---
title: "ЖЕКЕМЕНШІК ЖАҚСЫ БАЛАБАҚШАЛАР КӨБЕЮ ҮШІН НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?"
description: "Мектепке дейінгі білім беру мекемесінде 40 жыл еңбек еткен Дина Смайылқызы Омарова Астанада 3 балаба..."
author: "MON_RK"
published: "2017-07-17T05:46:29+00:00"
modified: "2017-07-17T05:46:29+00:00"
locale: "ru"
canonical_url: "https://yvision.kz/post/zhekemenshik-zha-sy-balaba-shalar-k-beyu-shin-ne-isteu-kerek-773216"
markdown_url: "https://yvision.kz/post/zhekemenshik-zha-sy-balaba-shalar-k-beyu-shin-ne-isteu-kerek-773216/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# ЖЕКЕМЕНШІК ЖАҚСЫ БАЛАБАҚШАЛАР КӨБЕЮ ҮШІН НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?

> Мектепке дейінгі білім беру мекемесінде 40 жыл еңбек еткен Дина Смайылқызы Омарова Астанада 3 балаба...

Мектепке дейінгі білім беру мекемесінде 40 жыл еңбек еткен Дина Смайылқызы Омарова Астанада 3 балабақша салып, төртіншісінің құрылысымен айналысып жатыр. ҚР Білім және ғылым министрлігі 2020 жылға қарай мектепке дейінгі білім ошақтарымен балаларды 100 пайыз қамтуды көздеп отыр. Бүгінгі күні мемлекетке 230 орындық 2 мыңнан астам балабақша керек. Тапшылықты жекеменшік балабақшалар есебінен де жоюға болады. (Сілтеме бойынша инфографиканы қараңыз: [https://yvision.kz/post/724701](https://yvision.kz/post/724701)).

Бүгін біз Дина Омаровамен сұхбаттаспақпыз. Дина Смайылқызы үшін бүлдіршіндер тәрбиесі – өмірінің мәні. Бұл салаға маман асқан ыждаһаттылықпен қарайды. Балалар бақшасын ашуды іргетастан бастайды.

С.: Дина Смайылқызы, жекеменшік балабақша ашу идеясы қайдан келді?

Д.: Мен 40 жылдан астам уақыт бойы мектепке дейінгі білім беру орындарында еңбек еткен адаммын. Қазақстанда, Ресейде балабақша меңгерушісі болып қызмет істедім. Білім және ғылым министрлігінде «Мектепке дейінгі балалық шақ» орталығын басқардым. Білім беру ісінің үздігі және құрметті маманымын. Марапаттарым көп. Оның ішіндегі ең жоғарғысы – «Шапағат» мемлекеттік наградасы.

Зейнетке жасым жақындағанда балам: «Анашым, сен бала жоқ үйде қол қусырып қарап отыра алмайсың ғой. Тәжірибең жетеді. Білімің мен тәжірибеңді іс жүзінде өз салаңда пайдалануың керек», – деді. Сол кезде ойлана бастадым. Жастарға білгеніңді үйретпесең, біліктілігіңнен не пайда? Артыңда із қалдырмасаң, ілім-білім үйретпесең, елге пайдаң тимесе, өмірге не үшін келіп-кетесің? Сондықтан да хал-жағдайым барда жұмыс істеп, өзімді дамытып, жұртқа пайдамды тигізіп жүрген жайым бар.

2007 жылдан бері біз 3 балабақшаны іртетасынан бастап қалап, тұрғызып, аштық. Қазір 240 орындық төртінші балабақша құрылысымен айналысып жатырмын. Бірінші қабаты дайын болып та қалды. Жергілікті билік ол үшін шамамен бір гектар жер бөлді. Есесіне мен үлкен балалар бақшасын салып, қала бүлдіршіндерін қарсы алуым керек.

С.: Балабақша салу арзанға түспейтін болар? Үкіметтен сізге пайда бар ма?

