---
title: "ӨТКЕННЕН БЕЛГІ"
description: "ӨТКЕННЕН БЕЛГІ Алаштың ардақтысы Ақселеу Сейдімбекпен жақын таныстығымыз 1984 жылдың жаз айларында ..."
author: "BSaparaly"
published: "2016-08-18T18:01:45+00:00"
modified: "2016-08-18T18:01:45+00:00"
locale: "ru"
canonical_url: "https://yvision.kz/post/tkennen-belgi-707706"
markdown_url: "https://yvision.kz/post/tkennen-belgi-707706/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# ӨТКЕННЕН БЕЛГІ

> ӨТКЕННЕН БЕЛГІ Алаштың ардақтысы Ақселеу Сейдімбекпен жақын таныстығымыз 1984 жылдың жаз айларында ...

# ӨТКЕННЕН БЕЛГІ

# Алаштың ардақтысы Ақселеу Сейдімбекпен жақын таныстығымыз 1984 жылдың жаз айларында басталды. ҚазМУ-дің журфагін бітірерде "19-ғасырдағы орыс баспасөзіндегі қазақтар туралы тың деректер" деген тақырыпта диплом жұмысын жазып, ғылыми жетекшім профессор Файзолла Оразаев, пікір жазған Ақселеу Сейдімбек болып, ректор академик Өмірбек Жолдасбеков семіз бес деген баға қойып мәртебемізді бір өсіріп тастаған еді. Содан "Қазақфильмге" қызмет істеуге жолдама алып, елге бірер айға демалысқа кеткенімізде Алматыдан ақын Несіпбек Айтов іздеп тауып, Ақселеу ағаң "Білім және еңбек" журналына қызметке шақырып жатыр деген сәлемін жеткізіп, артынша іссапармен Семей облысына келген "Білім және еңбек" журналының жауапты xатшысы Әлібек Асқаровты әуежайдан қарсы алып тұрып Ақаңның қолы қойылған ресми бұйрық көшірмесін алғанымыз бар. Олжас Сүлейменов пен Мұрат Әуезов ағаларымыздың қоластында қызметке тұрып, киностудия саласына түбегейлі бет бұрғанымызда кейінгі тағдыр-талайымыз не боларын кім білсін?! Алайда 1984-1988 жылдар аралығында Ақселеу Сейдімбек басшылығымен республикадағы ең ұлтшыл басылымға ("Правда" газеті 1986 жылы желтоқсан оқиғасынан кейін "Білім және еңбекке" осындай теріс баға берген еді) белсене атсалысуымыз біздер үшін орны бөлек тариxи мектеп болды. Осы жылдарда Ақселеу Сейдімбекпен ертелі-кеш қызметтес болдық, қуанышында да, шығармашылық табысында да, қудаланған қиын кезеңдерінде де туған інісінен әрмен әрдайым қасынан табылдық. Мен қазақпын деген барлық қазақ перзенттерін түстеп танитын дәрежеге жеттік. Кейінде ғылымға, мемлекеттік қызметтерге ауысып кеткеннен соң ғана Ақаңмен сирек ұшырасатын болдық. Ақкөңіл Ақаң Астанада қашан көріп қалса да ағалық мейірімін төгіп, бірден баурап әкететін. Енді, міне, сол Ақаңның байырғы кітаптарын қолымызға алып, жайраңдаған жақсы күндерімізді еске алып, қолтаңбасына сағынышпен көз жүгіртіп, руxың шат болсын қайран қазақтың Ақселеуі деп мұңая отырған жайымыз бар. Он саусағынан өнері тамған Ақаң домбырада Арқаның күйлерін сылқылдата шерте отырып, бір сәтке тоқтап қолына жаңа көргендей үңіле қарап, "Е, заман-ай десеңші, бір кездері мына саусақтарым да өлгеннен соң көрде шіріп текке керексіз болып қалады-ау?!"-деп жеңіл күрсініп қоятын. Алдамшы жалған деген осы да!

![ӨТКЕННЕН БЕЛГІ](https://storage.yvision.kz/images/user/bsaparaly/SLFJAQAbc9yLxu6yAG6g2Ob3wTCF27.jpg)

![ӨТКЕННЕН БЕЛГІ](https://storage.yvision.kz/images/user/bsaparaly/1pHjE5XW78pUfSpl122hDchFA0Zj4X.jpg)

![ӨТКЕННЕН БЕЛГІ](https://storage.yvision.kz/images/user/bsaparaly/y96QP7qXAuAX9MN6iuDNiXBLu5QwPc.jpg)

![ӨТКЕННЕН БЕЛГІ](https://storage.yvision.kz/images/user/bsaparaly/0W3vRKvdg5cp3n6S926HQ9ol9BEb29.jpg)

---

Source: [https://yvision.kz/post/tkennen-belgi-707706](https://yvision.kz/post/tkennen-belgi-707706)