---
title: "Таңсықбаев тұлғасы"
description: "Өзбекстанға сапар барысында Қарақалпақстан астаны Нүкіс қаласында орналасқан \"Шығыс Луврі\" атты И.В.Савицкий атындағы мемлекеттік өнер ?..."
author: "Fvfylsr"
published: "2024-11-05T15:08:56+00:00"
modified: "2024-11-05T15:08:56+00:00"
locale: "ru"
canonical_url: "https://yvision.kz/post/tansykbaev-tulgasy-1008564"
markdown_url: "https://yvision.kz/post/tansykbaev-tulgasy-1008564/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Таңсықбаев тұлғасы

> Өзбекстанға сапар барысында Қарақалпақстан астаны Нүкіс қаласында орналасқан "Шығыс Луврі" атты И.В.Савицкий атындағы мемлекеттік өнер ?...

![Таңсықбаев тұлғасы](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/e86351bb9ac1a49c1af9ed2359c2b4dd.jpg?width=166&height=250)

Өзбекстанға сапар барысында Қарақалпақстан астаны Нүкіс қаласында орналасқан "Шығыс Луврі" атты И.В.Савицкий атындағы мемлекеттік өнер музейіне кірген едім. Музей қала орталығында тұр, шаһардың басты туристік нысандарының бірі десек те болар. Осы музейді аралау барасында белгілі суретші Орал Таңсықбаевтың да картиналарын көрген болатынмын.

![Таңсықбаев тұлғасы](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/889ed042ef479f9f76bf290c720a47e9.jpg?width=600&height=539)

Жалпы, Таңсықбаев туралы білеміз, дегенмен, оның тұлғасы туралы толықтыра кеткен жөн болар.

Орал Таңсықбаев 1904 жылғы 1 қаңтарда Ташкент шаһарында дүниеге келген. Көп балалы отбасыда туған Орал жеті жылдық мектепті бітірген соң, анасына көмектесу (әкесі қайтыс болады) мақсатында шарап зауытына жұмысқа тұрады. Ол осында жүріп сурет сала бастайды. Бұл кезеңдегі суреттері портрет жанрында белгілі.

![Таңсықбаев тұлғасы](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/b2cbae7c443af7c0c14f4824dbb571ea.jpg?width=494&height=886)

Сөйтіп, балаң жігіт 1923-1927 жылдары Ташкент өнер музейі жанындағы студияды оқып, білімін шыңдай түседі. 1928 жылы Орал Таңсықбаев Пенза көркемөнер училищесіне оқуға түседі және онда бір жыл оқиды. 1929 жылы Орал постимпрессионизм мен кубизмді игере бастайды. Әу баста, портретист, одан соң Ташкенттегі орыс авангардистерінің мектебінен өткен Таңсықбаев дегенмен 30 жылдары әртүрлі тәсілдерді қолданып көреді.

Кейде шығармашыл адамның сурет салуға берілгендігі сондай өзімен өзі болады. Бірақ, Таңсықбаев көпшіл болған деседі. Табиғат аясына да жиі шығып, ағаштан түйін түйіп, бау-бақша өсіргенді ұнатады екен.

![Таңсықбаев тұлғасы](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/c5cf596c9908567aa3bcfb071715b0f4.jpg?width=596&height=477)

1937 жылдың салқыны да оны айналып өтпегенге ұқсайды, мен тіпті бір-екі картинасынан Ашаршылық тақыбырының ("Сүт сатушылар" деп аталады) ізін көргендей болдым. Сөйтіп, соцреаллиз тақыбырына келеді. Ал, 50-60 жылдары туған даласын, туған өлкесін көбірек бейнелейді. Еңбегі де елеусіз қалмай 1958 жылы Брюссельде өткен Әлемдік көрмеде күміс жүлдеге ие болады. Айтқандай, 1934 жылы Мәскеу мен Филадельфиядағы өнер көрмелеріне қатысқаннан соң Өзбекстан колористерінің басшысы ретінде таныла бастайды

Ол Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында туғанын жоғарыда айттық, ал, қайтыс болған жері Қарақалпақстан астанасы Нүкіс қаласы. Барлық саналы ғұмырын Өзбекстанда өткізген Орал Таңсықбаев тарихи отанымен байланысын да үзген жоқ. Мысалы, 1938 жылы Қазақ опера және балет театрының алғашқы балет қойылымдарының бірі - "Қалқаман-Мамыр" балетінің театр суретшісі болды. Алматыға жиі келіп тұрды, бір уақыт Алматы түбінде қоныстанды. "Алматыдағы қыс", "Медеу мұзайдыны" сияқты картиналарын салды.

Орал Таңсықбаевтың жұмыстары Мәскеу, Нүкіс, Ташкент, Алматы қалаларындағы музейлерде тұр.

![Таңсықбаев тұлғасы](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/ecb9400cd6882ca40acffcf5aa21984b.jpg?width=597&height=502)

Таңсықбаев Өзбекстанның алғашқы станковист суретшісі, өзбек живопись өнерінің негізін қалаушылардың бірі, сценограф.

Айтқандай, Ташкентте оның музей-үйі бар, аталған музейде 400 шақты картинасы жинақталған. Сәті түссе Сіз де барыңыз!

Суреттерді Нөкістегі И.В.Савицкий атындағы мемлекеттік өнер музейінде түсірдім және өзге музей қорларынан алдым!

---

Source: [https://yvision.kz/post/tansykbaev-tulgasy-1008564](https://yvision.kz/post/tansykbaev-tulgasy-1008564)