---
title: "Әй, шап!!!"
description: "Бір-бірімен кісінесіп табысып, қасынысып тұратын қылқұйрықтар бауырын жазбағалы біраз болған. Басын..."
author: "Beibit_Sarybai"
published: "2018-01-31T16:29:01+00:00"
modified: "2018-01-31T16:29:01+00:00"
locale: "ru"
canonical_url: "https://yvision.kz/post/y-shap-794864"
markdown_url: "https://yvision.kz/post/y-shap-794864/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Әй, шап!!!

> Бір-бірімен кісінесіп табысып, қасынысып тұратын қылқұйрықтар бауырын жазбағалы біраз болған. Басын...

Бір-бірімен кісінесіп табысып, қасынысып тұратын қылқұйрықтар бауырын жазбағалы біраз болған. Басына жүген кимеген, сауырына қамшы тимеген, ащы тері алынбаған, құрық салынбаған кейбір жүйріктер табан шыға бастаған. Ал, қазекем арғымақ атта артық ет болмайды дейді. Бұлай болса бір жөн-ау, кейбірі тіпті өзінің тұлпар екенін ұмытып, тіршілік дейтін арбаның қамытын киіп үлгерген. Осынау мамыражай тірлік бір күні кілт бұзылды дерсің. Күзге салым, ел жайлаудан түскенде сары арқаның төсінде алты алашқа сауын айтылды. Бәге, бәйге, бәйге!!! Алтай мен Атыраудың ортасындағы ұланғайыр даланың төрт аяқтысы тұтас шапты дерсің. Бәрі де жүйрік. Көбісі кезінде, уағында, бірнеше жыл бұрын, қайбір бәйгеде оза шапқан. Өзін дәлелдеген. Жас тұлпарлар бастап берді, ә дегенде алға шықты. Әне, анау дегерездің қаракері, құйғытып барады. Соңғы төрт-бес жылдың жүзінде ғана танылса да, өзінің жүйріктігін дәлелдеген. Па, шіркін аяқ алысын қара. Мынау шығыстың көк бестісі, анау оңтүстіктің жирені. Анабір екпіндей шауып бара жатқаны жетісудың көкқасқасы. Бәрін суреттеп жату мүмкін емес. Бәрі де жүйрік. «Байтал шауып бәйге алмайды» дегеніңіз жәй сөз ба деймін, әне кетіп барады небір байтал. Әсіресе анау батыстың торы байталы қандай ғажап. Аяқ алысын, тұяқ серпісін қара. Денетұрпаты да ғажап ә. Әне-міне дегенше Қытайдан, Моңғолиядан келген чистокровкалардың да төбесі көрінді. Олардың тынысы кең енді. Құнанында-ақ біраз бәйгенің басынан көрініп, кейіннен аламаннан алыстап кеткен Ұлар ат та қосылды. Жұрттар қалай болар екен деп еді, жо-о-оқ, бабында екен. Шын тұлпардың бойын жасырып жүретінін осы жолы тағы бір дәлелдеді. Бәйге қызып-ақ жатқан. Бір кезде мына бір тұстан кәрі аттар қосылды дерсің. Жұрттар санын ұрып жатты. Енді олардың кәрі деген аты болмаса, әлі бабында. Екі айналым жасамастан бәйгені шаппай бер дегендей мінез танытты. Әсіресе қызылорданың Кенежирені қосылғанда алғаш болып іш тарттық. Артынша Атыраудың ардакүреңі арқырай қосылды. – Поу,-дедік, иә өкінгеніміз, иә қуанғанымыз белгісіз. Бұлардың қосыла шапқаны да ештеме емес екен. Кейбіреулер үмітсіз қосқанында атты аяп кетеді екенсің. Әне бір кәрі бие қосылды. Ыңыршағы шыққан арық еді, зорығып өлмесе жарар еді дедік. Далақтап өзімен-өзі шауып барады. Бас-аяғы оншақты орын, шапқан ат мыңға таяды. Айтқанымыздай, ішінде небір жүйрік те, небір шабан да кетіп барады. Сары арқаның төсінде көтерілген шаң алаш аспанын алып бара жатты. Қиқу күллі әлемді жаңғырықтырып тұр. Алла-ай, өзің жар бола көр. Анабір үмітсіз отыз-қырық атты шығарып жіберіп, қалғанының бәріне бәйге бергің келеді екен. Еш болмағанда бір-бір қойдан, ешкіден, тіпті лақтан жетектетіп жібергің келеді екен. Айналайындар-ай, айналайындар-ай, айналдырған он аттан басқаң арам тер болатын болдыңдар-ау. Жә, арамтер дейтін түгі жоқ, бәйгеге шапқанның өзі тұлпар үшін бір той ғой. Рухтың бәйгесіндле шаппағанда, атамыздың басына шабамыз ба? Шап! Шап! Шап! Айхоу, ойхоу, ихой, ішшу. Шап, аннас.

Ақпарат көзі

---

Source: [https://yvision.kz/post/y-shap-794864](https://yvision.kz/post/y-shap-794864)