Сәлем, достар!

Біріншіден, мәдени-танымдық онлайн журналымызға қош келіпсіз деп айтқымыз келеді.

Екіншіден, жобамыздың мақсаты мен жоспарымен таныс болыңыздар:

Журналымыздың беттерінде не оқи аласыздар?

"Екпін" командасы өнер, мәдениет, тарих, әдебиет сияқты тақырыптарды көбірек көтеруге тырысады, сонымен қатар, дарынды жастар, замандастарымыздың өмірлік тәжірибесі, мақсаттары, ойы, ұстанған қағидалары жайында сөз етеді.

Жобаның аты неге «Екпін» деп аталды?

Қазақ тілінде "екпін" сөзінің бірнеше мағынасы бар: ой екпіні, жұмыс екпіні, дыбыс
екпіні, жастық екпіні. Ал қазақ журналистикасының тарихына үңілсек, 1928 жылы Алматы қаласында жастардың бастауымен «Екпін» атты қолжазба журнал жарыққа шыққан екен.

Біз болсақ, сіздерді өмірдің қызықты, қуанышты, өзекті, ал ең бастысы, жұлдызды
сәттеріне екпін қоюға шақырамыз!

Негізгі мақсатымыз - жас болса да, бір асуды бағындырып үлгерген, елге танылған немесе таныла бастаған дарынды, белсенді, өнерлі, айтары бар қара көз қыз бен жігіттерді әңгімеге тарту, сырласу.

Сонымен қатар, түрлі шаралар, кино, музыка, театр, арт және осы бағыттағы басқа да қызықты оқиғалар мен жаңалықтар жайында хабардар ететін жазбалар мен репортаж, сұхбаттарды ұсыну.

Әрине, бұны іске асыру үшін оқырмандарымыздың, яғни сіздердің, көмегіңіз
қажет. Біз әрқашан да сіздің идеяларыңызға, пікірлеріңізге, кеңестеріңізге назар аударып, жобамызды бірге әзірлейміз деген үміттеміз.

Автор боламын десеңіз

Жобамыздың мақсаты мен бағытына сай өз материалыңызды жариялаймын десеңіз, aliya@yvision.kz адресіне хат жолдаңыздар.

Егер де жобамыздың кейіпкері болуға тұрарлық досыңыз, туысыңыз, танысыңыз бар
болса, міндетті түрде бізге хабарласыңыз. Ол үшін жоғарыда көрсетілген адреске хат жазып қоюыңыз қажет.

Әр идея мен өзекті пікір өз оқырманына жетуі тиіс, сол сияқты, көкейіңізде тұрған
сауалдар мен өмірлік тәжірибе арқасында пайда болған жауаптарды аямай, ортаға
салуыңызды сұраймыз.

Сонымен, бізбен бірге жастардың белсенділігін оятатын, көзқарасын ашық білдіретін орта қалыптастыруға, қазақ тілінде пікір алмасатын мәдени, танымдық кеңістікті құруға шақырамыз.