---
title: "ОҢТҮСТІК ӨҢІРДЕГІ ЖЕР БӨЛІНІСІНІҢ ТАРИХЫ."
description: "1865 ж. Ресей үкіметі «Қазақ даласын басқару туралы Ережелердің» жобасын дайындау үшін «Дала комисс..."
author: "Omirhan"
published: "2016-05-24T19:32:50+00:00"
modified: "2016-05-24T19:36:37+00:00"
locale: "ru"
canonical_url: "https://yvision.kz/post/o-t-stik-irdegi-zher-b-linisini-tarihy-694733"
markdown_url: "https://yvision.kz/post/o-t-stik-irdegi-zher-b-linisini-tarihy-694733/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# ОҢТҮСТІК ӨҢІРДЕГІ ЖЕР БӨЛІНІСІНІҢ ТАРИХЫ.

> 1865 ж. Ресей үкіметі «Қазақ даласын басқару туралы Ережелердің» жобасын дайындау үшін «Дала комисс...

![ОҢТҮСТІК ӨҢІРДЕГІ ЖЕР БӨЛІНІСІНІҢ ТАРИХЫ.](http://im9.asset.yvimg.kz/userimages/omirhan/Pi92qeczd3re8voOx1XqRwaPnw8414.png)

1865 ж. Ресей үкіметі «Қазақ даласын басқару туралы Ережелердің» жобасын дайындау үшін «Дала комиссиясы» аталған комиссия құрды. Оның құрамына Ішкі Істер Министрлігінің, Әскери Министрліктің және жергілікті генерал-губернаторлықтардың өкілдері кірді.

Ресей өкіметі 1855 ж. бастап Жетісуға орыс казактарын қоныстандыра бастаған еді..

1865 жылдың ақпанында Жаңа-Қоқан линиясы таратылып, орнына Орынбор генерал-губернаторлығының Түркістан облысы құрылды. 1867 жылғы сәуірде Түркістан облысы жеке бөлініп шығып, әкімшілік жағынан аймақ үшке - орталық, оң және сол қанатқа бөлініп басқарылды. Алғашында өлкенің орталығы ретінде Әулиеата қаласы қарастырылған. Бірақ, Шығыс Түркстандағы ұйғырлар мен дүнгендердің Қытай өкіметіне қарсы басталған дүрбелеңі, орталық ретінде Қытай шекарасынан қашықтау Ташкентті таңдауға мәжбүрледі.

1867 ж. құрылған Әскери Министр Д.А.Милютин басшылық еткен қазақ жері мен Түркстанды әкімшілік басқару реформаларының жобасын жасау бойынша комиссия бұл кезде марқұм болып кеткен Шоқанның пікірін еске де алмады. Нәтижесінде, 1867 ж. 11 тамызда «Орынбор және Батыс Сібір генерал-губернаторлықтарының Далалық облыстарын басқарудың уақытша Ережелері» деген құжат өмірге келді. Дала комиссиясы жаңа болыстықтар мен ауылдардың әкімшілік жобасын дайындай отырып, дәстүрлі басқару институттарының саяси қаупін бір сәтке де естен шығармады. Орыс зерттеушісі А.К.Гейнс «Үкімет күштеріне қарсы тұрмас үшін, ең алдымен қырғыз халқының сайланбалы билігін біртіндеп жою, қырғыз халқын өз билеушілері мен рулық құрылысқа негізделген өмір салтынан ажырату қажет» -деп жазды.

1867-1868 ж.ж. реформалардың (Уақытша Ережелердің) ең негізгі мақсаты – қазақ жерін Ресейдің өзге де аймақтарымен ара-жігін білдірмей қосып жіберу үшін Ресейге бағынышты басқа ұлыстармен бір басқару жүйесіне біріктіріп, жергілікті атқамінерлердің ықпалын барынша әлсірету, оларды биліктен аластау, рулық құрылысты біртіндеп жойып, орыстандырып, шоқындыру болды.

1868 жылдың 11 маусымында Түркістан облысы Сырдария, Жетісу облыстарынан құралған Түркістан генерал-губернаторлығына бірігіп, орталығы Ташкент қаласы деп белгіленді. Түркістан Сырдария облысының бір қаласына айналып, Түркістан облысы «әкімшілік аймақ» ретінде күшін жойды.

Сырдария облысы Құрама, Ходжент, Шымкент, Әулие-Ата, Перовск, Қазалы, Жызақ уездерінен құралды.Оңтүстікте бізге белгілі жер бөлінісі ең алғаш рет 1867-68 жылғы реформадан кейін 1869 жылы басталып, уезд пен болыстықтардың шекарасы нақтыланды.

