---
title: "ПЕТРОПАВЛДЫҚ ТӘРТІП САҚШЫЛАРЫ АЗАМАТТАРДЫ БІРНЕШЕ МӘРТЕ АЛДАП СОҚҚАН АЛАЯҚТАРДЫ ІЗДЕСТІРУДЕ"
description: "Алаяқтар бір схема бойынша әрекет еткен. Телефонның арғы жағындағы бейтаныс әйелдің даусы қарттарды..."
author: "dvd_sko"
published: "2019-09-17T02:37:00+00:00"
modified: "2019-09-17T02:37:00+00:00"
locale: "ru"
canonical_url: "https://yvision.kz/post/petropavldy-t-rtip-sa-shylary-azamattardy-birneshe-m-rte-aldap-so-an-alaya-tardy-izdestirude-840768"
markdown_url: "https://yvision.kz/post/petropavldy-t-rtip-sa-shylary-azamattardy-birneshe-m-rte-aldap-so-an-alaya-tardy-izdestirude-840768/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# ПЕТРОПАВЛДЫҚ ТӘРТІП САҚШЫЛАРЫ АЗАМАТТАРДЫ БІРНЕШЕ МӘРТЕ АЛДАП СОҚҚАН АЛАЯҚТАРДЫ ІЗДЕСТІРУДЕ

> Алаяқтар бір схема бойынша әрекет еткен. Телефонның арғы жағындағы бейтаныс әйелдің даусы қарттарды...

Алаяқтар бір схема бойынша әрекет еткен. Телефонның арғы жағындағы бейтаныс әйелдің даусы қарттардың сеніміне кіріп, әлдебір ер адам арқылы ақша беріп жіберуді өтінген. Көп ұзамай әлгі адам есіктің қоңырауын басады. Жәбірленушілердің бірінен, 80 жастағы кейуанадан қаскөй Ресейде жақын туыстарының бар-жоғын сұраған. Зейнеткерден оң жауап алған соң, оның туыстары ақшалай көмек сұрап отырғанын және оны кейін ортақ таныстары алып кететінін айтқан. Уақытты көпке созбай ақша алу үшін келген бейтаныс ер адамға зейнеткер 50 мың теңгені ұстата салыпты. Тек осыдан соң ғана ол туыстарына хабарласып, олардың қаржылай көмек сұрамағанына көзі жеткен.

«Алаяқтар адамдардан ақша тартып алу үшін түрлі жағдайларды сылтау етеді», - дейді СҚО ПД Криминалдық полиция басқармасының бастығы полиция полковнигі Петр Климов.

- 1941 жылы туған тағы бір жәбірленуші бейтаныс әйелге сеніп, қарызға бердім деп ойлап өзінің бар жиған-терген 500 мың теңгеден артық қаражатынан айырылған. Қаскөйлер адамдардың тілін тауып, тиімді психологиялық әдістерді қолданады. Оларды құрықтау үшін полицейлер қажетті шаралар кешенін жүргізуде. Аталған қылмыстарды ашу үшін Петропавл қаласы Полиция басқармасының жеке құрамы мен қосымша күштер жұмылдырылды».

Тәртіп сақшылары облыс орталығының тұрғындарынан қарт туыстарына, әсіресе жалғызбасты зейнеткерлерге бейтаныс адамдармен қарым-қатынаста сақтық танытуларын ескертуді сұрайды. Алаяқтарға ақшалай қаражатты, құнды заттарды беруге болмайды. Ортақ таныстар туралы хабарлаған ақпаратты тексерген абзал.

Жыл басынан Солтүстік Қазақстан облысында 307 алаяқтық фактісі тіркелген. Бүгінде олардың 174-і өндіріспен аяқталған.

![ПЕТРОПАВЛДЫҚ ТӘРТІП САҚШЫЛАРЫ АЗАМАТТАРДЫ БІРНЕШЕ МӘРТЕ АЛДАП СОҚҚАН АЛАЯҚТАРДЫ ІЗДЕСТІРУДЕ](https://storage.yvision.kz/images/user/238400/90f053dc0f45e691c876d4c71cff95.jpg)

СҚО ПД баспасөз қызметі

---

Source: [https://yvision.kz/post/petropavldy-t-rtip-sa-shylary-azamattardy-birneshe-m-rte-aldap-so-an-alaya-tardy-izdestirude-840768](https://yvision.kz/post/petropavldy-t-rtip-sa-shylary-azamattardy-birneshe-m-rte-aldap-so-an-alaya-tardy-izdestirude-840768)