---
title: "ҚЫЛМЫСКЕР ҚИСЫҚ СИЕДІ"
description: "Алаяқ Әбілазовтың қылмыстық жүйесі рухани азғындардың жұмыртқа қалтасы (анайырақ естілсе кешірім өті..."
author: "Mark_Ruby"
published: "2012-08-31T05:36:32+00:00"
modified: "2012-08-31T05:36:32+00:00"
locale: "ru"
canonical_url: "https://yvision.kz/post/ylmysker-isy-siedi-286929"
markdown_url: "https://yvision.kz/post/ylmysker-isy-siedi-286929/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# ҚЫЛМЫСКЕР ҚИСЫҚ СИЕДІ

> Алаяқ Әбілазовтың қылмыстық жүйесі рухани азғындардың жұмыртқа қалтасы (анайырақ естілсе кешірім өті...

**Алаяқ Әбілазовтың қылмыстық жүйесі рухани азғындардың жұмыртқа қалтасы (анайырақ естілсе кешірім өтінем, құрметті оқырман, жалпақ тілмен айтқанда енегі) іспетті. Оның қисық та қыңыр жобалары генетикалық тұрғыдан қабілетсіздігін танытуда. Неге? Себебі, қарапайым: халықаралық қылмыстық жүйенің әкесі атанудан дәмелі еркегің шын мәнінде өзінің «белсіздігін» көрсетіп отыр. Оның қисық шаптырған зәрі іс жүзінде жетер жеріне жете алмайды. Сондықтан, айналасына қоғамның қағылған-соғылған қалдықтарын, шетке шығып қалған жексұрындарын жинап алып, соларды «асыранды бала» қылып отыр. Бірақ, соның өзінде «өгей әкенің» рөлін атқара алмай пұшайман болуда. **

** **

**Өгей әке мен асыранды бала**

** **

Қылмыстық әлемнің әкесі атанғысы келген Әбілазов өзі ондай ұрпақты дүниеге әкеле алмаған соң, көр-жерден жинап, ақшаға қызыққа алаяқтардан құрастырып, қылмыстық отбасын құрды. Оның қылмыстық отбасының мүшелері шеттерінен дәл өзі секілді сатқын, алаяқтар. Олардың отбасында адалдық, сүйіспеншілік дегенге мүлдем орын жоқ. Моральдық тұрғыдан азғандары соншалық, іштерінен ылығып, не істеп не қойғандарын білмей ыңырсып жатады.

Бұлардың бәріне ортақ бір ғана құндылық бар. Ол – ақша. Ақша дегенде қылмыстық отбасы мүшелерінің қай-қайсысы да жандарын үзіп беруге даяр. Және қандай да бір жерден өздеріне пайда түсетін сәтті байқай қалса, онда да елге барынша зиянын, кесірін тигізе отырып пайда табатын сәт болса, барлығы жаппай сондай өңмеңдейді, өзеурей ұмтылады. Жаңаөзенге де олар жаппай ұмтылғанда, ондағы мұнайшыларға жаны ашығаннан барған жоқ, солардың мұңдарынан ақша жасаудың мүмкіндігін байқай қалғандықтан жарыса жетті. 2011-жылдың көктемінен бастап, жыл аяғында дегендеріне жетіп тынғанға дейін сол жерден боққа үймелегендей шыбындай үйіріліп шықпады.

 

**Рухани мерездік **

 

Қылмыскер Алаяқ Мұхтар Әбілазов Жаңаөзенге өзінің шиебөрілерін қаптатып, елді бір-біріне айдап салып, қырқыстыру кезінде әлеуметтік аурудың бұрын белгісіз болып келген түрін шығарды. Ол рухани мерездік. Мерез дегеннің не екенін білесіздер ғой. Ол қазіргі медициналық тілмен айтқанда рухани сифилис деген сөз. Бұл дегеніңіз әлгі елі мен жерін, жақындарын сатудан да жаман, халықты ашық тонаудан да қауіпті ауру. Әбілазовтың рухани мерездігі – күні кеше ғана өзін туып, өсіріп, оқытып-тоқытқан, жеткізген елінің, жақын адамдарының, туыс-туғандарының шат-шадымен, баршылықта, жайдары тұрмыс кешуін көре алмаудан туындайтын жеккөрушілігі. Әбілазовтың мерездігі – мыңдаған адамды тақырға отырғызып, жиған тергендерін жалғыз ақ сәтте үптеп кеткеннен кейін де, ешбір жазығы жоқ, өзіне пайдасы тимесе, ешбір кесірі болмаған жандарды қанға батырғаннан кейін де сабасына түспейтіндігі.

Кейде тіпті түріне қарасаң бейшара секілді, ішіне торғайдың миындай болса да ми сыймайтындай шақша басты міскіннің бойынан осыншама жаманшылық қайдан туындап жататынына таңғаласың. Бірақ, адам аласы ішінде демейтін бе еді, баяғыда түрмеде жүріп, ел ағаларынан кешірім сұрағандағы мүләйім түрдің ар жағында қандай зымияндықтың, қандай жексұрындықтың жасырынып жатқанын көріпкел болмаса, басқа кім білген.

Ендігісі мынау, баяғы заманда болса, шошаң етіп атқа мінуге де жарамайтын құртақандай Жантас қазіргі ақпараттық заманда өзінің зымияндығымен дардай атағын шығарып отыр.

