---
title: "Украинадаға атауы түркі тілінде сақталған 50 қала туралы"
description: "Жақында Ресей мен Украинада сұрау салу жүргізіліпті, сонда адамдарды не ойландырады дейсіз ғой? Бірінші орында бағаның қымбаттауы екен. ?..."
author: "Fvfylsr"
published: "2025-02-12T14:15:56+00:00"
modified: "2025-02-12T14:15:56+00:00"
locale: "ru"
canonical_url: "https://yvision.kz/post/ukrainadaga-atauy-turki-tilinde-saktalgan-50-kala-turaly-1012487"
markdown_url: "https://yvision.kz/post/ukrainadaga-atauy-turki-tilinde-saktalgan-50-kala-turaly-1012487/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Украинадаға атауы түркі тілінде сақталған 50 қала туралы

> Жақында Ресей мен Украинада сұрау салу жүргізіліпті, сонда адамдарды не ойландырады дейсіз ғой? Бірінші орында бағаның қымбаттауы екен. ?...

![](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/079ca09e826cacfd5113ec159af35efc.jpg?width=538&height=811)

Жақында Ресей мен Украинада сұрау салу жүргізіліпті, сонда адамдарды не ойландырады дейсіз ғой? Бірінші орында бағаның қымбаттауы екен. Ол зерттеудің қаншалықты шынайы екенін білмеймін, дегенмен ойлантарлық жайт. Яғни, адамдарды соғыстан бұрын қымбатшылық толғандырады. Әрине, қос славян мемлекетінің соғысы бір күні тоқтайтыны аян. Ал, өз кезігімде Украина туралы оқып отырып, оның тарихына, оның ішінде, біздің, яғни, түркі жұртына байланысты жерлері туралы сәттерін қағазға түсірген едім. Сонымен не айтқысы келді дейсіздер ғой? Ол - Украинаның әуел бастан түркі халықтарымен байланысы, тіліндегі, мәдениеті мен тарихындағы түркі жұртының әсері. Соның ізіндей болып Украинадағы түркі атаулары да айқындап тұр.

Әңгіме, украин жеріндегі атауында түркі жұрттарының ізі сақталған шаһарлар туралы:

1) Ахтырка қаласы – Сумы облысындағы қала (Сумы облысы елдің солтүстігінде орналасқан), атауы түркі тілдеріндегі "ақ жар" деген сөзбен байланысты болар;

2) Одесса қаласы Украинаның Қара теңіз жағалауында орналасқан аса ірі қаласы, халық саны миллионнан асады. Одесса, бұрынғы Хаджибей (Қажыбей), тіпті кейін сонда қоныстанған славян жұрты: "қайда барасың, қайдан келесің?" десе, ұзақ уақыт бойы: "Хаджибейден келемін, Хаджибейге барамын" деп айтады екен. Негізінде бұл жерлердің арғы тарихына бармай-ақ қояйық, заманында Алтын Ордаға қараған еді, кейін ноғай, қырым татар жұрттарының жеріндегі Осман империясының шаһары болатын. 1765 жылы османлылар Хаджибейдің тұсынан Ени-Дүния (яғни, Жаңа Дүние) атты бекініс сала бастайды. Хаджибейдің өзі үлкен портты қала әрі Қара теңіздің солтүстік жағалауын бақылауда ұстау үшін маңызды шаһар болатын. Айтқандай, Хаджибей сияқты тағы бір порт Аджидере (дұрысы, Хаджи-Дере, яғни, Қажыдере) де Осман империясының бұл тараптағы астық саудасында маңызды рөл атқарды. Дәл осы ретте, қазіргі украин астық саудасында Одессаның рөлі айрықша екенін еске түсіп отыр. 1791 жылы Хаджибей Ресей империясына бағынышты болды. Сөйтіп, 1795 жылы Хаджибей Одессаға айналды. Ал, Аджидеренің орнында әуелде Буджак татарларының ауылы болған еді. Жалпы, бұл тарапта Хаджибей, Ени-Дүние, Аджидереден өзге қалалар мен бекіністер тізбегі болған.

