---
title: "Қырым татарлары туралы"
description: "1-сурет. Қырым татарларының байрағы Қырым татарлары туралы мақала жазу көптен бері көкейімде жүрг..."
author: "Fvfylsr"
published: "2016-03-22T12:16:52+00:00"
modified: "2016-03-22T12:16:52+00:00"
locale: "ru"
canonical_url: "https://yvision.kz/post/yrym-tatarlary-turaly-684991"
markdown_url: "https://yvision.kz/post/yrym-tatarlary-turaly-684991/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Қырым татарлары туралы

> 1-сурет. Қырым татарларының байрағы Қырым татарлары туралы мақала жазу көптен бері көкейімде жүрг...

![Қырым татарлары туралы](http://storage.yvision.kz/images/user/fvfylsr/jw8ADvj4xPQ6v4q43ctNLGz49sBbfC.png)

1-сурет. Қырым татарларының байрағы

 

Қырым татарлары туралы мақала жазу көптен бері көкейімде жүрген еді. Өйткені Ресей империясының құрамында өте көп теперіш көрген халықтың бірі осы қандастарымыз еді. Отанынан бір айырылып, жерінен тағы айырылған және әлі күнге дейін елі мен жері үшін тегеуірінді күресіп келе жатқан халықтардың бірі қырым татарлары. Әрі Қырым жұрты қазақ халқына де бөтен емес. Қазақ халқы түркі тілдес халықтардың қыпшақ тобына жататыны бәрімізге мәлім. Сол қыпшақ тобына қазақтан басқа ноғай, қарағаш, қарайым, қырымшақ, ұрым, қарақалпақ, құмық, балқар және қырым татар тілінде сөйлейтін сығандар мен қыпшақ тілінде сөйлеген армяндар, грузиндер (соңғы екеуін сөйлеген деп айтып отырған себебім, қазір бұл топтар жоқ) жатады. Қазаққа Қырым жұрты әуелден таныс, біздің ана тілімізде «Қызың Қырымға, ұлың Ұрымға кетсін» - деп айтылатын қарғыс та бар. Ал, шындығында осы сөзге мән беріп көрдік пе? Қырымымыз Қырым, ал Ұрым деген не? Ұрым деген сөз жалпы Рим, яғни Рум атауының бұрмаланған мағынасы. Яғни, ежелгі Батыс өркениетінің бір бұтағы Византия. Бірақ ұрым деген халық бар деп жоғарыда атап өттік. Ол ұрым Қырымда тұрған тегі грек, бірақ түркі халқы. Қазіргі мекені Грузия мен Украина. Бірақ біздің бүгінгі әңгімеміз қырым татар халқы туралы болмақ. Әуелі қырым татар этнониміне тоқталып өтсек. Қарап отырсақ, татар халқы деп аталатын түркі баласы көп. Мәселен, Қазан татарлары, Сібір татарлары, Астрахань татарлары, Қасым татарлары, одан басқа мишарлар, кряшендер және ноғайбақтар тағы бар. Бірақ Қазан татары бір бөлек халық та Қырым татары өзге бір халық. Өз атауы қырымлы, негізінен Украинаның Қырым автономиялық республикасында тұрады. Қырымда тұратын қырым татарларының саны шамамен 300 000 төңірегінде, одан басқа ТМД елдерінде (Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Литва мен Ресей) тағы 300 мыңдай қырым татары бар. Сонымен қатар, қазіргі Түркия аумағында 4-5 млн. шамасында (кейбір тарихшылар олардың санын 6 млн-ға дейін жеткізеді) шыққан тегі татар, ноғай, қырым татар, бірақ қазіргі уақытта ассимиляцияға түскен түркі баласын да қосады. Бірақ менің ойымша олар өздерін татар текті түріктер деп есептейтіндіктен, жақын уақытта толықтай сіңісіп кетуі әбден мүмкін. Олардан басқа қырым татарларының ірі диаспоралары әлемнің Румыния, Болгария, АҚШ және Германия сияқты тағы да басқа елдерінде бар. Тілдік тұрғыдан үш диалектіге бөлінеді: қыпшақ немесе дала, оғыз, оңтүстік жағалау. Басқа қыпшақ халықтарынан қырым татарларының басты ерекшелігі оғыздардың едәуір әсерінің болуы, ол біріншіден жалпы оғыз тайпаларының әсері мен Осман түріктерінің әсерінен білінеді. Антропологиялық жағынан еуропеидтік нәсілге жатады, алайда далалық қырымдық татарларда аздаған монғолоидтық белгі де бар. Қырым татарларының әдеби тілі Қырымның орта жолақ тұрғындарының негізінде қалыптасқан. 1927 жылға дейін араб жазуына негізделген өз жазуын пайдаланып келген болса, одан кейін латын қарпіне өтсе, ал 1938 жылы кириллицаға көшеді (дәл қазақтардай бір ғасырда үш қаріпті пайдаланып отыр). Қырым татарларының ұстанатын діні – ислам. Қырым татарлары Исламның сүннит мәзхабына жатады. Жалпы Қырым татарлары үш субэтникалық топтан тұрады. Олар: оңтүстік жағалау қырым татарлары, тау қырым татарлары және ноғайлар (бұл өзіміздің ноғай емес, тек субэтникалық топ қана). Қырым татарларының қалыптасуында түркі элементі өте үлкен рөл атқарды. Мысалы, сақтар, ғұндар, бұлғарлар, печенегтер, салжұқтар, қыпшақтар. Сондай-ақ түркі элементінен басқа таврлардың, гректердің, готтардың, италиялықтардың, шеркестердің де әсері болды. 300 жыл бойы Осман түріктеріне вассалдық тәуелділікте болғандықтан түріктердің де едәуір әсері болғанын атап өту қажет. Өзіміздің қыпшақ, арғын, маңғытымыз да қырым татар арасында жүр. Қырым нағыз тоғыз жолдың торабы болғандықтан жаугершілікке жиі ұшырып отырған, арғы тарихына тоқталмай ғана, Қырым хандығы дәуіріне аз-кем шолу жасап көрейік. Қырым хандығы кезінде өте дамыған, көршілес елдермен сауда-саттығы жолға қойылған, қалалары гүлденген ел болды (Қырым хандығына Қырым түбегінен басқа Кавказдағы Азау бойы мен Днепр сағалары да тиелісі болды). Ол туралы өзінің Қырымға жасаған саяхатында түрік саяхатшысы Челеби егжей-тегжейлі тоқталып өтеді. Алайда, Ресей империясымен қиян-кескі соғыстарда қырым татарлары ауыл-ауыл болып жойылып отырған, әрине қырым татарлары өз бостандығы үшін ешқашан да қол қусырып отырмаған, бірақ патша үкіметінің қатты қысымына шыдамаған қырым татарлары жан сауғалап басқа елдерге кетуге мәжбүр болған, мысалы, 1790 жылдары Қырымнан 300 000 мыңнан астам қырым татары кеткен болса, 1860-1863 жылдары Қырым соғысынан кейін ресми деректер бойынша тағы да 181 000 қырым татарының шетелге қашқанын көреміз. 1891-1893 жылдары елауғандардың үшінші толқыны кезінде сыртқа кеткен қырым татарларының саны 18 000 адамды құраған, бұл толқын тоқтамастан 1902-1903 жылдарға дейін жалғасты. Осы кезеңде Қырымды күніне 600-800 қырым татарының атажұртынан тастап кеткенін байқаймыз. Бүл үрдіс жиырмасыншы ғасырдың жиырмасыншы жылына дейін жалғасты. Шамамен алғанда жалпы саны 928 000 Қырым татарының аталған уақыт аралығында (яғни, 1790 - 1918 жылдар аралығы) Түркия аумағына қашып барып, қоныстанғанын Еуропа тарихшылары жазады. Патша үкіметі оларды Қырымнан кетуге мәжбүрлей отырып, бос қалған жерлерге орыстарды көшіріп алып келіп отырған, бастапқы көшіп келушілерге барлық жағдайды жасай отырып, оларды барлық алым-салықтан да босатып отырған. Міне, осындай саясаттың кесірінен ғасырдың басында Қырымдағы татар жұрты жалпы елдің 25 пайызын ғана құрап қалды. Өткен ғасырдың басындағы татар-түркі жұртының мұраты үшін күрескерлердің бірі атақты «Тәржіман» газетін шығарушы Исмаил Гаспаринский (Гаспарлы) күресі осыны көре отырып, басқа түркі халықтары Қырым татарларының күйіне түспесін деген жан айқайы еді.

