---
title: "ВАМПУЛАРМЕН ШАЙҚАС"
description: "Онкилондардың айғай-шуынан жиһангездер алақарақта шошып оянды. Абыржыған Аннуир ауызға келіп, мойнын..."
author: "kitap28"
published: "2016-04-07T00:51:17+00:00"
modified: "2016-04-14T13:43:47+00:00"
locale: "ru"
canonical_url: "https://yvision.kz/post/vampularmen-shay-as-687931"
markdown_url: "https://yvision.kz/post/vampularmen-shay-as-687931/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# ВАМПУЛАРМЕН ШАЙҚАС

> Онкилондардың айғай-шуынан жиһангездер алақарақта шошып оянды. Абыржыған Аннуир ауызға келіп, мойнын...

Онкилондардың айғай-шуынан жиһангездер алақарақта шошып оянды. Абыржыған Аннуир ауызға келіп, мойнын сыртқа созды да, жайсыз хабар естіп еңіреп қоя берді.

– Түнде вампулар біздің тұқымның тұрағын шауыпты. Көсем оларға қарсы жорық жариялады.

– Жарайды, басқа лаж жоқ, жолдастар! Киіну керек, жорық бізсіз болмайды, – деді Горюнов киім-кешегін ұстап тұрып.

– Некелесе салып, соғысқа аттанған қызық екен!.. – деп күлді Костяков. – Кигіз, Папу, сауыт пен дулығаны, әпер маған қалқан мен алмас қылыш, жас батыр майдан кіріп, салмақшы ұрыс.

Әрине, осынау ексім жырдан ештеңе түсінбеген ол ұйқысын еркін аша алмай, жазмыш жарына тек жыпылықтап қарай берді. Оның күліп тұрғанын көріп, өзі күліп, орыс сөздерін бұзып былай деп сұрады:

– Огне жигать, кушай варить?

– Дұп-дұрыс айтасың! – деп күліп жіберді көрпеден басын қылтитқан Ордин. – Ол жорық алдында жақсылап тұрып тамақтанып алу керек екенін тамаша түсініп тұр...

Аннуэн, Аннуир! От жақ, ет ас, сүт пісір!

Аннуир бетін қолымен басып табалдырықта жылап отыр еді. Ординнің дауысын естіп әуелі абдыраңқырап қалды да, ізінше-ақ бәріне түсініп, түнде сөнген оттың қоламтасын қопарып қызыл шоқ іздей бастады, қалған келіншектер де төсегінен тұрып, белдемшелерін байлай сап от тұтатуға көмектесті.

Амнундак келгенде жиһангездер жуынып болып, от алаулап, істікте ет пісіп тұр еді. Амандасқан соң от басына келіп отырған ол сөз бастады:

– Ақ адамдар, біздің жұртқа алғашқы бақытсыздық тап келді. Бүгін түнде вампулар біздің ең алыс мекенімізге басып кіріп, шалдар мен бақташыларды өлтіріп, балаларды байлап, бұғыларды айдап алып кетіпті.

Бұл сөзді естіп Аннуир өксіп-өксіп жылады. Вампулар оның төркінін шауып, ата-анасын өлтіріп, інілері мен сіңлілерін алып кеткен.

– Осынша шапшаң бұл хабарды кім жеткізді? – деп сұрады Горюнов.

– Әскери барабан жеткізді. Бақташылардың бірі аман қалып, бізге хабар берді. Мен вампуларға жорық жарияладым. Күллі жауынгер қазір осы арада, біз вампуларды аяусыз жазаламақпыз. Дұшпанымызды жазаласуға нажағай мен жасын иелерінің бірге баруын жауынгерлер қиылып сұрайды.

– Әрине, біз бәріміз бірге барамыз! – деп келісімін шапшаң берді Горюнов. – Тек тездетіп ауқат жасайық.

Орнынан қуана көтеріліп Амнундак:

– Ақ адамдар келісті деп қазір-ақ хабарлайын жауынгерлерге! – деді. – Олар қуанатын болды.Бірер минутта бұл хабар онкилондарға жетіп, алаңқайды қуаныштың айғай-қиқуы жаңғырықтырды. Әйелдер де аса разы болған тәрізді.

Аннуир жылауын қойып көзін қолымен сүртіп тұрып Ординге:

– Жорыққа мен сенімен бірге барамын, – деді.

