---
title: "«ӨЗ ОТЫҢДЫ ӨШІРМЕ» НЕМЕСЕ ОРАЛХАН ШЫҒАРМАСЫНАН КЕЙІНГІ ОЙ"
description: "Қазақ халқы үшін оттың орны әр кезде бөлек болған. Ежелгі кезде ата-бабаларымыз көшкенде, бірінші жү..."
author: "olzha-uali"
published: "2015-02-04T11:26:03+00:00"
modified: "2015-02-04T11:26:03+00:00"
locale: "ru"
canonical_url: "https://yvision.kz/post/z-oty-dy-shirme-nemese-oralhan-shy-armasynan-keyingi-oy-467596"
markdown_url: "https://yvision.kz/post/z-oty-dy-shirme-nemese-oralhan-shy-armasynan-keyingi-oy-467596/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# «ӨЗ ОТЫҢДЫ ӨШІРМЕ» НЕМЕСЕ ОРАЛХАН ШЫҒАРМАСЫНАН КЕЙІНГІ ОЙ

> Қазақ халқы үшін оттың орны әр кезде бөлек болған. Ежелгі кезде ата-бабаларымыз көшкенде, бірінші жү...

*Қазақ халқы үшін оттың орны әр кезде бөлек болған. Ежелгі кезде ата-бабаларымыз көшкенде, бірінші жүк артқан түйені екі оттың ортасынан өткізген. Қарап отырсақ, отбасы деген сөздің өзі от дегеннен басталып тұрған жоқ па? Жаңа түскен келіннің отқа май құятын дәстүрі ел ішінде әлі де бар. Келіннің отқа май құюы жаңа құрылған шаңырақтың оты өшпесін деген қазақ даналығының бір парасы шығар.*

Есіме кешегі тоқсаныншы жылдардың соңына тап келген балалық шағымдағы қиын кездер түсіп кетті. Бала санасы бәрін жаттап алатын шақ, көрген нәрсе ұмытылмай көкірегіңде сайрап тұрады. Ол кезде ауылымызда «Ильич шамы» жиі сөнетін, ондайда ауылдағы жұрттың тапқаны – керосин, қолы жетпегені – соляркамен шам жағатын. Бір-бірінен ескі трактордың ернеуіне ілініп тұрар құтыны қолдарына ұстап, үй жағалап жүрер еді. Екеуі де табылмай, үйдегілердің дымы құрығанда балауыздың өлімсіз ғана әлсіз жарығы үйге жарығын болар-болмас беретін. Жатар кезде сол шамдар мен балауызды үрлеп өшірмек болғанымызда әжем Күләш отты үрлеп өшірме, жаман ырым деп ұрсып, тиым салатын. Сосын өзі еппен барып ерінбестен, білтесін жай ғана басқа затпен басып өшіретін. Ойлайтынмын:
- Соншама әуре болып жүрмей-ақ, бір үрлесе шаруа бітіп жатыр емес пе?

- деп. Балалықтың бал дәуренінде қалып кеткен бұл ойымның қателігіне арада қаншама жылдар өтіп есейген шақта екінші мәрте көзім енді жетіп отыр.

Қазақтың маңдайына біткен «Кербұғасы» Оралхан Бөкей – менің сүйіп оқитын жазушыларымның бірі. Оның «Мынау аппақ дүние», «Жанбота», «Қар қызы», «Ұйқым келмейді» шығармаларымен бұрыннан жата-жастана оқитынмын. Жақында мемлекет қолдауымен жарық көрген жазушының жеті томдық шығармалары қолыма тиіп, «Өз отыңды өшірме» шығармасын оқып бітірісімен ұзақ ойға шомып, жоғарыдағы ойлар келісімен, ағалардың ақылымен қолға қалам алдым. 1943 жылы 28 қыркүйекте Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданы, Шыңғыстай ауылында дүниеге келген тума талант, ғұмыр бойы өзінің өр Алтайын жазып өткенімен, тағдыры 1993 жылы, махабаттың символына айналған Тәж-Махал кесенесі орналасқан елде таусылды.

