---
title: "СОҢҒЫ СӨЗ"
description: "Жиырмасыншы тарау СОҢҒЫ СӨЗ Жолаушылар екі күннен соң 20 шілдеде Конго сағасындағы Бумға бара ж..."
author: "kitap6"
published: "2016-03-25T12:06:37+00:00"
modified: "2017-09-07T22:37:56+00:00"
locale: "ru"
canonical_url: "https://yvision.kz/post/so-y-s-z-684443"
markdown_url: "https://yvision.kz/post/so-y-s-z-684443/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# СОҢҒЫ СӨЗ

> Жиырмасыншы тарау СОҢҒЫ СӨЗ Жолаушылар екі күннен соң 20 шілдеде Конго сағасындағы Бумға бара ж...

**Жиырмасыншы тарау** **СОҢҒЫ СӨЗ** Жолаушылар екі күннен соң 20 шілдеде Конго сағасындағы Бумға бара жатқан керуенге кезікті. Бұл құл саудагерінің керуені емес, Еуропаға піл сүйегін апара жатқан Португалия саудагерлері еді. Олар қашқындарды аса құрметпен қарсы алды. Жолаушылар жолдың ендігі қалған үлесін қиналмай жақсы өткізді. Саудагер керуенінің кездесуі қашқындар үшін зор бақыт болды. Өзен сағасына салмен жетеміз деген Диктің үміті жайына қалды. Стенли осы өзенді бойлай жүзген кезінде, Нтамодан бастап Иеллаға жеткенше жетпіс екі жерде сарқырама барын анықтаған. Бұл сарқырамалардан қайықтың қандай мықтысы болса да аман өте алмас еді. Тамыздың он бірі күні миссис Уэлдон, кішкентай Джек, Дик Сэнд, Геркулес пен Бенедикт ағай – бәрі аман-есен Бумға жетті, олар бұл жерде шын ықыласпен қарсы алынды. Мұнда Панама бұғазына баратын америкалық пароход бар екен, жолаушылар сол пароходтың жүргелі жатқан карсаңына дәл ілінді. Миссис Уэлдон жолдастарымен бірге сол пароходқа мініп, аман-есен Америкаға жетті. Сол күні Сан-Францискоға жіберілген жеделхат күтпеген жерден әйелі мен баласының өз еліне қайтып оралғаны жайлы мистер Джемс Уэлдонға қуанышты хабар жеткізді. Ақырында жолаушылар тамыздың жиырма бесі күні Калифорнияның бас қаласына келді. Шіркін, Том бастаған ана негрлер де бұлармен бірге болар ма еді!.. Джемс Уэлдон бала капитан мен Геркулеске сан жеткісіз борышты екенін өзі айтып, өзі мойындады. Негороның Сан-Францискоға жетіп үлгірмегені өте оңды болды. Әйелі мен баласын тұтқыннан сатып алу үшін мистер Уэлдонның бар байлығын аямайтыны өзінен-өзі түсінікті. Ол әйелі мен баласының хабарын естіген сағатта-ақ Орталық Африкаға жол тартатыны сөзсіз еді, бірақ оның ол жақтан аман-есен өз еліне қайтып оралуы екіталай. Бенедикт ағай туралы бірнеше сөз айта кетуге тура келер. Ол Сан-Францискоға қайтып келген күні Джемс Уэлдонның қолын қысып асығыс амандасты да, өзінің кабинетіне кіріп кетті. «Бенедикттің алты аяқтысы» «Hexapodes Benedictus» туралы энтомологиялық ғылымға бір жаңалық енгізуге тиісті зор еңбегін жазуға асыққан еді. Ол өзінің жәндіктер коллекциясымен лық толы кабинетіне кірген бойда, бәрінен бұрын көзілдірік пен лупа іздеді. Бірақ өзінің ұзақ саяхатта жүріп Африка жәндіктерінің бірден-бір уәкілі ретінде әкелген жәндігін лупамен анықтап қарағанында, ғалымның кеудесінен опық жалыны лап