---
title: "Отырар"
description: "Отырар! Абай хәкім жетінші қара сөзінде: «Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады: біреуі -..."
author: "Fvfylsr"
published: "2019-05-28T07:40:10+00:00"
modified: "2019-05-28T07:48:20+00:00"
locale: "ru"
canonical_url: "https://yvision.kz/post/otyrar-833315"
markdown_url: "https://yvision.kz/post/otyrar-833315/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Отырар

> Отырар! Абай хәкім жетінші қара сөзінде: «Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады: біреуі -...

![Отырар](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/97b80e2b3bcdabefbde6debfc950cf.png)

Отырар! Абай хәкім жетінші қара сөзінде: «Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады: біреуі - ішсем, жесем, ұйықтасам деп тұрады. Бұлар - тәннің құмары, бұлар болмаса, тән жанға қонақ үй бола алмайды. Һәм өзі өспейді, қуат таппайды.

![Отырар](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/a3104ac35946eca12c8917b08050aa.png)

Біреуі - білсем екен демеклік. Не көрсе соған талпынып, жалтыр-жұлтыр еткен болса, оған қызығып, аузына салып, дәмін татып қарап, тамағына, бетіне басып қарап, сырнай-керней болса, дауысына ұмтылып, онан ержетіңкірегенде ит үрсе де, мал шуласа да, біреу күлсе де, біреу жыласа да тұра жүгіріп, «ол немене?», «бұл немене?» деп, «ол неге үйтеді?» деп, «бұл неге бүйтеді?» деп, көзі көрген, құлағы естігеннің бәрін сұрап, тыныштық көрмейді. Мұның бәрі - жан құмары, білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен деген.

![Отырар](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/5239c733921b4c29ca7d5bcec39e3b.png)

Дүниенің көрінген һәм көрінбеген сырын түгелдеп, ең болмаса денелеп білмесе, адамдықпен орны болмайды. Оны білмеген соң, ол жан адам жаны болмай, хайуан жаны болады.

![Отырар](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/2b1cb2ed903e37b496b2fd0352cbb9.png)

Әзелде құдай тағала хайуанның жанынан адамның жанын ірі жаратқан, сол әсерін көрсетіп жаратқаны.

![Отырар](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/c89b889664e90dc384309e2151dab0.png)

Сол қуат жетпеген, ми толмаған ессіз бала күндегі «бұл немене, ол немене?» деп, бір нәрсені сұрап білсем екен дегенде, ұйқы, тамақ та есімізден шығып кететұғын құмарымызды, ержеткен соң, ақыл кіргенде, орнын тауып ізденіп, кісісін тауып сұранып, ғылым тапқандардың жолына неге салмайды екеміз?

![Отырар](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/12638005ca48565da8b9b97f382335.png)

Сол өрістетіп, өрісімізді ұзартып, құмарланып жиған қазынамызды көбейтсек керек, бұл жанның тамағы еді.» деген еді.

![Отырар](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/d4df524ab118698ad7479a5691ba57.png)

Иә, адам баласының бір қасиеті көрсем, білсем деген құмарлығы.

![Отырар](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/3cdf349b372de2b94211bde9e405d2.png)

Біздің де тарихқа, мәдениетке, бағзы заман оқиғаларын білмекке құмарлығымыз атақты Отырарға алып келіп еді.

![Отырар](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/108dc956a06ac3fc33056210882c46.png)

Иә, тарихымызда терең орын алатын, ескі өткен замандарда Тарбанд, Тұрарбанд, Тұрар, Фараб атауларымен белгілі, орта ғасырдағы ең белгілі Отырар қорғанысы деген атпен әйгілі Отырарға да келіп жеттік.

![Отырар](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/7e9f3161dcd0b3842698ef107fdde5.png)

Заманында Әл-Фараби сынды Шығыстың екінші Аристотелі сияқты талай ғалымдарды тудырған, атақты Александрия кітапханасынан кейінгі әлемдегі ең үлкен Отырар кітапханасы пайда болған жер ғой бұл.

