---
title: "ҚОСШЫ АГЛОМЕРАЦИЯНЫҢ АЛДЫ БОЛУЫ КЕРЕК"
description: "Бүгінде Астанадағы миграциялық ахуал мен қалааралық агломерацияны дамыту кезек күттірмейтін мәселені..."
author: "kunduz"
published: "2014-07-29T04:25:23+00:00"
modified: "2014-12-22T01:52:38+00:00"
locale: "ru"
canonical_url: "https://yvision.kz/post/osshy-aglomeraciyany-aldy-boluy-kerek-423266"
markdown_url: "https://yvision.kz/post/osshy-aglomeraciyany-aldy-boluy-kerek-423266/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# ҚОСШЫ АГЛОМЕРАЦИЯНЫҢ АЛДЫ БОЛУЫ КЕРЕК

> Бүгінде Астанадағы миграциялық ахуал мен қалааралық агломерацияны дамыту кезек күттірмейтін мәселені...

Бүгінде Астанадағы миграциялық ахуал мен қалааралық агломерацияны дамыту кезек күттірмейтін мәселенің бірі десек қателеспейміз. Елорда үшін агломерациялық үрдісті қалыптастыратын Қосшы, Қоянды, Талапкер, Жібек жолы, Бозайғыр, Малотимофеевка, Қызыл суат сынды елді мекендердің маңызы зор.Ақмола облысының картасын алдымызға жайып салғанда Астанаға қолсозым жерде тұрған Қосшы елді мекені ерекше көзге түседі. Әлеуметтік мәселесін айтып, Астана қаласы әкімiнің блогына жаңбырша сұрақ жаудыратындар да қосшылықтар екенін білеміз. Өз кезегінде Иманғали Нұрғалиұлы бір сөзінде «Серіктес қаланың міндеті – үлкен қаланың ауыртпалығын бөлісу, бірақ әзірге керісінше болып тұр» деген болатын. Сонымен агломерацияның алды болатын Қосшыдағы атқарылған істерді оқырман өзі таразыласын.

![ҚОСШЫ АГЛОМЕРАЦИЯНЫҢ АЛДЫ БОЛУЫ КЕРЕК](https://storage.yvision.kz/images/user/kunduz/27WDLjJKoYHo95va715K8DOG20GAaQ.jpg)

Расында солай. Қосшының халқы жұ­мыс істеу үшін Астанаға ағылады. Олар қатынайтын №43, 27 бағдардағы автобус­тардың иіні жеңілдеген күні сирек. Ол қатынас көлігі де қосшылықтардың талап-тілегімен Елорда әкімдігінен бөлінген. Ресми мәліметке сүйенсек, яғни 2009 жылғы халық санағы бойынша Қосшыда 6040 адам тұрады. 2007 жылы Президентіміз Нұрсұл­тан Назарбаевтың Қосшы елді мекенін Астанаға серіктес қала ретінде дамыту туралы Жарлығы шыққанда, мұндағы ха­лық­тың ұзын-ырғасы 2086 адам. Үш-төрт жылда 3654 жан тағы қосылған. Бұл ресми тіркел­гені.

Ал негізі мұнда 14 мыңнан астам халық өмір сүреді. Қосшы халқының 80 пайызы Астанада жұмыс жасайтынын жоғарыда айттық. Жұмысқа орналасу үшін қалаға тіркеледі. «Қосшы халқы Астанаға ауырт­пашылық түсіріп отыр» дейміз. Бірақ мен айтар едім, Қосшыда тұратын кісілер Астанада тек қыз­метін жасап келеді де, бар сал­мақты бізге салады. Күндіз Астанада кү­нел­теді, ал мұндағы үйіне келіп, бізден жылу, таза су, күл-қоқысының шығары­лу­ын талап етеді. Көңілге демеу болар бір ғана нәрсе – олар Қосшыда жұ­мыс­сыздық мәселесін туындатып отырған жоқ. Дәл қазір Қосшыда сол 7-8 мың адамды жұмыс­пен қамтып отыратындай кәсіпорын да жоқтың қасы», – дейді Қосшы ауылының әкімі Елібек Қазбекұлы.

Кәсіпорынның ең үлкені – былтыр Құр­бан айт мерекесінде үш күннің ішінде 12 мың қой сойылған «Алтын таға» ет комбинаты. Халал жолмен арнайы мал соятын қа­сапханалары, сүт айыратын, шұжық-шұр­қан шығаратын, мал терісін өңдейтін цехтарда елу шақты кісінің еңбекпен қамтып отыр. Елбасы биылғы Жолдауында мал шаруа­шылығын дамытуды көтерді. Мұнда мал ша­руашылығымен айналысып отырған шаруа қожалықтар бар. «Асыл түлік» ша­руа­шы­лығында 120 адам жұмыс істейді. Сон­дай-ақ, кірпіш зауытта, «Альянсстройинвест» компаниясында, «Қаржы полициясы академиясында» қос­шы­лықтар жұмыс іс­тейді. Алайда, он төрт мыңнан астам жан жағалай қоныстанған мекенге осыдан артық өндіріс бұйырмай тұр.

