---
title: "ВИТРИНИСТ: ДИЗАЙНЕР, ПСИХОЛОГ ЖӘНЕ МАРКЕТОЛОГТЫҢ БАСЫН БІРІКТІРГЕН МАМАНДЫҚ"
description: "Визуалды мерчандайзинг өнерін қазірге тек бір ғана колледжде оқытатынына қарамастан, жас витринистер..."
author: "MON_RK"
published: "2017-06-08T05:17:08+00:00"
modified: "2017-06-08T05:17:08+00:00"
locale: "ru"
canonical_url: "https://yvision.kz/post/vitrinist-dizayner-psiholog-zh-ne-marketologty-basyn-biriktirgen-mamandy-769395"
markdown_url: "https://yvision.kz/post/vitrinist-dizayner-psiholog-zh-ne-marketologty-basyn-biriktirgen-mamandy-769395/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# ВИТРИНИСТ: ДИЗАЙНЕР, ПСИХОЛОГ ЖӘНЕ МАРКЕТОЛОГТЫҢ БАСЫН БІРІКТІРГЕН МАМАНДЫҚ

> Визуалды мерчандайзинг өнерін қазірге тек бір ғана колледжде оқытатынына қарамастан, жас витринистер...

Визуалды мерчандайзинг өнерін қазірге тек бір ғана колледжде оқытатынына қарамастан, жас витринистер қазірдің өзінде шеберліктерін паш етіп үлгерді

Әдемілеп безендірілген сөрені өнер туындысымен салыстыруға болады, жарнамаланып тұрған тауарға еш қызығушылығыңыз болмаса да, мұндай сөре алыстан менмұндалап назар аудартады. Әңгіме тек сұлулықта ғана емес, мерчандайзинг деп аталатын тұтас бір ғылым бар. Оны дүкендердегі, қоғамдық тамақтандыру орындарындағы немесе тіпті кеңселердегі тауар мен қызмет түрлеріне клиенттің назарын аудартудың бүкіл әдіс-тәсілі деп сипаттауға болады. Кәсіби витринист бір бойына дизайнер, психолог және маркетологты тоғыстырады. Ал сөре жөніндегі жоғары санатты маман оған қоса суретші болуы керек, жалпы, ол қай жағынан да шебер болуы тиіс. WorldSkills Kazakhstan ұлттық чемпионатының витринистер секциясына барғанымызда бұған көзіміз жете түсті.

Біздің еліміз кәсіби-техникалық оқу орындарында білім алушылар арасында өтетін WorldSkills жарысына үшінші жыл қатарынан қатысты. Биыл конкурстың финалы Біріккен Араб Әмірліктерінде өтеді, онда әлемнің әр түкпірінен келген колледж студенттері өз мамандықтары бойынша сынға түседі. 3-5 мамыр күндері Астанадағы Көрме орталығында өткен WorldSkills Kazakhstan чемпионатына еліміздің әр түкпірінен 200-ден аса адам қатысты. 23 құзырет бойынша сынға түскен секциялардың ішіндегі ең ерекшесі “Визуалды мерчандайзинг және витринистика” болды. Жаңа мамандық заманауи экономика үшін ауадай қажет, алайда бұл саладағы кәсіби шеберлер саусақпен санарлық. Бүгінде сөрелерді безендіру шеберлігін еліміздегі бір ғана оқу орнында – Сервистік қызмет көрсету колледжінде (Алматы) ғана оқытады.

Бұл құзырет бойынша WorldSkills Kazakhstan чемпионатында осы бір ғана оқу орнының студенттері, яғни курстастар өзара сынға түсті. Конкурс Алматы Сервистік қызмет көрсету колледжінің “Визуалды мерчандайзинг” мамандығында оқитын ең үздік деген үш студентті анықтағанымен, оған қатысқан балалардың әрқайсысы жоғары шеберліктерін көрсетіп, қазылар алқасы тарапынан марапат естіп, көрерменді таң-тамаша қалдырды десек, асыра айтқандық емес. Бірінші кезеңде қатысушылар “Шай сату” тақырыбында кәдуілгі дүкен сөресін безендірді. Екінші кезең виртуалды болды, мұнда сөрені безендіру ісі компьютерде орындалды, яғни “фотошоп” көмекке келді. Екінші кезеңде “ЭКСПО-2017”, “Спорт” және “Балалар бөлімі” деген үш тақырыпты студенттер жеребе бойынша таңдады.

Сервистік қызмет көрсету колледжінің оқытушы-шебері Надежда Серая WorldSkills Kazakhstan чемпионатына оқушыларын алып келген. “Қазірге біз бұл бағыттағы алғашқы қарлығаштармыз деп айтуға болады. Біз тек сатушыларды дайындап қана қоймай, оларды тауардың сұлулығын көрсете білуге де баулимыз. Еліміздегі колледждер мен жоғары оқу орындарында маркетологтар мен тауар бойынша мамандар даярлайды, алайда сөрелерді безендіру – мүлдем басқа мамандық. Мерчандайзингті алғашқы болып оқытып жатқандықтан, біздің жолымыз болды деп ойлаймын. Жуық арада басқа оқу орындары да оқыта бастайды деп шамалаймын”, – дейді оқытушы. Надежда Серая жарыста сарапшы міндетін де атқарды, өз студенттерінің жұмысын “4+” деп бағалады.