Алтайдың ақиығы – Оралхан Бөкей «Өз отыңды өшірме» романында басынан бейнет кетпеген қазақ халқының өміріндегі қиын-қыстау кезеңдер баяндалған. Кеңес өкіметі құрылып жан-жағын бағамдай алмаған халықтың тұрмысы мен кәмпескелеу тұсындағы ұрда-жық бей-берекетсіздік пен Қазақ даласына ұлы өзгеріс әкелген Түрксіб темір жолы құрылысы бейнеленген. Азаттыққа ұмтылған қазақ халқының ұмтылысын Омар байдың баласы - Еркін монологы арқылы жеткізу сәтті шыққан. Автор Еркін деп, кейіпкер есімінің өзімен азаттық аңсаған Алаш жұртының ойын меңзеп тұрғандай. Романдағы Еркін, сауатты заңгер Семейдегі Алаш қозғалысына белсене қатысады.

Ауыл өмірін, темір жол бойындағы шаруашылық жайын арқау еткен романда негізгі кейіпкерлер, көбінесе, еңбек адамдары болып келген де, олар түрлі әлеуметтік тартыстар үстінде өздерінің адамгершілік мұратын биік ұстауға, моральдық қасиеттеріне қылау жұқтырмауға ұмтылған бейнелер ретінде суреттелді. Мұндай кейіпкерлер қатарында С. Ләмбековтың «Әке жолы» романындағы Ақаш шопан, М. Сүндетовтің «Қызыл ай» романындағы шаруашылық басшысы Рақым, қойшы Орынбай, Қ. Найманбаевтың «Көктөбе» романындағы агроном Тұрарбек, Қ. Жұмаділовтің «Атамекен» романындағы академик Атаханов, Т. Иманбековтың «Үлкен үй» романындағы Ержан образдарын атауға толық негіз бар.

Шығарманы оқи отырып тағы бір түйгенім: кейіпкерлерді салыстыра отырып бейнелеу ұтымды шыққан. Мәселен Дархан мен Бати, Дүрия мен Гүлия, Оспан мен Төленді, Омар мен Көкебайды айта кетсек болады. Жазушы осы арқылы өмірдегі бір-бірімен бітіспес жақсылық пен жамандық, әділдік пен әділетсіздік, аярлық пен адалдық күресін жеткізгісі келген шығар деген пікірдемін. Сонымен қатар шығармада кейіпкерлердің психологиялық ішкі толқыныстары мен жан-күйзелістерін тап басып бере білген. Мұның бір айғағы - бас кейіпкер, махаббатына адал Дарханның ішкі монологтары мен тағдырдың тәлкегімен жастай жесір қалып, күнә арқалаған Дүрияның жауапсыз диалогтары. Елу жылда - ел жаңа дейді қазақ. Шамамен жиырмасыншы жылдары туылып, жетпісінші жылдардың орта тұсына дейінгі Дархан өмірі өрбіген роман өзінің рухани байлығымен, тіл тазалығымен ғана емес, қазақ халқының басына түскен зобалаңдарды әсерлі сипаттауымен оқырманды өзіне баурайтыны сөзсіз. Оқырман көзқарасында роман Тахауи Ахтановтың «Шырағың сөнбесін», Дулат Исабековтың «Тіршілік» туындыларының желісіне ұқсас болып көрінді. Үш шығармадағы басты ерекшелік – шаңырақ түтінінің сөнбеуі. Түйіндей кетсем, Оралхандай ойлы жазушының бағасын беретін мен емес, біздікі шығармадан кейінгі туған ойды қағаз бетіне түсіру. Ал қалғаны романды оқыған оқырман мен уақыттың еншісі болып қала бермек.

---

Source: [https://yvision.kz/post/z-oty-dy-shirme-nemese-oralhan-shy-armasynan-keyingi-oy-467596](https://yvision.kz/post/z-oty-dy-shirme-nemese-oralhan-shy-armasynan-keyingi-oy-467596)