![Отырар](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/64efeac4c3772b70689263c0ca8914.png)

Сондықтан, оңтүстік өңірге сапарымыз барысында, уақыттың тығыздығына қарамастан, «баруға міндетті», «бару қажет», «мүмкіндік болса барған жөн» деген тізім жасап, «Түркістан туризм» туристік-ақпараттық орталығының басшысы Нұрдәулет Медеуовпен хат-хабар алмасқан едік.

![Отырар](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/389f3dc4c12e3caeb674070299f8d3.png)

Әрине, сапарымыз ойымыздан шықты.

![Отырар](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/5a26ff9a5badc80810408c04468975.png)

Енді, Отырар туралы азды-кемді мәлімет бере кетейік.

![Отырар](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/be4baf39d272b5e843353eeb5de958.png)

Жалпы, Отарар туралы айтқанда біз бір ғана қаланы еске аламыз, шынында мұндағы жазирада уақытында бір емес бірнеше қала қоныстары, қазіргі тілмен айтсақ қала агломерациясы болған деп нық сеніммен айта аламыз.

![Отырар](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/881a1e30480463d53170aa03bd4d8e.png)

Сөзіміз дәлелді болуы үшін осындағы ежелгі қала қоныстарының атауыларын бере кетейік, олар – Құйрықтөбе, Көк-Мардан, Алтынтөбе, Мардан-Күйік.

![Отырар](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/cb7f04511abf32c8fecc5f2cbe570f.png)

Отырарды аралау барысында алтын көрмедік, бірақ Отырар жұртында әлі де қыш-құмыра сынықтары мен мал сүйектерін көп кездестірдік.

![Отырар](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/f1c9b6f92fb9796b6e84635f6bb2d0.png)

Асықпай іздесе сол заманның тиындарын да табуға болады дейді.

![Отырар](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/928d9b82ef0a08558355f82ad967bc.png)

Біздің әрине ондай мақсатымыз болған жоқ.

![Отырар](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/2e6d701fbd2f27757cea15b859f3af.png)

Біз үшін ежелгі мәдениет ошағын өз көзімізбен көру, тарихтан тәбәрік алу ғана міндет еді.

![Отырар](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/b852fc1b26276255e5859518e5e94b.png)

Сонымен, Отырардың ең гүлденген дәуірі 1-13 ғасыр аралығы еді.

![Отырар](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/41288a28be21633d493fa185dda427.png)

Дегенмен, Отырар шаһарының 19 ғасырдың басына дейін өмір сүруі мен үшін қызықты жаңалық болды.

![Отырар](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/cc8c617b40ecab71433a9a9df7aaff.png)

Бәріміздің түсінігімізше, монғолдардың шапқыншылығынан кейін отқа оранған Отырар мәңгілік топырақ астында қалғандай еді.

![Отырар](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/b9244ed1f9e53db7e85fd49777f204.png)

Әрине, алты ай бойы қарсылық көрсетіп, өшпес ерліктің нағыз үлгісі болған Отырар сында қалалар қазақ даласында жетерлік, бірақ олардың пайда болуы, жойылуының әртүрлі себептері бар.

![Отырар](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/8d68310131bfa834c6e207528409ed.png)

Әріге бармай-ақ қояйық, Алтын Орда дәуіріндегі Еділ-Жайық бойындағы қалаларды күйреткен Әмір Темірдің мақсаты сауда жолдарының өз империясы арқылы жүру еді ғой.

![Отырар](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/f025918df04b07c46d46cf8f011b8d.png)

Еуропа саяхатшылары тамсанған, кейін империяның астанасы Самарқандтың қасында талай мемлекеттерінің бас қалалары аттас елді мекендердің пайда болуы да тегіннен емес еді ғой, кейіннен ұлы географиялық ашылулар (Американың ашылуы) салдарынан бұрынғы Ұлы Жібек жолы сияқты сауда жолдары өз маңызын жоғалтып, енді Орталық Азияның қалаларының да күні қараң қалды.

