---
title: "«МЕНІҢ АРМАНЫМ» АТТЫ ЕРЕКШЕ БАЙҚАУҒА ҚАТЫСЫП, 5 000 000 ТЕҢГЕ ҰТЫП АЛ!"
description: "Жоғары сынып оқушысы, колледж немесе жоғары оқу орнының студенті болсаңыз, жасыңыз 14 пен 29 аралығы..."
author: "MON_RK"
published: "2017-07-23T21:05:32+00:00"
modified: "2017-07-23T21:05:32+00:00"
locale: "ru"
canonical_url: "https://yvision.kz/post/meni-armanym-atty-erekshe-bay-au-a-atysyp-5-000-000-te-ge-typ-al-773727"
markdown_url: "https://yvision.kz/post/meni-armanym-atty-erekshe-bay-au-a-atysyp-5-000-000-te-ge-typ-al-773727/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# «МЕНІҢ АРМАНЫМ» АТТЫ ЕРЕКШЕ БАЙҚАУҒА ҚАТЫСЫП, 5 000 000 ТЕҢГЕ ҰТЫП АЛ!

> Жоғары сынып оқушысы, колледж немесе жоғары оқу орнының студенті болсаңыз, жасыңыз 14 пен 29 аралығы...

Жоғары сынып оқушысы, колледж немесе жоғары оқу орнының студенті болсаңыз, жасыңыз 14 пен 29 аралығында болса, алдағы күзде «Хабар» арнасынан басталатын «Менің арманым» атты әлеуметтік-зияткерлік шоуға қатысуға асығыңыз. Бұл – жастар арасындағы әлеуметтік жобалардың тегін ұлттық байқауы. ТВ-шоу республиканың барлық өңірін қамтиды.

Қатысу үшін 17 шілдеден 1 қыркүйекке дейін өтініш қабылданады. Ол үшін [www.meninarmanym.kz](https://vk.com/away.php?to=http%3A%2F%2Fwww.meninarmanym.kz&post=-120804658_1640&cc_key=) ресми сайтына кіріп, байқаудың өтініш үлгісін толтырыңыз. Бұл жоба не үшін, ең бастысы кім үшін қолға алынып отыр? Байқау атауының жүгін «арман» деген сөз көтеріп тұрғаны көзге бірден түседі. Мемлекет үшін сіздің арманыңыз құнды. Әсіресе, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласымен үндес болса! «Рухани жаңғыру» бағдарламасының қолдауымен байқауды ұйымдастырушылар жастардың әлеуметтік жобаларына дем беріп, осы жобаларды дайындап, жан бітірудегі еңбектерін көтермелеп, ынталандыруды мақсат етіп отыр.

Жобаларды таныстыру барысында қоғамды толғандырып отырған әлеуметтік түйткілдер көрініс беріп, Елбасы мақаласында атап өткен білімнің салтанат құруы, латын қарпіне біртіндеп көшу, маман даярлау, «Туған жер» бағдарламасын, «Қазақстанның рухани құндылықтары», «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобаларын жүзеге асыру секілді өзекті мәселелер жан-жақты талқыланатын болады. Сырттай іріктеу нәтижесінде байқаудың екінші (бетпе-бет) кезеңіне 64 адам өтеді. Тамыз айында іріктелген жоба авторлары жартылай финалға қатысу үшін Астанаға келеді. Әр үміткер өз идеясын қорғап, дәл өзінің әлеуметтік жобасы жеңіске лайық екенін дәлелдеп шығуы керек.

Ал сыйлыққа келер болсақ, жеңімпаз бақандай 5 миллион алады! Бұл үшін көрермендер мен қазылар алқасына өз жобаңыздың маңыздылығын ашып көрсету үшін финалдық бейнетаныстырылым мен макет, көрнекі құралдар жасауға дайын болыңыз. Ұйымдастырушылар бұл істе көмектесуге уәде беріп отыр. Қатысушылардың жобаларын кәсіпқой қазылар саралайтын болады. Олардың қатарына белгілі бизнесмендер, саясаткерлер мен қоғам қайраткерлері кіреді. Жеңімпаздарды салтанатты түрде таныстырып, құттықтау рәсімі 2017 жылдың желтоқсан айында өтеді. Бас жүлдені ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев тапсырады. Ал байқаудың бетпе-бет кезеңіне қатысқан барлық талаптыларға министрліктің дипломы беріледі.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/mon_rk/u4YLXKfYijmLL7WyHfkgVoT9q8oxhK.jpg)

---

Source: [https://yvision.kz/post/meni-armanym-atty-erekshe-bay-au-a-atysyp-5-000-000-te-ge-typ-al-773727](https://yvision.kz/post/meni-armanym-atty-erekshe-bay-au-a-atysyp-5-000-000-te-ge-typ-al-773727)