---
title: "Үргеніш шаһарына сапар немесе Хорезм - \"ислам ренессансы\" ошақтарының бірі"
description: "Сапарымыздың үшінші күні біз Нөкіс-Үргеніш жолымен бағыт алғанымызды алдыңғы посттарымның бірінде жазған едім. Әуелгі жоспар бойынша Та..."
author: "Fvfylsr"
published: "2024-11-13T07:21:39+00:00"
modified: "2024-11-13T07:21:39+00:00"
locale: "ru"
canonical_url: "https://yvision.kz/post/urgenish-shaharyna-sapar-nemese-horezm-islam-renessansy-oshaktarynyn-biri-1009641"
markdown_url: "https://yvision.kz/post/urgenish-shaharyna-sapar-nemese-horezm-islam-renessansy-oshaktarynyn-biri-1009641/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Үргеніш шаһарына сапар немесе Хорезм - "ислам ренессансы" ошақтарының бірі

> Сапарымыздың үшінші күні біз Нөкіс-Үргеніш жолымен бағыт алғанымызды алдыңғы посттарымның бірінде жазған едім. Әуелгі жоспар бойынша Та...

![](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/6e0992bedf0551cc9633ee2ce4fbfaf7.jpg?width=1200&height=1600)

Сапарымыздың үшінші күні біз Нөкіс-Үргеніш жолымен бағыт алғанымызды алдыңғы посттарымның бірінде жазған едім. Әуелгі жоспар бойынша Ташкенттен Самарқандқа, Самарқандтан Бұхараға, Бұқарадан Үргенішке поезбен шығуымыз керек болған, бірақ, бәрі сол уақытқа байланысты ғой, сондықтан, керісінше, Ташкенттен Нөкіске, Нөкістен Үргенішке бағыт алған бетіміз бар еді. Әлішер атты бауырымыз такси жүргізушіне апарып, табыстап кеткен. Бір байқағаным, Қарақалпақстанда Қазақстанды өте жақсы біледі, жүргізуші бауырымыз тіпті Атырауда тұрыпты. Оны айтасыз-ау, Нөкіс көшесінде ролик киген бала велосипедке мініп жатыр екен: "Құлап қаласың ғой?" десем, ол бала: "Қазақстаннан келдіңіздер ме? Қазақстанда тұрғанмын" дейді. Жалпы, қызық әсер.

Әрине, Нөкістен Үршенішке дейін поезбен де жетуге болады. Бірақ, 170 шақырымды бес сағат поезда жүру азап қой. Екінші жанынан таксидің жақсы жері, тоқтайтын жеріңде тоқтайсың, әңгіме айтып барасың және айналаны көзіңмен көресің!

Жолдың қос қапталы бойы әдемі көрініс, биік ағаштар, оның үстіне күздің көрінісі керемет қой?! Ал, далада бір бос жер жоқ, шаруалар терім жұмысын аяқтаған және жол жиегінде өз өнімдерін сатып жатыр. Тағы бір штрих, ол трактор, машина, яғни техника атаулының шағын болуы. Қыбырлаған, жыбырлаған халыққа қарап, Үндістан еске түсіп кетті. Жол бойы ұйғыр арнасы, Манас (бәлкім қырғызға қатысы бар болар?) дүкені, Қыпшақ, Маңғыт сияқты ауыл атауларына қарап, тоғыз жолдың торабы, бұл өлкенің қазақ пен қарақалпақтың, өзбек пен түркіменнің түйіскен жері екені еске түседі. Айтқандай, Үргеніштен 30-35 шақырым қашықтықтағы Хиуа іргесінде 2-3 қазақ ауылы бар деп естідім, сол баяғы уақыттың тығыздығы. Әйтпесе барар едім. Жалпы, Өзбекстанның батыс бөлігі қазақтарды жақсы таниды, біледі. Баяғыдан алыс-берісіміз бар дегендей. Сол жаңағы Хорезм уәлаятында (біздіңше облыс, орталығы Үргеніш, бір қызығы қазақ пен қарақалпақ қана Үргеніш дейді екен де, өзбек ағайындар Урганч дейді, түркіменшесін білмедім, бірақ, Көне Үргенішті түркімен бауырлар Köneürgenç дейді) 50 000 қазақ бауырымыз өмір сүреді екен. Мен, оны растай алмаймын, бірақ, 2017 жылғы санақ бойынша Хорезм уәлаятында 10 591 қазақ тұрған. Дегенмен, 2020 жылғы деректер бойынша Хорезм уәлаятында 20 000 қазақ көрсетілген.

