---
title: "«ЖЕР! ЖЕР!»"
description: "Он үшінші тарау «ЖЕР! ЖЕР!» Диктің үміті жүзеге асатын сияқты. Наурыздың жиырма жетісі күні бароме..."
author: "kitap6"
published: "2017-09-08T00:55:37+00:00"
modified: "2017-09-08T00:55:37+00:00"
locale: "ru"
canonical_url: "https://yvision.kz/post/zher-zher-778120"
markdown_url: "https://yvision.kz/post/zher-zher-778120/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# «ЖЕР! ЖЕР!»

> Он үшінші тарау «ЖЕР! ЖЕР!» Диктің үміті жүзеге асатын сияқты. Наурыздың жиырма жетісі күні бароме...

**Он үшінші тарау**

 

**«ЖЕР! ЖЕР!»**

Диктің үміті жүзеге асатын сияқты.

Наурыздың жиырма жетісі күні барометрдің сынап

бағанасы жоғары өрледі, бірақ бұл өрлеу жарытымсыз, небәрі бірнеше сызыққа ғана жеткен еді. Атмосфера қысымының жоғарылауы болымсыз, дегенмен оның тұрақты болатын түрі бар. Теңіз беті алай-түлей болғанымен, сірә, дауыл басылуға бет алса керек, жел де бәсеңси бастап, батысқа қарай бұрылды.

Әйтсе де, желкен көтеруге болмайтынын Дик жақсы білді. Жел тіптен алақандай кенеп көтерсе де жұлып әкетер еді. Сонда да болса жиырма төрт сағаттың ішінде ең болмаса стаксельдердің бірін көтеруге мүмкіндік болар деп сенді жас капитан.

Шынында да солай болды: дауыл түн ішінде бәсеңси бастады, кеменің шайқалуы да бұрынғыдай емес. Желдің кешегі екпіні кемені быт-шыт қылып қиратып тастарлықтай үрейлі еді.

Жолаушылар ертеңгісін палубаға шыға бастады. Кенет соққан толқын кеме бортынан өздерін жұлып әкетер деп енді қорықпады. Дауылдың алғашқы күнінен бастап күні бүгінге дейін қамауда отырған миссис Уэлдон бүгін жұрттан бұрын каютасынан шығып, палубаға көтерілді де, Диктің қасына келді.

Жас жігіттің адам айтқысыз жігері құлақ естіп, көз көрмеген киындықтарға төтеп беріп, бәрін де жеңіп шықты. Оның беті жел қағып тотыққан, реңі бозарып жүдеген. Ол буыны әбден бекіп, бұғанасы қатып болмаған жас еді, оған бәрінен гөрі түнгі ұйқы ауырлау тисе керек. Диктің басынан кешірген осы қиыншылықтар бір кезде денсаулығына зиянын да тигізетін болар. Бірақ қазір бұл сияқты жағдайлармен санасатын уақыт емес. Оның бүгін де бұрынғысындай жігерлі екенін миссис Уэлдон байқап қалды. Бала жігіттің ерлікке лайық жігері қиыншылықтың бәріне де шыдады. Мұның үстіне өз әрекетіне берік сенді, ал сенім деген нәрсе күшке күш қосады.

– Шырағым, қымбатты капитаным менің! – деді миссис Уэлдон жас капитанға қолын созып:

– Аһ, миссис Уэлдон, – деді күлімсіреп, – менің өтінішімді орындамай палубаға шығыпсыз ғой.

– Иә, сенің бұйрығыңды орындамадым, – деп мойындады миссис Уэлдон, – бірақ маған дауыл басылған сияқты көрінді.

– Шынында да, миссис Уэлдон, ауа райы түзеліп келеді, – деп жауап қатты жасөспірім. – Сіз қателескен жоқсыз. Кешеден бері барометрдің сынабы жоғарылап барады. Жел де басылайын деді, ал енді жағдайдың ең қиын жерін артқа салдық деп шамалаймын.

– Олай болса жақсы-ақ болар еді-ау! Бірақ, байғұс бала, көрмеген азабың қалмады ғой! Сен өзіңді-өзің қалай ұстағаныңды білемісің...

– Мен тек қана өз міндетімді атқардым ғой, миссис Уэлдон.

– Енді саған дем алу керек.