Д.: Бірінші балабақша құрылысын бастағанда Президент әкімшілігінен өкіл, министрдің өзі, әкімшілік қызметкерлері келіп көрді. Оларға менің жұмыс істеу әдісім қатты ұнады. Менің бақшаларымда 225 бала «Балапан» бағдарламасы есебінен тәрбиеленіп жатыр. Ата-аналар 20 800 теңге төлесе, мемлекет 23 000 теңгені өтеп береді. Бұл – балабақша тапшылығын шешу жолындағы өте қажетті әрі тиімді жоба. Жекеменшік бақша иелері арнайы орындар ашып, мемлекетке қолұшын созсақ, мемлекет бізге тапсырыс беру арқылы көмектеседі. Әрине, балабақша көп. Сондықтан да барлығы талапқа сай болуы қатаң қадағаланады.

С.: Талап демекші, санитарлық талаптар мен нормалардың және құрылыс нормалары мен ережелерінің қайта қаралуы туралы не айтасыз?

Д.: Қайта қарауға тиіс тұстары бар екені сөзсіз. Мысалы, мен құрылысты әу бастан балалар бақшасына лайық етіп соғам. Дегенмен, басқа типтегі ғимараттан да балабақша ашуға болады. Тек нормаларында айырмашылық болуы тиіс. Сонау кеңес одағы кезінен қалған талаптар жазылған құжаттар бойынша жүрміз. Оны да өзгерту керек. Бұл балабақшаларға, әсіресе, жекеменшік бақшаларға жеңілдік болар еді.

С.: Біздің елде жақсы, жекеменшік бақшалар көбеюі үшін не істеуге болады деп ойлайсыз?

Д.: Жекеменшік балабақша салу үшін берілетін несиелерге жеңілдік жасау керек. Банктерде қағазбастылық, сиырқұймышақтау, созбақтау көп. Осыны жөнге салу керек. Ел балабақша ашуға несие алғысы келеді. Алайда, оны мүмкін еместей етіп қиындатып қойған.

С.: Дегенмен, кейбір жерлерде жеңілдіктер бар ғой. Мысалы, электронды кезек. Оның сіздерге қандай да бір көмегі бар ма?

Д.: Иә, бұл жерде айтарлықтай жеңілдік бар. Ата-аналар электронды кілт алып, қай бақшада мемлекет тапсырысы бойынша бос орын бар екенін көре алады. Бұл жүйеге балалар бақшасы да қосылған. Өзіміз кіріп, бос орындар жайлы ақпаратты орналастырамыз. Мұнымен айналысатын қызметкерлер бар. Ақпаратты солар жаңартып отырады.

С.: Өз балабақшаларыңыз жайлы толығырақ айтып беріңізші. Қанша бала барады, бағдарламаның ерекшелігі қандай?

Д.: «Бахыт-1» балалар бақшасы 160 орынға арналған. Бірақ біз 200 балаға дейін қабылдай аламыз. Тәртіп бойынша топта 20-25 бала ұстауға болады. Қазір бала аздау. 100 шақты. Демалыс кезі, кейбірі мектепке дайындалып жатыр. Ал қыста 150 балаға дейін болады. Басқа екі бақша шағындау. 80 және 100 балаға арналған. Біз үш бақшада 400-ге дейін бала қабылдай аламыз. Қазіргі кезде бүлдіршіндер толық келіп жүрген жоқ. Бұл осы маусым үшін қалыпты жағдай.

Бала үшін қажет негізгі бағдарламадан бөлек, бүлдіршіндердің жан-жақты дамуы үшін көптеген бағытта жұмыс істеледі. Бассейн, хореография, логопед пен балалар психологы бар. Сонымен қатар шығармашылықты шыңдау мақсатында арт-терапия да жүргізіп отырамыз. 6 жасарларға арналған арнайы бағдарламамыз да бар. Ол бойынша білім алатындар сыдыртып оқып, санай алады.