Ет шыжғырылып жатқанда жиһангездер мылтықтарын тазалап, оқшантайларын толтырып, жолдың керек-жарағын қоржынға тығып әлектенді – себебі жорық бірнеше күнге созылуы мүмкін еді. Келіншектер күйеулерінің қам-қарекетіне қарап аңырған да қалған, соның қырсығынан бірер іскектегі етін күйдіріп алып Раку табан аузында Гороховтан сөгіс есітті.

Ас ішіліп, артық ет пен шелпек қоржынға салынып, жиһангездер сайланып жертөледен шықты. Ойпат үстін ұдайы торлап тұратын соқыр тұман оларды да құшағына алды. Тұманнан от жарығы да, әрлі-берлі жүрген адамдардың сүлбесі де көмескі көрінеді. Басқа түскен пәлені бастан-аяқ хабарлап, алыстан қатты соғылған барабан даусы келеді. Амнундак қару-жарағын түгел асынып өз үйінің табалдырығында тұр еді, ақ адамдарды көріп қолын сілтеп қалды. Жорықтың басталғанын әйгілеп және оның хабарын көрші мекендерге жеткізіп, таяу тұрған барабандардың бірі даңғырлап қоя берді. От басындағы адамдар асығып-үсігіп, ру-руымен сапқа тұрып жатыр, алда жауынгерлер, артта жүк көтерген әйелдер мен өз тұрақтарына қайтуға бет алған жасөспірімдер. Әрине, Амнундак тұқымының әйелдері үйінде қалмақ, бірақ бәрі ерлері мен балаларын аттандырғалы тік көтеріліп далаға шықты, бәлкім, бұл ет жақынымен ақтық көрісуі де болар. Қоштасу тым қысқа болды. Әйелдер жылаған жоқ, тегі, сүйіскен түрі болуы керек, ерлерінің мойнына асылып бетіне бетін тақасты. Барабан даңғырымен Амнундак пен ақ адамдар бастаған жасақ жорыққа жол тартты, ерткен екі иті вампулардың ізіне түскенде көп пайда келтіруі тиіс. Жедел басып тұп-тура жиырма бес шақырым жердегі тоналған мекенге тартты. Ормандар мен алаңқайлар алмасып, біртін-біртін қоштасып, әйелдер саптан жырылып, өз мекендеріне бұрылды. Тұман сейіліп, күн жарқырап, шыжи бастады.

Ойран-топаны шыққан мекенге жеткенде түске дейін әлі біраз уақыт барды. Вампулар өртеп кеткен жертөленің іші жанып, шаңырағы ортасына түсіпті, кей жерде шым астынан жалын тілі жылт ете қалады, күйген тері мен жүннің иісі кеңсірік жарады. Алаңқайдың шөбі тапталып, кей тұсында қан ұйып жатыр. Әр жерде алып кетуге ауырсынып, басын кесіп бауыздап тастаған шал-кемпірлердің мәйіті. Шашылып жатқан сынық найза мен жебе, жыртылған киім, қираған ыдыстың жұрнақтары.

Астан-кестені шыққан тұрағын көрген әйелдер зар еңіреп, алаңқайды басына көтерді, бәрінің де өзегі өрт – бала-шағасы мен жақын-жұрты түгел жау қолында. Жауынгерлер үн-түнсіз, алаңқайда олардың түнерген жүзінен, от шашқан көзінен кек қайтарғанда еш мейірім жасамайтыны айқын білініп тұрды. Амнундак аз-кем тынығып алуға ишарат білдірді. Аман қалған басын таңып алған бақташы орманнан келіп шапқыншылық жайын бастан-аяқ баяндады.

Еркек кіндіктің көбі тойға кетіп, қайрат көрсетер кісі аз қалғанын алдын ала білсе керек, сірә, түн ортасына таман вампулар алаңқайды қоршап алып, аяқ астынан бақташыларға тарпа бас салады да, екеуін сойылмен ұрып өлтіріп, біреуін талдырып тастайды. Ол есін жиса, бәрі күл-талқан: жертөле өртеніп жатыр, бұғыларды айдап кеткен, алаңқайда тек өліктер ғана қалған. Таңертең бақташы тонаушылардың қай бағытқа кеткенін анықтап алыпты. Оның аман қалған себебі бұтаның қасында тұр екен – қараңғы мен тұманда вампулар оны таба алмапты.