– Дем алу?! – деді жасөспірім бұл ұсынысқа қарсы болып. – Мен дем алуға мұқтаж емеспін, миссис Уэлдон. Мен

өзімді өте тың деп білемін және бұл сапардың ақырына дейін шыдаймын деген сенімім мол. Сіз мені «Пилигримнің» капитаны етіп белгіледіңіз, мен бұл даңқты «Пилигрим» жолаушылары қашан қауіпсіз жағдайға жеткенше сақтауға міндеттімін!

– Дик, – деді миссие Уэлдон, – сенің істеген қызметіңді мен де, менің күйеуім де – екеуміз де ұмытпаймыз!

– Ол не дегеніңіз... миссис Уэлдон! – деп күбірледі бала жігіт.

– Балам, қайталап айтамын, сен өзіңді-өзің кәдімгі ересек адамша ұстай білдің. Сен білімді кеме командиріне лайық екеніңді көрсеттің. Оқуыңды бітірген соң, ұзамай Джемс Уэлдонның кемелерінің біріне капитан боласың.

– Мен... мен... – дей беріп еді, Диктің көзі жасаурап қоя берді.

– Дик, – деп миссис Уэлдон сөзін жалғастыра берді, – сен маған бала болдың! Сен менің, өзіңнің інің Джектің де құтқарушысысың! Қымбатты Дик, бері келші, бетіңнен сүйейін!

Жас әйел өзінің толқыған көңілін тоқтатып тұра алмады. Жасөспірімді құшақтап бетінен сүйгенде, жүрегі аузына тығылып, көзіне жас іркілді. Ал Дикті толқытқан сезімнің қаншалықты күшті болғанын айтпаса да белгілі.

Бұл әңгімеден кейін Дикке жаңадан күш қосылғандай болды. Кемені қауіпсіз портқа жеткізіп, жолаушыларды қатерден құтқарып қала алатынына күмәнданбады. Тек қана соғып тұрған дауылдың күші ең болмаса желкен көтеруге боларлықтай бәсеңдесе екен!

29 наурыз күні жел бәсеңдеген үстіне бәсеңси түсті. Дик грот пен фокты көтеруге ұйғарды.

– Достарым, – деді ол матростарға қарап, сол күні таңертең палубаға шығып, – маған сіздердің жәрдеміңіз керек.

– Қызметіңізге әзірміз, капитан Сэнд, – деді Том қарт бәрі үшін жауап кайырып.

– Бізге сеніңіз, – деп Геркулес те үстеп қойды, – дауыл соққан кезде істейтін жұмыс болмай, қолымызды қусырып қарап отырдық қой, мен тотыға бастадым.

– Сен үлкен аузыңды керіп, желкенді үрлесең болар еді, – деді кішкентай Джек. – Сенің үрлегенің соққан желден кем болмас деймін.

– Джек, мұның табылған ақыл, қандай тамаша! – деп күлді Дик Сэнд. – Штиль бола қалса, желкенді желге кернете гөр деп Геркулеске жалынармыз.

– Тек қана бұйырып көріңіз, – деді алып, екі ұртын Борейше1 желге толтырып.

– Достарым, – деді Дик Сэнд, – біз жұмысты жел жұлып әкеткен гроттың орнына жаңа грот орнатудан бастаймыз. Бұл оңай жұмыс емес, бірақ істеу керек.

– Істейміз, – деп жауап қатты Актеон.

– Ал мен ше, мен сіздерге жәрдемдесе алмаймын ба? –

деп сұрады қашан да болса еңбекке дайын тұратын кішкентай Джек.

– Әрине, жәрдемдесе аласың, Джек, – деді жас капитан. – Сен біздің Бат доспен бірге штурвал дөңгелегін

айналдырып жәрдемдесесің.

Әрине, кішкентай Джек өзінің рульшіге орынбасарлық жаңа

қызметін мақтанышпен қабыл алды.

1 *Борей* – ескі грек мифологиясында айтылатын солтүстік желдің қанатты құдайы.

– Ал, қане, іске кірісейік! – Дик Сэнд сөзін жалғастырды.

– Естеріңде болсын, достарым, аса қажетті болмаса,

қауіпті іске орынсыз тәуекел ете көрмеңдер!

