---
title: "Степногорск қазақша сөйлейді: қаланы біріктірген тіл"
description: "Мемлекеттік тіл – ұлттық бірегейліктің өзегі және қоғамдық бірліктің негізі. Ол халықтың тарихы мен дүниетанымы, мәдениеті мен рухын бі?..."
author: "MarkSeveryanin"
published: "2025-11-08T17:11:58+00:00"
modified: "2025-11-08T17:25:15+00:00"
locale: "ru"
canonical_url: "https://yvision.kz/post/stepnogorsk-kazaksha-soyleydi-kalany-biriktirgen-til-1018349"
markdown_url: "https://yvision.kz/post/stepnogorsk-kazaksha-soyleydi-kalany-biriktirgen-til-1018349/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Степногорск қазақша сөйлейді: қаланы біріктірген тіл

> Мемлекеттік тіл – ұлттық бірегейліктің өзегі және қоғамдық бірліктің негізі. Ол халықтың тарихы мен дүниетанымы, мәдениеті мен рухын бі?...

![Степногорск қазақша сөйлейді: қаланы біріктірген тіл](https://storage.yvision.kz/images/user/441175/849006c72aeb511225d1b8dfc94ce617.jpg?width=1200&height=809)

Мемлекеттік тіл – ұлттық бірегейліктің өзегі және қоғамдық бірліктің негізі. Ол халықтың тарихы мен дүниетанымы, мәдениеті мен рухын біріктіретін мәдени кеңістік қалыптастырады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей: «Мемлекеттік тіл ғылымның, технологияның, бизнестің және заманауи коммуникацияның тіліне айналуы тиіс. Бұл – болашақ Қазақстан алдындағы ортақ парызымыз», – деп атап өткен, деп хабарлайды [Yvision.kz](http://Yvision.kz).

![Степногорск қазақша сөйлейді: қаланы біріктірген тіл](https://storage.yvision.kz/images/user/441175/f9cc0bbbfc5ac56b9516f902f01edf12.jpg?width=900&height=506)

*Жұмысшы мамандықтар жылы аясында Степногорск тау-кен химиялық комбинатының мамандары мен жұмысшылары мемлекеттік тілді үйренуді бастады. ***Қала тұрғындарының белсенділігі**Степногорск қаласында мемлекеттік тілді дамыту жұмысы жүйелі түрде жүзеге асуда. Мәдениет бөлімі мәліметінше, жыл сайын **340 адам** қалалық оқу-әдістемелік орталығында қазақ тілін тегін үйренеді, ал **40 тыңдаушы** ағылшын тілін меңгеруде.Жұмысшы мамандықтар жылы аясында Степногорск тау-кен химиялық комбинатының мамандары мен жұмысшылары мемлекеттік тілді үйренуді бастады. Шаңтөбе және Заводской кенттерінде тегін оқу кабинеттері ашылып, сабақтар түрлі деңгей бойынша өткізіледі.Орталық жанындағы **«Кел, қазақша сөйлейік!»** клубы қатысушыларға мемлекеттік тілді өмірде еркін қолдануға мүмкіндік береді. Мұнда тек тыңдаушылар ғана емес, жас мұғалімдер, кәсіпкерлер мен студенттер де бас қосады.**Шығармашылық пен жастар бастамалары**Жаңа тілдік толқынның символына айналған жас ақындар клубы **«Қауырсын қалам»** бүгінде 20 белсенді мүшені біріктіреді. Тілдер онкүндігі аясында **«Тұлпар мініп, ту алған!»**, **«Тіл тұғырым»**, **«Менің елім, менің тілім»** сияқты әдеби және зияткерлік сайыстар ұйымдастырылды. Оларға мектеп оқушылары, әскери қызметшілер, студенттер мен түрлі этнос өкілдері қатысты. Барлығы он күн ішінде **200-ден астам іс-шара** өткізіліп, оған **15 мыңнан астам адам** қамтылды.**Тілдің күші – оны қолдануда**

![Степногорск қазақша сөйлейді: қаланы біріктірген тіл](https://storage.yvision.kz/images/user/441175/6500efdb9e998f4dffd5dbdca9fe2294.webp?width=1080&height=1080)

Мемлекеттік тіл қалалық өмірдің ажырамас бөлігіне айналуда: сауда орталықтарында қазақ әндері шырқалып, оқу орындары мен колледждерде құжат айналымының мемлекеттік тілдегі үлесі артып келеді, жаңа цифрлық ресурстар әзірленуде. Мемлекеттік тілді алға жылжытудың басты шарты – қоғамда тұрақты тілдік әдет қалыптастыру. Күнделікті өмірде неғұрлым көп адам қазақша сөйлесе, ел соғұрлым берік әрі сенімді болады. Мемлекеттік тілді дамыту – бір күндік науқан емес, жылдарға жалғасатын жүйелі үдеріс. Ол тұрақтылықты, мәдениетті және әр азаматтың жеке үлесін талап етеді. Тіл – тек қатынас құралы емес, ол – елдің болашағын біріктіретін қуат.**Сенім кеңістігі**Степногорск қаласында мемлекеттік тілді дамыту қоғамдық өмірдің табиғи бөлігі ретінде қабылданады. Мәдениет бөлімі мамандарының айтуынша, соңғы жылдары қазақ тілі курстарына сұраныс жастар мен жеке сектор арасында едәуір артқан. Көп жағдайда оқыту бастамасы кәсіпорындар, мектептер және қызмет көрсету ұйымдары тарапынан көтерілуде. **2025 жылы 18 мекеменің қызметкерлері ҚАЗТЕСТ жүйесі бойынша сынақтан өтті.** Нәтижесінде қала халқының **76,5 %-ы** мемлекеттік тілді базалық деңгейде меңгергені анықталды. Бұл көрсеткіштер тілдің міндет емес, кәсіби және тұлғалық даму мүмкіндігіне айналғанын дәлелдейді.