С.: Қазір көптеген бақшаларда шет тілдерін үйретіп жатады. Сіздерде қалай?

Д.: Бізде орыс және қазақ топтары бар. Орыс топта қазақ тілі, қазақ топта орыс тілі үйретіледі. Мұнымен қатар, тілді өз ортасында жүріп меңгеру әдісін қолданамыз. Яғни, педагог – сол елден, Америка азаматы. Ол әр топта 40 минуттан болады. Бірге ойнайды, ағылшынша әңгімелеседі. Оқытушы қазақ немесе орыс тілінде мүлдем сөйлемейді. Есесіне, түрлі жаттығу, ойындармен еліктіре алады. Балаларға қызық. Сөйтіп аралас-құралас болу үшін тіл үйренулеріне тура келеді.

С.: Қызметкерлерді қалай іріктейсіз, қайдан табасыз?

Д.: Біздің бақшадағы ұстаздардың 80%-ы өз саласы бойынша білімді. Дегенмен, кадр мәселесі қиындау. Мысалы, қаладағы оқу орындары жылына 30-дан 100-ге дейін бізге қажет мамандарды шығарады. Бірақ олардың барлығы балабақшаға келмейді. Себебі айлық жоғары емес. Сондықтан да біз көбінесе мұғалімдерді қызметке алып, кейін біліктілігін көтеру курстарына жібереміз.

С.: Өзінің жекеменшік балабақшасын ашқысы келген кәсіпкерлерге не айтар едіңіз?

Д.: Бастамас бұрын жақсылап ойланып алу керек. Қосымша кіріс көзі болмаса, кіріспей-ақ қою керек. Уақыт жоғалтып, жүйкеңізді жұқартасыз. Біріншіден, мұнда қомақты кіріс болмайды. Тіпті балалар үшін қайырымдылықпен айналысамыз десек те болады. Екіншіден, мұндай жобалар өте қиын өтеледі. Бұл өте күрделі, табандылықты қажет ететін еңбек. Бірақ мен басқа салада жүргенімді елестете де алмаймын. Ал бұл жұмыстың қыр-сырын білмей бақша ашқан кәсіпкерлер әдетте соңына дейін шыдай алмайды. Істерін тастап, өзге салаға бет бұра салады. Бұл жүйеде сабыры мол адамдар ғана жұмыс істей алады.

Ескерту: балабақша ашу мен салық жеңілдіктері жайлы постымызды мына сілтеме арқылы оқи аласыздар: [https://yvision.kz/post/725384](https://yvision.kz/post/725384)

![](https://storage.yvision.kz/images/user/mon_rk/VQ6P3mwOW843z0v6DkNmvIW0fjBEx1.jpg)

![](https://storage.yvision.kz/images/user/mon_rk/SbJZncQ4o6IHVsCM4hfqP9qcreo7m4.jpg)

![](https://storage.yvision.kz/images/user/mon_rk/0pH1uo2oIq7a7EFS7FRc4V1P8p4Qh3.jpg)

![](https://storage.yvision.kz/images/user/mon_rk/1ddwSMhnT4DzhRR20Og2E9F804wh8x.jpg)

![](https://storage.yvision.kz/images/user/mon_rk/ZcRuvu2Rr2v3QIW9slo56k0X05wG28.jpg)

![](https://storage.yvision.kz/images/user/mon_rk/xlnZ785kxAhdAhQapIO09wGr401ol6.jpg)

![](https://storage.yvision.kz/images/user/mon_rk/44e3oN8Ga1PZp1v0oE5Qzg697PHfmo.jpg)

---

Source: [https://yvision.kz/post/zhekemenshik-zha-sy-balaba-shalar-k-beyu-shin-ne-isteu-kerek-773216](https://yvision.kz/post/zhekemenshik-zha-sy-balaba-shalar-k-beyu-shin-ne-isteu-kerek-773216)