3) Хаджибейден 86 шақырым қашықтықта тағы бір қала орналасты, ол Ақкерман, жалпы, керман, кермен деген сөздерді жиі кездестіреміз, бұл бекініс, қала деген мағына береді. Ақкермен атауы әлі де жиі қолданылады. Бұл қазіргі Белгород-Днестровкий қаласы Одесса облысы аумағында орналасқан. Заманында Алтын Орда жұрты Ақ-Либо (екінші сөзін анықтау керек) десе, түріктер Ақкерман (Ақкермен, яғни Ақ бекініс, ақ түсті қала), бұл қала кезіндегі ноғайдың Буджак ордасында орналасқан. Айтқандай Берке хан тұсында мұнда оның географиялық рөлін ескере отырып, бекініс салынған болатын;

4) Килия қаласы - бұл заманында Алтын Оданың ең шығыс қаласы еді, кейін Осман империясына қарады, түрікше атауы Томарево («томар» сөзінен бе екен?)

5) Измаил қаласы - османлылардың заманындағы тағы бір шаһары, атақты Әулие Челеби өзінің "Саяхатнаме" кітабында қаланың атын Исмаил есімімен байланыстырады, Дунай өзені мен Катлабух және Ялпуг көлдерінің (көлдер атауларынан да түркі атауларын байқауға болады) жағасында орналасқан Измаил османлылардың Тульча, Исакча, Килия, Рени сияқты қала-бекіністер жүйесін құраған еді, мысалы қазіргі Румыния аумағындағы (Добруджадағы) Тульча шаһарының түрікше атауы Hora-Tepé, сол сияқты Исакча қаласы да Румыния аумағында орналасқан. Бір қызығы Ресей империясының келуімен қазіргі Украина аумағынан (Қырымды қоспағанда) қашуға мәжбүр болған ноғай, қырым татарын көреміз. Десек те мәселен, қазіргі Молдова аумағында орналасқан Чимишлия қаласы (Шөмішті бұрынғы татар ауылы, тағы түркі сөзі, яғни, шөміш деген сөз) маңында 1874 жылы молдавандар мен татарлардың бейбіт қатар өмір сүргендерін байқауға болады. Тағы бір қызық дерек аталған Чимишлия қаласы Тигина уездіне қарайды, ал, Тигинаның Тигин не Тигина атауымен 15 ғасырдан белгілі екенін байқаймыз, егер, зер салсақ, бұл жердің маңыздығына байланысты «Тегін көш» (өткелден тегін өт мағынасында) атауынан шыққанын білеміз, яғни, ноғайлар да болуы мүмкін, тіпті оған дейінгі өзге түркі халықтарына да қатысты болуы мүмкін деп санаймын. Жоғарыда айтқандай Әулие Челеби қаланың атын 1484 жылы Баязит сұлтанның капуданы (әскери лауазым) Исмаилдың есімімен байланыстарады, бұл аймақ кезіндегі Буджак жері еді;

6) Украинаның Николаев облысындағы қазіргі Очаков қаласы бұл қырым татар тілінде Özü деп аталып, оны 1492 жылы Қырым ханы Меңлі-Герей қайта салған болатын, әрине, оған дейін өзге қала болғаны белгілі. Бұрынғы атауы Қара-Кермен болса керек. 1502 жылы Осман билігі орнап енді шаһар Аче-Кале деп аталатын болды;

7) Львов қаласы Украинаның батысындағы ең үлкен шаһар, қырым татар тілінде Ильбав деп аталады, айтқандай, шаһардың түрікше де атауы бар екен;

![😎](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/4ef86007e98fba12cdb3bcbfcaa1844d.png?width=16&height=16) Черкассы қаласы Украинаның Черкассы облысы орталы, Әулие Челеби оны Черкес-Кермен дейді, оның бер жағында Кавказдағы черкес халқы және қазақтың шеркеш руымен байланысы бар ма екен? Челеби шаһардың негізі қалануын татарлардан қашқан бір шеркешпен байланыстырады. Шаһардың өзі 1392 жылдан белгілі. Ар жағын қазбалай берсек баяғы берінділер деп аталған түркі жұртына тірелеміз;

9) Кременчуг қаласы Украинаның Полтава облысында орналасқан. Кременчук қаласы атауы түріктердің кермен, яғни, бекініс деген сөзінен шыққан. Керменшік, кішкене бекініс деген мағынада;

10) Керчь қаласы – Қырымдағы татар қаласы;

11) Мелитопель қаласының (Украинаның Запорожье облысы) бұрынғы атауы (ноғайша, бұрынғы ноғай ауылы) Кызыл-Яр, яғни Қызылжар ғой;

12) Қырымдағы Евпатория қаласы – бұрынғы Кезлев, Гезлев шаһары;

