---
title: "ОРКЕСТРЛЕР ШЕРУІ: ЖАЗДЫҢ АЛҒАШҚЫ КҮНІН МУЗЫКАМЕН ЖӘНЕ ШЕРУМЕН ҚАРСЫ АЛДЫҚ"
description: "1 маусым күні бүкіл Қазақстан бойынша балалар мен жастар музыка ұжымдарының оркестрлер шеруі өтіп, о..."
author: "MON_RK"
published: "2017-06-04T12:43:59+00:00"
modified: "2017-06-04T12:43:59+00:00"
locale: "ru"
canonical_url: "https://yvision.kz/post/orkestrler-sherui-zhazdy-al-ash-y-k-nin-muzykamen-zh-ne-sherumen-arsy-aldy-768937"
markdown_url: "https://yvision.kz/post/orkestrler-sherui-zhazdy-al-ash-y-k-nin-muzykamen-zh-ne-sherumen-arsy-aldy-768937/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# ОРКЕСТРЛЕР ШЕРУІ: ЖАЗДЫҢ АЛҒАШҚЫ КҮНІН МУЗЫКАМЕН ЖӘНЕ ШЕРУМЕН ҚАРСЫ АЛДЫҚ

> 1 маусым күні бүкіл Қазақстан бойынша балалар мен жастар музыка ұжымдарының оркестрлер шеруі өтіп, о...

1 маусым күні бүкіл Қазақстан бойынша балалар мен жастар музыка ұжымдарының оркестрлер шеруі өтіп, оған 100 мыңнан астам оқушы, олардың ата-анасы мен ұстаздары қатысты.

Жаздың алғашқы күнінде – балаларға арналған халықаралық мейрамда еліміздегі бас даңғылдар мен көшелер бірінші жалпыұлттық Оркестрлер шеруінің қатысушыларын қарсы алды. Астанамызда және облыс орталықтарында жас барабаншылар мен үрмелі аспап шеберлері, хор және би ұжымдары, чирлидерлар мен мажореткалар көңілді әуен аясында қаз-қатар тізіліп жүріп өтті. Біздің министрлік ұйымдастырған бұл салтанатты шара бүкіл қазақстандықтарға қуаныш пен мерекелік көңіл-күй сыйлап, нағыз мейрамды сезінуілеріне мүмкіндік берді.

Шараны өткізуге дайындық мамыр айының ортасында басталған болатын ([https://yvision.kz/post/767124](https://yvision.kz/post/767124)). Астанада, Алматыда және барлық облыс орталықтарында арнайы жұмыс топтары құрылып, үйлестірушілер тағайындалып, шерудің бағыты мен сценарийі бекітілді. Дайындыққа 1795 білім беру мекемесі қатысты. Студенттер мен оқушылар өздерінің ұстаздарымен және ата-аналарымен бірге өзгеше киім үлгісін таңдауға тырысты, музыкалық шығармаларды жаттады, билерін қайталады, әрбір қимылын мұқият пысықтады. БАҚ та тысқары қалған жоқ, Шеруге жан-жақты ақпараттық қолдау көрсетті, соның ішінде ұлттық телеарналар да бар. Қорыта келгенде, Білім және ғылым министрлігінің ойға алған ісі толығымен орындалды деуге негіз бар: 1 маусым күні елдегі бүкіл оқу орындарының басын біріктірген шын мәніндегі ғаламат республикалық акция өтті. Оркестрлер шеруі тек өзінің ауқымымен ғана таңғалдырған жоқ. Дегенмен, 100 мыңнан астам адамның қатысуы – үлкен көрсеткіш. Ең бастысы, балалар ересектермен біріге отырып, шын мәнінде қызықты репертуар ұсынып, дайындық деңгейінің өте жоғары екенін көрсетті. Қазақтың ұлттық киімдері, біркелкі киім үлгісі, түрлі музыкалық аспаптар, өз стильдері мен мүмкіндіктерін көрсету, қорыта айтқанда, балалар өздерінің талантын паш ету үшін бұл шараны таптырмас мүмкіндік деп бағалаған сыңайлы. Сөз соңында деректерге тоқталсақ. Бір ғана Қарағанды облысында Оркестрлер шеруіне 20 мыңға жуық адам қатысты. Ақтөбе облысында – 18 мың, Оңтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарында 15 мың адамнан шықты. Ал бүкіл ел бойынша Оркестрлер шеруіне 136 барабаншылар отряды, 91 үрмелі аспаптар оркестрі, 534 қазақ және орыс ұлт аспаптар ансамблі, 780 чирлидерлар мен мажореткалар командасы, сонымен бірге көптеген хор және би ұжымдары қатысты. Әр ұжым өзінің айрықша белгілерімен, сырт келбетімен өзгешеленді, соған қарамастан, барлық қатысушының біртұтастығы, бірлігі де байқалмай қалған жоқ. Мұны көрермен ретінде тамашалаған ел тұрғындары да сезінгені анық. Оркестрлер шеруін жыл сайын өткізетін дәстүрлі мерекеге айналдыруға да болатындай. Біздің министрліктің бастамасы жалғасып, келесі жылы Балалар мейрамы бұдан да қызық әрі салтанатты өтеді деген үмітіміз бар.