![Қырым татарлары туралы](https://storage.yvision.kz/images/user/fvfylsr/42svAKbDJpEL4BLqbhMWlF9UyAVLBW.jpg)

2-сурет. Исмаил Гаспаринский (Гаспарлы)

Екінші дүние жүзілік соғыс басталған кезде «сенімсіз халық» - деп жала жауып бір күнде мал тиейтін вагондарға барлық қырым татар халқын тией отырып, Орта Азия мен Қазақстанға жөнелтеді. Аурудан-сырқаудан, жол азабынан көшірілген Қырым татарларының саны тағы екі есе азаяды. Екінші дүние жүзілік соғыстан кейін елуінші, алпысыншы, жетпісінші, сексенінші жылдары Қырым татарлары өз Отанына қайту үшін күресін әсте тоқтатпайды. Егер 50 жылдары Атамекенінен көшірілген шешен-ингуштар, қарашайлар мен балқарлар, қалмақтар өз елдеріне қайтуға мүмкіндік алса, ондай мүмкіндік оларға жасалған жоқ. Сондықтан да 90 жылдары Қырым татарлары өз күштерімен Отанына келуге мәжбүр болды. Оған бір жағынан Ферғана оқиғалары да әсер етті. Отанына орала алмай жүргені екеудің біреуі. Өз бетімен өз Отанына келген Қырым татарларын ешкім күтіп тұрған жоқ еді, баяғы ата-бабасының үйіне бөгде біреулер кіріп алған, ауылдары жермен-жексен етілген, мешіттері шошқа бағатын қораға айналған, ата-баба моласы трактормен сырылып, жүзім егістігіне айналған. Міне осындай қиын жағдайда өз құқығын қорғау үшін қырым татарларына күресті одан әрі жалғастыруға тура келді.

Ал 2014 жылғы оқиғаларға байланысты Қырымның одан кейінгі жағдайы бәрімізге белгілі!

Пайдаланылған әдебиет тізімі: 1. Сайт «Тюркологические публикации», Крымские татары и ногайцы в Турции. Хенрик Янковски (Польша). Ағылшын тілінен орыс тіліне аударылған. 2. Языки мира. Т. 2. Тюркские языки. – Бишкек, 1999. 3. Бизаков Сейдин. Ветви одного могущего дерева. 4. Баскаков. Введение в изучение тюркских языков. Изд 2. М, 1969.

![Қырым татарлары туралы](https://storage.yvision.kz/images/user/fvfylsr/7aj6Nla55kA9KKgIx9m4YM5l2m6R0r.jpg)

3-сурет. Қырым картасы

---

Source: [https://yvision.kz/post/yrym-tatarlary-turaly-684991](https://yvision.kz/post/yrym-tatarlary-turaly-684991)