---
title: "Рухани дағдарыс-қоғам дерті"
description: "Қазақ–айбыны асқақ, намысы биік,талабы таудай, рухани мұрасы әмбеге аян мықты халық. Бастауын сонау көне тұркілерден алып, Әз Жәнібектер негізін қалаған тарих сахнасында, жойылып кетудің алдына сан мәрте келседағы, тілі мен дінін, руханиятын сақтап..."
author: "danizatynyshbek"
published: "2024-04-18T13:36:30+00:00"
modified: "2024-04-18T13:36:30+00:00"
locale: "ru"
canonical_url: "https://yvision.kz/post/ruhani-da-darys-o-am-derti-1003671"
markdown_url: "https://yvision.kz/post/ruhani-da-darys-o-am-derti-1003671/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Рухани дағдарыс-қоғам дерті

> Қазақ–айбыны асқақ, намысы биік,талабы таудай, рухани мұрасы әмбеге аян мықты халық. Бастауын сонау көне тұркілерден алып, Әз Жәнібектер негізін қалаған тарих сахнасында, жойылып кетудің алдына сан мәрте келседағы, тілі мен дінін, руханиятын сақтап...

Қазақ–айбыны асқақ, намысы биік,талабы таудай, рухани мұрасы әмбеге аян мықты халық. Бастауын сонау көне тұркілерден алып, Әз Жәнібектер негізін қалаған тарих сахнасында, жойылып кетудің алдына сан мәрте келседағы, тілі мен дінін, руханиятын сақтап қалған қайсар халық. Ұлт болып қалыптасу жолында кептелектер әсте аз болмады. Сол кептелекке мойынсұнбай, елдігін сақтау үшін күш салған күрескерлер де аз емес. Мұның айқын дәлелі кешегі қысылтаяң уақытта руханият, елдік, тіл мен азаттық үшін күрескен Ахаңдар. Ахмет Байтұрсынұлының руханият жолында қылған еңбегінің нәтижесі-сақталған ана тіліміз.

Ал бүгінде, сол еңбек бағалануда ма? Кезінде, Бауыржан Момышұлы «Үш нәрседен қорқамын. Біріншісі-баласын ана сүтіне қанық қылмаған әйелден, екінші-немересін әлдилемеген әжеден, үшіншісі-бір-бірімен ана тілінде сөйлеспеген қазақтардан»,-деген екен. Себебі, бұл ұлттың өсуіне, руханияттың кемелденуіне қылған қастандық.

Ұлы сөздің ұяты жоқ! Нәрестесін бауырына баспаған аналар мен бесік жырын өткеннің мұрасы деп ғана қарайтын әжелерден бөлек, көшеде кездесе қалса қос тілді шұбарлата кететін қоғам қалыптасты. Бұл-рухани дағдарыс! Мұндай қоғамда, атқаны тимейтін, айтқаны өтпейтін ұрпақ өседі. Мұның себебі неде және қалай күрспек керек?

Әлбетте, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтып, қоғамдық мәселеге айналған бұл сауалға жауап берердей менде білім не, біліктілік жетпесі анық. Десе де, тұлғалық пікіріммен бөліссем деймін. Ең алдымен, қоғамдағы әсіресе жастар арасындағы рухани дағдарыстың себебі неде?

«Өзі білмейді, білгенді тыңдамайды» не болмаса, «..біз сендердей кезімізде»,-деп бастайды көпті көрген үлкендеріміз сөз басын. Ал біздер, заманға ма әлде ол кісілердің үнемі өздерінің жас кезіндегі оқуға деген құлшынысын айтқанына ма кейіп жатамыз. Әсілінде,бұлай жасайтын ретіміз де, хақымыз да жоқ секілді. Себебі, өзгені алдағаныңмен өзіңді алдай алмассың. Ол кісілер сонау бала кезде ойнап жүріп ата-апасынан естіген өлеңдерін, бертін келе оқыған шығармаларын үтір, нүктесіне дейін жатқа біледі. Ал, біз бүгінгі оқыған дүниемізді келесі күнге дейін ілекерлеп жеткізіп жүргеніміз өтірік емес. Көбімізде ізденіс, оқу аз. Ал он бес секундтық бейнесімен миымызды жаулап, санамызды улайтын желілерге сұраныс әлдеқайда көп. Зерттеулерге сүйенсек, адам күнделікті не нәрсемен айналысса, руханияты да сол нәрсеге байланады екен. Демек, біздің рухани дағдарыстың әуелгі салдары осы әлеуметтік желіге деген тәуелділік деп ойлаймын.

Бұл дағдарысқа тойтарыс беретін қандай күш? «Ел болам десең, бесігіңде түзе»,-дейді қазақ. Біздің бүгінгі халіміз осыған саяп тұрғандай. Әрбір баланың дағдысы отбасынан бастау алады. Егер ата-ана баланы осы электронды әлемнен алып шығуға күш салып, мейілінше шетелдік емес рухани құндылықтарды дәріптейтін дүниелерге баулыса, кейнігі жерде керегін бала өзі-ақ іліп әкетері сөзсіз. Ең бастысы, ағаштың тамыры берік болып мейілінше сусындап отыруығой. Сонда ғана ағаш өсуін дағдарып қалмай, ешбір дауылға бой бермей көркейе түспек!

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-і

Журналистика факультетінің

3-курс студенті Рахманқұл Бақдәулет

Жетекшісі: Рушанова Н.Б., аға оқытушы

---

Source: [https://yvision.kz/post/ruhani-da-darys-o-am-derti-1003671](https://yvision.kz/post/ruhani-da-darys-o-am-derti-1003671)