---
title: "Жаяу сүйреген шана"
description: "Жаяу сүйреген шана Сағаттың тiлiндей айналған күн өте бердi. Мұқанның қарағайды қамыстай қаусатып,..."
author: "kitap2"
published: "2016-03-17T01:44:57+00:00"
modified: "2016-03-17T02:55:05+00:00"
locale: "ru"
canonical_url: "https://yvision.kz/post/zhayau-s-yregen-shana-684109"
markdown_url: "https://yvision.kz/post/zhayau-s-yregen-shana-684109/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Жаяу сүйреген шана

> Жаяу сүйреген шана Сағаттың тiлiндей айналған күн өте бердi. Мұқанның қарағайды қамыстай қаусатып,...

**Жаяу сүйреген шана**

Сағаттың тiлiндей айналған күн өте бердi. Мұқанның қарағайды қамыстай қаусатып, қолымен тартып құлатқаны, талай ауыр жүктi жалғыз тиегенi аңыз болып айтылып жүрдi. Челябинск, Қазан, Уфа, Самарға бiрнеше рет барып та қайтты. Бойы өсiп, буыны қатая түсiп, он сегiздегi жiгiт болды. Қыс ортасы ауып, февральдың iшiнде, үстi-үстiне төпеп қар жауып, Қызылжар айрықша суытты. Масликовтың үйiне отын да, шөп те шақ келмедi. Ауыр жұмыс қайда болса Мұқанды сонда жұмсау әдетке айналды.Айдың аяғына таман iшкi Ресейге кеткен көлiктер келiп, қаладан жиырма шақырым жердегi шөпке, Мұ-қанның қасына төрт шана қосып, бес көлiк жiбердi. Масликовтың үй үшiне Мұқанның ауыр мiнез, тiл алғыш, тәртiптiлiгi қатты ұнаған едi. Ол қандай жұмыс тапсырылса да орындап келуiне әбден сендi. Сондықтан:

– Митька, (оны Масликовтың үй iшi Мұқан деудi қиын көрiп «Митька» деп атап кеттi) мүмкiндiгiң бол-ғанша шөптi тез жеткiзуге тырыс. Басқаларға қарамай, шөбiңдi алдымен тиеп ал да, келе бер. Жолдан келген аттар тiлiн тiстеп аш тұр, – дедi қожасы.

– Жарайды, – дедi тiл алғыш Мұқан.

Түн ортасы ауа жүрiп кеткен шөпшiлер қар басқан соқпақпен жүру ауыр болып аттарын болдыртып, әрең деп түсте шөпке кеттi. Мұқан жақсы деген екi атты таңдап жексе де, ауыр жол аттарын болдыртып тастады. Аяз сорып, әлсiреп келген жiгiттер төбе болып қар басқан шөптi көрiп үрейлерi ұшты. Оның қарын аршу үшiн бiр күн айналу керек сияқты. Жолдастары қарды қай жағынан аршып, шөптi қалай тиеу керегiн кеңесiп, әр түрлi тәсiлдерiн айтып, көп тұруға айналды.

– Сүлдемiз сүйретiлiп шөбiне әзер жетiп едiк, ендi мұны аршып алу азабы шөппен бiрге сүйегiмiздi шанаға салар, – дедi тоңып, жақ жүнi үрпиген бiреуi.

– Масликовтың бiр сом сексен тиыны сол сүйегiң үшiн берiлгенiн шөптiң басына келгенде бiлдiң бе?.. – дедi, шақ денелi сары жiгiт.

– Мұның өзiн мына бiр жерден ашу оңай болар: үйiндi қардың ойпаттау жерi екен. Шөптiң түбiне шейiн, шана сыйғандай етiп, қарын алсақ, төбесiн басқан қарды кейiн көрермiз, – деп, тағы бiреуi үйiлген шөптi айнала басып, төбе болып кеткен қарды төбесiне шығып көрiп жүрдi.

Оған дәтi шыдамаған Мұқан боран үрiп, шөптiң шетi көрiнiп тұрған бiр бұрышына келдi де жiгiнiң арасына бастырықты ырғап-ырғап сүңгiтiп жiберiп, иығы-мен көтерiп тастады. Шөп-шөбiмен үйiлген қар жел аударған түндiктей төңкерiлiп түстi.

– Ой, мынау не iстедi өзi... – дестi, қалай ашып алудың амалын таппай, есi шығып тұрған жолдастары. Оған Мұқан жауап қайырмады. Бастырықты тағы бiр сұғып екiншi көтерiп тастағанда, үйiлген шөптiң жартысы ашылып қалды. Бiр айыр шөптi аттарының алдына апарып салды да, шанасын доғарып сүйреткен бойы жақындатып әкеп шөптi тией бердi.

