---
title: "ТЕТ 2017 НИШ Атырау"
description: "15.06.2017 «ТЕТ» жобасының төртінші күні «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайынан басталды..."
author: "aktoty_tukenova02"
published: "2017-06-15T12:02:16+00:00"
modified: "2017-06-15T12:02:16+00:00"
locale: "ru"
canonical_url: "https://yvision.kz/post/tet-2017-nish-atyrau-770174"
markdown_url: "https://yvision.kz/post/tet-2017-nish-atyrau-770174/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# ТЕТ 2017 НИШ Атырау

> 15.06.2017 «ТЕТ» жобасының төртінші күні «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайынан басталды...

15.06.2017

«ТЕТ» жобасының төртінші күні «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайынан басталды.

Мұражайда ең алдымен менің көзіме оттай басылған, ол- Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Ежелгі көшпелілердің далалық өркениеті адамзат тарихында терең із қалдырды... Ол скиф-сақ дәуірінен бастау алатын мыңжылдықтар бойы қалыптасқан көшпелілердің бір тұтас мәдениетімен тығыз байланысты» деген сөздері. Мен Елбасының сөздеріне толықтай келісемін. 2011 жылы ашылған бұл мұражайдан мен тек өзімнің ғылыми жобама қажетті мәліметтерді алып қана қоймай, өзге де Қазақстан территориясынан табылған жәдігерлер туралы да көп мәлімет білдім. Мысалы, мен «Есік жазуы» деген ұғымның Памир және Тяньшань таулары аралығынан табылған, оқу әдісінің құпиясы ашылмаған ескі жазулардың жалпы атауы екенін білдім. Солардың ішіндегі, ғылыми ортаға жақсы танымалы Есік қорғанынан табылған «есік жазуы» атауы осыдан негіз алған күміс тостағандағы орхон-енесей жазуларына құсас кейбір пікірлер бойынша кхарошти жазуына ұқсас 26 белгіден тұратын сақ жазуы екен. Экскурсовод бізге «Есік жазуы» Қазақстан, оңтүстік Өзбекстан, оңтүстік Тәжікстан, солтүстік Ауғанстаннан табылғандығын, біздің заманымыздың I-VI ғасырларына жататын балшық ыдыстар мен тастарда жиі кездесетінін айтып берді.

Осыған дейін мен мұражайларда сақталатын қыш құмыраларға қызықпаушы едім. Алайда, бүгін мен қыш құмыралар мен ыдыстар аталған жәдігерлердің ең құнды әрі көп мәлімет беретінін және қандай ғасырға жататынын анықтаудың ең тиімді әдісі екенін білдім. Өйткені сол ыдыс-аяқтарда құмырашының қолының табы қалады. Қолдың ізін компьютерге енгізіп, генді зерттеу арқылы оның қай дәуірге жататынын білуге болады екен. Қазақстан территориясында тек «Алтын адам», ыдыс-аяқтар, әшекей-бұйымдар ғана емес, түрлі еңбек құралдары да табылған. Жер өңдеу кәсібіне тән дән үккіштер, түйгіштер, тас кетпендер және тағы басқа еңбек құралдары көшпелі сақтардың мал шаруашылығымен қатар, жер өңдеу кәсібімен де айналысқанын көрсетеді. Аталмыш еңбек құралдары елді мекен орындарымен қатар жерлеу орындарында да кездеседі.