13) Украинаның Запорожье облысының Бердянск қаласының бұрынғы атауы Новоногайск, Бердянск ноғай тіліндегі берді сөзінен шыққан, яғни, әуел баста ноғайлар мекені;

14) Қырымдағы Армянск қаласы бұл бүрынғы Ермени Базар қаласы,

15) Қырымдағы Перекоп қаласы, ол бұрынғы Ор-Қапы шаһары;

16) Балаклея қаласы Украинаның Харьков облысында орналасқан, шаһар атауынан балықты деген сөзді анық аңғаруға болады;

17) Балта қаласы Украинаның Одесса облысында орналасқан, түбірі өзіміздің балта сөзі;

18) Бахмач қаласы Украинаның Чернигов облысында орналасқан, түркі тілдерінде «көру алаңы» деген мағына береді;

19) Бахмут қаласы Украинаның Донецк облысында оналасқан, бұл атау түбірі Бахмут-су, екінші нұсқасы дала аттарына қатысты деседі. Бахмут су демекші оның жанындағы өзге де өзен атауларына мән берейікші: Кичиксу, Кальчик, Хан-Тарама. Айтқандай Кальмиус деген де өзен бар, ол қал және мүйіз деген сөздерден шыққан екен. Іздей берсең осындай қызықтарға кезігесіз. Калка өзені бойындағы атақты шайқас та естеріңізде болар?

20) Бақшасарай қаласы – Қырымдағы татар шаһары;

21) Баштанка қаласы Украинаның Николав облысында орналасқа, түбірі бас болуы керек;

22) Белогорск қаласы, бұл қырым татарларының Қарасу Базар қаласы;

22) Волчанск қаласы, оның мысалы славяндардың Жылқы су өзенін Конка деп аударып алғанына қарап Қасқыр су ма деп болжаймын;

23) Бердичев қаласы Украинаның Житомир облысында орналасқан, деректерде түркілердің берінділер (берендей) халқы атымен байланыстады;

24) Берислав қаласы, заманында шаһарда Тоқтамыстың Доғанчегит атты резиенциясы орналасқан, кейін османлылар мен қырым татарларының Қызы-Кермен қаласына айналды. Айтқандай, жоғарыда Дунай өзенінің төменгі ағысында османдардың қала-бекіністері туралы айтқан едік, дәл сондай қала-бекіністер қазіргі Украинаның оңтүстігінде де көп болды. Қызы-Керменнің жанында Ислам-Кермен орналасқан болатын. Қызы-Керменнен Жан-Кермен де алыс емес, одан төменіректе Тягин және Тавань (яғни, Мустрит-Кермен, Эски-Таван (Ескі Табан) орналасқан. Бұл қалалар Днепр бойында, мысалы аты айтып тұрғандай Ескі Табан Днепр өзенінің табанында орналасқан. Бұл маңда тағы екі қала-бекіністі көреміз, олар Мубарек-Кермен және Аслан-Ердак. ҚызыКермен немесе Газикирман қаласының дұрыс атауы Ғаззы Кермен еді. 1484 жылы Қырым хандығы Dogan geçit, яғни Сұңқар өткелі арқылы Доган (Доған) бекінісін салады. Ал, 1665-1666 жылдары қазіргі Берислав қаласының орнында Ғазыкермен қаласы салынады. Айтқандай, Тавань аралын Ибн Баттута Бабасалтық аралы деп көрсетіп кетіпті. Муберек-Кермен, Аслан-Кермен, Мустрит-Кермен бекіністері, Тавань аралын су қоймасының басуымен байланысты сақталмаған.

25)Украинаның Херсон облысындағы Геническ қаласының атауы түркі тіліндегі (ноғай тіліндегі) «джениче», яғни «жіңішке» деген сөзден шыққан. Генический пролив, яғни Генич бұғазы да осында;

26) Джанкой қаласы Қырымда орнатасқан, жан және көй сөздерінен шыққан;

27) Каховка қаласы Украинаның Херсон облысында орналасқан. Бұл қырым татарларының бұрынғы Ислам-Кермен қаласы орнында салынған шаһар. Қазіргі Каховка қаласы, жоғарыда айтқандай бұл қырым татарларының Ислам Кермен не Аслан Кермен қаласы, қаланы қырым ханы Меңлі І Герей 1492 жылы салдырады, кейін Шагингирей (Шағынгерей) бекінісі болды;