– Ей, сен не iстеп жатырсың? Көмбе қарда атты қалай жекпексiң, батып кетедi ғой, – дестi жолдастары.

– Менiң оны өлшеп, ой тауысуға уақытым жоқ. Қожайын айтты бiттi, менiң шөптi тез жеткiзуiм керек. Осыдан басқа маған түктiң керегi жоқ.

– Мына күртiк қар атты көтере алмайды деп тұрмыз ғой.

– Атты көтермесе менi көтередi. Менiң атқа шейiн сүйреп баруға мұршам келедi ғой деп тұрмын.

– Соны қойшы, нан жеп, әл жинайық та, сонан кейiн қалай тиеп алуды ойласармыз, әйтеуiр, бала төбесiн ашып, азапты жеңiлдеттi ғой, – дестi, суынған бойларын жылытқалы, беттерiн уқалап, қолын қолына соғып, жүгiрiп жүрген жiгiттер.

Жолдастары нандарын жеп болғанша, Мұқан шөптi таудай ғып тиеп болып, бастырығын тартып, жетегiнен ұстап, ит шанадай сүйретiп, аттарының қастарына апарып қойды да, ол да нанын жедi.

* * *

Мұқан атын жегiп, жетi-сегiз шақырымдай шыққанда, қарсы алдынан боран соға бастады. Үйе тиелген шөпке қарсы соққан қарлы жел шөп арасын көтерiп, өңменiнен итергендей тiреп, аттың аяғын қия басқызбады. Аттардың жүргенiнен тұрғаны көбейдi. Күн батып, дүлей қараңғы түн басталды. Мұқан шананы сүйрелеп, атқа көмектестi. Айыр шаншып артынан да итерiп көрдi. Шекеден аққан терi өңiрiне тамып, түйiр-түйiр мұз болып қатып жатты. Қалаға жетi шақырым қал-ғанда бiр ат аяғын басуға мұршасы келмей, төрт аяқтап тұрып алды. Ыза кернеген шөпшi, айырын шананың артына көмейлете шаншып қойды да, үрiндi қарға көмiлiп тұрған шананы итерiп кеп жiбергенде, жүре алмай тұрған ортаға жеккен ат, жетек сынып бүктелген бойынша шананың астына шалқасынан түстi. Жанына жеккен ат қайрылып сыртқа шығып кеттi. Мұқан шананы кейiн итерiп, астындағы атты босатқанша ол өлiп кеткен едi. Шөпшi бiраз демiн алып отырды да, өлген аттың қолдауынан божыны екi қабаттап өткiзiп алып кеудесiн көтерiп, шөптiң бастырығынан байлады да, басы көтерiлiп салбырап тұрған бөксесiн иығына салып тұрып, шананың үстiне лақтырып жiбердi. Өзi бел көтергiш қайысты шанаға байлап, қалған атқа пар болып шөптi сүйреп, қаланың шетiне шейiн алып келдi. Қалаға кiрген соң, ол ат та аяғын басудан қалды. Оны шананың артына байлай салып, өзi жүктi сүйрей бердi. Ел тұрып, қорасының айналасын күрей бастағанда, адам сүйреткен дәу шана шөп, бiр атты үстiне салып, бiр атты артына байлап, Масликовтың қорасына кiрдi. Бұл алып күштiң кiм екенiн бiлу үшiн, Масликовтың қорасына келгенше топ-тобымен қала адамы шананың артынан ерген едi.

Төбедей болып шөп үйiлген шана қораға атсыз кiргенде, Масликовтың үй iшi, жалшы жiгiттерi үрейлене далаға шығысты.

– Ойбай, ат қайда?.. Иттiң баласы, – деп жан даусы шықты байдың.

– Жоқ деген атың шананың үстiнде, бар атың шөп-тiң артында байлаулы, қожайын, далада қалған ешнәрсең жоқ, – дедi бала. Қожайын өлген атты көрiп:

– Шақырыңдар городовойды мына шошқаға акт жасасын, – дедi.

Екi городовой келiп:

– Сүйрет шананы, шөп, атымен. Полицмейстерге алып барамыз, – дедi.

Үстi-басы термен буланып, аппақ қырау басқан Мұқан үстiндегi өлген атымен шананы сүйретiп полиц-мейстердiң қорасына кеттi.

---

Source: [https://yvision.kz/post/zhayau-s-yregen-shana-684109](https://yvision.kz/post/zhayau-s-yregen-shana-684109)