---
title: "«ЖАС ҰЛАН» МЕКТЕБІНДЕ ОҚУ ҮШІН БІР ОРЫНҒА 10 ҮМІТКЕР ТАЛАСУДА"
description: "Астанадағы «Жас ұлан» республикалық әскери мектебінде оқуға іріктеу жалғасуда. Әскери болғысы келеті..."
author: "nits_molodesh"
published: "2016-08-26T05:15:28+00:00"
modified: "2016-08-26T05:15:28+00:00"
locale: "ru"
canonical_url: "https://yvision.kz/post/zhas-lan-mektebinde-o-u-shin-bir-oryn-a-10-mitker-talasuda-708982"
markdown_url: "https://yvision.kz/post/zhas-lan-mektebinde-o-u-shin-bir-oryn-a-10-mitker-talasuda-708982/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# «ЖАС ҰЛАН» МЕКТЕБІНДЕ ОҚУ ҮШІН БІР ОРЫНҒА 10 ҮМІТКЕР ТАЛАСУДА

> Астанадағы «Жас ұлан» республикалық әскери мектебінде оқуға іріктеу жалғасуда. Әскери болғысы келеті...

Астанадағы «Жас ұлан» республикалық әскери мектебінде оқуға іріктеу жалғасуда. Әскери болғысы келетін Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген бозбалалар күн сайын кезең-кезеңнен өтуде. Биылғы жылы конкурстық іріктеу тартысты өтетін түрі бар. Себебі, бір орынға 10 үміткер талаптанып отыр - дейді BAQ.kz тілшісі министрліктің ресими сайтына сілтеме жасап.

Барлық оқуға түсетіндерге іріктеудің төрт кезеңінен мүдірмей өту қажет. Ол кәсіби психологиялық іріктеу, яғни, жасөспірімдер психологиялық тестілеу, сондай-ақ, логикалық ойлау бойынша тестілеу тапсырады. Екінші кезең – дене даярлығын тексеру, үшіншісі – медициналық куәландыру. Әрі қарай мандаттық комиссия және оқуға қабылдану.

Бозбалалар үшін күрделі кезеңдердің бірі дене даярлығы бойынша нормативтерді тапсыру болды. Белтемірге тартылу, 60 және 2 000 метрге жүгіру. Кейбір жеткіншектердің әскери мектепке жете дайындалғаны байқалады. Сондықтан болар, көрсеткіш бойынша «үздік» деген бағадан асып түсіп, нормативтерді қиналмай тапсырып жатқандар да көп.

> "2016 оқу жылында «Жас ұлан» республикалық мектебіне 52 адам қабылдану жоспарланған. Алайда қазіргі таңда 500-ден аса адам құжаттарын тапсырды. Бұл - бір орын үшін 10 талапкердің үміттеніп отырғанын білдіреді», - дейді мектеп бастығының оқу жұмыстары жөніндегі орынбасары подполковник Хамит Байкенов.

Онымен қоса, оқуға тапсырушылардың қатарында қосымша ұпайлар берілетін үміткерлер де бар екенін айта кеткен жөн.

> «Бізде бірінші кезекте жетім балаларға, қызметтік міндеттерін орындау барысында қаза болған әскери қызметшілердің балаларына, сондай-ақ, еңбек сіңірген жылы 10 жылдан асатын әскери қызметшілердің балаларына, халықаралық, республикалық, президенттік олимпиадалар мен әртүрлі байқаулардың жеңімпаздарына, үздік дипломы, сонымен қатар, әртүрлі спорт бойынша спорттық дәрежелері бар балаларға бонустық ұпайлар қосылады», - деп түсіндірді Хамит Байкенов.

Іріктеудің әрбір кезеңінен өтуге бір-ақ рет рұқсат беріледі. Бұл ретте әскери мектеп басшылығы балалардың ата-аналарымен ұдайы өзара байланыста болады. Оларға іріктеу ережелері мен барлық жағдай түсіндіріледі. Қажетті құжаттамалар мен қабылдау ережелері ұсынылады. Одан басқа, емтихандардың өткізілу барысын қадағалайтын ата-аналардың ішінен 1-2 адам бөлінеді.

Былтырғы жылы «Жас ұлан» мектебіне қабылдау ережелері өзгертілді. Сол уақыттан бастап оқуға жалпы білім беру мектебінің 9-сыныбын аяқтаған бозбалаларды қабылдайды. Сонымен, әскери мектепке жасөспірімдер оқуға түсу үшін алдын ала дайындалып, барлығын ой елегінен өткізіп, саналы түрде келеді.

---

Source: [https://yvision.kz/post/zhas-lan-mektebinde-o-u-shin-bir-oryn-a-10-mitker-talasuda-708982](https://yvision.kz/post/zhas-lan-mektebinde-o-u-shin-bir-oryn-a-10-mitker-talasuda-708982)