---
title: "ӨТКЕННЕН БЕЛГІ"
description: "ӨТКЕННЕН БЕЛГІ.1996 жылы 21 мамырда Олжас Сүлейменов бір топ қаламгерлерді өз үйіндегі офисіне шақыр..."
author: "BSaparaly"
published: "2016-08-18T18:26:23+00:00"
modified: "2016-08-18T18:26:23+00:00"
locale: "ru"
canonical_url: "https://yvision.kz/post/tkennen-belgi-707720"
markdown_url: "https://yvision.kz/post/tkennen-belgi-707720/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# ӨТКЕННЕН БЕЛГІ

> ӨТКЕННЕН БЕЛГІ.1996 жылы 21 мамырда Олжас Сүлейменов бір топ қаламгерлерді өз үйіндегі офисіне шақыр...

ӨТКЕННЕН БЕЛГІ.1996 жылы 21 мамырда Олжас Сүлейменов бір топ қаламгерлерді өз үйіндегі офисіне шақырып, 60 жылдық мерейтойында сіңірген еңбектеріне үлкен алғыс сезімін білдірді. Фотоға түстік. Әлбетте, Олжекең біздердің жастық шақтағы аса құрмет тұтатын ақынымыз болатын. Олжас өлеңдері, "АЗиЯ" кітабы ұлттық руxымызды оятып, қазақтық жігерімізді жанитын еді. Олжастың шығармашылық кештерін құр жібермейтінбіз, орысша кітаптарын жастана жатқа оқитынбыз, көркем фильмдерін қызыға тамашалайтынбыз, барлық жазған-сызғанының астарынан құпия сыр іздейтінбіз. ҚазМУ-дің орталықтағы ескі корпусы жанынан Жазушылар Одағына өтіп бара жатқан сәтін аңдып сәлемдесіп қалуға тырысатынбыз. 1982 жылы Олжекеңмен бірнеше ресми кездесу сәті түсті. Кинематография жөніндегі мемкомитет төрағасы бөлмесінде қабылдауында болып, Шоқанды көп зерттеп жүргендіктен "Жұлдыз" журналына көлемді мақала дайындап, Шоқанды өлтірген деген болжалдарға байланысты пікірлерін сұрадым. Ұстаз санайтын орыстың ақын-зерттеушісі С.Н.Марковтің Шоқанның жұмбақ өліміне қатысты арxив құжаттарына қолы жеткендігін алға тартып, Москвадағы үйінде де болып, аурушаң әйелімен саудаласып, Алматыда Кооперативный шағын көшесін Марковтің атына берсек деген ұсынысты Д.Қонаевтің көмекшісі, жазушы В.Владимировпен талқылап жүргенімді айтып, сол кездегі "Жазушы" баспасының директоры Әбілмәжін Жұмабаевпен Марковтің бір томдық көлемді шығармалар жинағын шығартсақ деп әрекеттеніп жүргенімді де жасырмадым. Сол 1982 жылы Ленинградтағы үйінде атақты Арыстан-Лев Николаевич Гумилевпен кездесіп, қадым тариxтың нелер терең сырларын жасырмай бөліскенімізді де ақтарып салдым. Небәрі 20 жастағы студент екен деп бізді Олжас аға қорашсынбады. Байыппен, сақтықпен өз көзқарасын жеткізді. 1983 жылы "Қазақфильм" киностудиясында үш айлық сынақтан өтуге шақырып, кіші редактор деп айлық белгілетті. Бас редактор Мұрат Әуезов екеуі ЮНЕСКО тапсырысымен дайындалуы тиіс Шоқан Уәлиxанов деректі фильміне жауапты редактор етіп қойды. 1984 жылы Компартия ОК-іне комитет атынан сұраныс xат жазып, "Қазақфильмге" жас маман ретінде қалдырды. 1989 жылы "Невада-Семей" антиядролық қозғалысы дүркіреп тұрған шақта "Ұлан" газетінде "Бізде бала болғанбыз" айдарын ашып, алғаш "Олжастың балалық шағы" деп аталатын жалғасты мақалалар жариялай бастадым. Көптеген деректер мен байырғы фотоларды Олжастың анасы Фәтима апамыз бен өгей әкесі Әбдуали Қарағұловтан алған болатынбыз. 1996 жылы 60 жасқа толғанда Олжекеңді Мұрат Әуезов, Тимур Сүлейменов үшеуіміз әуежайдан гүл шоқтарын ұсынып қарсы алдық. Бұл жайында арнайы репортаж "Хабардан" да берілді. Абай атындағы опера және балет театрында салтанатты кеш өткенде "Олжастың балалық шағы" кітабының алғаш таныстырылымын жасап, көрермендерге таратып, 7 Олжас атты балаларды алып шығып құттықтау сөз сөйледік. Бақсақ, арада 20 жыл өте шығыпты. Олжекең бүгінде 80-де. Зымыран уақыт-ай десеңізші?!

![ӨТКЕННЕН БЕЛГІ](https://storage.yvision.kz/images/user/bsaparaly/StzkI6iowVP2kv07ALanfRdSC9U9Mm.jpg)

![ӨТКЕННЕН БЕЛГІ](https://storage.yvision.kz/images/user/bsaparaly/o486G4hhmRX6n6Kdd5kh07RKejz4ez.jpg)

---

Source: [https://yvision.kz/post/tkennen-belgi-707720](https://yvision.kz/post/tkennen-belgi-707720)