---
title: "Йассыда"
description: "Қатпар-қатпар төбемнен бұлт ұшқанда,Батпан-батпан кеудемді мұң қысқанда,Йассыға қашамын, ғұсылымды а..."
author: "dauren84"
published: "2019-09-30T13:56:12+00:00"
modified: "2019-09-30T13:56:12+00:00"
locale: "ru"
canonical_url: "https://yvision.kz/post/yassyda-841592"
markdown_url: "https://yvision.kz/post/yassyda-841592/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Йассыда

> Қатпар-қатпар төбемнен бұлт ұшқанда,Батпан-батпан кеудемді мұң қысқанда,Йассыға қашамын, ғұсылымды а...

Қатпар-қатпар төбемнен бұлт ұшқанда,

Батпан-батпан кеудемді мұң қысқанда,

Йассыға қашамын, ғұсылымды ап,

Астанасы Тұранның - Түркістанға!

Қыбыр-жыбыр тіршілік мезі еткенде,

Күбір-күбір күншілдер сөзі өткенде,

Түркістанды бетке алам,

кесенеде-

Табылар деп, мұң шағар қажет пенде.

Төбе-төбе естумен сөзін келе,

Көре-көре тарихи көзін көне,

Жырлағаным неше рет есімде емес,

Кеудедегі рухтық сезімге ере.

Түмен-түмен сарбазы "Аруақтаған",

Кілең күрең аттыға жау батпаған,

Батырлары келеді көз алдыма,

Сан ұрыстан оралған әр уақта аман.

Қарай-қарай соңына әскерлер мың,

Талай-талай хан өткен қастерлі ел бұл.

Есімімен ханының жауға шапқан,

Естіледі қиқуы басшы ерлердің.

Жырлап-жырлап жіберсе шайырлары,

Шыңдап-шыңдап салғанда,

айылдары -

Ат үстінен табылған найзалы ердің,

Елестейді сұлбасы - дайын бәрі.

Аз болғандай қан құмар Шыңғысхандар,

Атамекенімді алмақ қырқысқандар.

Ер түріктің ұрпағы - қазақ барда,

Ер Тұранда мәңгілік Түркістан бар!

Дәурен АЙМАНБЕТОВ

![Йассыда](https://storage.yvision.kz/images/user/426037/c4fa4a71fa018a170245eeee9318ec.jpg)

---

Source: [https://yvision.kz/post/yassyda-841592](https://yvision.kz/post/yassyda-841592)