Қазалы рудың әйелдерін күл болған жұртында қалдырып, қалың жасақ тағылар мен бұғылардың ізіне түсіп, терістік-шығысқа қарай жөнеді. Иттер алда жүгіріп отырды, мұның өзі ілгері қарай шапшаң жылжуға жағдай жасады, ал тағылар торуыл құрса, есті мақұлықтар табан аузында-ақ тауып берер еді. Оның үстіне жүк арқалаған әйелдер қалып, жауынгерлердің тез жүруіне жағдай туған, сондықтан олар ауық-ауық жүгіріп алып та отырды. Төңірек тып-тыныш: тек жұмсақ аяқкиімнің жеңіл дүрпілі мен жүрек дүрсілі ғана естіледі. Алаңқайдың ашылар жақ бетінде тұрған дәу теректің түбіне келіп, иттер жоғары қарап арс ете қалғанша олар осылай екі сағат жеделдете жүрген еді.

– Ағаш басында торуыл тұр! – деп сыбырлаған Амнундак орман бойлап алаңды қоршауға бұйрық берді.

Сол-ақ екен, Белуха каңқ ете қалды – бақса оған ағаш басынан атқан тас тиіпті. Жиһангездер жапырақтың қозғалған тұсын шалып қап, басып жіберіп еді, гүрс еткен үн алаңқайды жаңғырыктырып, онкилондар жебесі терекке жауып кетті. Жауап ретінде ағаш басынан өкірген ащы дауыс шықты да, бұтақтарды сындыра-мындыра екі қара дене жерге күрс етті.

– Ағаш басында бұлар екеу-ақ болғаны ма? – деп сұрады мылтығын оқтап жатып Горюнов.

– Жоқ, олар торуылға бесеуден кем шықпайды, – деп жауап берді Амнундак. – Қазір көресің.

Ол бір бұйрық беріп еді, бірнеше жауынгер шоққа сүңгіп кетті. Ағаш басы тып-тыныш. Қозғалып кетсе-ақ, өздерін дұшпанға ұстап берерін вампулар сезсе керек. Сондықтан онкилондардың біразы ағаш басына жаудыртып жатқан жебеге мән бермей, ағаш тасасына, жуан бұтақтарға жабыса түсті. Міне, осы ағашқа таяу бауырдан шырпы-шылан кұшақтап, онымен найзадан бетін қорғаштап бірнеше онкилон шықты. Шырпыларын теректің түбіне үйіп от қойды да, замат тайып берді. Қу шырпы лезде түтіндеп жана бастады. Жоғарыда дұшпанының бар қимылын бақылап отырған вампулар жапырақ арасынан өрт салушыларды байқамай қалыпты. Шырпыдан қою түтін көтеріліп, жалын теректі жанай бастағанда ағаш басынан тағы да өкірген дауыс естіліп, бірнеше найза отқа топ етіп түсе қалды. Онысына от өрши түсіп, көзі ашылған шырпы сытырлай жанып, ағаш басындағылардың жағдайы қыл үстінде қалды. Вампулар ағаштың ұшар басына көтеріліп еді, сирек жапырақтың арасынан нысанаға бірден ілікті, тағы бір дүркін атылған мылтық екеуін қағып түсті, біреуі жерге күрс етіп, екіншісі бұтаққа ілініп, басымен төмен салбырады, бірер минутта оның тәніне оншақты жебе қадалды. Соңғы вампу ағаштың екінші бетіне шығып, ұзын бұтақтың ұшына дейін жорғалап барды да, төрт метр биіктен жерге секіріп түсіп қаша жөнелді. Алаңқайда онкилондар оның алдын орап, жебемен қарсы алды да, ол жиекке жетпей мұрттай ұшты.

Амнундак алғашқы қауым өгізінің мүйізінен жасалған тұрбадан ысқырып беріп еді, алаңқайдың жан-жақ жиегінен жауынгерлер жүгіре шығып, көсем мен ақ адамдардың жанындағы жасақ жеткен ағаштың түбіне жиналды. Ағаш басынан құлаған үш тағыда жан жоқ, үшеуінде де оқтың жарақаты бар, сонда да тіріліп кетеді деп сескенді ме, онкилондар бәріне де найза бойлатты. Бәрі де жиһангездердің саяхатта көрген тағысынан айнымайды: жүндес, бұлшық етті, кескіні хайуан тектес, шашы дудар-дудар, шамасы, соғыс қимылына орай бетін қып-қызыл қынамен бояса керек, онысы өздерін тіпті жексұрын көрсетіп тұр. Ешкім қалмады ма екен деп көз жеткізу үшін бір онкилон ағаштың басына шығып, одан вампулар қалдырып кеткен шоқпарлар мен найзаларды алып, жанып бітуге таяған отқа лақтырды.