![ОРКЕСТРЛЕР ШЕРУІ: ЖАЗДЫҢ АЛҒАШҚЫ КҮНІН МУЗЫКАМЕН ЖӘНЕ ШЕРУМЕН ҚАРСЫ АЛДЫҚ](https://storage.yvision.kz/images/user/mon_rk/70KBb54QK4AoIu8VNAaQROdMsFhrbc.jpg)

![ОРКЕСТРЛЕР ШЕРУІ: ЖАЗДЫҢ АЛҒАШҚЫ КҮНІН МУЗЫКАМЕН ЖӘНЕ ШЕРУМЕН ҚАРСЫ АЛДЫҚ](https://storage.yvision.kz/images/user/mon_rk/KDkB1DBz39GRtU5v0UulZdC4qA87w4.jpg)

![ОРКЕСТРЛЕР ШЕРУІ: ЖАЗДЫҢ АЛҒАШҚЫ КҮНІН МУЗЫКАМЕН ЖӘНЕ ШЕРУМЕН ҚАРСЫ АЛДЫҚ](https://storage.yvision.kz/images/user/mon_rk/6PBcwR13RLPQ0MNgOrYOi0bJjq8Rzb.jpg)

![ОРКЕСТРЛЕР ШЕРУІ: ЖАЗДЫҢ АЛҒАШҚЫ КҮНІН МУЗЫКАМЕН ЖӘНЕ ШЕРУМЕН ҚАРСЫ АЛДЫҚ](https://storage.yvision.kz/images/user/mon_rk/rb817v99Pw7jMrwNEGIZIJPLrD6ieV.jpg)

![ОРКЕСТРЛЕР ШЕРУІ: ЖАЗДЫҢ АЛҒАШҚЫ КҮНІН МУЗЫКАМЕН ЖӘНЕ ШЕРУМЕН ҚАРСЫ АЛДЫҚ](https://storage.yvision.kz/images/user/mon_rk/M17Yw7cu2F9xKKUVf3BZk521B0K36v.jpg)

![ОРКЕСТРЛЕР ШЕРУІ: ЖАЗДЫҢ АЛҒАШҚЫ КҮНІН МУЗЫКАМЕН ЖӘНЕ ШЕРУМЕН ҚАРСЫ АЛДЫҚ](https://storage.yvision.kz/images/user/mon_rk/zkUt61h2Qm2DAjTG0WKaeMOpl9TRqt.jpg)

---

Source: [https://yvision.kz/post/orkestrler-sherui-zhazdy-al-ash-y-k-nin-muzykamen-zh-ne-sherumen-arsy-aldy-768937](https://yvision.kz/post/orkestrler-sherui-zhazdy-al-ash-y-k-nin-muzykamen-zh-ne-sherumen-arsy-aldy-768937)