---
title: "ҰСТАЗ ПІКІРІ: МЕКТЕП ОҚУЛЫҚТАРЫ УАҚЫТ ТАЛАБЫНА САЙ БОЛУЫ КЕРЕК"
description: "Кейбір ата-аналар білім саласы төңірегінде сөз қозғалғанда, кезіндегі кеңестік білім беру жүйесін ес..."
author: "MON_RK"
published: "2017-10-27T04:19:00+00:00"
modified: "2017-11-17T03:00:51+00:00"
locale: "ru"
canonical_url: "https://yvision.kz/post/staz-pikiri-mektep-o-uly-tary-ua-yt-talabyna-say-boluy-kerek-783097"
markdown_url: "https://yvision.kz/post/staz-pikiri-mektep-o-uly-tary-ua-yt-talabyna-say-boluy-kerek-783097/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# ҰСТАЗ ПІКІРІ: МЕКТЕП ОҚУЛЫҚТАРЫ УАҚЫТ ТАЛАБЫНА САЙ БОЛУЫ КЕРЕК

> Кейбір ата-аналар білім саласы төңірегінде сөз қозғалғанда, кезіндегі кеңестік білім беру жүйесін ес...

Кейбір ата-аналар білім саласы төңірегінде сөз қозғалғанда, кезіндегі кеңестік білім беру жүйесін еске алады. Алайда ол жүйенің бүгінгі адамның білім жəне білігінің заман талаптарына сай қалыптастыруға мүмкіндік бермейтінін жете түсінбейтін сияқты.

Мектепте енгізіліп жатқан жаңартылған білім мазмұны аясында əзірленетін оқулықтар мәселесіне байланысты педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Қарлығаш Сарбасова өз пікірін білдірді. Қарлығаш Амангелдіқызы Қазақстан педагогикалық ғылымдар академиясының академигі, ҚР Президентінің Халықаралық «Болашақ» стипендиясының иегері, «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атанған маман. Оның бастауыш сыныптарда оқыту әдістемесі бойынша бірнеше ғылыми еңбектері жарық көрген.

Қазір елімізде 1-2-сыныптар жаңартылған білім беру мазмұнына сәйкес оқытылып жатыр. ҚР Білім және ғылым министрлігі тарапынан бұл бағытта көлемді әрі күрделі жұмыстар атқарылып жатқанын осы сала мамандары, ғалымдар, біз көріп, саралап отырмыз. Оқу бағдарламасы жаңартылып, соған сәйкес оқулықтар әзірленді. Мұғалімдерге арналған оқу-әдістемелік кешен дайындалып, олар біліктілік арттыру курстарынан өтті.

Білім беру мазмұнын жаңарту - заман талабы. Бүгінгі ғылыми-техникалық, саяси-экономикалық және әлеуметтік даму деңгейін өткен күнгі жағдаймен салыстыра алмаймыз. Сондықтан бүгінгі оқушының тұлғалық даму деңгейі жаңа талаптарға сай білім алуды қажет етеді. «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан», - деп ұлы Абай айтқандай, әрбір ата-ана баласының болашақта өмірдегі өз орнын тауып, қоғамның белсенді мүшесі болуын ойлауы қажет. Дайын дүниені оқып, өз бетімен шешім қабылдап, әрекет ете алмайтын, өз ісіне өзі жауап бере алмай, тек орындаушы қызметін атқаратын баланың болашағы бұлыңғыр болатыны анық. Жаңартылған оқулықтың мазмұны, ондағы тапсырмалар баланың өмірге қажетті біліктері мен дағдыларын қалыптастыруға бағытталған. Ондағы әрбір оқу материалы баланы шығармашылық ізденіске баулиды.

Бастауыш мектеп – білімнің негізі қаланатын кезең. Бұл кезеңді «әдемі гүлді өсірумен» салыстыруға болады. Гүлді құнарлы жерге егіп, басында жақсы бағып-қағып, дұрыс қамқорлық жасаса, ол көркейіп, әдемі болып өседі. Тура осылайша бастауыш сыныптарда балаға берік білімнің, саналы тәрбиенің негізі қаланса, одан болашақта еліміздің, жеріміздің көркеюі үшін қызмет ететін қоғамның саналы азаматы шығады.