Алғашқы айқас онкилондар үшін еш шығынсыз жеңіспен бітті. Енді тікелей шығысқа тартқан ізбен жасақ ілгері жылжыды, тағылардың тұрағы, тегі, ойпаттың осы жақ шетінде болуы ықтимал. Торуыл қайтып кездескен жоқ, сірә, алғашқысының өзі дұшпанның жақындағанын хабарлау үшін қойылған бақылау күзеті болса керек, ит біліп қап, ол ойын да жүзеге асыра алмады.Және бірнеше шақырымды әп-сәттің арасында жүріп өтті. Аласа ормандар жиек жақын қалғанының жаршысындай еді. Бұталы тоғай басталғанда, жасақ сәл аялдап, тың тыңдады– алдан айғай-шу, тоқылдаған дыбыс шықты. Арнайы жіберген барлаушылар бауырға дейін барып, осы сүрлеу тірелетін үңгір тұрағы екен, аузына қойтастар қойып, бекініс жасап жатыр деп хабарлады. Мәлімет алысымен, Амнундак онкилондарды үшке бөліп, біріне Ординді бас қып, бұта-бұтаны паналап терістіктен келуді, Костяков бастағанына түстіктен тиісуді тапсырды. Бұл жасақтардың екеуі де жарты шақырым кері шегініп, ағашсыз танаптан тез жүгіріп өтіп, жар жағалай отырып тағылар тұрағына екі бүйірден тиюі тиіс. Үшінші жасақ сол сүрлеумен шоқтардың бауырына жетіп, бірден үш жақтан дүрсе қоя беру үшін анау екеуінің тақалғанын күтіп жатты. Вампулар жұмысын жан салып-ақ істеп жатыр: қақпақ тастарды қалап үңгірдің аузын қоршап болуға таяу, торуылшыларына сеніп, қарауыл қоймай, олар дұшпанының жақындап қалғанын да сезген жоқ. Шамасы, қорғанды таңертеңнен бері жасап жатса керек, қабырғасы казір кеудеге кеп қапты. Жиырма шақты адам үйінді арасынан тегіс тақта тастарды таңдап әперіп тұр да, қалғандары қалап жатыр. Сол тас әперіп жүргендер кенет ағашсыз танаптан жүгіріп бара жатқан онкилондарды көріп қалды. Жалма-жан жанұшыра айқайлап, олар көтерген тасымен қорғанға жүгірді.

– Көзге көрініп тұрғанында ату керек оларды, – деді Горюнов. – Бұл оларды абдыратып, кескілескен айқаста қарсылығын азайтады.

Тоғай мен вампулардың арасы төрт жүз қадамдай жер. Горюнов пен Горохов атып қалды. Нажағай шатырлағанын естіп, дұшпанын көре алмай дал болып тоқтай қалған вампулар жан-жағына жалтақтап, айқайласып қорғандағылармен хабарласты. Кейбіреулері көтеріп келе жатқан тастарын тастай беріп, тым-тырақай қашты: біреуі қорғанға, біреуі бұтаға жүгірді. Қорған ішінен айуандай өкірген ащы дауыс шықты.

Бұтаға қарай жүгірген вампулар онкилондардың оғына ұшты: тірі қалғандары бауырды жағалай қашып еді, онкилондар түп ізіне түсіп аттатпады.

Қорған қабырғасынан ешкім көрінбей, алдын ала жіберген жасақтар екі жақтан жақындап қалғанда Амнундак шабуылға белгі берді. Қашқан тағыларды қуып кеткені болмаса, оның жасағы түгел тас үйіндісін басып өтіп, қорғанға тұра ұмтылды. Қабырғаға қырық қадамдай қалғанда вампулардың басы қылтиып, шабуылшыларға тас пен найза жауып кетті, бірнеше онкилон құлап түсті, бірақ жақыннан екі дүркін атылған мылтық үні вампулардың жан даусын шығарып, құтын қашырып, бас көтертпей тастады. Осы кезде екі жақтағы жасақтар да жетіп, жар мен қабырға арасындағы саңылаудан қорғанға кіріп, тура бағыттағы жауынгерлер секіріп түсіп, қоян-қолтық айқас қызды да кетті. Ординнің алтыатары әлсін-әлі зәресін ұшырып, вампулар қорғана алмады.