етіп тысқа тепті. «Әттеген-ай!» Тіпті де алты аяқты емес екен! Кәдімгі өрмекшінің өзі! Жәндіктің алдыңғы екі аяғы кем болатын, сондықтан оның сегіз аяғы болу орнына алты аяғы ғана бар- ды. Ал оның екі аяғы кем болу себебі, Геркулес өрмекшіні ұстаған кезде оның алдыңғы екі аяғын байқамай жұлып алған- ды. Сөйтіп, ғылыми көзбен қарағанда «Бенедикттің алты аяқтысының» ешқандай құны болмай қалды. Бұл кез келген жерден табыла беретін кәдімгі өрмекші, олардың ішіндегі әрі мүгедегі болып шықты. Бенедикт ағай бұл соққыны көтере алмай қатты ауырып қалды. Бірақ сәті түсіп, науқасынан тез айықты. Үш жылдан соң кішкентай Джек сегізге толды. Ол мектепке барып оқи бастаған еді, Дик Сэнд өзінің міндетті сабағынан уақытын бөліп, Джектің сабақ дайындауына жәрдемдесіп жүрді. Дик Сэнд Сан-Францискоға келісімен бар ықыласын сала оқуға кірісті. Адамға тән намыс пен ар-ұят оны да іштей жеп жүрген: білімінің кемістігінен өзіне сеніп тапсырылған алғашқы кемені апат еткені үшін қынжылып, өзін-өзі кінәлап жүрген. «Ие, – деді ол өзіне-өзі, – мен «Пилигримді» басқарған кезімде нағыз теңізшінің біліміндей білімім болса, олардың барлық білгенін мен де білсем, мұншалықты қауіп-қатер мен сәтсіздіктен аулақ болар едік-ау!» Дик Сэнд осылай ойлады. Оның он сегіз жасында теңіз мектебін өте жақсы деген бағамен бітіріп, капитан атағы дипломын алып, Джемс Уэлдонның бір кемесіне командир болып қызметке орналасуы таңғаларлық іс емес. Диктің қызметтен бос уақыты сирек болатұғын, қалт еткен минуттарында құлдыққа сатылып кеткен Том қартты, Батты, Актеон мен Остинді ойлап қамығушы еді. Олардың мұншалықты бақытсыздыққа ұшырауына өзін кінәлі санайтын- ды. Миссис Уэлдон да өзінің бұрынғы жолдастарының ауыр халдерін ойлап, өне бойы қынжылумен жүрді. Олар өздерінің сорлаған жолдастарын егер қолдарынан келсе, жер мен көкті тұтас шарлап іздеуге әзір еді. Ақырында Джемс Уэлдонның сауда дүниесімен байланысты болуы арқасында төрт негрдің ізін табуға мүмкіндік болды. Том қарт жолдастарымен бірге кешікпей-ақ құлдық тәртібіне тыйым салынған Мадагаскардан табылды. Дик Сэнд оларды құлдықтан сатып алу үшін өзінің тапқан-таянғанын түгел бергісі келіп еді, бірақ Джемс Уэлдон өз қаражатын жұмсауға ұйғарды. Сөйтіп, 1877 жылы он бесінші қараша күні қара өңді төрт адам келіп Джемс Уэлдонның есігін қақты. Бұлар Бат, Том қарт, Актеон мен Остин еді. Соншама қайғы-қасірет пен азаптан аман құтылған бұл ержүрек адамдардың алдында тағы бір қауіп тұрған. Жоғалып табылып, сағынысып қалған достар көріскен кезде, қорыққаннан қуанған жаман, жүректері жарылып кетпес пе екен? Төрт негр келген күні Джемс Уэлдонның үйінде айта қаларлықтай той болғаны өзінен-өзі мәлім. Әсіресе «он бес жасар капитан» Дик Сэндтің құрметіне арнап миссис Уэлдонның тост көтеруі жиналған жұртты шаттыққа бөледі.

---

Source: [https://yvision.kz/post/so-y-s-z-684443](https://yvision.kz/post/so-y-s-z-684443)