Бағалау критерийлері туралы “Визуалды мерчандайзинг және витринистика” құзыреті бойынша бас сарапшы Инна Митрофанова егжей-тегжейлі әңгімелеп берді. Инна Валерьевнаның маркетинг саласында қызмет етіп жатқанына 15 жыл, ол WorldSkills чемпионатына “Қазақстан тамақ кәсіпорындары одағы” деп аталатын отандық кәсіпорындардың технологиялық жобаларымен қатар, визуалды дамуына да қолдау білдіретін ұйым атынан қатысады. “Баға беру үшін қазылар алқасы мүшелерінің субъективті пікірі жеткіліксіз, бағалаудың объективті критерийлері де бар: әріптер түзу жапсырылған ба, ара-қатынас сақталған ба, түстер үйлесе ме, фирманың стилі анық байқала ма, міне, осы талаптарға да жауап беруі тиіс. Қолымызға сызғыш алып, барлық көрсеткішті өлшейміз”, – дейді кәсіби құпиясымен бөліскен сарапшы.

Қатысушыларға келсек, олардың көпшілігі дәл осы мамандықта оқимын деп ойламағаны да анық. Мысалы, Назар Горбачёв программист болғысы келген. Алайда, мерчандайзингтің да жоғары сұранысқа ие мамандықтардың қатарында екеніне көзі жетті. Ал компьютерлік технология саласындағы білімін “фотошоппен” және басқа да бағдарламалармен сөре үлгілерін жасау кезінде кең-молынан пайдаланады. “Бұл өте қызықты жұмыс екен. Түрлі бизнес тренингтер өтіп тұрады, қала көлемінде және республика бойынша көптеген конкурсқа қатысамыз. Мәселен, былтыр “Мен – кәсіпкермін” деген конкурста маған екінші орын берді”, – дейді Назар.

Назардың курстасы Николай Френсель де мерчандайзинг пен кәсіпкерліктің тығыз байланысты екенін айтады, ол да WorldSkills чемпионатына қатысушы. Николай да бастапқыда аспаз болғысы келген. Алайда, жаңа курс ашылып жатқанын естіп, мерчандайзингті меңгеру қызықтау болар деп шешкен, содан бері бұл таңдауына өкінген кезі жоқ: “Өте қызық сала, бизнес пен коммерция туралы көптеген қызықты жайттарды білесің. Өзіңді де басқа қырыңнан танисың. Бұл болашақтың мамандығы деп ойлаймын”, – дейді әсерімен бөліскен Николай.

Тағы бір қатысушы Руслан Зинаудин болса, мерчандайзинг туралы жан-жақты ақпарат болуы керек, бұл туралы болашақ талапкерлерге неғұрлым мол ақпарат берген жөн деп есептейді. Мұндайда WorldSkills секілді шаралардың берері мол. “Бізге қарап келесі жылы студенттер өз жобаларын ұсынатын болады. Біздің тәжірибемізге сүйене отырып, өз жолдарын табады”, – дейді Руслан. Конкурс соңында Русланның жұмысы – шығыс стилінде безендірген шай сөресін қазылар алқасы жоғары бағалады. “Жеңіске жеткен кімге ұнамасын?! Дегенмен, ендігі жауапкершілік те оңай емес. Әлемдік финалда екі есе күрделі болады ғой”, – дейді Руслан. Әлбетте, әлемдік біріншіліктің жауапкершілік жүгі де жоғары, алайда біз Русланның кезекті сыннан да сүрінбей өтіп, БАӘ-де жоғары шеберлік көрсететініне сенеміз. Русланға табыс тілейміз!

“WorldSkills күнделіктері» циклының басқа материалдары келесі сілтемелерде:

[https://yvision.kz/post/768936](https://yvision.kz/post/768936)

[https://yvision.kz/post/767785](https://yvision.kz/post/767785)

[https://yvision.kz/post/767546](https://yvision.kz/post/767546)

[https://yvision.kz/post/767535](https://yvision.kz/post/767535)

![](https://storage.yvision.kz/images/user/mon_rk/44ls61kd2K0sKHVo4I3H2M9q67Njzs.jpg)

![](https://storage.yvision.kz/images/user/mon_rk/3e2NiZDk04yI99ipD7GVP4I5G0ld7F.jpg)

![](https://storage.yvision.kz/images/user/mon_rk/eHCMwPz2H87qFg21R0ImY5K1hI8BCc.jpg)

![](https://storage.yvision.kz/images/user/mon_rk/6V5iV5tZPBD77ei2jprjtZ167f1sD2.jpg)

![](https://storage.yvision.kz/images/user/mon_rk/tqXbOrTTt4s9SO6DTblgZstr8j4836.jpg)

![](https://storage.yvision.kz/images/user/mon_rk/1WCCp8bZAe0D0n6KS0HWX3SmEUUf9G.jpg)

---

Source: [https://yvision.kz/post/vitrinist-dizayner-psiholog-zh-ne-marketologty-basyn-biriktirgen-mamandy-769395](https://yvision.kz/post/vitrinist-dizayner-psiholog-zh-ne-marketologty-basyn-biriktirgen-mamandy-769395)