Әрине, мұражайдың басты экспонаты, ол- қазақтың қана емес, күллі көшпелі халықтардың мақтанышына айналған, тәуелсіздіктің символы болып табылатын «Алтын адам». Мен сіздермен «Алтын адамның» табылу тарихымен бөліскім келеді. «Есік қорғанынан табылған Алтын адам» мен Кемел Ақышев есімі қатар жүреді. Есік қаласында 1963 жылы болған қатты селден ес жиып 1969 жылы автотұрақ қайта салу мәселесі көтеріледі. Құрылыс басталмас бұрын құрылысшылар осы жердегі көп қорғандарды көріп, оларды зерттетейік деген оймен археологтарды шақырды. Алайда, сол жылдары археологтардың басым көпшілігі Отырарды қазып жатады. Сол жылдары Жетісу өңірін зерттеген алғашқы археологтардың бірі тарих ғылымдарының докторы, қазақ археология ғылымының негізін қалаушылардың бірі Кемел Ақышев болды. Ол Есікке өзінің оң қолы Бекен Нұрмұхамедов пен қол астындағы онға жуық археологты жібереді. Олар келіп, биіктігі 6 метрды, диаметрі 60 метрді құрайтын қорғанның орталық аймағын барлау жұмыстарын жүргізеді. Наурыздың 4-і күні бульдозерші келіп бір аймақты қаза бастағанда, оның күрегі қабірдің бұрышына келіп тіреледі. Сол жерді тереңірек қазғанда қабір көрінеді. Бұл хабарды Кемел Ақышевқа хабарлап, Бекен Нұрмұхаметов қабірдің ішіне түсіп, ханзаданың сүйегін алады. Осылайша 1969 жылы Қазақстанның оңтүстігінде археологиялық қазбалар барысында «Алтын адам» табылған.

Өкінішке орай, қабір бөденеден (бөрененің ұзындығы 3 метрді, ені 2 метрді құраған) жасалғандықтан, беткі жағынан жабылған бөрене ішіне қарай құлап, нәтижесінде бас сүйек сынып кетеді. Кейін оны жинап алып, Оразақ Смағұлов бастаған антропологтарға берген. Өкінішке орай, 1990 жылдары Ресейден тәуелсіздік алу кезінде барлығы ыдырап, соңында «Алтын адамның» бас сүйегі жоғалған. Ханзада батысқа қарап жерленген. Күннің шығуы сәбидің дүниеге келгенін білдірсе, күннің батуы адамның дүниеден озуын білдірген. «Алтын адамның» киімінде 4000 дана алтын болған. «Алтын адам» қабірінің оңтүстік және батыс іргелерінде белгілі бір тәртәппен орналасқан 31 алтын бұйым, яғни қыш, ағаш ыдыстар, әртүрлі металл(қола,күміс) заттар, қару-жарақ және әшекей заттары табылған. Олардың орналасу тәртібі негізінде «Алтын адамның» киімі қалпына келтірілген екен. «Алтын адамның» бойы 1,65 метрді, тәжі 0,65 метрді құрайды. Тәждегі 150 алтын жапсырмалар сол уақыттың дүниетанымына сай болған, жайдан-жай жапсырылмаған. Ерте заманда әлемді 3-ке бөлген: жоғарғы әлем, ортаңғы әлем және төменгі әлем. Ежелде адамдар құдайдың бейнесін елестетпеген. Тәңірмен байланыстыратын құстар, аңдарды сол себепті тәждің ең жоғарғы бөлігіне салған. Ортаңғы әлем- халық арасында байлардың кедейлерді қанауы, үстемділігін жүргізуі кең тарағандықтан, күресті білдіретін барыстың, таудың, тастың бейнесі. Ал төменгі әлем әлі зерттелмегендіктен, балық немесе ою-өрнек түрінде жасалынған жапсырмалар.

Мен «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайынан өзіме көптеген жаңалықтар аштым. Бағдарлама бойынша біз әрі қарай Іле Алатауындағы Үлкен Алматы көліне жол тарттық. Бұл жерде жайқалып өскен түрлі гүлдер мен өсімдіктер көзге өз кереметін сыйға тартты. Табиғаттың бар әсемдігін, бар кереметін, одан алған әсерімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Табиғат аясында, керемет көрініске куә бола отырып түстену ерекше сезімге бөледі. Үлкен Алматы көлінен соң «Ашим» форель шаруашылығына бардық. Ол жерде біз балықтың түрлерін көріп, олардың өмір сүру цикліне куә болдық.

Бүгінгі күнгі бағдарлама менің өз жобама қажетті ақпараттарды алуыма және естен кетпес күн өткізуіме мүмкіндік берді.

![ТЕТ 2017 НИШ Атырау](https://storage.yvision.kz/images/user/aktoty_tukenova02/FppsM72FHU2UY7PB8yIyE11RMWw0V1.jpg)

---

Source: [https://yvision.kz/post/tet-2017-nish-atyrau-770174](https://yvision.kz/post/tet-2017-nish-atyrau-770174)