---
title: "НАҒЫЗ ҰСТАЗДЫҢ КЕЛБЕТІ ҚАНДАЙ?"
description: "«Bilim» ток-шоуының бұл жолғы айдарында студия қонақтары мен жүргізушілер педагогика, білім саласынд..."
author: "MON_RK"
published: "2017-10-16T05:27:00+00:00"
modified: "2017-11-13T05:04:16+00:00"
locale: "ru"
canonical_url: "https://yvision.kz/post/na-yz-stazdy-kelbeti-anday-781862"
markdown_url: "https://yvision.kz/post/na-yz-stazdy-kelbeti-anday-781862/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# НАҒЫЗ ҰСТАЗДЫҢ КЕЛБЕТІ ҚАНДАЙ?

> «Bilim» ток-шоуының бұл жолғы айдарында студия қонақтары мен жүргізушілер педагогика, білім саласынд...

«Bilim» ток-шоуының бұл жолғы айдарында студия қонақтары мен жүргізушілер педагогика, білім саласындағы жаңашылдықтар, кәсіби тыйымдар жайлы әңгіме қозғап, «Нағыз мұғалімнің келбеті қандай?» деген сауалға жауап іздеді. Елімізде ерекше білім ордасы болып саналатын, Арнасай ауылындағы шағын мектепте өз ісіне шын берілген мамандар жұмыс істейді. Мектеп директоры ауылдағы кішкентай ғана орта білім беру орнын елге аты мәлім, үлгілі білім ордасына айналдыра алды. Мектеп табалдырығын аттаған жан ошақ басындағыдай жылу мен үйлесімді сезіне алады. Бұл мектептің ерекшелендіретін өзіндік қалыптасқан қағидалары жетерліктей. Балалар тек білім алып қана қоймай, жыл он екі ай ата-аналарымен бірлесіп мектеп маңындағы жер телімі мен жылыжайда экологиялық таза өнімдер өсірумен айналысады.

Мектептің түлектері түгелге жуық Ұлттық бірыңғай тестті үздік тапсырып, білім грантына қол жеткізеді. Сондай-ақ, оқушыларға үй тапсырмасы берілмейді. Үйге тапсырма беру – мұғалімнің сол күнгі дайындығының көрсеткіші. Жалпы біліммен қатар оқушылардың өмірге қажет қабілеттері алыптастырады. Алғашқы медициналық көмекті жылдам көрсете білуге, төтенше жағдай бола қалған жағдайда дұрыс әрекет ете білуге дағдыланады және тұлғалық қасиеттерді дамытуға көп көңіл бөлінеді. Дегенмен, осынша ерекше мектеп бола тұра, аталмыш оқу орнына білікті мамандардың жетіспеушілігі ойланарлықтай жағдай. Статистикаға сүйенсек, Қазақстан бойынша 4 480 педагог маманға зәру. Қазақстанға жаңашыл мамандар қажет. Елбасы білім сапасын көтеру мәселесін айта келіп, оқыту барысында жаңа технологиялар мен заманауи әдістер керек екеніне баса назар аударған болатын. Педагогикалық құрам сапасын жақсарту да маңызды мақсат. Осы мақсатта әр өңірде педагогтардың біліктілігін көтеретін құрамдас орталықтар жұмыс істеуі керек. Мұғалім —қадірлі мамандық. Шәкіртінің өзінен озғанын көру – ұстаз үшін баға жетпес бақыт. Бүгінгі эфирімізге арқау болған ұстаздар отбасы Нәсиевтердің басты ұстанымы да осы. Нәсиевтер династиясында 26 педагог бар. Олардың барлығының жұмыс өтілін қосса 478 жыл болады екен. Ұстаздық жолы қиын да қызықты. Құрметті біздің ұстаздар, біздің жанымызға ізгілік дәнін сеуіп келе жатқан да сіздерсіздер!

---

Source: [https://yvision.kz/post/na-yz-stazdy-kelbeti-anday-781862](https://yvision.kz/post/na-yz-stazdy-kelbeti-anday-781862)