---
title: "Рыбакина WTA 1000 турнирінің финалына шықты"
description: "Әлемнің төртінші ракеткасы, жерлесіміз Елена Рыбакина Майамидегі WTA 1000 турнирінің финалына екінші жыл қатарынан шығып отыр. Қазақстандық теннисшінің жартылай финалдағы қарсыласы аса тәжірибелі, кезінде дүниежүзілік рейтингіде көш бастаған, қазір..."
author: "orazali"
published: "2024-03-29T02:31:04+00:00"
modified: "2024-03-29T02:31:04+00:00"
locale: "ru"
canonical_url: "https://yvision.kz/post/rybakina-wta-1000-turnirini-finalyna-shy-ty-1002780"
markdown_url: "https://yvision.kz/post/rybakina-wta-1000-turnirini-finalyna-shy-ty-1002780/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Рыбакина WTA 1000 турнирінің финалына шықты

> Әлемнің төртінші ракеткасы, жерлесіміз Елена Рыбакина Майамидегі WTA 1000 турнирінің финалына екінші жыл қатарынан шығып отыр. Қазақстандық теннисшінің жартылай финалдағы қарсыласы аса тәжірибелі, кезінде дүниежүзілік рейтингіде көш бастаған, қазір...

*Әлемнің төртінші ракеткасы, жерлесіміз Елена Рыбакина Майамидегі WTA 1000 турнирінің финалына екінші жыл қатарынан шығып отыр.*

![undefined](https://storage.yvision.kz/images/user/577776/108387771a75485bbc1c322ae132e1.jpg)

Қазақстандық теннисшінің жартылай финалдағы қарсыласы аса тәжірибелі, кезінде дүниежүзілік рейтингіде көш бастаған, қазір 32-орында тұрған Виктория Азаренко еді. Бірінші партияда есеп 3:3 болған мезетте қазақстандық спортшы брейк жасай алды. Сосын сетті өз пайдасына түйіндеді – 6:4. Екіншісінде Азаренко үш брейк жасап, бет қаратпады – 6:0. Үшінші, шешуші сетте есеп 2:2 болғанда, Рыбакина брейкпен алға шықты. Бірақ матчқа доп бергенде, өз мүмкіндігін мүлт жіберді – 5:5. Дегенмен тай-брейкте өте сәтті ойнады – 7:6 (7:2). Елена Рыбакина финалда әлемнің 16-ракеткасы, ресейлік Екатерина Александрова немесе рейтингіде 53-сатыдағы америкалық Даниэль Коллинздің біреуімен чемпиондық атақты сарапқа салады. Өткен жылы Майамиде Рыбакина финалға дейін жетіп, тағы бір тәжірибелі теннисші, чехиялық Петра Квитоваға жол берген еді – 6:7 (14:16), 2:6.

https://t.me/RRaketkasi

---

Source: [https://yvision.kz/post/rybakina-wta-1000-turnirini-finalyna-shy-ty-1002780](https://yvision.kz/post/rybakina-wta-1000-turnirini-finalyna-shy-ty-1002780)