---
title: "Жан достардың жан тәсілімі"
description: "“Мальчик в полосатой пижаме” Джон Бойнның атты романының оқығаннан кейінге ой.“Достық шекара мен ұлтқа бағынбайды, ол тек жүрекке сене?..."
author: "asselaktureeva"
published: "2024-10-16T11:03:19+00:00"
modified: "2024-10-16T11:03:19+00:00"
locale: "ru"
canonical_url: "https://yvision.kz/post/zhan-dostardyn-zhan-tasilimi-1007930"
markdown_url: "https://yvision.kz/post/zhan-dostardyn-zhan-tasilimi-1007930/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Жан достардың жан тәсілімі

> “Мальчик в полосатой пижаме” Джон Бойнның атты романының оқығаннан кейінге ой.“Достық шекара мен ұлтқа бағынбайды, ол тек жүрекке сене?...

“Мальчик в полосатой пижаме” Джон Бойнның атты романының оқығаннан кейінгі ой.

***“Достық шекара мен ұлтқа бағынбайды, ол тек жүрекке сенеді.”***

***(Авторы белгісіз, ғаламтордан алынған)***

Менің жүрегімде ерекше із қалдырған бұл шығарма - ең таза, пәк балалық достық жайлы жазылған роман. Бұл шығарманы оқымас бұрын, осы романның желісімен түсірілген фильмді көрген болатынмын. Бұл болып жатқан ситуацияны әрі қарай толықтырып ашуға мүмкіндік беретіндіктен, романның өзін оқуға бел будым. Бұл ғажап туынды - оқырманды терең ойға салып, тарихи оқиғадан негізін алған шығармашылық туынды. Романның мазмұны екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі «холокост» тақырыбын қозғайды, бірақ оны ерекше көзқарас тұрғысынан баяндайды, соғыс қасіретін балалардың көзімен суреттейді. Шығарманың басты кейіпкері - сегіз жасар Бруно есімді неміс бала. Оның әкесі неміс офицері, сондықтан Бруноның отбасысы концлагерьге жақын орналасқан үйге көшуге мәжбүр болады. Жаңа аймақ бала үшін тым іш пыстырларлық болғандықтан, оның жалғыз ермегі - үй маңын зерттеу мен жаңа достар іздеу . Осылайша, Бруно концлагерьдің қоршауының арғы жағындағы Шмуэль атты еврей балаға жолығады. Шмуэль «полосатая пижама» киген балалардың бірі болып табылады. Бұл кездесу олардың тағдырын түбегейлі өзгертеді. Олардың арасындағы достық терең сезім мен сенімге негізделген, бірақ, оларды екі түрлі әлемнің қайғысы мен соғыстың ауыр шындығы бөліп тұр.

Олардың достығы адамдарға жеткіліксіз адамгершіліктің көрінісі. Бруно мен Шмуэль соғыс, нәсілдік кемсітушілік немесе өшпенділік туралы ештеңе білмейді. Олардың арасындағы қарым-қатынас ешқандай саяси немесе идеологиялық мәселелерге тәуелді емес, тек шынайы достыққа негізделген. Бұл балалық адал достықтың басты кедергісі - темір тор. Бірақ, бұл кедергі керісінше достықты шыңдай түседі. Соның нәтижесінде бұл достық өзінің ең биік шыңына жетеді. Бұл Бруноның жан досы үшін жасаған ерлігімен дәлелденеді.Ол Шмуэльмен бірге болу үшін «жолақты киім» киіп, «тордың ар жағына» өтеді. Бұл әрекет достық үшін жасалған ең үлкен құрбандық еді. Бруно өзінің алаңсыз өмірін достыққа деген адалдығы үшін темір тордың ар жағындағы қатыгез тағдырға айырбастайды. Жан досының әлеміне тұтастай еніп кеткен Бруноның тағдыры Шмуэль екеуінің құшақтасқан күйі жантәсілін етуімен аяқталады. Бұл шығармадағы тағы бір жанға батып, жүректі ауыртатын үлкен қатыгездік- адамгершіліктің жоғалуы мен оның орнына немқұрайлылықтың келуі. Бұл ,әсіресе, Бруноның әкесінің образында анық байқалады. Ол өз мансабына беріліп, айналасындағы қатыгездікке көз жұмып, өз міндеттерін орындау барысында адамгершілік принциптерлі ұмытады. Өйткені, оның барлық әрекеттері тек мемлекеттік мүддені басшылыққа алуға бағытталған еді. Оның осы позициясы қазақтың «біреуге ор қазба, өзің түсесің» деген мақалын еске салады. Әкесінің адамзатқа жасаған қылмыстары оның өз туған баласының өліміне алып келелі. Бұл романындағы көлеңкелі саясат әділетсіздік пен адамгершілікке қайшы идеологияның адамзат өміріндегі қатыгез құбылыс еді. Адамдарды тек сандар мен статистикаға айналдырып, тіршілік иесінің жан дүниесін жоққа шығаратын концлагерь - қасірет ошағы . Қоғамда жасанды түрде “біз” және “олар” деген бөліністің пайда болуы, екі таптың арасындағы қарамақайшылыққа тірелді. Концлагерь адамдарды еркіндіктен айырып, олардың моральдық құндылықтарын тежейтін күш ретінде қызмет етті.

Шығарманың мазмұнына тереңірек үңілгенде, балалық достықтың тәтті дәмін, бір-біріне деген шынайы ниет пен адалдықтың көрінісін айқын сезінуге болады. Бұл туынды достықтың қадірін, адамгершілік құндылықтарды сақтаудың маңыздылығын ерекше жеткізеді. Сондықтан, өмірде рухани байлыққа, шынайы достық пен адамгершілік қағидаларға мән беретін әрбір жанға осы романды оқуға кеңес беремін. Шығарманы оқыған адам жан достардың жантәсілімімен аяқталатын оқиғадағы жантүршігерлік эмоцияларды бастан кешіріп, өзінің

өмірлік ұстанымына қайта үңіліп, бұрынғыдан да шынайы, бұрынғыдан да нақты шешім қабылдауға мәжбүр болады.

---

Source: [https://yvision.kz/post/zhan-dostardyn-zhan-tasilimi-1007930](https://yvision.kz/post/zhan-dostardyn-zhan-tasilimi-1007930)