---
title: "\"Жаныма жылу сыйлайды\""
description: "5 желтоқсан. Сағат кешкі 18:00 шамасында мен әдеттегідей дүкенге бару керектігін арқау етіп, кешкі ..."
author: "uservk339952709"
published: "2021-05-05T19:02:42+00:00"
modified: "2021-05-05T19:02:54+00:00"
locale: "ru"
canonical_url: "https://yvision.kz/post/zhanyma-zhylu-syylaydy-933776"
markdown_url: "https://yvision.kz/post/zhanyma-zhylu-syylaydy-933776/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# "Жаныма жылу сыйлайды"

> 5 желтоқсан. Сағат кешкі 18:00 шамасында мен әдеттегідей дүкенге бару керектігін арқау етіп, кешкі ...

5 желтоқсан. Сағат кешкі 18:00 шамасында мен әдеттегідей дүкенге бару керектігін арқау етіп, кешкі серуенге шықтым. Сондағы бар мақсатым таза ауа жұтумен қатар өзіммен-өзім тілдесу еді. Бойымды билеп, санамды жаулап тұрған сұрақтарға жауап тапсам деген ниет еді. Жүрегіммен арпалысып, ойыммен таласып, қиялға беріліп мамық қармен аяңдап жүріп келемін. Айнала сондай ғажайып әрі тылсым, бірақ мені белгісіз, жайсыздық сезімі мазалап келеді. Өткенді еске алып, болашаққа көз тастап, армандап, өмірді ойлап, махаббатты ойлап келе жатқанымда бір қызғылт түсті затты көзім шалды. Бұл не екен деп жақындай бергенімде, аққала жасап отырған бүлдіршін қызды көрдім... Мен сол кезде бақытты қызды көрдім. Көздері оттай жанған, жүзінен жылулық сезілген, мейірім нұры төгілген балақайды көрдім. Өмірге құштар жанды көрдім!

Маған күлімсіреп қарағанда, мен де шаттық күйге бөлене кеттім. Ол менің жүрегіме жылу сыйлап, мейірім нұрын шашқандай болды. Алдыңғы түкке тұрғысыз сұрақтар мен түсініксіз сезімдер әп-сәтте ғайып болды. Бұл қызды сыртынан қарап тұрып көп нәрсе түсіндім. Өмірдің мәні - оның әр сәтінде. Барға шүкір етіп, өмірді шын жүрекпен сүю керек екенін ұғындым. Неткен ғажап сезім...

---

Source: [https://yvision.kz/post/zhanyma-zhylu-syylaydy-933776](https://yvision.kz/post/zhanyma-zhylu-syylaydy-933776)