![Степногорск қазақша сөйлейді: қаланы біріктірген тіл](https://storage.yvision.kz/images/user/441175/936d9e9fdc6db2e2e2c25d478c38ea5e.jpg?width=1280&height=960)

Ерте жастағы балаларға ерекше назар аударылады. **«Мемлекеттік тіл – балабақшадан»** атты ұранмен өтетін байқаулар мен сабақтарда бүлдіршіндер ойын арқылы қазақ тілін табиғи түрде қабылдайды. Тәрбиешілердің пікірінше, баланың тілге бейімділігі мен есту қабілеті дәл осы шақта тез дамиды. Ата-аналар да бұл бастаманы қолдап, ашық сабақтарға қатысып, **«Отбасымның байлығы – мемлекеттік тіл»** сияқты отбасылық сайыстарға белсенді араласады. Үш тілді меңгерген жастар **«Тіл шебері» **байқауында білімдерін паш етті. Мұндай шаралар үштілділікті дәріптеп, мемлекеттік тілге деген құрметті күшейтеді.**Әдеби және мәдени бағыттар**Қаланың тіл саясатының маңызды бөлігі – әдебиет пен мәдениет. Мектептер мен колледждерде Абайға, Ілияс Есенберлинге және Қадыр Мырза Әліге арналған поэзия кештері жыл сайын өткізіледі. **2025 жылы** өткен **«Өлең – сөздің патшасы»** байқауында қатысушылар қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде өлең оқып, көркем сөз шеберлігін көрсетті. Сонымен қатар, **Абайдың 180 жылдығы мен Ілияс Есенберлиннің 110 жылдығына** арналған **«Тұлпар мініп, ту алған!»** әдеби байқауы өтті. Бас жүлдені Қырыққұдық ауылынан келген Алдаберген Дәулеткерей иеленіп, ауыл жастарының мәдени өмірге белсенді қатысып отырғанын көрсетті.Қалалық кітапханалар да тілдік орталықтарға айналды. Орталық және балалар кітапханалары **«Тіл – ұлт бірлігінің ұйытқысы»** атты зияткерлік ойындардан бастап түрлі квесттер мен көрмелер ұйымдастырады. Мұндай шараларда балалар сөйлем құрастырып, мақал-мәтелдердің жалғасын тауып, қазақ ертегілері мен ұлттық дәстүрлерді талқылайды. Бұл – мемлекеттік тілді сабақтан тыс ортада қолданудың алғашқы тәжірибесі.**Біртұтас қалалық тілдік кеңістік**

![Степногорск қазақша сөйлейді: қаланы біріктірген тіл](https://storage.yvision.kz/images/user/441175/706d4b784d8274837bd27cbd986cc358.jpg?width=1080&height=1349)

Қалада көрнекі ақпараттардың сауатты жазылуына да баса мән беріледі. **2025 жылы** мамандар **3000-нан астам жарнама мен маңдайшаны** **және түбіртектердің мемлекеттік тілде берілуін** тексеріп, **1000-нан астам нысанға** әдістемелік көмек көрсетті, **50 эскиз**дік жоба келісілді. **«Сауатты жарнама – қала көркі»** акциясы аясында тұрғындар мен кәсіпкерлер көше мәдениетін қалыптастыруға үлес қосуда. Облыстық **«Сауатты жарнама – тіл абыройы»** байқауының жеңімпаздары да дәл осы Степногорсктен шықты, бұл мемлекеттік тілдің заманауи және тартымды бола алатынын көрсетті. Қоғамдық көліктер мен көшелерде қазақша дұрыс жазылған белгілер қолданылады, сауда орталықтарында қазақ әндері шырқалып, қос тілдегі хабарландырулар қалыпты жағдайға айналды. Қала әкімінің тапсырмасымен мемлекеттік органдардың сайттары мен әлеуметтік парақшалары тұрақты түрде бақыланып, тілдің заңды әрі табиғи қолданылуы қамтамасыз етіледі. Нәтижесінде қазақ тілі қаланың мәдени бейнесінің ажырамас бөлігіне айналды, біртұтас тілдік кеңістік қалыптасты.Степногорск тәжірибесі көрсеткендей, тіл дамыту – білім, мәдениет, медиа және қоғамдық коммуникацияны қамтитын тұтас жүйе. Осындай аймақтық тәжірибелер арқылы қазақ сөзінің тірі қуаты айқындалып, елді біріктіретін және күшейтетін энергияға айналып отыр.

---

Source: [https://yvision.kz/post/stepnogorsk-kazaksha-soyleydi-kalany-biriktirgen-til-1018349](https://yvision.kz/post/stepnogorsk-kazaksha-soyleydi-kalany-biriktirgen-til-1018349)