Уездер болыстықтардан, олар өз кезегінде ауылдардан құралды. «Жетісу және Сырдария облыстарын басқару туралы 1867 ж. заңға сәйкес, қырғыздардың рулық құрылысын ыдырату мақсатында ірі руларды бір басшының қол астына берудің қауіптілігі ескеріліп, көшпелі тұрғындарды болыстықтар мен ауылдарға бөлу қарастырылды» (Н.И.Гродеков «Киргизы и каракиргизы Сыр – Дарьинской области. Том первый. Юридический быть, Ташкент Типо-литография С.И.Лехтина -1889.) Болыстыққа бір рудың аты берілгенмен, оның құрамында көптеген рулар болды.

1868 ж. Сырдария облысы әскери губернаторының пәрменімен Шымкент уезінде болыстық басқармалар ұйымдастыру бойынша комиссия құрылды.

Комиссия төрағасы - титулярлық кеңесші Е. Савенков, мүшелері - ротмистр Адеркас, сотник Герасимов, аудармашы прапорщик Сырттанов, капитан Терейковский болды.

Комиссия ауылдарды аралап шығып, тексеру қорытындысын басшыларға тапсырады.Тіпті, Шымкент уезін мекендейтін ең үлкен 2 тайпаға «этнографиялық» сипаттама беруді де ұмытпайды: Тіпті, Шымкент уезін мекендейтін ең үлкен 2 тайпаға қисынын келтіріп ―бірін асыра мақтап, екіншісін «басын жерге жеткізе тұқыртып» дегендей, «этнографиялық» сипаттама беріп, екі тайпаның арасына «шоқ» тастауды да ұмытпайды.

«...Қазығұрт тауының күнгейін, Бадам және Сайрам өзендерінің жоғарғы ағысын негізінен жаныстар мекендейді...

Дулаттар қырғыздың өзге руларына қарағанда өзгешелеу. Олар өздері көшпейді, мал жаятын немесе егін салатын жерлеріне қызметшілерін жібереді. Отырықшылыққа ертерек көшуі олардың мінез-құлқына да әсер еткен. Мінездері өзге қырғыздарға қарағанда жұмсақтау. Діни дүниетанымдарына келсек, шариғат заңдарын сақтауға ұмтылады...».

Рулар арасындағы қатынас шиеленісіп кетпес үшін, өзге руларға берілген мінездемені бермей отырмыз. (ОҚО облыстық мұрағаты Қор-1129; Тізбе-1; Іс-5.).(Жасыратыны жоқ, сонан бері 1,5 ғасырға жуық уақыт өтсе де, әлі күнге сол «шоқтың» қызуына «жылынып» жүрген ағайындар арамызда баршылық.)

Патша үкіметінің қитұрқы саясатының арқасында болыстықтардың шекаралары әр сайлау сайын өзгеріп отырды. Оның арты қырғын дау болып, рулар өзара соттасып жататын да, губерния, уезд басшылығы параның күшімен дауды бітіретін.

Қан төгілген жағдайлар да аз болмаған.

1870 ж. бастап, қоныс аударушылар үшін «Жер қорын» ұйымдастырып, әр облысқа бір-бірден әскери топограф штаты беріледі. Алдымен бірнеше экспедиция ұйымдастырып, қазақтар пайдаланатын жер нормасы мен болашақ орыс қыстақтарының орындары белгіленді.

1874-1882 жылдарда облыста 6 шаруалар селосы құрылды. Ол келімсектерге 1867 жылғы «Сырдария мен Жетісу облыстарын басқару туралы уақытша ереже» мен 1868 жылғы «Жетісуда шаруаларды қоныстандыру туралы» ереже бойынша 30 десятинадан жер беріліп, 15 жылға алым-салықтардан, әскери міндеткерліктен босатылды.