Матростар жас капитанның басшылығымен іске жігерлене

кірісті. Шиыршықтап бүктелген желкендерді мачтаға көтеріп, рейге байлау керек. Дик Сэнд аса тапқырлықпен жұмысқа басшылық етті, ал матростар оның істе дегенін тапжылдырмай шын ықыластарымен орындап, бір сағат уақыттың ішінде желкендер көтеріліп, оларды екі риф жиырып та қойды.

Команда желдің күштілігіне қарамастан, дауыл соғардың алдында түсіріп қойылған желкендерді оншалықты қиналмай- ақ мачтаға көтеріп қойды, сөйтіп, ертеңгі сағат ондардың кезінде «Пилигрим» фоктың, көлбеу гроттың және бір кливердің итермелеуімен алға қарай заулап бара жатты.

Дик Сэнд сақтық жағын ескеріп, басқа желкендерді көтермеді. Кеменің тәуліктік жүріс тездігін артығымен екі жүз мильге жеткізу үшін осы көтерілген желкендердің өзі- ақ қамтамасыз ете алатын болды, он күнге жетпей-ақ Америка жеріне жету үшін осы көтерілген желкендердің өзі-ақ жетіп жатыр.

Дик Сэнд жел мен толқыннан келетін кесірден «Пилигримді» ада-жүдә құтылды деп шамалады. Кеме қанағаттанарлық тездікпен дұрыс бағытқа қарай бет алып заулап бара жатыр.

Жас капитан штурвалға қайта келіп, рульшінің жәрдемшісі кішкентай Джекке алғыс айтты да, өз орнына тұрды.

Оның кемесі енді толқынның ойыншығы емес, өзінің дұрыс бағытымен келе жатыр. Диктің бұл уақыттағы қуанышына тек теңіз ісімен таныс адам ғана түсіне алады.

Келесі күні кенет бұлт шығып көк жүзін тағы торлап алды, бірақ бұлттың ара-арасындағы кең алаңқыдан түскен күн көзі мұхит бетін алтынға малғандай жарқыратып тұр. «Пилигрим» ауық-ауық теңіз бетінің күн сәулесі түскен жерлеріне кездесіп, сол жерлерді бойлай жүзіп келе жатты. Жанды-жансызға дәрмен беретін бұл жарық – не деген бақыт! Кейде ұшпа бұлт кездесіп көлегейлей береді, бірақ жел оны шығысқа қарай айдап әкетті де, күн көзі қайта көрініп, жарқыраған нұрын тағы төкті. Ауа райы түзелді.

Кеме бөлмелерін жел қақтыру үшін люк біткенді тегіс аштырып тастады. Трюмге, кеменің астыңғы қабатындағы команда бөлмесіне және кают-компанияға теңіздің тұзды таза ауасы толды. Су болған желкендерді кептіру үшін ростр1 үстіне жайып тастады. Палубаны мұқият тазалау жұмысы басталды. Жас капитан «Пилигримді» әбден тазаламай, лас күйінде портқа кіргізгісі келмеген-ді. Кемені көрнекті тәртіпке келтіру үшін экипажды шаршатпай-ақ, күн сайын бірнеше сағат жұмыс істеудің өзі-ақ жеткілікті болды.

Дик Сэнд кеменің жүріс тездігін артта қалып бара жатқан ізінен ғана өлшеп шамалады. Бұл әдіс дәл емес еді, сонда да болса кеменің жеті күннен әрі кетпей жер қарасын көретініне күмәнданбады. Ол «Пилигримнің» қазіргі келе жатқан жерін картадан көрсетіп, сол сенімімен миссис Уэлдонды да сендіре алады.

1 Р*остр* – мачтаның қосалқы бөлшектерін сақтауға арналған палуба үстіндегі сырғауыл.

– Жақсы, Дик, – деді миссис Уэлдон. – Сен енді маған мынаны айтшы, біз Америка жағалауының қай жеріне ілінеміз?

– Міне, мына араға, – деп жауап қатты Дик Сэнд, Перуден Чилиге дейін созылып жатқан ұзын жағалауды картадан сұқ қолымен шұқып көрсетіп. – Бірақ дәл осы ара деп айта алмаймын. Қараңызшы, мынау – Пасхи аралы. Соңғы күндердің ішінде жел ыңғайы ауысқан жоқ, ендеше, біз жерді осы маңнан, шығыстан көруіміз керек. Осы жағалауды бойлай салынған порт аз емес, қай порттың жақын екенін, «Пилигримнің» жерге қашан жететінін сенімді түрде айта алмаймын.

