---
title: "Саржан апа"
description: "Саржан апа!Біз дінсіз қоғамда өстік, миымызға солай сіңірді, өз басым қазіргі кезде қаптаған балгер-..."
author: "Fvfylsr"
published: "2023-01-12T05:26:51+00:00"
modified: "2023-01-12T13:57:47+00:00"
locale: "ru"
canonical_url: "https://yvision.kz/post/sarzhan-apa-982354"
markdown_url: "https://yvision.kz/post/sarzhan-apa-982354/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Саржан апа

> Саржан апа!Біз дінсіз қоғамда өстік, миымызға солай сіңірді, өз басым қазіргі кезде қаптаған балгер-...

Саржан апа!

Біз дінсіз қоғамда өстік, миымызға солай сіңірді, өз басым қазіргі кезде қаптаған балгер-емшілерге сенбеймін, әрине арасында шын жан-тәнімен еліне, жұртына қызмет ететін адамдар бар екенін білемін. Бірақ, кейде өзім көзіммен көрген, бала күніміздегі нақты фактілер мені әлі де таң қалдырады.

Мысалы, ауылымызда көз жанарынан айырылған Саржан есімді апайымыз болды. Жақын туысқанымыз, рулас еді. Талай рет куә болған бір-екі оқиғаны айта кетейін.

Ауылда тұрамыз. Ол кісінің үйі біздің үйден алыс емес, арамыз шамамен 4-5 үй аралығы. Кейде анам айтып апамызды алып келеміз, суға түсіреді, шашын тарап береді, шай береміз, әңгімесін тыңдаймыз (анамның топты бала-шағамен бәріне үлгіретіне қайран қаламын). Саржан апамыздың әр алып келген сайын, апарған сайын бізге кәмпиті дайын тұрады (жалпы ол кездің әжелері ерекше еді ғой). Әлі күнге дейін таң қалатыным – бірінші ол кісі тамыр ұстайтын. Екінші, баланың құлағынан ұстап тіпті сенің мінезіңді, сабақ үлгеріміңді айтып беретін. Жалпы, мысалы, адам денсаулығы үшін Шығыс медицинасында қолдың не табанның рөлін білеміз, кейде сол нүктелерді уқалау, сипау, қуаттандыру арқылы адамның белгілі бір дене мүшесін жақсартуға болатынын оқыдым. Бірақ, құлақтан ұстауды тіпті естімеппін. Бәлкім, көз жанары көрмеген соң ол кісінің сезу, есту қабілеттері артты ма екен? Ол жағы маған жұмбақ.

Тағы бір кереметі – көп нәрсені көзбен көргендей айтып отыратын.

Бір-екі мысал келтіре кетейін.

Әкеміз кеңшарда директордың шаруашылық жөніндегі орынбасары болды. Сонда тіпті ол кісіге: «Бүгін директормен сөзге келіспей қаласың, кикілжің болды» деп айтатын және ол кісіден «солай ма екен?» деп сұрап жатқан да ешкім жоқ, өзі айтып отырады. Бірақ айтқаны айна қатесіз келеді.

Шынында мінезің болмаса басшылық қызметте болу да оңай шаруа емес қой әрі шаруашылық әрқашан көп күш-жігерді талап етеді.

Тағы бірде, қолдағы сиырларымыз жоғалып кетті. Сонда Саржан апа: «Сиырларың өзеннен кіші, құдықтан үлкен бір жерде жатыр екен» деп айтты, үлкендер «бұл не?" деп бас қатырса, ол котлован екен, ол кезде – әр қырда отыратын қойшылар ауылы үшін су толтырылған арнайы қазан шұңқырлар қазылатын еді.

Сондай көріпкелдігі, алдағы болжағыштығы көп болатын. Ол кезде оған мән де бермейміз ғой, тағы бір қасиеті құмалақ салатын және оны сөйлететін.

Тіпті, қайтыс боларының алдында түс көргенін, түсінде үш түйенің қатар қонғанын айтты. Шынында кейін әуелі бір көршісі, кейін екінші көршісі қайтты. Содан кейін ол кісінің өзі де о дүниелік болды.

Айтқандай, екі көршінің бірі қатты ауырып, дәрігерлерге апарған кезде ол кісі: «Оны халық емімен емдеу керек» деген болатын, ешкім тыңдаған жоқ, расында солай болды. Яғни, ауруханада қайтыс болды.

Адам айтса нанғысыз, бірақ осында тылсым күштің куәсі болған Саржан апаның істері бүгін есіме түсіп еді!

---

Source: [https://yvision.kz/post/sarzhan-apa-982354](https://yvision.kz/post/sarzhan-apa-982354)