---
title: "Мейірімділік – әлемді құтқарады!"
description: "15 наурызда Қазақстан халқы «Қайырымдылық» күнін атап өтті. Бұл күн еліміздің халқын мейірімділік пен тату, көршілікке шақырады. Мұқтаж ж?..."
author: "Назгуль "
published: "2025-04-06T05:27:46+00:00"
modified: "2025-04-06T05:27:46+00:00"
locale: "ru"
canonical_url: "https://yvision.kz/post/meyirimdilik-alemdi-kutkarady-1013268"
markdown_url: "https://yvision.kz/post/meyirimdilik-alemdi-kutkarady-1013268/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Мейірімділік – әлемді құтқарады!

> 15 наурызда Қазақстан халқы «Қайырымдылық» күнін атап өтті. Бұл күн еліміздің халқын мейірімділік пен тату, көршілікке шақырады. Мұқтаж ж?...

15 наурызда Қазақстан халқы «Қайырымдылық» күнін атап өтті. Бұл күн еліміздің халқын мейірімділік пен тату, көршілікке шақырады. Мұқтаж жандарға қол ұшын созу, кімге болсын құшағын жайып, қонақжайлық көрсету – қазақтың қанында бар қасиет.

«Ұлы даланың басты құндылықтарының бірі – адамдардың бір-біріне жанашырлық танытып, өзара көмек көрсетуі қоғамды айрандай ұйытып, бір ел, бір халыққа біріктірген. Сол себепті «Қайырымдылық» күні қазіргі қазақ қоғамының басты құндылықтары болып отыр. Наурыздың бір күнін осы тақырыпқа арнау өскелең ұрпақ тәрбиесінде өз ізін қалдаратыны сөзсіз», - делінген Қорғаныс министрлігі таратқан хабарламада.

Толерантты қарым-қатынасты қалыптастыру мақсатында “Біз әртүрліміз, бірақ біргеміз” тақырыбы аясында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Ақпараттық технологиялар факультеті, Компьютерлік ғылымдар кафедрасының оқытушы-профессорлық құрамы мен білім алушыларының ұйымдастыруымен “**Мейірімділік – әлемді құтқарады!**” атауымен арнайы іс-шара ұйымдастырылды.

Мейірімділік – адам бойындағы ең ұлы қасиеттердің бірі. Ол адамдардың басқаларға жан жылуын, ізгі ниеті мен лебізін білдіруінің көрінісі. Мейірімділік адамдар арасындағы сыйластық, жанашырлық, қамқорлық сияқты қасиеттерге негізделеді.

Қоғамдағы әрбір адам мейірім мен қамқорлыққа зәру. Әсіресе, мүмкіндігі шектеулі балаларға көбірек көңіл бөлу – адамгершіліктің, жанашырлықтың белгісі. Мұндай балаларға қолдау көрсету, олармен уақыт өткізу – олардың өміріне қуаныш сыйлайтын игі іс.

Мүмкіндігі шектеулі балалар үйіне бару – олардың өміріне жағымды әсер етудің бір жолы. Бұл іс-шара - балалардың әлеуметтік бейімделуіне көмектеседі; олардың өзін жалғыз сезінбеуіне ықпал етеді; жаңа эмоциялар мен әсерлер сыйлайды; қоғам мүшелерінің мейірімділік пен жауапкершілік қасиеттерін дамытуға септігін тигізеді.

![Мейірімділік – әлемді құтқарады!](https://storage.yvision.kz/images/user/582433/39a397285292a1f2cd915324c9388369.jpg?width=4160&height=3120)

Жоғарыда аталған акция аясында Алматыда жаңадан ашылған мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалтуға арналған орталыққа қолдау көрсетілді. Кафедрамыздың ұжымы мен студенттердің қатысуымен өткен шара аясында мүмкіндігі шектеулі балалар үйіне материалдық және рухани қолдау көрсету мақсатынды ойды дамытатын ойыншықтар мен жеміс-жидектер таратылып, концерттік бағдарлама қойылды. Осы тұста ықылым заманнан бері халқымыздың бойынан табылған қасиеттер жылт етіп көрінері сөзсіз.

Халқымыз ықылым заманнан бері мейірімділігі мен жомарттығымен көпшілікке мәлім. Оның дәлелін бұрынғы кезде қиын жағдайға ұшыраған замандастарына көрсеткен қолдауынан көруге болады. Қазақ жетімін жылатпаған, жат елге қаңғыртпаған, ата-анасын қарттар үйіне тапсырмаған халық-тұғын. Тіпті жер бетінде жыбырлаған жәндік екеш, жәндікке де қиянат жасамаған. Барлығына Алланың жаратылысы деп қараған, оған қатігездік көрсетуге қорыққан. Осының бәрі келешек ұрпаққа көрсетілген үлгі-өнеге емес пе. Егер жер бетінде барлық адамдар бір-біріне мейірімді болып, ешкімнің ала жібін аттамаса, қорлық пен зорлық-зомбылық көрсетпесе жер бетін тек жақсылық жайламас па еді.

Мүмкіндігі шектеулі балаларға қамқорлық көрсету – әрбір адамның міндеті. Олардың өміріне қуаныш сыйлау, жан жылуын беру – қоғамдағы мейірімділіктің көрінісі. Әрқайсымыз осындай игі істерге атсалыссақ, әлемді мейірімді әрі жылы ортаға айналдыра аламыз. Мейірімділік, сүйіспеншілік ізгілік нұры бізге қонып, адамдар бір-біріне тек жақсылық, қуаныш, ізгілік сыйлап жатса, қандай жақсы болар еді.

Авторлары: Закариянова Н.Б., Кабдрахова С.С., Хакимова Т.Х.

---

Source: [https://yvision.kz/post/meyirimdilik-alemdi-kutkarady-1013268](https://yvision.kz/post/meyirimdilik-alemdi-kutkarady-1013268)