---
title: "НӨЛІНШІ СЫНЫПТА ОҚЫТУДЫҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ МЕН МЕКТЕПАЛДЫ ДАЯРЛЫҚТАН АЙЫРМАШЫЛЫҒЫ"
description: "Білім беру жүйесі жаңарып келеді. Алдағы жылдары әдеттегі мектепалды даярлық тобының орнын нөлінші с..."
author: "MON_RK"
published: "2017-10-12T02:58:14+00:00"
modified: "2017-10-12T03:08:05+00:00"
locale: "ru"
canonical_url: "https://yvision.kz/post/n-linshi-synypta-o-ytudy-erekshelikteri-men-mektepaldy-dayarly-tan-ayyrmashyly-y-781440"
markdown_url: "https://yvision.kz/post/n-linshi-synypta-o-ytudy-erekshelikteri-men-mektepaldy-dayarly-tan-ayyrmashyly-y-781440/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# НӨЛІНШІ СЫНЫПТА ОҚЫТУДЫҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ МЕН МЕКТЕПАЛДЫ ДАЯРЛЫҚТАН АЙЫРМАШЫЛЫҒЫ

> Білім беру жүйесі жаңарып келеді. Алдағы жылдары әдеттегі мектепалды даярлық тобының орнын нөлінші с...

Білім беру жүйесі жаңарып келеді. Алдағы жылдары әдеттегі мектепалды даярлық тобының орнын нөлінші сынып басады. Бүлдіршіндер нөлінші сыныпта қандай білім алады? Ол қазіргі мектепалды даярлық тобынан несімен ерекшеленеді? Осы және өзге де өзекті сұрақтарға біздің министрліктің мектепке дейінгі және орта білім беру департаментінің директоры Шолпан Таңатқызы Каринова жауап береді.

ТЕСТІЛЕУ КЕЗЕҢІНДЕ

Қазір ҚР «Білім туралы» заңына сәйкес, республика бойынша 5-6 жастағы, тіпті 7жастағы балалар мектепалды даярлықтан өтуде. Ал мектептер 12 жылдық білім беру жүйесіне көшіп, әдеттегі 11-сыныпқа нөлінші деп аталатын сынып қосылып жатыр. Әзірге елімізде сынаққа алынған 18 нөлінші сынып бар. Тестілеудегі мектепке дейінгі 30 мекеме тізімін біздің министрлік жасап, бекіткен. 2019 жылға дейін оқу бағдарламасын жетілдіруге, өзгерістер енгізуге уақыт жетеді. Дегенмен, дәл қазіргі кезеңде пилотты бағдарламамен салыстырғанда айтарлықтай өзгеріс бола қоймайды деп сенімді түрде айтуға болады.

БІЛІМ БЕРУ ЖҮЙЕСІНДЕГІ НӨЛІНШІ СЫНЫПТЫҢ АЛАР ОРНЫ

Нөлінші сыныптардың негізгі мақсаты – баланы оқуға дайындау. Яғни, қазіргі кезде кейбір мектептер мен арнайы жабдықталған балабақшалардағы мектепалды даярлық топтарының бағдарламасымен сәйкес келеді. Әрі тәрбиелік мәні де жоғары. Тәрбие әдісіндегі басты талаптардың бірі – «Мәңгілік ел» жалпыұлттық идеясына негізделген патриоттық пен толеранттық секілді адами құндылықтарды сіңіру. Бір айта кетерлігі, балабақша мен мектеп арасында алтын көпір болып келген бұл топтар енді Әліппемен тіл сындыратын болады. Нөлінші сынып оқушылары «Әліппе» кітабының мәтіндік жұмыстарымен айналысады.

«ӘЛІППЕ» – БАСТЫ ЕРЕКШЕЛІК

«Әліппе» ешқайда жоғалған жоқ. Оны балалар енді нөлінші сыныптан бастап оқитын болады. Әзірге, 2019 жылға дейін бұл жаңартылған оқу құралы қанатқақты сыныптарда сынақтан өтуде. Әріп жаттап, буынға бөліп оқуды үйреніп, сөздік қорын көбейтіп, қарапайым сөйлем құрауды үйрену – «Әліппенің» нөлінші сыныптағы басты мақсаты. Мамандардың пікірінше, бұл жастағы балаларға жазу жазуға әлі ертерек. Нөлінші сыныпта олар тек әріптің нобайын сызып, бастырып, нүктелеп үйренеді.

«ӘЛІППЕ» ҮЙРЕНУГЕ ҚАНША УАҚЫТ КЕРЕК?

«Әліппе» аптасына бір жарым сағаттан өтеді. Жалпы оқу жылы барысында нөлінші сыныптар әліппеге шамамен 50 сағат арнайды. Осы уақыт ішінде олар барлық әріпті жаттап, дауысты дыбысты дауыссыз дыбыстан ажыратып, дыбыстық талдау жасап үйренеді. Сөйтіп, бірінші сыныпқа келген бала қарапайым сөздер мен сөйлемдерді оқып, түсініп, бастапқы кезеңде талдай алады. Жаңартылған әліппе жайлы толығырақ келесі сілтеме арқылы өтіп, танысуға болады: [https://yvision.kz/post/781066](https://yvision.kz/post/781066).

