---
title: "ТӘРТIПСIЗ ЛАҚ"
description: "Нәсiреддiн СЕРАЛИЕВ ТӘРТIПСIЗ ЛАҚ Кеш. Аула төрiнде, үлкен терек көлеңкесiнде кiтап оқып отырғанмын..."
author: "kitap2"
published: "2016-03-15T10:39:49+00:00"
modified: "2016-03-16T07:13:55+00:00"
locale: "ru"
canonical_url: "https://yvision.kz/post/t-rtipsiz-la-683750"
markdown_url: "https://yvision.kz/post/t-rtipsiz-la-683750/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# ТӘРТIПСIЗ ЛАҚ

> Нәсiреддiн СЕРАЛИЕВ ТӘРТIПСIЗ ЛАҚ Кеш. Аула төрiнде, үлкен терек көлеңкесiнде кiтап оқып отырғанмын...

***

![ТӘРТIПСIЗ ЛАҚ](https://storage.yvision.kz/images/user/kitap2/fZ3edi7u37Mew7K63yz60hIl8Epi8E.jpg)

***

***Нәсiреддiн СЕРАЛИЕВ***

**ТӘРТIПСIЗ ЛАҚ**

**Кеш. Аула төрiнде, үлкен терек көлеңкесiнде кiтап оқып отырғанмын. Кенет тарс-тұрс дыбыс шығып, басымды көтердiм.**

Қарасам, көршiмнiң бiрiншiде оқитын баласы өзiнiң лағын ышқынта қуалап жүр.

Бiр кезде жеттi-ау лаққа. Мүйiзiнен ұстап алып, бас-көз демей төпеп жатыр. Осы кезде үйден әжесi шығып, оның қылығын көрдi де:

– Әй, Төлтай, ұрма лақты! – деп айқайлады. Күтпеген жерден шыққан дауыстан селк ете түскен Төлтай лақтан айырылып қалды. Төнiп келген әжесiнен қашпай тымырайып тұр. – Неге ұрасың? Өй, тәртiпсiз!

– Лақ тәртiптi ме? Неге еккен ағашымды құлатады?.. – деп ренжiсiн ұқтырды Төлтай.

Қараймын, әлгiнде ғана құнжыңдап терезе түбiнде отырғызып жатқан жас ағашы құлап қалыпты, мұны көрген әжесi:

– Жә, екеуiң де оңып тұрған жоқсыңдар... – дедi, қолын сiлтеп жөнiне кеттi.

– Маған ұрсады, лақтың қылығын көрмейдi, – бұртыңдаған Төлтай құлап жатқан ағашты қайта тұрғызып жатты.

---

Source: [https://yvision.kz/post/t-rtipsiz-la-683750](https://yvision.kz/post/t-rtipsiz-la-683750)