---
title: "«МЕНІҢ АНАМ... МЕНІҢ ӘКЕМ...» БАҒДАРЛАМАСЫ"
description: "Өзіңнің студенттерің арада қанша жыл өтсе де саған әлі жас көрінеді. Олар есіңе түскенде де ойыңа ..."
author: "Duisembekovalyazat"
published: "2017-01-19T23:44:00+00:00"
modified: "2017-01-19T23:44:44+00:00"
locale: "ru"
canonical_url: "https://yvision.kz/post/meni-anam-meni-kem-ba-darlamasy-748012"
markdown_url: "https://yvision.kz/post/meni-anam-meni-kem-ba-darlamasy-748012/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# «МЕНІҢ АНАМ... МЕНІҢ ӘКЕМ...» БАҒДАРЛАМАСЫ

> Өзіңнің студенттерің арада қанша жыл өтсе де саған әлі жас көрінеді. Олар есіңе түскенде де ойыңа ...

![«МЕНІҢ АНАМ... МЕНІҢ ӘКЕМ...» БАҒДАРЛАМАСЫ](https://storage.yvision.kz/images/user/duisembekovalyazat/MNg4ks4tTz6l7oBX2Lu17UYJ0LMU2q.jpg)

Өзіңнің студенттерің арада қанша жыл өтсе де саған әлі жас көрінеді. Олар есіңе түскенде де ойыңа сол студент кезіндегі болмысымен оралады. Сондай студенттердің бірі - Саят Қамшыгер. Студент кезінде өңінде үнемі жылы шырай тұратын. Мен өзім де әр кез Саятты жақсы бір жымиыспен еске түсіремін. Көрмегелі он жылдан асыпты. Әлі бала көріп жүрсем, бүгін үлкен азамат болып, "Менің анам... Менің әкем" бағдарламасында ата-анасы туралы естелік айтып отыр. Әр бала үшін ең жақын, ең бірінші десек те болады, әлеуметтік орта – жанұясы. Жақсы жанұяда ұлт дәстүрі жалғасын тауып жатады, баланың мінезі қалыптасады. Саят әкесінің жарықты босқа жақпай, керексіз кезде өшіру керектігін, тағамды да ысырап қылмау керектігін еске салып отыратын кездерін айтқанда өз әкем есіме түсіп отырды. Бірге туған бауырларыңмен қарым-қатынастың ата-анаң өмірден кеткен соң дәл бұрынғыдай болмайтыны да шындық.

![«МЕНІҢ АНАМ... МЕНІҢ ӘКЕМ...» БАҒДАРЛАМАСЫ](https://storage.yvision.kz/images/user/duisembekovalyazat/inm9a2Ty2x2LS8g38D3k6sZVMH8oX8.jpg)

«Менің анам... Менің әкем...» дер кезінде емес, бізге көп кешігіп жеткен бағдарлама. Себебі біздің телеарналарда жанұяны насихаттау жағы, әке мен бала арасындағы, ана мен бала арасындағы, бірге туғандар арасындағы қарым-қатынастың қымбаттығын, оның қасиеттілігін жеткізу жағы кемшін емес, жоққа тән десе де болады. Барының өзі көбіне жасандылау, жаттандылау болып жатады. Сондықтан көрерменді тартпайды, жүрекке жетпейді. Ал бұл бағдарлама шынайылығымен ерекше. Айтылған ойға сәйкес шағын сюжеттермен көмкеріліп отыруымен де ерекше.

Қазақтың өзіне ғана тән, қайталанбас, керемет болмысы бар, сол болмыстың, сол мінездің бір бөлшегін осы бағдарламадан көргендеймін. Өткен бір жолы Есей Жеңісұлы бауырымыздың қатысуымен болған шығарылымы да көңіл толқытарлық болды. Әкелері қайтыс болғанда аналары 39-да екен. Ер-азаматсыз өмір сүру, балаларды жеткізу әйел адамға қай заманда да оңай болмаған. Маған қатты әсер етті. Анасына деген шексіз сүйіспеншілігін көргенде «Менің де балаларым кейін осындай болса...» - деген ойда отырдым.

Алыстан идеал іздейміз. Идеал қасымызда жүргеніне, ол ең алдымен өзіміздің ата-анамыз екеніне кейде мән бере бермейміз.

(10.02.2016 ж.)

---

Source: [https://yvision.kz/post/meni-anam-meni-kem-ba-darlamasy-748012](https://yvision.kz/post/meni-anam-meni-kem-ba-darlamasy-748012)