---
title: "«ТУҒАН ЖЕР» ПАТРИОТТЫҚ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ФЕСТИВАЛІНІҢ ҚЫЗЫЛОРДАЛЫҚ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ ТУРАЛЫ ФИЛЬМ ТҮСІРІЛДІ"
description: "Естеріңізге сала кетейік, Ұлттық Дельфий Комитеті, «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ Қаз..."
author: "ndk"
published: "2020-10-29T13:02:45+00:00"
modified: "2020-10-29T13:02:45+00:00"
locale: "ru"
canonical_url: "https://yvision.kz/post/tu-an-zher-patriotty-shy-armashyly-festivalini-yzylordaly-zhe-impazdary-turaly-film-t-sirildi-869642"
markdown_url: "https://yvision.kz/post/tu-an-zher-patriotty-shy-armashyly-festivalini-yzylordaly-zhe-impazdary-turaly-film-t-sirildi-869642/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# «ТУҒАН ЖЕР» ПАТРИОТТЫҚ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ФЕСТИВАЛІНІҢ ҚЫЗЫЛОРДАЛЫҚ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ ТУРАЛЫ ФИЛЬМ ТҮСІРІЛДІ

> Естеріңізге сала кетейік, Ұлттық Дельфий Комитеті, «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ Қаз...

Естеріңізге сала кетейік, Ұлттық Дельфий Комитеті, «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Туған жер» патриоттық шығармашылық республикалық фестивалін өткізген болатын.

Аталмыш патриоттық фестивальге Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі 14 пен 29 жас аралығындағы жас авторлар бақ сынады. Соның ішінде, Қызылорда облысынан қатысқан өнерпаздар бәйгеде оза шауып, ерекше өнерімен көзге түсті. Атап айтар болсақ, "Орындаушылық шығармашылық" аталымында ым-ишара тілінде ән салудан «Балауса» тобы жеңімпаз атанды. Қызылорда қаласындағы №6 есту қабілеті бұзылған балалардың арнайы мектеп интернатының тәрбиеленушілерінен құралған топ туралы фестивальдің ұйымдастырушылары шағын фильм түсірді. Осылайша, Отанға деген махаббатты әрі өнер иелерінің шығармашылығын насихаттау мақсат тұтып отыр. Өмірде тіршіліктің дыбысын есту жазбаса да, жан дүниесі ерекше жаратылған жандар жайында баяндайтын деректі фильм көрерменінің жүрегіне жол тапты. Тағдырдың сынағына түскен шын таланттарды 17 жылдан бері өнерге баулып келе жатқан ұстаздары Базар Мария Айтжанқызы: "Бұл балалардың денсаулықтарында мүмкіндігі шектеулі болғанымен, мүмкіндіктері шексіз, өнерге өте құмар. Талай республикалық, облыстық додаларға қатысып келеді. Ұлттық Дельфий Комитеті ұйымдастырған Парадельфий ойындарына қатысып, екі жыл қатарынан "Ым-ишара тілінде ән айту" аталымында алтын медальді жеңіп алдық" дейді. "Орындаушылық шығармашылық" аталымында ым-ишара тілінде ән айтудан алдарына жан салмайтын қызылордалық өнерпаздардың өнері ешкімді бей-жай қалдырмасы анық.

Тамаша әлемнің әдемі бояуларын сан түрлі қырынан көре білетін ішкі көкірек көздері ояу дарындардың өмір сүруге құштарлығы кез келген жанға үлгі болары анық.

«Балауса» тобының өнері туралы фильмді Ұлттық Дельфий Комитетінің facebook және Youtube желілерінің әлеуметтік парақшаларынан тамашалай аласыздар.

![«ТУҒАН ЖЕР» ПАТРИОТТЫҚ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ФЕСТИВАЛІНІҢ ҚЫЗЫЛОРДАЛЫҚ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ ТУРАЛЫ ФИЛЬМ ТҮСІРІЛДІ](https://storage.yvision.kz/images/user/440987/44dd55df082b5fa826cc1a3db157e2.jpg)

Youtube: https://youtu.be/rIweBriySJc

Жобаға тоқталатын болсақ, оған қазақстандық авторлар, сондай-ақ, патриоттық тақырыпқа авторлық туындыларды орындайтын шығармашылық ұжымдар «Орындаушылық шығармашылық» (вокал, аспапта ойнау, хореография) және «Көркем шығармашылық» (бейнелеу өнері, бейнеконтент, фотосурет) аталымдары бойынша қатысты.

«Әлемдегі эпиджағдайға байланысты фестиваль пішіні өзгергенімен, жоба нәтижесіне көңіліміз толды. Финалистер, одан соң жеңімпаздар анықталды. Қазіргі таңда 10 жас автордың шығармашылығын насихаттау бойынша жұмыс аяқталуға жақын. Біз жеңімпаз жас авторлар туралы 10 шағын фильм түсірдік» деп атап өтті жоба авторы, Ұлттық Дельфий Комитетінің директоры Құралай ТҮСПЕКОВА.

Бірінші айналымның жұмыстары желі қолданушылары өздеріне ұнаған қатысуға дауыс бере алатын жобаның әлеуметтік желілерінде жарияланды. Осылайша, халықтық дауыс беру нәтижесі арқылы 80 финалист айқындалды.

Байқаудың ақтық сынында қазылар алқасының мүшелері 1, 2, 3 орын лауреаттарын анықталды, жеңімпаздарға Қазақстанды еліміздің Ұлттық Дельфий құрамасы құрамында Қазақстанның атынан қатысу құқығы беріледі.

---

Source: [https://yvision.kz/post/tu-an-zher-patriotty-shy-armashyly-festivalini-yzylordaly-zhe-impazdary-turaly-film-t-sirildi-869642](https://yvision.kz/post/tu-an-zher-patriotty-shy-armashyly-festivalini-yzylordaly-zhe-impazdary-turaly-film-t-sirildi-869642)