Бірнеше минуттың ішінде бәрі де бітті: өлгендер мен жараланғандар атшаптырым алаңды жауып кетті: қабырғадан секіріп түсіп, қашып құтылмақ болған ондаған вампу түп ізіне түскендердің оғына ұшты. Қорғанушылардың қатарында ерлермен бірдей соғысқан әйелдер де қаза тапты.

Жиһангездер үңгірді аралап, түкпірде ұйлығып бір жерге топырлаған бірнеше кемпір мен отыз шақты баланы тапты, бәрі де қалш-қалш етіп, өкси шыңғырды. Өздерінің қолды болған балаларын тауып алу үшін онкилондар бұл тобырды далаға біртіндеп алып шықты. Өз балаларын тану онша қиынға түспейді: себебі олар сәл ақшыл да, денесінде түк жоқтың қасы. Ал вампу балалары ұстағанды тырнап, қолын тістеп пәле қылды. Қолды болған балалар тобырдың ортасында екен, бәрінің бет-аузы көгеріп, қанталап кеткен, «қонақжай» қожалары ұрғаны аздай, тістелеп тастапты. Қолды болғаны он үш еді, содан жеті қыз бен екі ұл ғана табылды, төрт ер бала жоқ болып шықты. Қанына қарайған онкилондар үңгірден алып шыққан вампудың барлық ұл балаларын бауыздап тастады. Олар осынысын кемпірлер мен қыздарға да жасамақ еді, жиһангездер Амнундактан қырғынды енді доғаруын сұрады.

Үңгірдің бұрыш-бұрышын қарап жүріп олар бір қараңғы түкпірден қол-аяғын байлап, үстіне тері үйіп тастаған әйелді тапты. Жарыққа алып шыққанда байқады: бұл онкилон келіншегі екен, вампулар оны көктемнің басында ұрлап әкетіпті, бейшара терілердің астында тұншығуға шақ қалыпты, үсті-басы көгала қойдай, соққан таяқ пен қайыстың іздері қанталап тұр. Өзіне-өзі келген соң ол күн құрғатпай қинап, ұрып-соққанын, әсіресе, тәні бақадай жалаңаш деп күліп, әйелдердің қатты қорлағанын айтты. Жаңағы әзірде шабуыл басталғанда кемпірлер қол-аяғын байлап, терімен бастырып тастапты.

Сондай-ақ үңгірден вампулардың онкилондардан ұрланған қару-жарағы, ыдыс-аяқ, киім-кешек, төсек-орны сияқты керек-жарағын тапты. Кемпірлер мен қыздарды үңгірден қуып шығып, вампулардың айқас алаңында қалған шоқпарлары мен найзаларын үйіп өртеп жіберді. Оған дейін барлаушылар ұрланған бұғы табынын да тауып алды, вампулар баға білмейтін және бәрін бірден сойып жеп тауыса алмайтын болған соң, жануарларды қайыспен бұта-бұтаға байлап тастапты. Жеп үлгерді ме, әлде андап келе жатқанда айырылды ма – вампулар әкеткен бұғыдан бірнешеуі жетпей шықты.

Онкилондар сазайын тартқан тағылар тұрағынан кешкісін ғана кетті. Орнында ажалын өз ордасында тапқан вампулардың өлігі қалды, тұрағы алынысымен жараланғандары да бауыздап тасталған-ды.

Опат болған бесеуін, қатты жараланған алтауын көтеріп алып онкилондар қайтар жолға түсті, жеңіл жаралылары өзі жүріп келеді, олардың арасында жауырынына найза тиген Ордин де бар. Олар жасақтың орта тұсында келе жатыр, аман қайтқан бұғылар, құтқарылған балалар, өз иесін тапқан бұйымдар да солармен бірге. Сондықтан баяу жылжып, түнге қарай ғана олар тоналған тұраққа келді. Аналар құтқарып алынған балаларымен қуана қауышты. Ординнің қолын таңулы көріп, көзіне жас алған Аннуир оны құшақтай кетті. Кеше ғана жар таңдап қосылған осы мекеннің бір қызына опат болған күйеуін зембілге салып алып келді.

---

Source: [https://yvision.kz/post/vampularmen-shay-as-687931](https://yvision.kz/post/vampularmen-shay-as-687931)