---
title: "Әжем туралы"
description: "Әжем туралы Әкеміз өзінің анасы туралы үлкен тебіреніспен еске алып отыратын. Сондай әңгімелердің бі..."
author: "Fvfylsr"
published: "2019-07-29T11:30:37+00:00"
modified: "2019-07-29T11:30:37+00:00"
locale: "ru"
canonical_url: "https://yvision.kz/post/zhem-turaly-837234"
markdown_url: "https://yvision.kz/post/zhem-turaly-837234/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Әжем туралы

> Әжем туралы Әкеміз өзінің анасы туралы үлкен тебіреніспен еске алып отыратын. Сондай әңгімелердің бі...

Әжем туралы Әкеміз өзінің анасы туралы үлкен тебіреніспен еске алып отыратын. Сондай әңгімелердің бір-екеуі есімізде жатталып қалыпты: "- 1932 жылғы қанды-қырғын аштығы ел талғамай тамақтан өткеннің бәрін қылғытып аман қалудың қамын жасауда. Аш-жалаңаш адамдар әлсіреп, қадам басып жүруінің өзі мұң болып қалған. Кішкентай мен қатарлы балалар өзі аш, өзі әлжуаз, аналарының етегіне жармасып тамақ сұрап жылағандары әлі күнге көз алдымда. Аштықтан бұратылып қалжыраған, бір-екі әйелдің етегіне жармасқан балаларын "осы сен-ақ сор болдың ғой" деп сирағынан ұстап, шырқыратып жылатып, Қабырға өзеніне лақтырғанын өз көзіммен көргенім бар. Соны көріп, есі жаңа кіріп келе жатқан мен не анамның қасына барарымды, не кейін қашарымды білмей мәңгіріп тұрып қалатынмын. Анам мені құшақтап, бірде кеудесіне қысып, бірде арқасына салып, көлегейлеп, жоғарыдағы көріністерді көрсетпеуге тырысып, кейін қарай кететін. Сөйткен анам осындай алапат аштыққа көнді, төзді, шыдады. Өз аузынан жырып, алдымен мені тамақтандыруға тырысатын. Сөйтіп, мен шешемнің аналық мейірім-махаббатының арқасында аштық деген нәубеттен аман қалдым. Екінші есімдегі оқиға 1934 жылдың күз айында болатын. Жеті жасқа келіп, есімді әбден танып қалған кезім. Ел кешегі алапат аштықты ұмытқандай болып, есімізді енді ғана жиып жатқан уақыт болса керек. Мен, Нұрханов Сейітбек, оның менен үш жасар інісі Әбілбек бар, астымызға талдан тай мініп, киіз үйді айнала бір-бірімізді қуалап жүрміз. Қамсыз, уайымсыз, қайран, балалық шақ. Бір мезет бір-біріміздің соңымыздан қуып жүрген Әбілбек екеуміз, қайсымыздың кері бағытқа түскеніміз есімде жоқ, әйтеуір, жүгіріп келіп соқтығысып қалдық. Бойы ұзындау менің күрек тісім Әбілбектің маңдайына дөп тисе керек. Төрт жасар бала шар етіп, жылай жөнелді. Маңдайынан қан бұрқырап, бетін жуып кеткен. Біреулер сумен бетін шайып, енді біреулер құрым киіз күйдіріп басып, әлек болып жатыр. Өзімді кінәлі сезініп, бір бұрышта состиып мен тұрмын. Әбілбектің шешесі Жұмагүл апай ләм-мим деп аузын ашып, мені кінәлап, ұрсып, айқайлаған жоқ. Тек анам «Қорғанжан-ай» деп екі рет қайталады. Сол сөздің ауырлығын ақылым кіріп, жігіт болғанда ғана бағамдап түсінгендеймін. Маған ол ұрып, айғайлағаннан да қатты әсер етті» деп отыратын әкеміз. Сурет Интернеттен алынды!

---

Source: [https://yvision.kz/post/zhem-turaly-837234](https://yvision.kz/post/zhem-turaly-837234)