НӨЛІНШІ СЫНЫПТА ОҚУ ЖЫЛЫ ҚАНША УАҚЫТҚА СОЗЫЛАДЫ?

Нөлінші сыныптың оқуы 1 қыркүйекте басталып, 25 мамырда аяқталады. Демалыс күндері мен каникул уақытын есептегенде өзге сыныптарға қарағанда оқу уақыты аздау – 32 апта.

НӨЛІНШІ СЫНЫПТЫҢ САБАҒЫ ҚАНША УАҚЫТҚА СОЗЫЛАДЫ?

Бір сабақ 25-30 минут аралығында болады. Жоғарыда айтып кеткеніміздей, бүлдіршіндерге ақпарат қабылдаудың мұндай әдісіне үйрену үшін уақыт керек. Басты мақсат – балаларды оқу процесіне күйзеліссіз үйрету. Қазіргі қолданыстағы мектепке дейінгі тәрбие және білім беру типтік оқу жоспар-нормативі бойынша, ары кеткенде аптасына 20 сабақ белгіленеді. Әрі оның барлығы партада отырып оқумен байланысты емес.

ЕКІ АУЫСЫМҒА РҰҚСАТ БАР МА?

Қазіргі қолданыстағы «Білім беру нысандарына қойылатын санитарлық-эпидемиологиялық талаптар» бойынша, 5-6 жастағы балаларға екі ауысыммен оқуға рұқсат берілген. Бірақ, тиісті талаптардың сақталуы қатаң қадағалауда болады. Ол бойынша әр балаға өзіне жеткілікті аумақ бөлінуі керек.

СӨМКЕ ЖӘНЕ ҮЙ ТАПСЫРМАСЫ БОЛМАЙДЫ

Нөлінші сыныпта оқыту жүйесі балалардың ақыл-ойы, психологиясы мен денесіне түсетін ауыртпалық артық болмауын есепке ала отырып жасалған. Сондықтан да олар сабаққа сөмкесіз келеді. Барлық оқу құралдары мен дәптер-қалам секілді қажет-жарақтары сыныпта қалуы керек. Өз бетінше жұмыс, үй тапсырмасы нөлінші сынып балалары үшін қарастырылмаған. «Әліппені» де оқушылар үйге алып кетпейді. Барлық материал сабақ үстінде түсіндіріледі. Мұғалімдер ата-аналармен тығыз байланыста болады. Егер балалардың бірі бағдарламадан қалып бара жатса, педагог үйде қосымша сабақ алуға ұсыныс бере алады.

НӨЛІНШІ СЫНЫПТА ҚАНДАЙ САБАҚ ӨТЕДІ?

Балалар оқитын пәндерге қатысты барлық мәлімет 2012 жылы қабылданған «Мектепке дейінгі тәрбие мен білім берудің жалпыға міндетті мемлекеттік стандарттарында» көрсетілген. Сондықтан да, ауыз толтырып айтарлықтай ерекшелік болмайды. Бұған дейін айтып кеткен жаңартылған әліппеден басқа пәндердің қазіргі мектепалды даярлық топтарындағы сабақтардан еш айырмашылығы жоқ. Естеріңізге сала кетейік, нөлінші сынып – білім берудің бес бағытын қамтиды. Оның ішіне аптасына 2,5 сағат дене шынықтыру да кіреді. Яғни, «Әліппеге» бөлінген уақыттан бір сағатқа артық.

ЖЫЛЫНА ҮШ РЕТ – ҮШ ДЕҢГЕЙЛІ БАҒАЛАУ

Нөлінші сынып оқушылары жылына үш рет қана баға алатын болады. Сондықтан оларға күнделіктің қажеті жоқ. Барлық нәтиже бақылау парағына енгізіліп, оның негізінде бала дамуының жеке картасы жасалады. Тестілеу оқудың бастапқы кезінде (1-10 қыркүйек арасы), орта шенінде (10-20 қаңтар) және соңында (20-30 мамыр арасында) өтеді. Жылдық қорытынды балалардың типтік бағдарламаны қаншалықты меңгергенін көрсетеді. Бағалау үш деңгейлі жүйемен жүргізілетінін айта кету керек. Бірінші деңгей – баланың материалды оқып, есте сақтағанын көрсетеді. Екінші деңгейге жету үшін түсінік те керек. Яғни, бала оқып-жаттағанын автоматты түрде қайталап қана қоймай, оның мән-мағынасын түсіне де білуі керек. Ең жоғарғы, үшінші деңгей – оқу материалын түсініп, есте сақтап қана қоймай, күнделікті қолдана білетін балаларға беріледі. Білім беру реформасының ең басты мақсаты да осы – балаларды алған білімін өмірде қолдана алатындай етіп тәрбиелеу.

 

![](https://storage.yvision.kz/images/user/mon_rk/5MzP5lSrVDmA769m1m11a6990EYZdm.jpg)

---

Source: [https://yvision.kz/post/n-linshi-synypta-o-ytudy-erekshelikteri-men-mektepaldy-dayarly-tan-ayyrmashyly-y-781440](https://yvision.kz/post/n-linshi-synypta-o-ytudy-erekshelikteri-men-mektepaldy-dayarly-tan-ayyrmashyly-y-781440)