28) Татар-Бунар Украинаның Одесса облысындағы қаласы, Татар-Бунар дегеніміз «татар құдығы» деген сөз, бұл аймақ кезіндегі Буджак жері. Кейбір зерттеушілер половецтермен, яғни қыпшақтармен байланыстырады;

29) Украинаның Запорожье облсындағы қазіргі Молочная деген өзеннің ноғайша атауы Тоқмақ (қала да бар) екен де кейінгі түркі тіліндегі атауы Сүтті екен, қызық, екі атаудың бірі Токмакша, екіншісін түпнұсқадан аударып Молочная деп атайды, айтқандай тағы Молочанск деген қаланы да білемін;

30) Изюм қаласы Украинаның Харьков облысында орналасқан, атауы жүзіммен байланысты болар. Қырым татарларының жолы - Жүзім сақмасы өткен;

31) Симферополь қаласы, Қырымда орналасқан, қырым татарша әуелгі атауы Ақмешіт;

32) Севастополь қаласы, Қырымда орналасқан, қырым татарша атауы Ақжар;

33) Херсон қаласының орнында Сары-кирман, яғни Сары қырман атты қырым татар қаласы болған, тек 1578 жыл шамасында қала орнында жұрты қалғанын көреміз. Ол туралы швед тарихшысы Иоганн Эрих Тунманн «Крымское ханство» атты кітабында жазып кетіпті. Дегенмен, заманында аталған қаланың гүлденген қала болғанын да айтқан;

34) Тягинка, Херсон облысындағы Тягинь атты ескі татар-түрік бекінісі;

35) Скадовск қаласы Украинаның Херсон облысы аумағында орналасқан. Қырым татарларының Али-Агок атты балықшылар қонысының орнында пайда болған;

36) Змиев қаласы Харьков облысындағы қала, қала жанында кезінде половецтердің, яғни, қыпшақтардың Шарукань қаласы болған, оның жанында жыланды қорғаны болған, яғни, Змиевтің түпкі атауы Жыландыдан шығып тұр;

37) Украинаның Приморск қаласы (Запорожье облысы) орнында 1770 жылдары ноғай ауылы болған, 1821 жылы Ногайск қаласына айналды, айтқандай жергілікті музейде половец, яғни қыпшақ балбал тастары сақталған;

38) Чугуев қаласы Харьков облысында орналасқан, бір деректер половец, яғни, қыпшақ ханы Чугайдың (Шұғайдың) есімімен байланыстарса, екінші бір деректер қала атауын шұға сөзімен байланыстырады, айтқандай, түркі тілінің әсерінен украин тілінде чугай және чугаин деген атаулар бар, яғни, шұға тігетін адамдар тұратын мекенді білдіреді;

39) Кинбурн бекінісі, яғни Қылмұрын бекінісі;

40) Инкерман қаласы, Қырымдағы татар қаласы, түбірі «ін» және «кермен» болар, яғни үңгір қаласы, дұрысы жартасқа салынған шаһар;

41) Кагарлык қаласы Украинаның Киев облысы аумағында орналасқан. Алғаш рет беренділердің (түркі тайпасы, халқы) қонысы ретінде белгілі.

42 ) Ичня қаласы Украинаның Чернигов облысында орналасқан. Қала атауы іш, ішу деген сөзден шыққан;

43) Кодыма қаласы Украинаның Одесса облысында орналасқан. Бірінші нұсқасы қатын деген сөзбен байланысты болса, екінші нұсқа половецтердің, яғни, қыпшақтардың шығыстан ағатын өзен деген сөзін білдіруі мүмкін, қалай десек те кодыма, кодима сөздерінің көшпенді түркі халықтарымен байланысты екенін байқаймыз;

44) Конотоп қаласы Украинаның Сумы облысы аумағында орналасқан. Аңыздарға қарағанда көшпенділердің (татарлар деседі, олар үшін ноғай да, қырым татары сияқты басқа да түркі жұртының бәрі татар) аттары жаугершілік заманда суға кетіп, соған байланысты қойылған деседі. Меніңше бұл өңір Сумы облысындағы басқада түркі атаулары сияқты аударылған болар. Өйткені жылқы түркі халықтарымен байланысты ғой. Жанында Езуч өзені ағады, оның этимологиясын білмеймін, мүмкін «езу», «жылқының езуі»-мен қатысы бар ма деген ой ғой?