– Мейлі, қайсысы болса онысы болсын,.. қайткен күнде де бірер портқа жетсек болғаны!

– Әбден жетеміз, миссис Уэлдон. Біз қайда тоқтасақ та, сіз Сан-Францискоға жете аласыз. «Тынық мұхиттың теңіз компаниясы» бұл жағалауда жақсы қызмет атқарады. Оның пароходтары батыс порттардың бәріне де тоқтайды, ол арадан Калифорнияға жету оңай.

– «Пилигримді» Сан-Францискоға апарғың келмей ме? – деп сұрады миссис Уэлдон.

– Әрине, апарамын, миссис Уэлдон! Алайда сізді жолаушылар таситын кемелердің біріне мінгізсем деп ем, сосын «Пилигримді» Сан-Францискоға өзім апарар едім. Егер капитан мен команда алуымызға мүмкіндік болса, кит майын өткізу үшін Вальпарайсоға жөнелеміз, – капитан Гульдің өзі болса да сөзсіз осылай етер еді. Біз Вальпарайсодан Сан-Францискоға барамыз. Бірақ бұл жүріс сізді ұзақ кідіртіп, уақытыңызды алар еді. Сізден бөлініп кету маған қаншалықты қиын болса да...

– Жақсы, Дик, – деп миссис Уэлдон оның сөзін бөлді. – Бұл туралы біз тағы бір сөйлесерміз. Бірақ маған мынаны айтшы, сен бұрын жат жағалауға жақын баруға қорқатын сияқты едің ғой?

– Мен қазір де қорқамын, – деп мойындады жасөспірім.

– Бірақ мен жағалау маңынан бірер кеме кездесер деп

сенемін. Расын айтқанда, менің өте таңқалатыным, әлі күнге дейін бірде-бір кеме кездеспеуі... О, ең болмаса бірер кеме кездессе екен! Біз «Пилигримнің» дәл қай жерде екенін білер едік те, сосын ешқандай қауіптенбей-ақ жағаға тоқтауымызға болар еді.

– Бұл жерлерде кемені гаваньға бастап апаратын лоцман болмай ма? – деп сұрады миссис Уэлдон.

– Болатын шығар, – деді Дик Сэнд. – Бірақ олар жағалаудың өзінде ғана жүреді. Сондықтан да біз мүмкіндігі болғанша жерге жақынырақ баруға тырысуымыз керек.

– Ал егер лоцман таппасақ қайтеміз? – деп сұрады миссис Уэлдон.

Жас капитанның әр түрлі кездейсоқ жағдайларға дайындығы бар ма немесе алаңсыз ба, жас келіншек осы жағын анықтағысы келіп ежелей сұраған еді.

– Миссис Уэлдон, бұл сияқты жағдай кездесіп... егер ауа райы жақсы, жел бәсең болса, қауіптенбей-ақ, тоқтайтын орын қашан табылғанша кемені жағалау бойлай ерсілі-қарсылы жүргізе берер едім. Егер жел тағы күшейіп кетсе...

– Онда қайтер едің?

– Егер жел «Пилигримді» жерге соқтыратын болса...

– Онда ше? – деп сұрады миссис Уэлдон.

– Онда кемені амалсыздан жағаға шығарып тастаймын

ғой, – деп тұнжырады жасөспірім. – Бірақ бұл шарасыздың күнінде ғана істеледі. Бұл сияқты ақырғы шараға бара қоймаспыз. Сіз босқа әбігерленбеңіз, миссис Уэлдон, сірә, ауа райы түзелетін болар. Жағалау маңынан бірде-бір кеме немесе лоцман катерлерінің кездеспеуі мүмкін емес, «Пилигримнің» өзі де тұп-тура жерге қарай келе жатыр, сарсыла күткен жерді көп кешікпей-ақ көрерміз деп сенуге болады.

Кемені жағаға шығарып тастаймын дейді! Мұндай ақырғы шараға тіптен ең батыл теңізші болса да қорықпай тәуекел ете алмас еді. Диктің де бұл ақырғы шараға барғысы келмейтіні таң қаларлық іс емес, өйткені оның жақсылықтан әлі үміті бар.

Келесі күні ауа райы құбыла бастады, бұл жағдай жас капитанды әбігерге салды. Жел бәсеңдемеді, барометрдің сынап бағанасы төмендеп, жаңа дауылдың нышанын көрсетті.

