---
title: "«ТУҒАН ЖЕР» ПАТРИОТТЫҚ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ФЕСТИВАЛІНІҢ ЖЕҢІМПАЗЫ ТУРАЛЫ ФИЛЬМ ТҮСІРІЛДІ"
description: "Естеріңізге сала кетейік, Ұлттық Дельфий Комитеті, «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ Қаз..."
author: "ndk"
published: "2020-10-29T12:57:55+00:00"
modified: "2020-10-29T12:57:55+00:00"
locale: "ru"
canonical_url: "https://yvision.kz/post/tu-an-zher-patriotty-shy-armashyly-festivalini-zhe-impazy-turaly-film-t-sirildi-869631"
markdown_url: "https://yvision.kz/post/tu-an-zher-patriotty-shy-armashyly-festivalini-zhe-impazy-turaly-film-t-sirildi-869631/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# «ТУҒАН ЖЕР» ПАТРИОТТЫҚ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ФЕСТИВАЛІНІҢ ЖЕҢІМПАЗЫ ТУРАЛЫ ФИЛЬМ ТҮСІРІЛДІ

> Естеріңізге сала кетейік, Ұлттық Дельфий Комитеті, «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ Қаз...

Естеріңізге сала кетейік, Ұлттық Дельфий Комитеті, «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Туған жер» патриоттық шығармашылық республикалық фестивалін өткізген болатын.

Патриоттық фестивальге Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі 14 пен 29 жас аралығындағы жас авторлар бақ сынады. Соның ішінде, Қызылорда облысы Байқоңыр қаласынан қатысқан өнерпаз бәйгеде оза шауып, ерекше өнерімен көзге түсті. Атап айтар болсақ, «Орындаушылық шығармашылық» аталымында бақ сынаған Таңат Қанатұлы Молдабеков жеңімпаз атанды. Қазіргі таңда Қазанғап атындағы Қызылорда жоғарғы музыкалық колледжінің 2-курс студенті болып табылатын домбырашы жігіт туралы фестивальдің ұйымдастырушылары шағын фильм түсірді. Осылайша, Отанға деген махаббатты әрі өнер иелерінің шығармашылығын насихаттауды мақсат тұтып отыр.

Таңат домбырамен жаным егіз деп санайды. Қасиетті күй өнерін жанына серік еткен жас өнерпаз: «Нағыз қазақ – домбыра» деген ұстаныммен өмір сүремін. Домбыраны алғаш рет осыдан 7 жыл бұрын 12 жасымда қолға алдым. Туған жеріме, еліме деген сүйіспеншілігімді домбыра арқылы паш еткім келеді» дейді.

Шәкіртінің болашағына үлкен үміт артатын ұстазы Әлімжан Әбсадықов: «Шәкіртім Таңат Молдабеков түрлі байқауларға қатысып, өзінің нағыз домбырашы екенін көрсетіп келе жатыр. Алар асулары әлі алда» деп ағынан жарылды.

Киелі топырақта өскен Таңат Молдабековтың өнері туралы фильмді Ұлттық Дельфий Комитетінің facebook және Youtube желілерінің әлеуметтік парақшаларынан тамашалай аласыздар.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/440987/3652912a0a483bb54f6d5224d104d4.jpg)

Youtube: https://youtu.be/r5kL1euCWio

Жобаға тоқталатын болсақ, оған қазақстандық авторлар, сондай-ақ, патриоттық тақырыпқа авторлық туындыларды орындайтын шығармашылық ұжымдар «Орындаушылық шығармашылық» (вокал, аспапта ойнау, хореография) және «Көркем шығармашылық» (бейнелеу өнері, бейнеконтент, фотосурет) аталымдары бойынша қатысты.

«Әлемдегі эпиджағдайға байланысты фестиваль пішіні өзгергенімен, жоба нәтижесіне көңіліміз толды. Финалистер, одан соң жеңімпаздар анықталды. Қазіргі таңда 10 жас автордың шығармашылығын насихаттау бойынша жұмыс аяқталуға жақын. Жеңімпаз жас авторлар туралы шағын фильмдеріміз жақында көрермендерге жол тартады», - деп атап өтті жоба авторы, Ұлттық Дельфий Комитетінің директоры Құралай ТҮСПЕКОВА.

Бірінші айналымның жұмыстары желі қолданушылары өздеріне ұнаған қатысуға дауыс бере алатын жобаның әлеуметтік желілерінде жарияланды. Осылайша, халықтық дауыс беру нәтижесі арқылы 80 финалист айқындалды.

Байқаудың ақтық сынында қазылар алқасының мүшелері 1, 2, 3 орын лауреаттарын анықталды, жеңімпаздарға Қазақстанды еліміздің Ұлттық Дельфий құрамасы құрамында Қазақстанның атынан қатысу құқығы беріледі.

---

Source: [https://yvision.kz/post/tu-an-zher-patriotty-shy-armashyly-festivalini-zhe-impazy-turaly-film-t-sirildi-869631](https://yvision.kz/post/tu-an-zher-patriotty-shy-armashyly-festivalini-zhe-impazy-turaly-film-t-sirildi-869631)