1891-92 жылдары ішкі Ресейде орын алған қатты құрғақшылықтың салдарынан Қазақстанға қоныс аудару осы жылдары жаңа қарқын алды. Өлкеде 1891 жылға дейін 25 орыс қыстағы болса, 1891-1892 жылдарда ғана17 жаңа поселке құрылды. («Статистический Ежегодник России» Издание МВД России -1913 г..Санкт Петербург 1914). Жалпы, осы жылдар ішінде Сырдария облысындағы поселкелердің ұзын саны 37-ге, шаруалардың саны 12 мың адамға жетті. Бұлар негізінен Түркістан-Шымкент-Әулиеата аралығындағы үлкен жолдың бойы мен өзендербойындағы шұрайлы жерлерге орналасты.1891 ж. 25 наурызда Ресей патшасы «Далалық ереже» деген заңды бекітті. 1893 ж. күшіне енген бұл ереженің 119-бабында «өлкедегі барлық жерлер мен орман-сулар мемлекет меншігі» деп жарияланды. Міне, осы ереже бойынша қазақ жерлері ғасырымыздың басынан бастап бірінші дүниежүзілік соғыс басталғанға дейін отарлық талан-тараждың тағы бір жаңа сатысына ілікті.

Енді, Сырдария, Арыс, Ақсу сияқты ірі өзендерді былай қойып, шағын ғана Сайрамсу, Балдыбірек, Доңызтау өзендерінің жоғары ағысындағы тау бөктерлеріндегі тоқымдай-тоқымдай суармалы жерлердің өзі назардан тыс қалмады. 1899 ж. украиндік келімсектер Петропавловск (қазіргі Тасарық-Ө.Ш) селосының алғашқы қазығын қақты. Одан соң, біртіндеп, тауға қарай өрлеп Романово, Сахаровка, Руниевский, Покровка, Данило -Покровка, Суплатово, Гавриловка, Колосовка селоларын құрды. Осылайша, ғасыр соңына қарай Шымкент уезіндегі суармалы жерлердің 19,8 %-ы келімсектердің қолына өтіп үлгерді.

Одан кейінгі жер бөлінісі колхоздастырудың алдында 1927жылы жүрді. Ол кезде де дау мен төбелес аз болған жоқ.

1916 ж. 1 қаңтарында Сырдария облысының аумағында ғана 190 келімсектер қыстағы болды.

Қырғыз тарихшысы Б.Исакеев «1916 ж. Түркстан өлкесінде 941 орыс қыстағы болды. Өлкедегі жергілікті халықтың (қазақ, өзбек, қырғыз, түрікмен және т.б.) үлес салмағы 94 %, келімсектер 6 % құрады. Осы 6 % келімсектер суармалы, шұрайлы жерлердің 57,6 %-на ие болды» деп жазады ( «Киргизское восстание 1916 г.». Киргизиздат,1932 г.).

1928 жылдың 3 мамыр күні өткен Қазақстан өлкелік партия комитетінің есебін тыңдаған Бүкілодақтық коммунистік (большевиктер) партиясы өлкедегі болыс, уезд, облыстарды әкімшілік-шаруашылық жағынан аудандастырудың кезек күттірмейтін міндет екендігін атап көрсетті.

РК (б)П Орталық Комитетінің Орта Азиядағы Кеңес республикаларының шекарасын межелеу туралы 1924 ж. 11 қазандағы Қаулысын бекіту туралы КСРО Орталық Атқару Комитетінің 1924 ж. 27 қазандағы шешімімен құрылған Сырдария губерниясы 1928 ж. 17 қаңтарда таратылып, орнына Сырдария және Қызылорда округтері құрылды.

874148 (оның ішінде қазақтар – 632835, өзбектер, -122655,еуропалықтар – 104973, басқалар - 13685) тұрғыны бар бұрынғы Әулие Ата, Ташқазақ,Түркстан, Шымкент уездерінің жалпы аумағы 280 мың шаршы шақырым жері Сырдария округіне өтті.Округте уездер орнына аудандар құрылды.Округте – 3 қала, 21 аудан, 567 ауылкеңесі (қышлақ,сельсовет) қарады. Округ орталығы Шымкент қаласы (ОҚО Облыстық мұрағаты №29 қор,I-жазба, іс №1,3,14).

Округке келесі аудандар кірді: Арыс, Әулие Ата,Бадам,Беловод, Бостандық, Жуалы, Иіржар, Қаратас, Қараспан, Келес, Қызылқұм, Манкент-Сайрам, Мерке, Мойынқұм, Махтаарал, Сарысу, Созақ, Талас, Түркстан, Түлкібас, Шаян, Шымкент , Жаңақорған (ОҚО Облыстық мұрағаты №29 қор,I-жазба, іс-№589,602).

Осылайша, 1928 жылы жаңадан аудандастыру іске асырылды.

Бұрынғы бес буынды (ауыл( село)-болыс-уезд-округ-орталық) басқару жүйесінен төрт буынды(ауыл(село)- аудан- округ-орталық) басқару жүйесі енгізілді.

