---
title: "Қ.Тоқаев: «Маған резиденциядан кету, тіпті шетел асу туралы ұсыныс айтылды»"
description: "Бүгін «Егемен Қазақстан» газетіне президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың көлемді сұхбаты шықты. Онда..."
author: "orazali"
published: "2024-01-03T03:42:10+00:00"
modified: "2024-01-03T04:40:17+00:00"
locale: "ru"
canonical_url: "https://yvision.kz/post/to-aev-ma-an-rezidenciyadan-ketu-tipti-shetel-asu-turaly-synys-aytyldy-999462"
markdown_url: "https://yvision.kz/post/to-aev-ma-an-rezidenciyadan-ketu-tipti-shetel-asu-turaly-synys-aytyldy-999462/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Қ.Тоқаев: «Маған резиденциядан кету, тіпті шетел асу туралы ұсыныс айтылды»

> Бүгін «Егемен Қазақстан» газетіне президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың көлемді сұхбаты шықты. Онда...

Бүгін «Егемен Қазақстан» газетіне президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың көлемді сұхбаты шықты. Онда түрлі өзекті мәселелер қозғалған.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/577776/e547de5e24179a46f02aebb2c7ffd2.jpg)

Журналист Дихан Қамзабекұлының осыдан тура екі жыл бұрын болған Қаңтар оқиғасы туралы сұрағына мемлекет басшысы жан-жақты жауап берген. Президент бұл жайында көп ойланғанын, әлі де жиі ойлайтынын айтады.

«Мен 2019 жылы Президент болып сайланғаннан кейін мемлекетіміз сая­си жүйені демократияландыруға, қоғамдық өмірге еркіндік сипат беруге, экономиканы монополиядан арылтуға бет бұрды. Реформаларды әзірлеуге және оны жүзеге асыруға қоғам өкілдері, белсенді азаматтар, сарапшылар қатысты. Түрлі диалог алаңдарында, соның ішінде, менің ұсы­нысыммен арнайы құрылған Ұлт­тық қоғамдық сенім кеңесінің отырыс­тарында көптеген бастама көтеріліп, жан-жақты пысықталды.

Ашығын айтсам, осы жаңа бағдары­мыз кейбір ықпалды адамдарға мүлде ұнаған жоқ. Олар бұл өзгерісті елімізде әбден тамыр жайған жүйеге және билік құрылымындағы өздерінің «ерекше мәртебесіне» төнген қатер деп қабылдады. Мұндай адамдар елдегі өзгеріске астыртын, кейде тіпті ашық қарсылық білдіре бастады. Ақыр соңында реформаның бетін қайтарып, өздеріне ыңғайлы бұрынғы қалыпқа оралу үшін бәрін тас-талқан етуге шешім қабылдады», – дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының ойынша, жоғары лауазымды азаматтардан құралған бұл топтың күштік құрылым­дарға да, қылмыс әлеміне де орасан зор ықпалы болған. Олар билік­ті күшпен басып алуға бел буады. Тергеу мәліметтері бойынша, дайындық 2021 жылдың ортасына таман басталған.

Бас прокуратураның тергеуінен кейін қаңтар оқиғасының бірнеше толқынмен өрбігені анықталды.

Шерулердің алдымен Маңғыстау облысында басталып, сосын басқа да өңірлерге жайылғаны мәлім. Орталық билік пен әкімдіктер жағдайды реттеуге тырысқанымен, ел ішіндегі ахуал шие­­ленісіп кеткен. Бірінші толқын осылай өрбіді.

«Мұның бәрі арнайы дайындалған жансыздары арқылы жағдайды одан әрі ушықтыруға тырысқан қаскөйлер үшін «іздегенге сұраған» болып шықты. Осындай аса күрделі жағдайдың өзінде құқық қорғау органдары күш қолданбай, сабыр сақтады. Бұл – екінші толқын.

Жетекшілері ымыраласқан топтың айтқанын екі етпейтін және лаңкес­тер­мен, оның ішінде сырттан келген лаң­кестермен байланысы бар қыл­мыс­тық топтар өршелене іске кіріс­кенде үшінші толқын басталды. Олар арнаулы технологияны, арандатушылар мен қарақшыларды пайдаланып, бейбіт шерулерді жаппай тәртіпсіздікке ұластырды. Ұрып-соғу, қирату, өртеу, өзгенің мүлкін қасақана жою белең алды. Дүрбелең кезінде қарулы радикалдар мен лаңкес­тер бір мезетте, бір ғана бұйрықпен мем­лекеттік органдардың және күштік құрылымдардың ғимараттарына, қару-жарақ дүкендеріне, құқық қорғау мекемелері мен әскери бөлімдердің қоймаларына шабуыл жасады», – дейді мемлекет басшысы.

Тоқаев сол кезде мемлекеттік төңкеріс болып кете жаздағанын ашық айтқан.

«Ішкі істер министрлігі арқылы Ақорда резиденциясына түрлі шабуыл жасалғалы жатыр, соған жүк көліктері пайдаланылады деген ақпарат жетті. Маған бас сауғалап, резиденциядан кету, тіпті шетел асу туралы ұсыныс бірнеше рет айтылды. Бірақ мен бұған үзілді-кесілді қарсы болдым. Теледидар арқылы жасаған мәлімдемелерімнің бірінде қандай жағдай болса да жұмыс орнымда қалатынымды ашық айттым. Екі апта бойы тапжылмай, Ақордада болдым, күн-түн демей, шұғыл жиналыстар өткіздім. Сол аласапыран күндерде мемлекетімізді сақтап қалу, елдегі заң мен тәртіп үстемдігін қалпына келтіру ең басты міндет еді», – деп қорытындылайды қаңтар оқиғасының себеп-салдары туралы сөзін президент.

---

Source: [https://yvision.kz/post/to-aev-ma-an-rezidenciyadan-ketu-tipti-shetel-asu-turaly-synys-aytyldy-999462](https://yvision.kz/post/to-aev-ma-an-rezidenciyadan-ketu-tipti-shetel-asu-turaly-synys-aytyldy-999462)