---
title: "Нар тұлға - Нәзір"
description: "Еліміз тәуелсіздік алған соң тасада қалған тарих беттері ашылғаны анық. Өткен ғасырдың өктемдігіне төтеп беріп, солақай саясаттан сескенбей қажырлы еңбек еткен азаматтар мәңгі ел есінде қалары хақ. Ұлт мүддесін қорғауда қанды..."
author: "molqyrz"
published: "2024-03-05T12:36:26+00:00"
modified: "2024-03-05T12:36:26+00:00"
locale: "ru"
canonical_url: "https://yvision.kz/post/nar-t-l-a-n-zir-1001923"
markdown_url: "https://yvision.kz/post/nar-t-l-a-n-zir-1001923/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Нар тұлға - Нәзір

> Еліміз тәуелсіздік алған соң тасада қалған тарих беттері ашылғаны анық. Өткен ғасырдың өктемдігіне төтеп беріп, солақай саясаттан сескенбей қажырлы еңбек еткен азаматтар мәңгі ел есінде қалары хақ. Ұлт мүддесін қорғауда қанды...

Еліміз тәуелсіздік алған соң тасада қалған тарих беттері ашылғаны анық. Өткен ғасырдың өктемдігіне төтеп беріп, солақай саясаттан сескенбей қажырлы еңбек еткен азаматтар мәңгі ел есінде қалары хақ. Ұлт мүддесін қорғауда қанды қырғынның құрбаны болғандар саны 16000 мен 25000 шамасында. Демек, біртуар азаматтардың өмір жолы әлі де жан-жақты зерттеулерді талап етеді.Солардың бірі әлемнің алпауыт елдерімен қарым-қатынас жүргізген, қазақтың тұңғыш дипломаты нар тұлға – Нәзір Төреқұлұлы.Киелі Түркістанның топырағында туған Нәзірнебәрі 45 жыл қысқа ғұмырында ел үшін елеулі өзгерістер енгізді. Ол ұлттық сананы ояту мақсатында 1916 жылы жасырын түрде «Еркін дала» ұйымын құрып, қоғамдық қозғалыстарға белсене араласты. Ғылымға шын беріліп, жан-жақты ізденген Нәзір филология саласын да жетік меңгерген. Оның өзбек, шағатай, араб, парсы, орыс, неміс, француз тілдерінде еркін сөйлей алуы дипломат ретінде беделін арттырды. Білікті маман ретінде үстемдік ете отырып, Маңғыстауды жат елдің меншігінде кетуден сақтады. Саяси маңызы зор құжатқа қол қойып, қазақтың батыстағы шегарасыншегендеді. Бұл әрекеті біршама халықтың атажұртпен қайта қауышуына сеп болды. Осы тұста, Нәзірдің дербес саясат жүргізуге деген ұмтылысын байқауға болады.

Тайыр Мансұров Ресейдің сыртқы саясат мұрағатынан деректерді жинақтап, Нәзірдің дипломатиялық қызметін зерттеу жүргізді. Сол заманда Ресейдің Сыртқы істер министріболған, шығыстанушы дипломат Е. М. Примаковкаға өтініш жасаған. Осылайша,Нәзір Төреқұлұлына қатысты дәйектер мен мәліметтердің 25 пайызына қол жеткізген. 1928 жылы Кеңес үкіметі Нәзірді Сауд Арабияға бас консул ретінде жіберді. Тайыр Мансұров жайлы «Нәзір Төреқұлов – Кеңес Одағының Сауд Арабиясындағы елшісі» деген атаумен екі ел арасында жолданған жазбаларды, құжат-қағаздарды жинақтады. Бұл жинақ өткен ғасырдағы халықаралық қатынастардың тыныс-тіршілігінен хабар береді.

Сегіз тіл біліп, сегіз жыл елші болған Нәзір кейінгі ұрпаққа бағдар болар мол мұра қалдырды. Шығармашылық еңбектерінің мән-мағынасын түсіну арқылы руһани байып, ұлттық болмысымызды айшықтап, тарихымызды терең зерттеуге жол ашуға болады. Полиглот ғалымның қолжазбалары 6 томдық жинақты құрайды. Мәселен, 1920 жылы «Совет өкіметінің үш жылдығы» атты жинақта жарияланған «Қоқан автономиясы» мақаласында Мұстафа Шоқайдың рөлін сипаттады. «Ферғана мәселесі» мақаласында Кеңес үкіметінің өрескел қателіктерін айқын көрсетті. Ал 1926 жылы Мәскеуде шыққан«Ұлт мәселесі және мектеп» кітабында қазақ халқын орыстандыру саясатын әшкере етіп, ағарту ісіне қатысты мәселелерді ортаға салды. Сол сәтте ол ұлт тәрбиесі үшін мектептің маңызын түсініп, оны қалың бұқараға жеткізуге тырысты. Нәзір Төреқұлұлы Орталық Баспа басқармасының төрағасы болған кезде Әлиханды қызметке алып, Мағжанды «Ақ жол» газетіне жұмысқа орналастырды. Баспа ісін дамытып, кітап өндірісін ілгерілетті. Ұлттық мерзімді басылымдарды шығаруға ықпал етті. Осыдан-ақ, Нәзірдің болмысы бөлек, беделі биік тұлға болғанын аңғаруға болады.

Кеңес үкіметі Нәзір Төреқұлұлына таққан жалған айыптың ерекшелігі Алаш арыстарымен бірге болуы емес, мұсылман елдердің елшілерімен байланыс орнатып, ислам дінін дұрыс бағытта дәріптеуі еді. Ұлттың мұңын жоқтап, рухын ұлықтаған асыл тұлғалардың ғұмырымен танысу арқылы егемендік пен елдіктің қазығын нығайта аламыз.

***Нұрбибі Айтбайқызы,***

***ҚазҰУ, Журналистика***

***Факультетінің 1-курс студенті.***

***Жетекшісі: фил.ғ.к., доцент Р. Жақсылықбаева***

---

Source: [https://yvision.kz/post/nar-t-l-a-n-zir-1001923](https://yvision.kz/post/nar-t-l-a-n-zir-1001923)