Дик Сэнд желкен біткенді қайта түсіріп, тағы дауылдың қуғынына түсетін боламыз ба деп қауіптене бастады. Ең болмаса бір желкенді қалдыра тұру жас капитанға соншалықты қажет, сондықтан әзірше фокты түсірмей орнында қалдырды.

Дик Сэнд мачтаны бекіту үшін фордунды тартуға бұйырды, бұл іс сақтанудың ең басты шарасы болатын: Егер «Пилигрим» рангоуттан1 айрылса, аса қауіпті жағдайға ұшырар еді.

Соңғы күндердің ішінде барометр бір-екі рет жоғары секіріп, жел ыңғайының кенет өзгеру қаупін туғызды. Егер жел кеменің қарсы алдынан соқса, не істеу керек? Ерсілі- қарсылы жүзе бере ме? Жағдай оны ерсілі-қарсылы жүзуге итермелесе, бұл тәуекелдің ақыры тағы ашық теңізге шығып қалып, қаншама кедіргіге соқтырады.

Бір жақсы жері, жас капитанның бұл қауіптенуі негізсіз болды. Жел бірнеше күнге дейін солтүстіктен оңтүстікке қарай ауысумен болды, бірақ ақырында батысқа бұрылып алды.

Сәуірдің бесі. «Пилигримнің» Жаңа Зеландиядан шыққанына екі жарым айдан асып барады. Алғашқы жиырма күннің ішінде қарсы соққан желмен теңіз штилі кеме жүрісіне кедергі жасаған-ды. Одан соң жел ыңғайдан тұрып, «Пилигрим» құрғақ жерге тез-ақ жақындап қалған. Әсіресе желдің құйындатып соққан шақтарында кеме орасан қатты жүзіп, орташа есеппен тәуліктік жүрісі екі жүз мильден кем емес деп есептеді Дик Сэнд. Олай болса, бүгінге дейін жағалауға неғып қана жете алмады? Бұл арасы – түсініксіз жұмбақ мәселе!

 

1 *Рангоут* – кеменің желкен көтеретін тетіктері (мачталар, рейлер, стенгалар, тағы басқалар).

 

Матростардың біреуі бом-брам-рейге1 шығып құрлықты бақылап тұрған. Диктің өзі де жиі-жиі мачтаға шығып қараумен болды. Қайдан да болса бірер таудың шеңбері бұлт арасынан қарауытпас па екен деп дүрбімен ұзақ қарады. Анд2 тауының тізбектелген биік шоқыларын өте алыстан, көкжиектегі бұлт арасынан іздеу керек еді.

Том да, оның жолдастары да алыстан көрінген кейбір өзге түсті бұлтты құрғақ жер деп шамалап, талай рет алданып қалған. Олар жер көрдік деп өршеленіп, көрдік деген жері бұлт арасына кіріп жоғалғанда ғана өздерінің қателескендерін мойындаған уақыттары болды.

Бірақ сәуірдің алтысы күні күдікке орын қалмады. Ертеңгі сағат сегіздің кезі еді, Диктің рейге шыққаны сол

ғана. Алғашқы түскен күн нұры мұхит бетіндегі тұманды ыдыратып, көкжиек кәдімгідей анық көрінді.

Көптен бері зарыға күткен сөз Диктің аузынан бүгін шықты. – Жер! Алдымызда жер! – деп айқайлады ол.

Бұл сөзді естіген бойда жолаушылар палубаға жүгіре

шықты. Не болса соған әуестене қалатын бала біткеннің әдеті ғой, кішкентай Джек те, көрген азабының бәрін құрлық арылтады деп үміттенген миссис Уэлдон да, өз жеріне аяқ басуды аңсай күткен Том мен оның жолдастары да, тіптен жаңа жәндіктермен коллекциясын байытуды көздеген Бенедикт ағай да палубаға шықты.

Палубаға шықпай қалған – жалғыз-ақ Негоро.

Жерді бәрі көрді: олардың арасындағы көз жанары өткір

біреулері жерді анықтап ажыратып, ал жер сағынған біреулер мүлдем басқа жақтан жер көрген сияқтанды.

1 *Бом-брам-рей* – төменнен төртінші рей.

2 *Анд* – Оңтүстік Америкадағы тау тізбегі.