45) Саки қаласы қырым татарларының қаласы, бір нұсқа ежелгі сақтармен байланысты десе, екінші нұсқасы сақ «қапшық» деген ұғым береді екен;

46) Старый Крым қаласы, бұл Қырымда орналасқан, Ескі Қырым атауының аударылған түрі;

47) Тальное қаласы Украинаның Черкассы облысындағы шаһар, атауы кәдімгі тал ағашымен байланысты;

48) Тлумач қаласы Украинаның Ивано-Франковск облысында орналасқан. Толмач деп те аталады. Сөздің түбірі толмач, яғни, тілмаш. Тілмаштар қаласы деседі, екінші жағынан олар кімдермен тілмаш арқылы сөйлесуі мүмкін? Әрине, алты айлық аумақты алып жатқан түркі халықтарымен байланысады ғой. Толмачыңыз тілмаш, яғни аудармашы.

49) Тульчин қаласы Украинаның Винница облысында орналасқан. Заманында Нестервар-Турчин, яғни түрік Нестервары деп аталған. Уақытында Осман империясына қараған, атауы мажар-түрік тілінің бірігуінен шығуы мүмкін;

50) Турка қаласы Украинаның Львов облысында орналасқан. Қала атауын турмен, яғни жабайы сиырмен байланыстырады, бірақ, бұл жерде менің ойымша Украинаның бұл бөлігіне Осман империясы әсері болғанын ескере отырып, осман түріктерімен қатысты деп ойлаймын. Оның үстіне Украинада жоғарыда айтқандай мысалы Татар-Бунар қаласы да бар;

51) Горловка қаласы Украинаның Донецк облысы аумағында орналасқан. 1754 жылы қала аумағында Государев Байрак елді мекені болған. Орналасқан жері Сухой Яр және Жёваный Лес деп көрсетіліпті. Жёваный Лесін білмедім, ал Сухой Яры, біздің тілімізде Құрғақ Жар болар, өйткені, Украина жерінде яр немесе жар атаулары жиі кездеседі.

Енді, жазбаны карталары мен жер атауларына қарап анықталған Украинаның атауларында түркі тілдерінің ізі бар елді мекендерімен толықтырсам:

1) Ақмаңғыт елді мекені, бұл қазір Украинадағы Белолесье елді мекені, аты айтып тұрғандай Буджак Ордасындағы маңғыттардан қалған, айтқандай қасында Маңғыт деген елді мекен де болыпты;

2) Украинаның Одесса облысында орналасқан Каланчак елді мекенінің ескі атауы Дермендере, 1806-1812 жылдары бұл татар (ноғай деп санаймын) ауылының халқы Буджактен өзге елге қашуға мәжбүр болды, бір қызығы «каланчак» сөзінің өзі де араб тілінен енген «қала(н)ша», яғни бақылау мұнарасы дегенді білдіреді;

3)«Сурум (Сырым ба екен?) аға» ауылының орнында қазіргі атауымен Дальничень елді мекені орналасқан, 1806-1812 жылдары бұл татар (ноғай деп санаймын) ауылының халқы Буджактен өзге елге қашуға мәжбүр болды, Украина жері;

4) Донгаси ауылының орнында қазіргі атауымен Блогодатное елді мекені орналасқан, 1806-1812 жылдары бұл татар (ноғай деп санаймын) ауылының халқы Буджактен өзге елге қашуға мәжбүр болды, Украина жері;

5) Тойтебе ауылының орнында қазіргі атауымен Кривая Балка елді мекені орналасқан, 1806-1812 жылдары бұл татар (ноғай деп санаймын) ауылының халқы Буджактен өзге елге қашуға мәжбүр болды, Украина жері;

6) Дельжилер елді мекені, Дельжилер ауылының халқы 1806-1812 жылдары Буджактен өзге елге қашуға мәжбүр болды, бұл бұрын татар (ноғай деп санаймын) ауылы болған, Украина жері;

7) Сарияр (Сарыжар ғой сонда) ауылының орнында қазіргі атауымен Желтый Яр елді мекені орналасқан, 1806-1812 жылдары бұл татар (ноғай деп санаймын) ауылының халқы Буджактен өзге елге қашуға мәжбүр болды, Украина жері;

8) Давлетлиагач (Девлет-Агач) ауылының қазіргі атауы Делень, 1806-1812 жылдары бұл татар (ноғай деп санаймын) ауылының халқы Буджактен өзге елге қашуға мәжбүр болды, Украина жері, былайша айтқанда, дәулет, яғни мемлекеттік ағаш дегенді білдірген;