Оның қуанышына орай әлі де болса ондай зымияндарды бағалайтындар табылады, кейбіріміз төредей көріп, төбеге шығаратын батыста сондайларды қолдап, қоршап, қолтығының астына тығатындар табылады. Ең бастысы, қолтықтың қолаңсасына тұншыға отырып, ақырындап, астынан ақша шығарып, қолтық астындағы қалтаға сала берсе болғаны. Ал, рухани әтек Әбілазовта ондай ақша баршылық, елден ұрлап әкеткен ақшасын кім болса соның аузына тығып, бітей береді.

Сондықтан да, қылмыстық ортада кәдімгідей беделге ие болып алды. Ие болмай қайтеді, күндіз түні жақ жаппай істеген қылмыстарын әңгімелеп отырса. Жай әңгімелеп қоя салмай, онысын өзіне қарасты ақпарат құралдарынан таңның атысы, кештің батысы демей жариялап жатса.

Ол алған бетінен қайтқан жоқ, әзір бүгін қайтатын да түрі жоқ, маңайындағыларды алдағанның үстіне алдап, туған еліне қара күйе жаққанның үстіне жағып жатыр. Қолындағы қуыршақтарын ойнатқанның үстіне ойнатып, рөлін ойнап болғандарды бірінен соң бірін қоқысқа лақтырып бағуда. Мұндай рухани мерездерді мықтап емдеу керек. Емдегенде де ұзақ мерзімге түрмеге тығып, мәжбүрлеп емдеу қажет.

 

** **

** **

**Алғаның аурулары**

 

Рухани тұрғыдан өзі мерез, өзі әтек болған соң, оның отбасы қайдан оңсын. Артынан ешкімді ерте алмаған соң ақшаға сатылатын өзі секілділерді жинастыруға кіріскен Әбілазовтың белгілі бір деңгейде жолы болды деп айтуға болады. Бірақ, ол бір қарағанда ғана солай болып көрінеді. Әйтпесе, оның жандайшаптары, үлкенді-кішілі мерездер – Козловтың, Коловтың, Мамай және басқалардың жетісіп тұрған ештеңелері жоқ. Бірін арзанқол машинамен, екіншісін бірнеше бума доллармен, үшіншісін ешкім көрмейтін театрымен, төртіншісін жын-ойнақ қыз-қырқынмен қызықтырып сатып алған Әбілазов олардан өзіне берілгендік, адалдық күткені анық. Бірақ, не ексең соны орасың. Өзің елді құртқан алдамшы, алаяқ, сатқын болып отырып, кімнен адалдық күтпексің. Әркімді өз тамағынан бауыздайтынын Әбілазовтың жандайшаптары әулігіп, алашапқын болып жүріп, темір тордың ар жағынан бір-ақ шыққанда білді. Енді оларға Әбілазовтың көк қағаздары да көмектеспейтінін білгенде басқаша сайрай бастады.

Көп ойланбастан, кешегі көкелерінің керемет қылықтарын бірінен соң бірі сайрап, мәлімдеуге кірісті. Енді қайтсін, көргендері сол ғой. Баяғыда көктегі тәңірлері Әбілазов түрмеге түскенде де сөйткен. Ендеше, оның да бұларға өкпелейтін жөні жоқ. Кезінде өзі де бастан кешкен жайт.

Дегенмен, Әбілазовың тәубесін баяғыда ұмытқан жан. Кешегі жандайшаптары бірінен бірі асып түсіп, Жаңаөзендегі қырғынды ұйымдастыруға қалай атсалысқандары туралы, ақшаны қайдан алып, қайда жұмсағандары жайында, бұйрықты кім беріп, қылмысты кім ұйымдастырғаны турасында айта бастағанда амалсыздан пұшайман болып, пұшық мұрынын уқалап отырып қалды.

Кезінде театр жағалаған, кейін өзі өмірді театрға айналдырып, саяси актер болып кеткен Болат Атабаев жаздым жаңылдымға басты. Оның артынан ақшамен ауызданған бөлтірік Мамай да бас сауғалады. Алматыға келе салып, өздерін оппозиция атайтын тобырдың шиін шығарып, баспасөз мәжілісін өткізді. Көзі көгеріп түрмеге түскенде бұлбұлдай сайраған Симбиновыңыз «ақшаны қайдан алып, қайда жеткізгенін, Жаңаөзендегі тұрақтылықты шайқалтуға қалай кіріскендерін» құлшына әңгімеледі. Сапарғали деген сырбаз «менің байыбына бармай жасаған әрекеттерім Жаңаөзенде қайғылы оқиғаға себеп болғанына өкінемін» деп тәубесіне түскен сыңай танытты.

Осылай. Заң құрығына іліккендердің қайсысының жүрекжарды ақтарылысын тыңдасаңыз да, «мен кінәлі емеспін, мені адастырған Әбілазов» деген ақталу өріп жүр. Бірақ, мәселе сені кім азғырғанында емес, ол азғырушы да кезі келгенде жазасын тартады, мәселе сенің сол азғырындыға еріп, қылмыс істегеніңде. Ендеше қолыңмен істедің бе, мойыныңмен көтер!

---

Source: [https://yvision.kz/post/ylmysker-isy-siedi-286929](https://yvision.kz/post/ylmysker-isy-siedi-286929)