![Отырар](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/d0434c936c2811174f938895ac1bc0.png)

Кейіннен Ресей империясының жаулап алуы, жоңғар-қазақ соғыстары Отарар сияқты сахарадағы қалалардың тарих бетінен біржола жоғалуына алып келді.

![Отырар](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/400fb8db450df19ba288a7fd96c199.png)

Айтқандай, Әмір Темірге қатысты тағы бір қызықты мәліметте келтіре кетейін. 1405 жылы Әмір Темір Қытайға жорыққа шығамын деп Отырарда қайтыс болғанын білетін шығарсыз?!

![Отырар](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/daf5a32ed5a907e3ec413c0caf2466.png)

Сонымен, Отырарымызға қайта оралайық.

![Отырар](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/f941a4e3a2973f2ef0917d2ab85ab4.png)

Отарар шаһарының халқы өз дәуірінде 200 000 адам болған деседі, қазіргі қала жұртының орнын аралап шығуымыздың өзі үйінді астында қалған қаланың қандай үлкен болғанын көрсетіп тұр.

![Отырар](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/d1c576c60503b21de412dfe228e1d9.png)

Расында, Қазақстанда дәл Отырардай аумағы үлкен қала жоқ шығар.

![Отырар](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/8a30c2f14ebadddf9712e230d2262a.png)

Әрине, Сауран қаласының орны да ерекше таң қалдырды.

![Отырар](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/a862a4fae34231ee31365b2e133aad.png)

Бірақ, Отырардың тағы бір-екі ерекшеліктеріне тоқтала кетейін.

![Отырар](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/ab6686b92daf5494c5267dc1671a8e.png)

Біріншіден, монғол шапқыншылығынан қаланың қайта қалпына келтірілгенін жоғарыда айттық (бірақ бұрынғыдай маңызын жоғалтты деп ойлаймын), алайда, Орталық Азия тарихында, оның ішінде қазақ мемлекеті заманында әлі де маңызы болғанымен, түптен келгенде 19 ғасырда ең соңғы тұрғыны қаланы тастап шығады.

![Отырар](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/eedae3b3719bd549416d9c278d57c2.png)

Бәлкім, географиялық өзгерістер де өз қолтаңбасын салған болар.

![Отырар](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/b05da5e26fa2d720f4391420d1ff0f.png)

Екінші, Отырардың ғылым мен мәдениет ошағы болғанын да айттық, Әбсаттар Дербісалы ағамыздың жазуынша, мәселен, Отырардан дүние жүзіне белгілі әл-Фарабиден өзге көптеген ғалымдар шығыпты.

![Отырар](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/0643d9858561307284e277c1deabec.png)

Айтқандай атақты Арыстан бап та Отырарда өмір сүрген екен.

![Отырар](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/6adef5eabc3f7e2d58796238195e5f.png)

Халқымызда «Түркістанда түмен бап, Сайрамда бар сансыз бап, Отырарда отыз бап, Бабалардың бабын сұрасаң, Ең үлкені Арыстан бап» деуі де тегін емес ау?!

![Отырар](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/83869cb7af7300f32baa00d8e2b7d0.png)

Айтқандай, әл-Аббас әл-Жауһари атты Отарардан шыққан тағы бір ғалым (матемактик, астроном) Шамда, Бағдатта жұмыс істеген екен.

![Отырар](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/a8584d4a556243636330fd9891eb90.png)

Расында, қазақ даласынан шыққан талай ғұлама ғалымдарымызды бағалай алмай жүрміз бе осы деген ой келеді маған?!

![Отырар](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/e6181ceff2684b388adb4a0fabab3e.png)

Бір әңгімеден бір әңгімеге ауысып кеттік, бірақ Отырар туралы қанша айтсақ та жарасады.

![Отырар](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/2bef323597b9b6e017479b83e13261.png)

Ал, енді Отырар туралы мына суреттер сөзімізді дәлелдей түссін!

![Отырар](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/c6aac481a0960745e28ca1955e5ab9.png)

---

Source: [https://yvision.kz/post/otyrar-833315](https://yvision.kz/post/otyrar-833315)