---
title: "СҚО ПОЛИЦЕЙЛЕРІ ІЗДЕУДЕ БОЛҒАН 92 ҚЫЛМЫСКЕРДІ ҰСТАДЫ"
description: "Өзара бірін-бір танымайтын ауданның 1979 және 1991 жылы туған екі тұрғыны қарақшылық жасағаны үшін..."
author: "dvd_sko"
published: "2019-01-15T09:17:22+00:00"
modified: "2019-01-15T09:17:22+00:00"
locale: "ru"
canonical_url: "https://yvision.kz/post/s-o-policeyleri-izdeude-bol-an-92-ylmyskerdi-stady-823782"
markdown_url: "https://yvision.kz/post/s-o-policeyleri-izdeude-bol-an-92-ylmyskerdi-stady-823782/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# СҚО ПОЛИЦЕЙЛЕРІ ІЗДЕУДЕ БОЛҒАН 92 ҚЫЛМЫСКЕРДІ ҰСТАДЫ

> Өзара бірін-бір танымайтын ауданның 1979 және 1991 жылы туған екі тұрғыны қарақшылық жасағаны үшін...

![СҚО ПОЛИЦЕЙЛЕРІ ІЗДЕУДЕ БОЛҒАН 92 ҚЫЛМЫСКЕРДІ ҰСТАДЫ](https://storage.yvision.kz/images/user/238400/7f5a8530463a1b8a2132d9e1310292.jpg)

Өзара бірін-бір танымайтын ауданның 1979 және 1991 жылы туған екі тұрғыны қарақшылық жасағаны үшін біреуі – 2010 жылы, ал екіншісі 2015 жылы сотталған. Екеуіне де жазаның өтелмеген бөлігін бостандығын шектеумен ауыстырған. Біреуі шартты түрде мерзімінен бұрын босату шарттарын елемесе, екіншісін пробациялық бақылау процедурасы «шаршатқан». Екеуі де белгісіз бағытта жасырынып, тұрғылықты жерлерін тастап кеткен. Тіпті оларға қатысыт қылмыстық істер бір күнде – 2018 жылғы 26 қазанда қозғалған.

Айыртаулық жедел уәкілдер іздеудегілердің қарым-қатынас жасайтын адамдарын мұқият тексерді. Іздеудегі азаматтар қанша тырысқанымен, іздерін толықтай жасыра алмады. Тәртіп сақшылары тірнектеп ақпарат жинап, олардың Астанада жүргендігін анықтады. Қазір ұсталғанның екеуі де уақытша ұстау изоляторында қамауда. Олар жаңадан соттың шешімін күтіп отыр. Кейін бас бостандығынан айыру орындарына оралуы мүмкін.

«Қылмыскерлерді іздестіру – полиция жұмысындағы маңызды бағыттардың бірі. Ауыр және аса ауыр қылмыстар жасаған тұлғаларға ерекше көңіл бөлінеді. Осындай қылмыстар жасағаны үшін өткен жылы іздеуде болған 25 адам ұсталды. Олардың 7-уі – «өткен жылдар» санатындағы қылмыстар», - дейді СҚО ПД Криминалдық полиция басқармасы бастығының орынбасары полиция подполковнигі Марат Серкешев.

2018 жылы барлығы Солтүстік Қазақстан облысы бойынша 132 адам іздеуде болды. Олардың 92-сі ұсталды. Қазіргі уақытта 40 қылмыскерге іздеу жарияланған.

СҚО ПД баспасөз қызметі

http://mvd.gov.kz/portal/page/portal/sko/MAIN

---

Source: [https://yvision.kz/post/s-o-policeyleri-izdeude-bol-an-92-ylmyskerdi-stady-823782](https://yvision.kz/post/s-o-policeyleri-izdeude-bol-an-92-ylmyskerdi-stady-823782)