Жасөспірім тәжірибелі теңізші еді, ол қателеспеді. Бұл жолғы үміттің алдамағандығы бір сағат болмай-ақ бәріне де мәлім болды.

Шығыс жақтан жағалау ойпатының бейнесі көрінді, шынында да бұл көрінген жағалау – жер еді. Теңіз жағасына таяу көсіліп жатқан Анд тауының тізбегін төменгі бұлт қалқалап, анықтап көруге мүмкіндік бермеді.

Жер минут сайын молая көрініп, бірден-бірге жақындай берді, «Пилигрим» құрғақ жерге қарай тіке тартып келеді. Екі сағаттан соң кеме мен құрлық жердің арасы үш миль шамасы жақындады. Жағалау солтүстік жақтағы биік мүйіске барып айқасқан, оның негізі бейнебір ашық рейд1 сияқтанып көрінді. Шығыс жақтағы жер ойпаттау, сүйірлене келіп

мұхитқа енген.

Жағалаудың үстіңгі жағы қатпарланған тұмсық тұмсықтың

беткейіне аласалау ағаш өскен, жер ыңғайына қарағанда бұл тұмсықтарды Анд тауының биік шоқыларының төменгі қабаттары ғана деуге болады.

Не порт, не адам мекені, тіптен өзен құйылысы да жоқ мұндай жерде кеме тоқтату үшін қауіпсіз орынды қайдан іздеп таппақ?

Ыңғай соққан жел «Пилигримді» тіп-тіке жерге қарай айдап келе жатыр. Кеменің көтерулі желкені аз, оның үстіне жел де күшті, сондықтан ашық теңіздің ортасында тұрып Дик Сэнд қорғана алмайтын болды.

Кеменің маңдай алдынан, теңіз жиегіне жуық жағалауды бойлай жатқан су асты құздарының қалпы көрінді. Тас үстіндегі су бұрқылдап аспанға шапшып көпіршіп жатыр. Теңіз толқынының соққан екпіні аса күшті болса керек. Кереметтей алып толқындар жарқабаққа шапшып, кейін қайтып жатқаны көрініп тұр.

 

1 *Рейд* – кеменің зәкір тастап тоқтап тұратын теңіз жағалауының қолайлы жері.

 

Жас капитан жағалауға тесіле қарап, бірсыпыра уақыт кеме тұмсығында тұрды. Сосын үн қатпастан кормоға келді де, штурвалға барды.

Жел барған сайын күшейе берді. Сәлден соң кеме мен жағалаудың арасы жақындай түсті, енді не бары бір мильдей- ақ.

Көп ұзамай Диктің көзі бір кішкене қойнауға түсті. Бірақ оған кіре беріс жолда көлденең жатқан су астының құз тастары кемені жіберер емес, кемені ол құздардың ара-арасымен жүргізу өте қиын. Жағалаудың ұзына бойға тайыз екендігі судың көбіктенгенінен-ақ мәлім еді. Осы минутта палубада әрлі-берлі жүріп жүрген Динго кеме тұмсығына барды да шоңқая отырып, адамның сай сүйегін сырқырата ұлып қоя берді. Ит бұл жағалауды таныған, мұның көрінісі иттің ішінде жатқан өткен күндердегі бірер қайғылы уақиғаны оятқан сияқты.

Иттің ұлыған даусымен Негоро каютасынан шығып палубаға көтерілді, өзін сездіріп алғанын итпен көрші болғаннан-ақ біліп еді ол, сонда да болса бортқа барып сүйенді, бірақ Динго кеме аспазына қараған да жоқ, шағынған үнімен ұли берді.

Негоро су асты құздарына соғылып зіркілдеп жатқан көбікті толқынға қарап тұр, оның бетінен қорқыныш дегеннің көлеңкесі де білінбейді. Алайда аспаздың сыртынан қарап тұрған миссис Уэлдонға Негороның реңі бір сәтте өзгеріп кеткен сияқты көрінді.

Әлде «Пилигримді» жел әкелген бұл жағалауды Негоро танитын болар?

Дик Сэнд штурвалды Том қартқа беріп, өзі қойнауға кіретін жолды ақырғы рет барлау үшін кормоға келді. Бірнеше минуттан соң қатты айқайлап:

– Миссис Уэлдон, – деді ол, – «Пилигрим» тоқтар- лықтай қауіпсіз орын табамын деген үмітім енді үзілді. Отыз минуттан аспай кеме су асты құздарының үстінде болады... Кемені жағаға шығарып тастауға тура келеді. Мен «Пилигримді» портқа жеткізе алмайтын болдым. Сіздің өміріңізді сақтап қалу үшін кемені садақа қылу керек. Одан басқа лаж жоқ...

