---
title: "ӨТКЕННЕН БЕЛГІ"
description: "ӨТКЕННЕН БЕЛГІ.1980 жылы көктемге салым Алматының нақ ортасында түскен мына фотода ҚазМУ-дегі Араб т..."
author: "BSaparaly"
published: "2016-08-18T18:34:37+00:00"
modified: "2016-08-18T18:34:37+00:00"
locale: "ru"
canonical_url: "https://yvision.kz/post/tkennen-belgi-707724"
markdown_url: "https://yvision.kz/post/tkennen-belgi-707724/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# ӨТКЕННЕН БЕЛГІ

> ӨТКЕННЕН БЕЛГІ.1980 жылы көктемге салым Алматының нақ ортасында түскен мына фотода ҚазМУ-дегі Араб т...

ӨТКЕННЕН БЕЛГІ.1980 жылы көктемге салым Алматының нақ ортасында түскен мына фотода ҚазМУ-дегі Араб тілі пәні бойынша ұстазымыз Мәрзия Мәженованы қоршап-қаумалап тұрған сәтіміз бейнеленген. Солдан оңға қарай: Сейдәлі, Бейбіт, Биғайша, Еркін, Мәриям, Мәрзия апай, Нұртөре, Төлеш, Батырбек, Ләззат. Журфак, 1-курс. Ленинград мемлекеттік университетінің шығыстану факультетінің түлегі, араб тілінің өте жетік маманы, филология ғылымының кандидаты, профессор Мәрзия Аxметжанқызы Мәженова ұстазымыз біздерге алғашқы дәріс бере бастаған күннен бастап, яғни әлифті таяқ деп үйрете бастаған кезден бермен қарай тек қана оқытушы емес, өмірден, кәсіптен, тілден, мәдениеттен, қажет десеңіз Құран аяттарын оқытып қойған шақтарда діннен де тағлым үйреткен ұстазымыз, кей сәттерде тіпті анамыз сияқты ең жақын қамқор болатын. Мұғаліммін екен демей студенттерді өз үйіне де шақыра беретін. Үлкен қызы Жәния Әубәкірова, ортаншы қызы Жанар, қара шаңырақ иесі Қанат біздерден үлкен жастарына қарамай, қазақылығын әрі ленинградтық үлгідегі мәдениеттілігін сақтай отырып, ешқашан қабақ шытпай қонақ етіп күтетін. Академик ғалым, ең танымал экономист, университеттің ректорының 1-ші орынбасары Яxья Әубәкіров ағамыз да өте жұмсақ мінезді, көркем жан болатын. Мәрзия апайымыз қылықтарына еш қабақ шытпай, біздерді сыйлы қонақтай қарсы алып, тең сөйлесіп, білім дәриясындағы оқыған-тоқығандарымызды жалықпай тыңдап, білдіртпестен бағыт-бағдар беріп қойып отыратын. Мәрзия апайымыз Семейдің Шарынан, әкесі Аxметжан Түрксібтің негізін қалаған теміржолшылардан болған соң, ал Яxья ағамыз Қарқаралының тумасы болғаннан кейін біздерді онан сайын жат көрмейтін. Кейде жағдайлары болмай қиналып жүрген студенттерді үйлеріне шақырып алып, жақсылап тамақтандырып, балаларының бір киіп тастаған киімдерінен үстеріне жылы да сәнді киімдер де кигізіп жіберетін жомарттықтары болатын. Жәнияның концерттеріне қалмай барып, батыстың классикалық мәдениетіне молынан сусындаған кездеріміз де жиі болатын. Мәрзия апайымыздай болмысы бөлек ұстазымыз әрдайым жадымызда. Айт күндері, бейсенбі мен жұма күндері Яxья мен Мәрзия марқұмдарды еске алып Құран аяттарын бағыштап, дұға жасап қоямыз. Ол кісілердің бізге берген өнеге-тәрбиелері ешқашан ұмыт болмақ емес.

![ӨТКЕННЕН БЕЛГІ](https://storage.yvision.kz/images/user/bsaparaly/DkQ341Qc1dxQX2A3D6x5sYQPwi66uT.jpg)

---

Source: [https://yvision.kz/post/tkennen-belgi-707724](https://yvision.kz/post/tkennen-belgi-707724)