдардың түсініспеушілігі болып табылады. Көбісі келесідей көзқараста болды:

- Бұл ноутбук 500 доллар ғана тұрады, неліктен осы үшін милицияға шағымданып, жас жігіттің өмірін бүлдіресіңдер?

Қалай ойлайсыздар, не себепті біздің ұсақ ұрлықшы ноутбук ұрлады? Бұған өте қарапайым жауап бар – себебі оның тек ноутбук ұрлауға мүмкіндігі болды. Егер оның мұнай компаниясын ұрлауға мүмкіндігі бар болғанында, ол мұнай компаниясын ұрлар еді.

Қалай ойлайсыздар, егер біздің ұсақ ұрлықшымыз аурухана, балабақша немесе мектеп құрылысына мемлекеттік бюджеттен ақша бөлетін тендер комиссиясын басқаратын болса, ол осы құрылыстан ақша ұрлар ма еді, әлде ұрламас па еді? Сөзсіз ұрлар еді. Сол кезде ол ұсақ ұрлықшының орнына ірі ұрлықшыға айналар еді.

Сіздің ойыңызша жемқорлар мен ұрлықшар қайдан пайда болады? Оларды бізге Алдебараннан арнайы сапарымен әкеле ме? Жоқ, олар біздің арамызда өмір сүретін қарапайым адамдар. Олар біздің досымыз, туысымыз, мектепте немесе институтта бір партада отырған адамдар да болуы мүмкін. Не себепті қарапайым адамдар ұрлықшыға айналады? Бұның жауабы өте қарапайым: себебі бұл іс-әрекет әр кез сайын мадақталуда.

Егер сіз ұзақ уақыт бойы ұрлықшы жүріс-тұрысын мадақтасаңыз, онда ұсақ ұрлықшыдан мемлекеттік бюджетті жымқыратын, бір жолды 20 рет жөндейтін, жарамсыз техника сатып алатын, Қарағандыдағы Бесоба секілді құлайтын сапасыз үйлерді қабылдайтын ірі ұрлықшылардың өсетіндігіне таң қалмаңыз.

Ұзақ уақыт бойы нені мадақтасаңыз, соны алатыныңызды есте сақтаңыз.

Қорытындылай келе келесіні айтқымыз келеді: жанұяда әр пайда болған жанжалды отағасы өзінің сүйікті қызының пайдасына шешіп, тіпті қызы жанұясының басқа мүшелеріне қатысты жаман және пасық әрекет жасаса да, оны ешқашан жазаламайтын жанұяны өзіңізге елестетіңіз. Осындай адам жанұяның отағасы ретінде қалуға құқығы бар ма? Қанша уақыт бойы жанұяның басқа мүшелері бұл әділетсіздікке шыдайды?

Енді бірнеше жанұя бірігіп руды құрап, бір жанұяның отағасы осы рудың басшысы болғанын елестетіңіз. Бірақ осы рудағы жанұялар арасындағы барлық дау, жан-жалдарды ру басшысы тек өз жанұясы пайдасына ғана шешеді және өз жанұясының мүшелерін рудың басқа жанұяларына қатысты жаман және пасық әрекет жасаса да, жазаламайды. Осындай адамның руды басқаруға құқығы бар ма? Қанша уақыт бойы рудың қалған мүшелері осындай әділетсіздікке шыдайды?

Ары қарай бірнеше ру бірігіп бір ұлтты құрап, бір рудың өкілі мемлекеттің басшысы болғанын елестетіңіз. Бірақ түрлі ру өкілдерінің арасында пайда болған барлық дау, жан-жалды тек өзінің руы пайдасына шешеді және тіпті заңды бұзса да, оларды ешқашан жазаламайды. Осындай адамның ел басшылығында қалуға құқығы бар ма? Қанша уақыт бойы ұлт бұндай әділетсіздікке шыдайды?

Жақын қарым-қатынасына және туыстық байланысына қарамастан жаман әрекет бірден жазалану керек екендігін түсінбейтін адамды, ешқашан не жанұя басқаруға, не ру басқаруға, не ұлт басқаруға жібермеу қажет.

-1
153
0