Ол үшін бала жүрегіне дұрыс жол таба білу керек. Бұл оңай шаруа емес. Ең алдымен, ата-ана баласына қолдау көрсету қажет. Бүгінде елімізде барлық ата-ананың сауатты екендігіне еш күмәніміз жоқ. Дегенмен, психологиялық-педагогикалық білімнің жеткіліксіздігі анық. Көп ата-ана өткен кезеңдегі, әсіресе кеңестік кезеңдегі білім беру жүйесін аңсайды. Бірақ өздері сондай жүйені қазіргі заман талабына сай елімізде қалыптастыруға атсалыспайтыны қынжылтады. Кеңестік жүйеде ұстаздың беделі өте жоғары болған. Әрбір ата-ана ұстаздың біліміне, тәжірибесіне бас иген болатын. Өйткені ұстаз - өз пәнін жетік меңгеріп, қалай білім беру керектігін оқып-білген, оның нәтижесіне өз тәжірибесі арқылы көзі жеткен маман иесі. Сондықтан егер жаңартылған білім беру мазмұнын нәтижелі іске асыруды көздесек, ең алдымен ұстаздың кәсіби біліктілігін арттыруды, жоғары оқу орындарында ұстаз даярлау сапасын жақсартуды қолға алу керек. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» дегендей, ата-аналар мектепті өте жақсы бағаға бітірген, әсіресе “Алтын белгі” иегерлерін педагогикалық мамандықтарға түсуге баулығаны дұрыс болар еді.

«Біткен іске сыншы көп» дегендей, қазір әлеуметтік желілерде жаңартылған оқулықтарға байланысты сын пікірлер көп айтылуда. Сондықтан білім беру саласында көп жылдық тәжірибесі бар әрі ғалым, әрі ұстаз ретінде мен де бірауыз пікір айтуды жөн көрдім. Ата-аналардың белсенділігін әрине қолдаймыз, бірақ айтылатын сын уақыт өткен соң емес, дер кезінде жасалса, нұр үстіне нұр болар еді. Оқулықтар білім беру ұйымдарында пайдалануға ұсынылмас бұрын, жан-жақты сараптамадан өтетінін білеміз, мен өзім де ғалым әрі білім беру саласының маманы ретінде оқулықтарды талқылауға үнемі атсалысып отырамын. Өз көзқарасымды, оқулықтағы кемшіліктерді алдын-ала ескертемін. Сондықтан еліміздегі білім беру саласына жанашыр қауымды, ата-аналарды алдын-ала оқулықтарды бірлесіп талқылауға шақырамын. Мына сілтеме арқылы сіздер келесі оқу жылына дайындалып жатқан оқулықтармен танысып, өз пікірлеріңізді бере аласыздар: [http://www.okulyk-edu.kz/show/list/ocenka-book](http://www.okulyk-edu.kz/show/list/ocenka-book).

Сурет [www.cpm.kz](https://l.facebook.com/l.php?u=http%3A%2F%2Fwww.cpm.kz%2F&h=ATMEvMl3fO__rbT9hBhNoqrpma_P8HUMRbK5j8JZtkWqdIC1sKx_UhVSa9-nDtW2K97UKnU8zfX3tbAiwyIvOzgHUltKLmG8BORa568EPSHTnZtm802c711DCvfICTmPPPVbABjTNBB6_N53dw9UG9fEeTgTnGzWqHgTmeGUB_goJLbWzHk_cu2ZSP0LP1IG9MsEvTpn4vyd44a-i-1S53tsNU541itJBxyhnUkWjY6cSQSsykt0CYr_Fthv_7fvk_42IJ5zsZAQM1o_eHsCLtEGP39y8UmKn9DX) сайтынан алынды.

![ҰСТАЗ ПІКІРІ: МЕКТЕП ОҚУЛЫҚТАРЫ УАҚЫТ ТАЛАБЫНА САЙ БОЛУЫ КЕРЕК](https://storage.yvision.kz/images/user/mon_rk/9x45SUx7JA12Dc585eATeti80SZL4S.jpg)

---

Source: [https://yvision.kz/post/staz-pikiri-mektep-o-uly-tary-ua-yt-talabyna-say-boluy-kerek-783097](https://yvision.kz/post/staz-pikiri-mektep-o-uly-tary-ua-yt-talabyna-say-boluy-kerek-783097)