– Сен қолыннан келетін шаралардың бәрін істеп болдың ба? – деп сұрады миссис Уэлдон.

– Бәрін де! – жас капитан жауапты қысқа қайырды. Сөйдеді де, алдағы қатерлі маневрдің дайындығына кірісті. Бәрінен бұрын миссис Уэлдонға, кішкентай Джекке, Бенедикт ағай мен Нанға суға батырмайтын дөңгелек киіңдер деп бұйырды, кигілері келмеп еді, Дик зорлап кигізді. Матрос негрлер мен Диктің өзі асқан жүзгіштер еді, сонда да болса

жазатайым суға құлап кетпеу үшін шара істеді.

Миссис Уэлдонды Геркулеске тапсырып, Джекті жас

капитан өз қамқорлығына алды. Бенедикт ағай аспай-саспай сабырмен палубаға шықты, жәндіктер толтырылған каңылтыр қалбырын қайыс таспамен иығына асып алған. Дик оны Бат пен Актеонға тапсырды. Ал Негороның суық та сұсты түрі ешкімнің жәрдеміне мұқтаж еместігін аңдатып тұр.

Әлдеқалай кедергі боп қалар деген оймен Дик Сэнд оншақты кеспек кит майын палубаға шығартып қойды.

«Пилигрим» көбіктеніп жатқан иірім толқынның дәл үстінен өте берген кезде, майды суға төгіп жіберсе, толқын сәл уақытқа басыла қалады. Бұл жағдай кеменің су асты құздарының арасынан өтуіне жеңілдік жасайды. Дик Сэнд жолаушыларды аман сақтап қалу үшін бар мүмкіндікті қолдануға бел байлады.

Жас капитан күллі дайындықтың бәрін істеп болды да, кормоға барып штурвалға тұрды.

«Пилигрим» мен жағалаудың арасы небары екі-ақ кабельтов, басқаша айтканда, су асты құзының өзіне жетіп қалды. Кеменің оң жақ борты иірімді толқынның ақ көбігіне көміліп те қалған еді. «Пилигримнің» табаны су асты құздарының біріне килігеді деп жас капитанда үрей жоқ.

Су асты құздарының аралығына кеменің келіп қалғанын Дик Сэнд судың түсінен біле қойды. Мүмкіндігі болғанынша жағаға жақынырақ барып қайырлау үшін, қуысқа кіруге тәуекел ету керек болды.

Жас капитан мүлдем қобалжыған жоқ. Штурвал дөңгелегін кілт бұрып жібергенде, кеме ирек-ирек қысаң өткелге барып кірді.

Теңіздің осы жері өте-мөте долдана тулап жатқан. Толқын палубаны жауып кетті.

Матрос негрлер капитанның бұйрығын күтіп, кеме тұмсығындағы май толтырылған кеспектер жанында тұрған. – Төгіңдер, майды! – деп айқайлады Дик Сэнд. – Тез

төк!

Кит майын төгіп жіберген кезде, зіркілдеп жатқан көбікті толқын май қабатының астына түсіп үні өше қалды, ол әлде ішін тартып, бір минуттан соң қайта зіркілдейін деген болар.

Бірақ «Пилигримнің» су асты құздарының арасынан өтіп кетуіне осы минуттың өзі-ақ жетіп жатты. Енді кемені дауыл жағаға қарай айдап әкетті.

Бір кезде сұрапыл екпін сап ете түсті. Таудай толқын кемені көтеріп апарып тасқа бір-ақ ұрды. Мачталар омырылып суға түсті.

Тасқа соғылған кезде кеменің бүйірі ойылып, трюмге су қаптады. Бірақ құрлық жақын, небары бірнеше қадам ғана. Судан шығып тұрған қара тастарға басып құрлыққа шығу қиын емес.

Апаттан соң он минуттан кейін, «Пилигримнің» командасы мен жолаушылары құрғақ жерге аяқ басты.

---

Source: [https://yvision.kz/post/zher-zher-778120](https://yvision.kz/post/zher-zher-778120)