---
title: "Ташкент тарихының бір үзігі"
description: "Ташкенттің қазақ тарихына қатысты тарихы тереңде, мысалы, 1598 жылдан бастап 1723 жылдар аралығында Ташкент Қазақ хандығы қалаларының бірі б..."
author: "Fvfylsr"
published: "2024-11-06T13:18:02+00:00"
modified: "2024-11-06T13:18:02+00:00"
locale: "ru"
canonical_url: "https://yvision.kz/post/tashkent-tarihynyn-bir-uzigi-1008584"
markdown_url: "https://yvision.kz/post/tashkent-tarihynyn-bir-uzigi-1008584/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Ташкент тарихының бір үзігі

> Ташкенттің қазақ тарихына қатысты тарихы тереңде, мысалы, 1598 жылдан бастап 1723 жылдар аралығында Ташкент Қазақ хандығы қалаларының бірі б...

![Ташкент тарихының бір үзігі](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/9850618400c9cb909af98032ba649982.jpg?width=974&height=735)

Ташкенттің қазақ тарихына қатысты тарихы тереңде, мысалы, 1598 жылдан бастап 1723 жылдар аралығында Ташкент Қазақ хандығы қалаларының бірі болды. Одан кейінгі жылдары да Ташкентті қазақ билігі басқарды. Мысалы, Ташкент түбінде жерленген Төле би туралы жақсы білеміз. Мәселен, 1743-1749 жылдары Төле би (деректерде қазақ ханы Төле би депті) Ташкентті басқарып тұрған. Ташкент жұрты Төле биге 40 000 теңге көлемінде салық төлеп тұрады. 1741 жылы Ташкентке келген татар саудагері Шубай Арсланов былай деп жазыпты: «он Тюлебий с таким утеснением Ташкенту учинил, что ежели и захочет тот текущий туда канал, то тот-час запрудит и в другую сторону пустить может, от чего ташкентцы принуждены могут быть за удержанием на пашни воды помереть». Бұл жерде Шыршық өзенінен бастау алатын Бозсу арнасы туралы болса керек. Ал, су тіршілік көзі екені түсінікті. Дегенмен, менің назарымды аударған мына екі жайт. Біріншіcі, 1780 жылға дейін Ташкенттің бегі Қанай би болады. Бұл лауазымға Қарауыл Қанай Құттымбетұлы Абылай ханның ұсынысы бойынша сайланады. Абылай ханның үзеңгілесі Қанай би Ташкентте қайтыс болып, Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кешенінде жерленген. Екіншісі, кейінгі уақыттарда да Ташкентке қазақ жұртының ықпалы жүріп тұрғанға ұқсайды. Мысалы, 18 ғасыр соңында Ташкент жеке хандыққа айналады, шаһар ежелгі гректердің полисі сияқты болған сияқты деп ойлаймын. Қала төрт аумақтан - Себзардан, Шейхантаурдан, Кукчадан және Бешағаштан тұрған. Қаланың әр аумақ басшысын қазақ ханы қояды. Бұл уақыт "Чор хаким", яғни "Төрт әкім" деп аталған. Бұл төрт ауданның түйіскен жерінде базар орналасады. Төрт әкім арасында әртүрлі жағдайларға (мысалы, су, сауда дегендей) байланысты кикілжің туындап тұрады екен. Сондай бір шиеленіс сәтінде базар маңында қақтығыс басталады. Шайхантур аумағының басшысы Юнус-Ходжа (Жүнісқожа) ең мықты деген зеңбірек құюшыны тауып алады да, күндердің күнінде базар маңы аймағындағы көп төбелестің бірінде зеңбіректен атқылайды. Жылнамашы ол оқиғаны былай деп суреттейді: «после каждого выстрела взлетали на воздух оторванные части человеческого тела. Народ в смятении, и ужасе убегал в разные стороны и приходил в изумление от никогда невиданного орудия. Некоторые умирали от страха на месте». Осыдан кейін Ташкенттің қалған үш бөлігінің басшылары бастары ауған жаққа қашады. Жүнісқожаның жаршылары: "Жүнісқожаға бағыныңдар. Жүнісқожаның заманы келді" деп кернейлетеді-зұрнайлатады. Сөтіп, Жүнісқожа қаланы жеке басқара бастайды. Әрине, Ташкент пен қазақ тарихына қатысты болған соң, оның қолдаушы күші тағы қазақтар болды. Жүнісқожа шынышқылы мен қаңлы тайпаларына арқа сүйеп, тіпті бір заманда Ферғана аңғарын бағындырмақшы болады. Одан кейінгі тарихы белгілі. Мүмкін, Ташкенттің қазаққа қатысты тарихы бұдан де терең және қызықты болар, ал, мен осы қысқа ғана уақыттағы бір кезеңін атап өтуді өзіме парыз санадым! Суретте: Ташкент. Шейхантаур кешені. Төле бидің (өзбекше Калдиргоч-бийдің) мавзолейі.

---

Source: [https://yvision.kz/post/tashkent-tarihynyn-bir-uzigi-1008584](https://yvision.kz/post/tashkent-tarihynyn-bir-uzigi-1008584)