Қарапайым халық мән-жайды түсінбей әуре. «Біз қашан Астананың аумағына қо­сыламыз» деген жауыр сұрақты көп қояды. Ал қала статусын алу үшін кемі 35 мың тұрғын болуы керек. «Егер деймін-ау, сол 7-8 мың адам Қосшыда тіркеуде тұрса, халық санын көбей­тіп, ертерек қала болуы­мызға, бюджеттен бөлінетін қаржыны молайтып, жұмыс орындарын ашуға септігін тигізер еді.

Тағы бір қиын­дығы, халыққа қызмет көрсету, қағаз жұмыстарымен айналысу секілді жауапкер­шілігі мол маңыз­ды шаруалар әкімшілікте өте көп. Әкім­шіліктегі қызметкерлер саны тіркел­ген халық санына сай бөлінеді. Ал бізде қазір тіркеудегі 6040 адамға шақталған төрт-ақ адам қызмет етеді» – дейді Қосшының ауылдық округінің әкімі тағы бір қиын­шылықты алға тартып. Қосшыны жағалай­тындар қаладан бас­пана сайлауға жағдайы келмегендер. Оларды тіркеуде жоқ екен деп жылы орындарынан қозғауға тағы болмайды. Ең дұрысы, Қос­шыға қала типтес елді мекен статусын алып беру.

2007 жылғы Елбасының Қосшыны се­рік­тес-қала қылу туралы Жарлығының дүмпуі­мен 6 миллиард теңге бөлінген. ҚР Құрылыс және үй-коммуналдық шаруа­шылық істері агенттігінің төрағасы Серік Нокин бір сөзінде Президенттің Жарлығы шыққалы бері Қос­шыға инфрақұрылымдық желілер жүргізуге 8 млрд. теңге бөлінді деп айтып қалды. Оны игілікке жаратуы тиіс Ақмола облыстық әкімдігінің берген есебі­не көз жүгіртсек, Қосшыда бірқатар істер жасал­ғанын бай­қаймыз. Бұл қа­ражатқа ең алдымен ауылдағы ақлақ, көп қабатты үйлерге су беру жүйе­лері, жылу жүйесі жүргізілді, жарық беру, жол жөндеу қолға алынды. Қос­шы әкімі Елібек Әбуовтың ертуімен бірқатарын аралап көр­дік. «Лесная поляна» шағын ауданын жылумен қамтама­сыз ететін соңғы үлгідегі фин құрылғыла­рымен жаб­дықтал­ған орталық қазандықтар салынуда.

Біз көрген қазандық құрылысы былтыр мамыр айында басталыпты. Бұ­йырт­са, осы күзде қазандық­тың үлкен жы­лытқыш жү­регі со­ғатын болады. Жылытқыш қазандық құ­рылысының басшысы, жылу нысандарын салуда жиырма бес жылдық жұмыс тәжі­рибесі бар Александр Димидовичтің сөзіне қара­ғанда, аяқталып қалған қазандық­ты іске қосу үшін тамыз айында жұмыс комиссиясы құры­лады. Қазандықты салуда тұ­тас­тай отан­дық мамандар жұмыс жасап жатыр. Тіпті, тоқсан пайызы қосшылық­тар­дың өз­дері. Тек жекелеген мамандар ғана Қа­ра­ғандыдан арнайы шақырылған. Тағы бір маңызды нысан­ның бірі – жобалық қуат­тылығы тәу­лігіне 10000 текше метр ақлақ суды тазарту стансысы.

Фин технологиясымен жабдықтал­ған стансыға 300 миллиард теңге жұмса­лып­ты. Көпқабатты үйлерде тұратын Қос­шы халқының Астана жұртынан асып түскен бір тұсы бар. Мұндағы халық тап таза мөлдір су ішіп отыр. Мұның сыры ең алдымен жер асты суын қайта өңдейтін су жаңа құрылғы­ларының бар болуында. Барлық жүйе автоматтандырылған. Алып қондыр­ғылар­дың басы-қасында бар жоғы төрт адам жұ­мыс жасайды. Мембраналар арқы­лы келетін су резервуарларға толған кезде автоматты түрде сөнеді. Елу жылға шыдас беретін пластикалық құрыл­ғылар бір мез­гілде 30-40 мың адамды сумен жа­рыл­қайды.