Келесі қадам ірі байлардың мал-мүлкін тәркілеп, өздерін жер аудару еді. 1928 жылғы 27 тамызда – «Аса ірі бай шаруашылықтары мен жартылай феодалдарды кәмпескелеу және жер аудару туралы» декрет жарияланды. Бұл аудандастыру болашақта құрылатын колхоздардың жер межелерін белгіледі. Бірақ 1929-31 жылдары құрылған колхоздардың тұрғындары 1932-33 жылдардағы ашаршылықта қырылғаны қырылып, қырылмағаны босып кетті. Колхоз құрылысына қарсы көптеген бас көтерулер осы жылдары мүлдем тоқтады.

Босып кеткендердің аман қалғандары 1934 жылдан бастап елге қайта бастады (Әлі қайтып біткен жоқ).

1934 ж. колхоздардың жерін қайта межелеу жүрді. Оның себебі, тұрғындар санының күрт азайып кетуі еді. Мәселен, 1930 жылдың соңында Бадам (қазір Төлеби Оқо) ауданында 104 колхоз құрылған болса, 1934 ж. олардың 35 -ң ғана басы құралды.

Келесі жер межелеу 1951 ж. колхоздарды ірілендіру барысында жүргізілді.

Кеңес Одағы Коммунистік Партиясы мен Үкіметінің «Шаруашылықтарды ірілендіру туралы» Қаулысына сәйкес, 1951 жылдың 1 қаңтарынан бастап колхоздарды ірілендіру басталды.

Бірақ бұл кезде кеңестік билік халықтың рухын сындырып тастаған еді. Ешқандай қарсылық болған жоқ.

Соңғы жер бөлінісі еліміз тәуелсіздік алып, 1993 жылдан басталған колхоз-совхоздар жекешелендірілгенде басталды. Бұл процесс әлі аяқталған жоқ.

Алдымызда әлі ауыр сынақтар тұр.

Мемлекет тез арада жерге ревизия жүргізбесе, ауылдағы ағайынның арасы бүлінгелі тұр.

Колхоз жерін Мемлекеттік қорға өткізіп, оны тұрғындарға жалға беру мен сату кезінде көптеген былықтарға жол берілген.

Мәселен бір тұрғында 90 га жер болса, екіншісінде үй іргелік 15 - 20 сотық жерден басқа ештеңе жоқ. Жер мәселесі көтерілгелі ауылдағы ағайындардың әрбір той-томалақ, құдайы тамақ секілді жиындарында жер мәселесі әңгіме болады. Шиқанның сыздап, іріңге толып келе жатқаны анық. Қашан жарылары уақыт еншісінде..

Біздің ауылдастар үшін Қытай қауіпті емес, қолында мөрі бар ағайын мен қалтасында ақшасы бар отандас қауіпті болыпты тұр...

Ал қолында билігі бар азаматтар асығар емес. Мүмкін бұл олардың жеке мүдделеріне қарсы келетін шығар?

Мен дұрыс түсінсем, Елбасы өз сөзінде "Жерге жаны ашитын барлық азамат өз пікірін білдіруге құқылы" және «Халыққа ұнамайтын заңның керегі жоқ» - деді.

Республикада құрылған жер туралы комиссия халықтың талабын Елбасыға жеткізу болса керек. Жер мәселесі бойынша, өңірлерде де шешуін таппаған мәселелер жеткілікті. Олай болса, өңірлерде де сондай комиссия құрылып, халықтың ұсыныстарын жинап, Республикалық комссияға жеткізу керек.

Сол себепті, облыстық комиссияға бұрынғыдай мәслихат депутаттары мен 5-6 «дежурный» ақсақалды шақыру практикасын өзгертіп, оқыған-тоқығаны бар, еркін ойлы, ең бастысы өзі айтып қана қоймай, сөз тыңдай алатын азаматтарды тарту керек (Ешкімнің көңіліне тиейін деген ниетім соқ. Мені дұрыс түсінулеріңізді сұраймын. Мәслихат депутаттары мен 5-6 «дежурный» ақасақалдың сөздері өтімді болса, кеше шеру болмас еді).

Құдайға шүкір, өңіріміз басқа да өрелі азаматтардан кенде емес.

Қалай болғанда да, мәселені алаңда емес, үстел үстінде шешуге бар мүмкіндікті қарастыруымыз қажет.

---

Source: [https://yvision.kz/post/o-t-stik-irdegi-zher-b-linisini-tarihy-694733](https://yvision.kz/post/o-t-stik-irdegi-zher-b-linisini-tarihy-694733)