Айтқандай, 2021 жылғы санақ бойынша Үргеніш қаласының халқы 205 480 адамды құраған. Шаһар агломерациясы 400 мың, қаланың қазығы 1648 жылы қағылған. Бұл жерде оның, яғни, Жаңа Үргеніш пен Көне Үргеніштің ара-жігін ажырату керек. Ескі Үргеніш Түркіменстан аумағында, заманындағы Хорезм өлкесінің басты қаласы. Үргеніште көретін бәлендей ештеңе жоқ, өнеркәсіпті облыс орталығы, қаптаған базарлар мен сауда үйлері, жастар көп екен. Соған қарағанда оқу орындары бар, троллейбусқа отырғанда жоғары оқу орнында істейтін, уақытында Қазақстанда жұмыс істеген бір өзбек жігітімен таныстық. Қазақшасы әп-әдемі, түрі түркіменге келеді ме өзі? "Сондықтан мені Қазақстанда қазақ деп ойлайтын" деп біраз әңгіме айтып тастады. Мұнда, Әл-Хорезмиге және Джелал ад-Дин Мангубердиге ескерткіш бар. Негізінде, қаланың әуелгі халқы Көне Үргеніштен көшіп келген. Ал, жоғарыда айтқандай Көне Үргеніш Түркіменстан аумағында орналасқан, оның тарихы керемет, Хорезм мемлекетінің астанасы да болған. Көне Үргеніште Орта Азиядағы ең биік мұнара Құтлық Темір мұнарасы орналасқан. Енді, Үргеніш туралы баяндауды аяқтаудан бұрын мынадай бір-екі дерек бере кетейін.

Бірінші, Үргеніш арқылы мана айтқандай теміржол өтеді, Хиуаға тек Үргеніш арқылы жетесіз.

Екінші, мұнда облыстық әуежай орналасқан, маған ұнады, Үргеніштен Ташкентке ұшып бардық.

Үшінші, Үргеніш біздің Ақтау қаласымен бауырлас шаһар.

Төртінші, Үргеніште Өзбекстанның қазіргі заман өнер музейі жұмыс істейді.

Жалпы, Орталық Азияның қиын да қызықты тарихы сияқты Хорезмнің де тарихы әріден, тереңде.

Хорезмнің тарихы демекші ежелгі отқа табынушылардың (зорастризм дінін ұстанушылардың) "Авеста" атты кітабында Хорезм туралы айтылады. Әрине, Хорезмнің тарихына бәлкім тағы жеке тоқталармын, мен тек, осыдан мың жыл бұрын Хорезм өлкесінің Ислам әлемінің ең озық өлкелерінің бірі болғанын айтқым келген. Ислам әлеміне, жалпы дүние жүзіне танымал ғаламдар осы оазистен шыққан еді. Алгебра мен альгортимнің атасы атасы әл Хорезмидің Хорезм жерінде туғанын айтсақ та жеткілікті. Атақты Ибн Сина мен әл Бируни де осындағы білім ошағында жұмыс істеген, бұл тарихта "Ислам ренессансы" деген атпен белгілі кезең, яғни мұсылман елдерінің білім-ілімге ден қойып, өркениет көшін бастап тұрған уақыты еді...

X ғасыр соңында Хорезм елінде геометрия, тригонометрия, астрономия, топография, химия, минералогия және басқа да ғылым салалары өз даму деңгейіне жетіп, тарихшылар, астрономдар, математиктер, дәрігерлер өз зерттеулерін жүргізді. Мұсылман Әлемінің өзге де бөліктерінен келген ғалымдар әл Бирунидің басшылығымен теңдесіз жаңалықтар ашып, керемет жетістіктерге жетті. Аттары аталған әл Хорезми, Ибн Сина мен әл Бируниден басқа Ибн Ирак, Әбу Сахл Масихи, Ибн әл-Хаммар сияқты көптеген ғалымдар Хорезм өлкесінде еңбек етті.

Кезіндегі "Ислам ренессансы" деп аталған мұсылман Әлемінің гүлдеуінің басы-қасында болған үш тұлғаның Орталық Азиядан шығуы көп жайттан хабар берер, сонымен келесі жолжазбамды Хиуаға арнаймын.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/6f3d371310b31b0ff5827b1be8e82f7c.jpg?width=974&height=687)

Суретте: әл Бирунидің кітабындағы айдың әртүрлі кезеңдерін сипаттау.

---

Source: [https://yvision.kz/post/urgenish-shaharyna-sapar-nemese-horezm-islam-renessansy-oshaktarynyn-biri-1009641](https://yvision.kz/post/urgenish-shaharyna-sapar-nemese-horezm-islam-renessansy-oshaktarynyn-biri-1009641)