Астана ма­ңын­дағы елді мекендерді дамытудың бағ­дарламасына сәйкес 2012-2014 жылдарға жол құрылысы үшін 571,5 млн. теңге бөлін­ген. Сонымен қатар, 2011 жылы дәрігерлік амбулатория­ның жаңа ғимара­ты салын­бақшы. Қосшы­лықтарды толған­дыратын мәселе осы. Облыстық әкім­дік «Қосшы амбулаториясында бес маман қызмет етеді, УАЗ жедел жәрдем көлігін бердік» дейді. Қосшы ауылдық округіне қарасты «Лесная поляна» орамының тұр­ғыны Татьяна Базыкина: «Мұндағы дәрігер­лердің нақты қа­былдау кестесі жоқ, қашан қарағысы келсе, сонда келеді. Біз Астанадан 10 шақырым қашық­тықта орналасқанбыз, ал көмекті басқа ешқайдан күте алмаймыз. Мұнда жасы келген қарт кісілер, балалар, жүкті әйелдер көп. Сенесіз бе, тіпті акушер-гине­кологы­мыз жоқ.

Ауырып-сырқай қал­сақ, арты­нып-тартынып аудан орталығы Ақмо­лаға, облыс­тың орталығы Көкшетауға барамыз. Неге бізді Астанада дәрігерлік көмек алуға мүм­кіндік бермеске, себебі бізге Ақмола мен Көкшетауға қарағанда Астана жақын емес пе?», – дейді. Әрине, қос­шы­лық­тарға Астана қаласында орналасқан Целиноград аймақ­тық клиникалық ауруханасына қаралуға болады. Бірақ бұл жерде де бір кілтипан бар. Тұрғындардың айтуынша, бұл ауруханаға зордың күшімен жатуға тура келеді, не сырқаты меңдеп, ет-сүйегінен өтіп кеткенді ғана алады, не тамыр-таныстықпен шеші­леді. Аурухана, мәдениет үйі, жастар­дың бос уақыттарын тиімді өткізетін орындар мен кітапхана атаулыдан жұрдай қос­шы­лық­тардың қоңыр тірлігін қалалық дағ­­дыға көшіруге әлі ұзақ­­тау.

Олардың әзір­гі білім ордасы да, мә­дениет үйі де – 500 орындық жалғыз мектеп. Әкімдіктің жиналыстары да осы жерде өткізіледі. Онда қазір 675 бала оқиды. Бір партаға сығылысып, үшеуден отыру үйреншікті жайт. Ал сый­мағаны – амалсыз сол жағалаудағы мектептерге, қаланың ішіндегі мектептерге қаты­науға мәжбүр. Бұл жерде 2012 жылдың соңына дейін 1200 орындық бір мектеп салу жоспарланған. Ал шын мәнінде, үш мектеп салса да, мәселе түпкілікті шешілмейді. Дегенмен Қосшы ауылы үш жылдан кейін адам танымастай өзгеретініне Қосшы әкімінің сенімі мол.

– Бүгінде су тарату құбырларын толық өткізіп болсақ, халық алған жерлеріне үйлерін сала бастайды. Қазірдің өзін де, ауылымызда «Лесная поляна», «Орион» деген қала қалыбындағы үйлер соғылды, – дейді Елібек ағамыз, өзі құрқылтайдың ұясындай кеңседе отырса да, көңіл кеңсесін тарылт­қысы келмей. Үй демекші, қаржының қат­тығын сездіріп қойған соңғы сергелдең екі жыл Қосшыдағы жеке үй салушыларды да қаңтарып қойыпты.

Қосшыны серіктес қала қылуда там-тұм тірлік бар да, тұтас бір тұжырым осалдау. Қа­­ла­аралық агломерация, серіктес-қала сияқты ірі жобалар өзіне сай ірі құзырлы мекеменің қолына тізгінделіп, тірлігі тия­нақ­ты, яғни жүйелі жұмыс болуы керек емес пе? Ал бізде, мұны Құрылыс және ком­муналдық шаруашылық агенттігі бақылауы тиіс болға­нымен, облысқа арқа сүйейді.

Біздің білуімізше, Қосшыны серіктес қала деп тану жөнінде Президент Жарлығы шыққанмен, оның орнықты дамуына жағдай туғызатын қала типтес елді мекен мәртебесі де, инвесторларды осы бастан қызықтыратын еркін экономикалық аймақ мәртебесі де әлі нақты емес. Ал осындай қораштау мәрте­бесіне мән берместен, ҚР Мәжілісі биылғы бюджеттен Астана мен Алматының серіктес-қалаларын дамытуға деп тағы да 6,6 млрд. теңге, жалпы құрылыс жүріп жатқан алаң­дарға инженерлік-коммуникациялық ин­- ф­ра­құрылым жүргізуге деп 10 млрд. Теңгені бөлінуіне қол қойды. Қаржының кірген ізі мен шыққан ізін кім бағып отыр?

---

Source: [https://yvision.kz/post/osshy-aglomeraciyany-aldy-boluy-kerek-423266](https://yvision.kz/post/osshy-aglomeraciyany-aldy-boluy-kerek-423266)