---
title: "Тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрестің маңызы"
description: "2024 жылдың көктемі тұрмыстық зорлық-зомбылық тақырыбымен айрықша есте қалуда. Қазір ғаламтор беттерінде де бұл тақырып аясында ақпараттар өріп жүр. Наразылық пен реніш халық тарапынан қатты сезілуде. Сондықтан осы мәселе аясында заң не дейді? Неден..."
author: "Alimbekqyzy.anel"
published: "2024-04-17T09:01:33+00:00"
modified: "2024-04-17T09:01:33+00:00"
locale: "ru"
canonical_url: "https://yvision.kz/post/t-rmysty-zorly-zombyly-pen-k-resti-ma-yzy-1003549"
markdown_url: "https://yvision.kz/post/t-rmysty-zorly-zombyly-pen-k-resti-ma-yzy-1003549/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрестің маңызы

> 2024 жылдың көктемі тұрмыстық зорлық-зомбылық тақырыбымен айрықша есте қалуда. Қазір ғаламтор беттерінде де бұл тақырып аясында ақпараттар өріп жүр. Наразылық пен реніш халық тарапынан қатты сезілуде. Сондықтан осы мәселе аясында заң не дейді? Неден...

2024 жылдың көктемі тұрмыстық зорлық-зомбылық тақырыбымен айрықша есте қалуда. Қазір ғаламтор беттерінде де бұл тақырып аясында ақпараттар өріп жүр. Наразылық пен реніш халық тарапынан қатты сезілуде. Сондықтан осы мәселе аясында заң не дейді? Неден қателесіп жатырмыз? Айшықтап көрелік.

Ең соңғы деректерге сүйенсек, 2024 жылдың 11 сәуір күні тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заңды күшейту туралы Сенат мақұлдаған жарлықты ел Президенті бекітті. Осы уақытқа дейін болған жеңіл жазалар мен болмашы ескертпелердің әсерінен көптеген келеңсіздіктер орын алған еді. Алдағы уақытта кәмелет жасқа толмағандарға зорлық-зомбылық оқиғасына жеңіл жаза қарастыруға тыйым салынады, тараптардың татуласуына мүмкіндік берілмейді, бала өліміне немесе зорлығына қатысы барларға өмірлік түрме жазасы қарастырылады. Осы секілді заңды күшейтуге бағытталған өзгертулер болды.

Тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайынан жапа шегу оқиғалары жөнінде статистика да уақыт өткен сайын бұл мәселенің қаншалықты күрделі екенін аңғартады. 2023 жылдың қазан айындағы деректерге сүйенсек, соңғы 4 жарым жылда 869 әйел тұрмыстық зорлық-зомбылықтан көз жұмған, ал ауыр зиян келтіру бойынша 2086 факті тіркелген. Бұл көрсеткіш жаға ұстатарлық. Отбасы институтының ақсап тұрғанына үлкен дәлел.

Тұрмыстық зорлық - зомбылықпен күресу-бұл мемлекет, қоғам және халықаралық қоғамдастықтың кешенді көзқарасы мен келісілген күш-жігерін қажет ететін маңызды міндет. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы қатаң заңдар енгізу және оларды тиімді қолдану тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға және жазалауға көмектеседі деген сенім мол.

Бұл мәселені шешу жөнінде ұсыныстар:

1. Жәбірленушілерге көмек пен қолдау көрсету: тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына қауіпсіз баспаналарға, психологиялық және құқықтық қолдауға, медициналық көмекке және басқа да көмек түрлеріне қол жетімділікті қамтамасыз ету оларға дағдарысты жеңуге және жаңа өмір бастауға көмектеседі.2. Білім беру және қоғамды ақпараттандыру: тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы әлеуметтік шараларды жиі әрі сапалы өткізу, қоғамды зорлық-зомбылықтың белгілерімен таныстыру жұмыстарын жүргізу, сондай-ақ отбасында салауатты қарым-қатынастарды қалыптастыруға жәрдемдесу, жол сілтеу.

Тұрмыстық зорлық - зомбылықпен күрес-бұл қоғамның барлық жағынан үнемі назар мен күш-жігерді қажет ететін ұзақ мерзімді процесс. Бұл мәселені тамырымен жұлып тастау қолда тұрған нәрсе емес. Бұл үлкен отбасылық институт пен тәрбие мектебінің негізінде жатыр. Осы жолда әрбір азамат өз жауапкершілігін сезіне білуі шарт, себебі ендігі ұрпаққа дұрыс бағыт сілтеп, жақсы тәрбие нәрін сіңіру әрқайыссымызға артылар жүк, орындалуы тиіс міндет.

Авторы:Біржан Ролан

Жетекшісі: Н.Б Рушанова

---

Source: [https://yvision.kz/post/t-rmysty-zorly-zombyly-pen-k-resti-ma-yzy-1003549](https://yvision.kz/post/t-rmysty-zorly-zombyly-pen-k-resti-ma-yzy-1003549)