9) Демир-Хаджа ауылының қазіргі атауы Зеленая Балка, 1806-1812 жылдары бұл татар (ноғай деп санаймын) ауылының халқы Буджактен өзге елге қашуға мәжбүр болды, Украина жері;

10) Ромасен ауылының қазіргі атауы Маразлиевка, 1806-1812 жылдары бұл татар (ноғай деп санаймын) ауылының халқы Буджактен өзге елге қашуға мәжбүр болды, Украина жері;

11) Бугаз (Буаз) ауылының қазіргі атауы Каролино-Бугаз. Ауыл 1770 жылдардан белгілі, 1787-1791 жылдардағы орыс-түрік соғысы кезінде жермен жексен етілген, бұрынғы Буджак, Украина жері;

12) Ессабей, Аккуя және Шуют Джурет (ноғайша басқаша естілер) ауылдарының орнында кейін Приазовское кенті пайда болған, Украинаның Запорожье облысы;

13) Ноғайдың Таз ауылының орнында кейін Девнинское елді мекені пайда болған, албан қоныстанушылары орныққан, Украинаның Запорожье облысы;

14) Украинаның Запорожье облысындағы Добровка елді мекенінің ескі атауы Чекрак, ноғай ауылының орны болса керек, жаңылмасам албан қоныстанушылары орныққан;

15) Кубей ауылы атауын сақтап қалған ноғай ауылдарының бірі, қазір орнында Украинаның Кубей елді мекені орналасқан, Одесса облысы. Мұнда ноғай зираттарының орны әлі де бар екен;

16) Тююшки (түпкі формасы қалай екен?) ауылының орнында (ноғай ауылы болуы керек) кейін Геогриевка елді мекені пайда болған, жаңылмасам бұл албан елді мекеніне айналды, Украинаның Запорожье облысында;

17) Аша-абаг ауылының қазіргі аты Шабо, түрік тілінде «төменгі бақ» деген мағына береді, мұнда жүзім өсірілген, бұрынғы Буджак жері, қазіргі Украина;

18) Каракурт, яғни Қарқұрт, бұл Украинаның Буджак жеріндегі албан елді мекені, меніңше бұл жерге қоныстанған албандар байырғы атауын сақтаған болса керек;

19) Украинада Қайнар атты елді-мекен бар, айтқандай Молдовада да Қайнар қаласы бар;

20) Алексеевка елді мекені, 1861 жылы Бессарабиядан көшіп келгендер негізін қалаған елді мекен, бұрынғы аты Чурюм (түсінгенім, жергілікті жердің атауы), түркі тіліндегі екені түсінікті;

21) Стрелково елді мекенінің бұрынғы атауы Чокрак, қырым татар тілінен аударғанда қайнар деген мағына білдіреді;

22) Кодак немесе Койдак бекінісі, кезіндегі украин казактарының бекінісі, атауы түркі тіліндегі қойдақ немесе таудағы қоныс дегенді білдіреді;

23) Табаевка – Чернигов облысындағы елді мекен, бұл елді мекен жанында 10 ғасырға жататын 93 қорған бар екен, табай деген сөзден шыққан ба деп болжаймын;

24) Замковый мост, басқаша айтқанда Түрік көпірі, бұл қазіргі Украинаның Хмельницкий облысындағы Каменец-Подольский қаласындағы көпір, кезінде түріктер (османдар) жөндеген, тіпті салған көпір деген деректер бар;

25) Кучурган – Одесса облысындағы елді мекен атауы;

26) Тузлы – Украинаның курортты кенті;

27) Каланчак – Херсон облысы Каланчак ауданының орталығы, айтқандай Қырымда және Одесса облысында Каланчак атты елді мекен де бар екен, одан өзге, Херсон және Сумы облыстарында Каланчак атты өзендер кездеседі;

28) Украинаның Херсон облысындағы Челбурда елді мекені, атауы аралас деген маңына беретін болар.

Әзірге осы, мүмкіндік болса тағы толықтырармын, ал, мына фотода Украинаның батысындағы Каменец-Подольский қаласындағы осман мұнарасы көрсетілген, 1912 жылғы почта картасында бейнеленген екен!

---

Source: [https://yvision.kz/post/ukrainadaga-atauy-turki-tilinde-saktalgan-50-kala-turaly-1012487](https://yvision.kz/post/ukrainadaga-atauy-turki-tilinde-saktalgan-50-kala-turaly-1012487)